Жануарлардың құтыруы – қоршаған ортаға қауіпті

Көктем мен жаз шықса, жұқпалы аурулар жиі бас көтеріп, ит-құс құтырып, қоршаған ортаға қауіп төндіріп жатады. Өткен жылы Алатау ауданында 319 адамды жануарлардың тістеп алу оқиғасы тіркелген. Оның 140 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар. Ал енді биылғы жылдың бес айында 271 адам иттен зардап шексе, оның 222-сі балалар. Өздеріңіз байқағандай, иттен зардап шегушілердің қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді, дегенмен, құтыру ауруы және басқа да аурулар тіркелген жоқ.

Құтыру ауруы – орталық ми-жүйке жүйесін зақымдайтын аса қауіпті жұқпалы ауру болып табылады. Яғни Rabіes vіrus тұқымдастығына жататын инфекциялық вирус қоздырғышымен қоздырылады. Клиникалық көріністері пайда болғаннан кейін ауру көбіне  қайғылы жағдаймен аяқталады. Бұл ауру адамға құтырған жануардың тіс­теуінен және оның сілекейінің дененің зақымдалған жеріне жұғу салдарынан болуы мүмкін. Инфек­цияның 99 пайызы адамдарға құтырған жануарлар арқылы беріледі.

Құтырудың алдын алу мақсатында жануар тістегеннен кейін немесе тырнап алса, олардың сілекейінен залал тартқан адамдардың барлығы құтыруға қарсы екпе алу үшін тұрғылықты жері бойынша медициналық көмек алулары тиісті. Осы жерде құтыруға қарсы антирабикалық екпе (шартсыз және шартты курстары және көрсеткіштері бойынша антирабикалық иммуно­глобулин) тағайындалады. Тістеген жарақатты ағынды сумен және шаруа­шылық сабынмен жуу керек.

Адамдағы құтыру ауруының басталуының ең алғашқы белгілерінің бірі: жануар тістеген жер ауырады, дене қызуы көтеріліп, қызарып онда ісіну пайда болады. Асқынған жағдайда науқас өзін нашар сезініп, басы ауырып, ұйқысы нашарлайды, судан қорқады, жүрек тұсында қысылу белгілері пайда болады.

 

 

Үй жануарларының иелері нені білуі тиіс?

 

Құтыру ауруын алдын алудың ең басты шарты – егу шаралары. Үйдегі иттер мен мысықтарды жыл сайын құтыруға қарсы ектірумен қатар, иттерді үй ауласында байлап ұстаған жөн екендігін ескертеміз. Себебі, олар ауру тасымалдаушы аңдармен қарым-қатынаста болып, ауру жұқтыруы мүмкін. Бүгінгі күні, күнделікті байқалатын жағдай үй жануарлары өз үй ауласынан тыс кедергісіз жүре беретіні анықталуда. Әрбір үй жануар­ларының иесі Қазақстан Республикасы Кодексінің 408-бабына сәйкес өз жануарлары үшін жауапты саналады.

 

Құрметті тұрғындар!

Қаңғыбас жануарларды көрген кезде Алматы қаласы ауыл шаруа­шылығы басқармасы, КММ ШЖҚ «Алматы қаласы ветеринарлық орталы­ғына» – 272-08-75 телефонына хабар­ласуларыңызға болады.

 

Гүлнар МАҚҰЛБЕКОВА,

Алатау аудандық ҚДСБ Эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *