Жанашыр жан

Алла Тағаланың әмірімен жер бетіне келген әр пенденің келешектегі тағдыры о бастан маңдайына жазылады дейді. Асқар таудай әке, ел сыйлаған қадірлі азамат, ұзақ жылдар медицина саласында басшылық қызметті абыроймен атқарған Аманғали Әжмұханұлы Артықовтың өмір жолы – ел мен жерге адал қызмет етуден тұрады.

Аманғали ағамен 2000 жылы Бекет атаның 250 жылдық асында танысып едім. Сұрастыра келгенде баяғы Голо­щекиннің қолдан жасалған ашаршы­лығы кезінде амалдың жоқтығынан ірге ажырап қалған Артықбай атамыздың немересі екенін білдік. Ал Артық­байдың әкесі Сералы атамыз батыр тұлғалы, ағайын-туманың қамқоры болыпты. Сонау жиырмасыншы жылда­ры Бозащыда, елдің шетінде ілдәлдамен жан бағып отырған Ізмағамбет атаның үй-ішін бір түннің ішінде нар түйемен барып Жем-Сағызға көшіріп әкелген жанашырлығын әкем алғаш рет 1997 жылдың күзінде айтып беріп еді. 1968 жылы Сәтмағамбет атамыз қатты науқастанып жатып, бақилық болаты­нын сезсе керек, әкеме қарата: «Қара­ғым-ай, анау Найзалыда Серәлі атамыз­дың бейіті бар. Баяғыда бесқаладан базаршылап келе жатқанда қайтыс болған жері сол Найзалы екен. Ағайындар ақылдаса келе сол жерге жерлепті. Елдің шетінде жалғыз жатқан Сералы атамның қасына апарып қоя алмайсың ғой. Жер болса мынау көк­темнің кезі, лайға батып жатыр. Оның үстіне совхоздың бір отары да төлдеуді бастады, жалғыз өзіңе қиын болады ғой», — деп өмірінің соңғы сәтінде мұңайса керек. Ал Артықбай атамыз­дың алдына азды-көпті мал біткен, ағайынға сөзі өткен адам болыпты. Содан да ма екен, иығын жұлып жеген қызыл жағалылар Сам құмына апарып, иманын бір оқпен үйіріпті деп естиміз. Сапырылысқан сондай да заман өткен. Балапан басына, тұрымтай тұсына безген кезеңде ірге ажырап қалған сол аталарымыздың ұрпағы Аманғали ағамен кездесуімді тағдырдың бір сыйы деп қабылдаушы едім.

Аманғали Әжмұханұлы Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы, Родни­ковка ауылында 1937 жылдың 29 қыр­күйегінде дүниеге келді. Әкесі Әжмұхан Родниковка ауылында жаңадан жасақталған колхозды өз қолымен құрған. Анасы Қанжан Қалмыққызы екеуі 5 бала тәрбиелеп өсірді. Осы балдарының ішінде Аманғали бала күнінен алғырлығымен, зеректігімен көзге ерте түсті. Соңғы сыныпта оқып жүрген кезінен ақ халатты абзал жан атанып, болашақта дәрігер мамандығын иеленуді армандады. Сол арман оны 1961 жылы, орта мектепті аяқтаған бойда Ақтөбе мемлекеттік медицина институ­тына жетелеп әкелді. Аманғали Әжмұ­ханұлы институт қабырғасында оқып жүрген кезінде де қоғамдық жұмыс­тарға белсене қатысып, курстас­тары­ның арасындағы ең белсенді студенттің бірі атанды. Аманғали ағаның курстас досы, бүгіндері Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің профессоры, медицина ғылымының докторы Қайырғали Жәлелұлы өз естелігінде сағымға айналған студенттік кезеңі туралы: «Біз Аманғалимен Ақтөбе медицина инсти­тутының 2-курсын бастар алдында, жатып оқитын үй іздеп жүріп таныстық. Бір үйде квартирант болып бес жыл бірге тұрдық. Осы үйде 1964 жылдың қарашасында Светамен үйлену тойын өткіздік. Студенттік өмірдің, жастық шақтың бар қызығы мен шыжығын бірге өткіздік, барды бөліп іштік, бірге ержеттік. Маған Аманғали досқа адал­дығымен, өткен шақты аса қадірлейтін айрықша қасие­тімен ұнайтын еді», — деп еске алады.

Аманғали аға емдеуші дәрігер дипло­мына ие болған соң, 1966 жылы қазіргі Жамбыл облысына арнайы жолдамамен келеді. 1966 жылдан 1988 жылдары аралығында Сарысу аудандық ауруха­насының бас дәрігері қызметін абырой­мен атқарды. Ол кездері жергілікті ауруханалардың медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталуы да биік талапқа сай емес еді. Жиырма жылдың ішінде облыстың ең шалғай Сарысу ауданының медицинасын жоғары деңгейге жеткізу мақсатында Аманғали Әжмұханұлы қыруар еңбектенді. Тіпті, алыс жайлаудағы малшылар отбасына жиі-жиі іссапарларға шығып, адамдар­дың денсаулығын сақтау талабын мүлтіксіз орындады. Сарысу аудандық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарған кезінде бұл ұжым облыстағы алдыңғы қатарлы мекеменің бірі аталды. Талай үздік дәрігерлер биік марапат­тарға ие болды. Аманғали Әжмұханұлы­ның адал еңбегі лайықты деңгейде атап өтілді. Ол «Қазақ КСР денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанып, аудандық, облыстық Кеңестерге депутат болып сайланып, сайлаушылардың аманатын адал арқалады. Сол Сарысуда қызмет атқарып жүргенінде, қазақтың маңдайға сыймай кеткен атақты әншісі Амангелді Сембинмен керемет сыйласып, аралас­қан. Бұл жайында әңгіме қозғала қалса: «Амангелді ғажайып әнші еді ғой, ғажайып әнші еді ғой», — деп Аманғали аға өткен күндердің елесін ойша елес­тетіп, бірталайға дейін үнсіз қалатын.

Аманғали аға өмірінің соңғы 24 жылын Алматы қаласында өткізді. Адам баласына тек жақсылық тілейтін кең жүректі адам еді. Қашан көрсең де өзін қоршаған адамдардың сан түрлі шаруа­ларының оң шешілуі үшін шапқылап, көмек қолын созып жүретін. Алматы қаласы мен маңайындағы ағайындармен араласып, қуаныштарынан қалмайтын. Студенттік кезеңде танысып, жүрек­тері­нің қалауымен шаңырақ көтерген Света Исмукашева жеңгей екеуі Бақтыгүл, Ляззат, Талғат есімді қыздары мен ұлын тәрбиелеп өсірді. Перзенттерінің барлығы да жоғары білімді мамандар. Күйеу балдары Қозы-Көрпеш Есімұлы Жаңбыршин мен Бейбіт Тұрсынбекұлы Әпсенбетовтер Тәуелсіз еліміздің қаржы, банк саласын дамытуға айрықша үлес қосқан тұлға­лар. Аманғали аға мен Света жеңгейдің немерелері де болашағынан үміт күттіре­тін мамандар болып өсіп келеді. Алила Талғатқызы Америка универси­тетінің студенті, атасының жолын қуып, болашақта дәрігер атанбақ. Думан Талғатұлы мектеп оқушысы. Ғалия Бейбітқызы жоғары оқу орнын бітірген, бүгіндері табысты еңбек етуде. Дария Бейбітқызы Америка универ­ситетінің студенті. Рамазан Бейбітұлы мектеп оқушысы. Қозы-Көрпеш пен Бақтыгүлдің кішкентайлары Сержан мен Сәуле – мектеп оқушылары.

Аманғали Әжмұханұлын соңғы сапарға аттандыруға арналған қаралы митингіде құдасы, белгілі ғалым, академик Оразалы Сәбден: «Аманғали Әжмұханұлы өмір бойы дәрігер болып еңбек етіп, халықтың, ұлттың иммуни­тетін көтеруге көп күш жұмсады», — деп бағалады. Осынау әділ баға Аманғали ағаның ондаған жылдарға созылған бүкіл қызметі мен айрықша тағдырын толығымен айшықтап тұр.  Ата-баба­ның кіндік қаны тамған Ақтөбе өңірінде дүние есігін ашып, саналы ғұмыры ежелгі Тараз жерінде, елге барынша еңбек етумен өткен, мәңгілік мекені талай игі жақсылар мен жайсаңдардың табанының ізі қалған Алатаудың бау­райынан бұйырған Аманғали Әжмұхан­ұлының еңбек жолы – келешектегі тағдырын медицинамен байланыстыр­ғысы келетін жастарға үлгі. Өзіне үмітпен қараған талай науқастың маңда­йынан сипап, шипалы ем-домын жасаған Аманғали ағамыз елден тек алғыс алумен өтті. 81 жыл бұрын ашылған тап-таза ақ параққа өмір жолы повесінің көптеген тарауын өз қолымен жазып үлгерді. Бәлкім, ғибратқа толы өнегелі ғұмыр дегеніміз осы болар.

Баяғыда әкем марқұм Алматыға келді. Бір жылдай бізбен бірге тұрды. 2002 жылы ауылға кететін кезде Аман­ғали аға бәріміз темір жол вокзалына шығарып салуға бардық. Сонда папам маған қарата: «балам, осы қаладағы Құдайдан кейінгі ең жақының осы ағаң», — деп еді. Содан шығар, қолым босаса Аманғали ағамен хабар­ласып, кездесіп тұрғанды қалайтын­мын. Қасиетті Рамазан айында өмірден озған үлкен жүректі азамат, тұла бойынан сабыр мен имандылықтың лебі есіп тұратын Аманғали Әжмұханұлы ағама Алла Тағала алдынан жарылқап, жұмақ­­тың төрін бұйыртқай деп тілей­мін.

 

Кенжебек Тұманбайұлы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *