ЖАН ШУАҒЫ

– Төке, сазан қалай болды?

– Не қалайын сұрайсың, Нүриша қабырғасымен шұлық тоқып жатыр.

Бұл — Төкеңнің Төкең болғалы дұрыс­тап бір мақтанғандағы жауабы. Орынды. Қазақы. Іледен сала құлаш сазан қарма­ғына іліккен адамның аузынан еріксіз шығып кетсе керек. Әйтпесе, Қазақ энциклопедиясында талай жыл қызметтес болдық, Төкеңді ақы беріп мақтандыра алмайтынбыз.

Танымал балалар жазушысы Тұр­да­қын Жексенбай сөзге сараң, іске мығым. Өзге түгіл өз жазғанын қырық қырнауға жалықпайтын нағыз зергер. Әдеби бақылау редакциясында оты­рып, ғылыми мәтіннің жатық шығуына қыруар үлес қосқан білікті редактор.

Табиғатпен жаны бір екенін бұрын­нан білуші ем. Даланың баласы тауға жүре алсын ба, сүрініп-қабынып әрең жеткенім сол болатын, «мына мен отыр­ған тас ат шалдыратын жер, ана жыра­ны бойлап көр, ылғалды жердің рауға­шы қатая қоймауы керек, осы жерде табысамыз» деп төмен жорта жөнелді. Бас изегенім болмаса, рауға­шыңды танымаймын деп айтуға ұялып қала бердім. Мана ырғайдан гөрі рау­ғашты көрсет демегеніме өкіне беріп, белуардан келетін шалғынға күмп бердім. Сілтеген жеріне жете алмайтын түрім бар, уәделі жерге оралып Төкеңді тосып алмақ­пын. Тас та,Тұрдақын да жоқ. Осы тұс емес пе еді деп олай бір, бұ­лай бір тырбаңдай-тырбаңдай бол­дырт­тым. Айғайлайын десем ұят. Арқамды бір бұтаға сүйе­генім сол, бір дауыс, зарлы ән. Тым-тырыс тыңда­сам, өзімнің Тұдақы­ным­­ның құлаққа таныс әні. Әкем базар­дан келгендей жеттім-ау. Тастың үстіне дорбадағы тіске басарын шығарып қойған, әні үзілер емес.

Жолдасқа адал, кісімсуді білмейтін Төкеңнің кеудесін кернеген суреткер­лік бірде ән, бірде поэзия болып ақтарыла­тыны да бар. Сұлулыққа деген іңкәрлігін «Баршындар зама­нынан базарлықтай, Ақын болсам бір дастан жазарлықтай» деп сыпайы сездіретін, кейде ән болып төгілетін сырын мен жақсы білем.

Тұрдақынға Алланың қатар берген ең үлкен сыйы – ұстаздық, бала жаны­на жақын суреткерлік. Табиғаттың төл баласы ұшқан құс, жүгірген аң тіліне ғана емес, бала тіліне де аса ыжда­һатты. Қон­жығы аюша, қыраны бүркітше сыр шертеді. Бүлдіршінімен бірге қиялдайды. Тұрдақын қаламы­нан шыққан шығарманың бір-қыды­руының бәйгеден келіп жатуы заңды құбылыс. Қаламгер қамаутерін әбден алмай, атын бәйгеге қоспайды.

Апыр-ау, кеше ғана емес пе еді. Өмірдің небір қатпарлы жолынан өтіп, жанды жеп жақсы оқып, адал жар сүйіп, бала көріп, жайраң қағып, жор­тып кеткенде қара көрсетпей кететін шақ кеше ғана еді-ау.

Құдайға шүкір, Отан — от басынан бас­талады емес пе. Жаңа заман тала­бына сай білімді, ұлтының кісілік, адал­дық қасиетін бойына сіңірген иманды ұрпақ тәрбелеп, Қазақ елін көркейту жолында тер төгу бәйгесіне қосып отыр­сыз. Сіздің шаңы­рақтан өрбіген ұрпақ сізден дарығаң жан шуағын ма­ңайына шашып жүретініне мен кәміл сенем. Алла соларға ғұмыр берсін!

«Жаны жақұт, сал Төке, еңбек торым. Кісілік – сарқылмайтын алтын қорың. Сексеннің сүрлеуімен бүлкіл­дей бер. Соға кет, тоқсанға да түссе жолың».

 

Иген ХАСЕНҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *