Жамал МАШАНИ: Ол бар өмірін Әл-фараби бабамызға арнады

Ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО халықаралық ұйымы шеңберінде аталып өткен халқымыздың біртуар перзенті Ақжан Машановтың есімі Әбу Насыр әл-Фараби бабамызбен тығыз байланысты. Өз бетінше араб тілін үйреніп, әл-Фарабидің қыпшақ – қазақ даласындағы байырғы халықтың перзенті екенін, оның дүниеге келіп, өскен ортасы – Сыр бойындағы кейін Фараб деп аталған – Отырар қаласы екендігін дәлелдеп, оның Сирияда жерленген жерін табуы ұлттың рухын көтерген ірі құндылық болды.

Ғұлама ғалымның соңында қалған еңбектерін шашау шығармай Ұлттық Ғылым академиясына тапсырып, қара шаңырақтың отын сөндірмей отырған ғалымның жары Жамал Шорайқызы МАШАНИДЫ әңгімеге тартқан едік.

– Жамал апай, жақсыны жиі еске алып тұрған абзал. Ақжан атамызды ел жақсы білгенмен, ол кісіні көрмеген, естімеген ұрпақ өсіп келеді. Ғұламаның өскен ортасы туралы айта отырсаңыз…

– Орта Азияда Фарабитанудың негізін салған Ақжан әл-Машани Жақсыбекұлы – 1906 жылы 2 қарашада Қарқаралы өңірінде «Жамантайдың Қарақуысы» деп аталып кеткен ауылда дүниеге келген. Үлкен атамыз Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романында Масан деп бір ғана әріпі өзгертілген, сол заманның биі болыпты. Өз атамыз да заманының сауатты старшыны, болыстық билікке араласқан дәулетті кісі болған көрінеді. Үлкен атамыз Құнанбай сұлтанның бас биі, ақылшысы болыпты. Ел арасында атамызды әлі күнге дейін құрмет тұтады.

Атамыз 85 жасында дүниеден өтіпті. 1888 жылы ата­мызға Қараби деген жерде ас беріліпті. Астың жер оша­ғы сегіз шарбақты болған деседі. Сол тұста ол кісіні ес­ке алған ауыл билерінің бірі: «Машанның жоқтауын жет­кізе ал­майсыңдар… Жігіт сегіз қырлы болсын дейді ғой.., ал Ма­шан он екі қырлы еді», – депті. Үлкен ене­міз Жел­кілдек те өте ақылды, дана кісі болған көрінеді. Ана­мыз көп жа­сап, 97 жасында дүниеден өткенде 80 жастағы Машан атамыз: «Енді мені кім қарағым деп айтады» деп егілген деседі.

– Оқыған, білім алған бесігі туралы не айтасыз?

– Ақаңның білім алған ортасы қазақ оқығандарының шыққан тәрбиелі бесігі Қарқаралы өлкесі. 1924 жылы қазақтың алғашқы математигі, профессор Әлімхан Ермеков ашқан Қарқаралы педагогикалық техникумын бітіріп, ағартушылық жұмыстармен айналысқан. Сол тұста «Ақтерек» гимназиясында Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаевтардың оқығанын ескерсек, оның бастапқы тәрбиесінің негізі дұрыс болғанын бағамдайсың.

Оның зерттеулерінде мың сәулелі жарық бар

– Ақиқат жалғыз. Ол – Ақаңның Шамдағы ғасырлар қойнауында көмескі тартқан Баб ас-Сағир зиратынан бабамыздың жатқан жерін тауып, одан бір уыс топырақ алып, туған жеріне жеткізуі еді. Осы істе оған қолұшын берген адамдар кімдер? 

– Сириядағы әл-Фараби зиратын тауып, оған қазақтан тұңғыш барған ғалым Ақжан әл-Машани екенін айтуымыз парыз. Ол осы еңбегі арқылы Еуропа елдерін ғылымға, өнер­ге оятқан ислам мәдениеті екенін мойындата білді. Көне ғасырларда Батыс, Еуропа елдеріне кеткен шығыс ғалымдарының көзін ашты. Оның зерттеулерінде мың сәулелі жарық бар.

Ақаң – шығыстың Аристотелі атанған атақты Әбу Насыр әл-Фарабиді зерттеуші қазақтың тұңғыш ғалымы. Ол осы жолда Таяу шығыс елдерінде болып, Мәскеу, Ленинград, Қазан, Уфа, Ташкент қалаларының архив­терінде отырды. Бар арманы бабамыздың жатқан жеріне мінәжат ету болыпты.

1968 жылы Шам қаласына туристік топтың жасақталып жатқанын біліп, соған ілінуге жол іздейді. Мәселенің өз пайдасына оңай шешілмесін біліп, Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Д.Қонаевтан көмек сұрайды. Ақаң Диме­кеңмен 1942 жылдан таныс болыпты. Олар Лениногорскіде шахтада бірге қызмет істеген көрінеді. Бірінші хатшы тиісті орындарға: «Қыркүйекте болатын Араб еліне жасалатын сапардан Ақжан Машанов қалып қоймасын», – деп тапсырма беріпті.

Бұл – Сирияға аяқ басудағы Ақаңның үлкен ол­жасының басы болған көрінеді. Сапар алдында Мәскеуге барып, КСРО Ғылым академиясынан КСРО-ның Сирия­дағы өкілетті елшісі Нұриддин Мұхитдиновқа хат жаздырып алады.

Ақаң сол сапарында Адам ата мен Хауа анамыздың Жер бетіне алғаш аяқ басқан жері, аты аңызға айналған Касун тауы, ондағы Адам Атаның ұлы Әбілге салынған күмбезді көреді. Өмір тарихындағы алғашқы өнер де, ғылым да, тіпті алғашқы әліпби де осы жерде пайда болған екен. Сол сапар барысында адамзат өркениетінің ізі қалған Пальмира қаласын, Бейбарыс бабамыздың қамалын көру, Ақсақ Темірдің ізі қалған жерді басуының өзін ақиретке кеткенше дейін өмірлік азық етті. Оның әр сапары үлкен ерлікпен пара-пар. Қиындығы да бар.

Сапар туралы естелігін мұңлылау жазыпты: «…Таңер­тең менің турист достарым тегіс «Шаһаризада» базарын аралауға кетті. Мен жалғыз өзім ғана қонақүйде қалдым… Машина айтқан уақытта келе қойған жоқ. Уақыт өткен сайын мазам кетуде. Ақырында машина күн батуға жақындап қалғанда келді…

Күзетші бізге әл-Фараби қабірін көрсетті. Айналасы сәл алшақтау жерде жатқан жұпыны сұпы, сырты цементпен сыланған. Басқа ешнәрсе жоқ. Күзетшінің айтуынша, оның басында бұрын белгі болған. Жер сілкінген кезде құлап қалыпты. Айналасында тұрған мынау қабірлердің бәрінің де белгісі құлаған. Бірақ сіз мұның әл-Фарабидікі екеніне ешбір шүбә келтірмеңіз, өйткені бұл зиратта жатқан адамдардың бәрі дәптерде тіркеулі, кімнің қай жерде жатқаны белгілі…

…Әл-Фараби зиратын дереу суретке түсірдік, өйткені сол кезде күн батуға жақын еді. …Жүректе бір қылдай сезім сыздайды: адамдар неге ұмытшақ, неге ғапыл – өш­пес мұра қалдырған дананы неліктен ұмытады? Отырарда қандай белгісіз болса, мұнда да дәл сондай, жоқтаусыз жетім бала сияқты… Көңілім біртүрлі бұзылып, назымды қойын дәптеріме түсірдім!».

Осы  жазбалардың  өзі оның жанқиналысын білдірмей ме?! Осыдан соң Ақаң әл-Фараби туралы кітап жазды. Солардың бірі «Әл-Фараби және Абай» деп аталады. 1984 жылы Кувейтте ой еңбегі жарияланған соң, ол бүкіл араб әлеміне танымал болды. Іздеушілер көбейді. Екіншіден, бұл еңбек Ахат Шәкәрімұлының 1976 жылы 8 маусымда: «Ақжан! әл-Фарабиді еңбек етіп, ол діншіл еді деп жар­масқан адамдардан оның ғалымдығы күшті деп ақтап шы­ғып, түріктің, оның ішінде қазақтың әл-Фарабиін тірілттің. Сол әл-Фарабиді оқыған, тағылым алған Абай мен Шә­кәрім туралы үн қатпай кеттің. Бұл қалай?» деп жазылған хатына берілген жауап болды.

Шындықтың дұшпаны надандық

– ЮНЕСКО шеңберінде әл-Фарабидің қазақ топыра­ғында туғанын мойындатуда да Ақаңның еңбегі зор болды ғой?..

– Бұл бір «әл-Фараби заманында қазақ-өзбек еншісі бөлінбеген ел еді ғой, енді оны қазақ тумасы деп бөле тарт­пай, өзбек халқына да ортақ ұл деп айтпаймыз ба» деген әңгіменің қызып тұрған кезі еді. Фарабитанудың жолында тұрған Қаныш Сәтбаевтың өмірден өтуі Ақаңды бұл жолда жалғыз қалдырды. Өзіне жанашыр болар қазақ ғалымдары әлі ұйқысынан оянбаған тұс еді. Оған бәрінен қатты соқ­қаны: «Әй, Ақжан, мына сәлделі молданы ұлы бабам дей­сің, руы кім екен?» деушілер болды. Философтар арасында, бет сипаудан үркетіндер арасында «Фараби – діни фи­лософ» дейтіндер шықты. 1975 жылы Ақаң Самарқандтың 2500 жылдық тойына барғанда: «Түрік тума­ларын бөліп-жару қазақтан басталған жоқ еді ғой, ағайын­дар. Науаи, әл-Бируни, әл-Хорезми, Ұлықбектер туған кездерде де қазақ пен өзбек еншісі ортақ емес пе еді? Қазақ жері – Отырарда туған әл-Фарабиді ортақ еткі­леріңіз келсе, онда өздеріңіз жеріне қарай еншілеп алған Тұран­ның барлық даналарын ортақтастырайық», – деп өз ойын ашық білдіріпті.

Өзбек ғалымдары әл-Фарабиді «ортақ» баба ету пиғы­лынан сол 1970 жылдардың басына дейін арылмаған, яғни ұлы бабамыздың 1100 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО шеңберінде Қазақстанда атап өтілу туралы шешім қабыл­дағанша осы көзқараста табандап тұрып алыпты. Шын­дықтың дұшпаны надандық деп жатады ғой. Бұл – шындық еді.

– Авиценна: «Мен ең мықтыны ойлап таптым, ол – сенім», – депті. Ақжан атамыздың сенімі қандай еді?

– Сенім – ақыл-ойдың ең жоғарғы сатысы, дейді ғой. Ол өзінен кейінгі ұрпағының өзі бастаған істі ұмыт қалдыр­май жалғастыратынына сеніп кетті. Сондықтан мен Ақаң­ның 16 томдық жарық көрген қолжазбаларынан басқа Құранды ғылыми тұрғыда талдап жазған еңбегін қолжазба күйінде Ғабдолла, Ғабдолла-2 деген реттік нөмірмен көрсе­тілген 48 беттік дәптерден тұратын 16 дәптерді ұқыпты сақтап отырмын.

Ақаң көзі тірісінде Халифа Алтаймен жақсы араласты. Өзі Құранға ғылыми тұрғыда тәпсір жазса, Халифа хазірет діни саласында тәпсір жазды. Мына үндестікті қараңыз: Ақаң «Темірқазық» төбемізде тұр. Ол Менделеевтің период­тық таблицасында 26-болып белгіленген, ал Құранда да Темір (Альхамид) сүресі 26-болып тұр», – деп балаша қуанғаны әлі есімде.

Озған жұрт өткен тарихтың жаманы болсын, жақсысы болсын, бәрін есте сақтауға тырысады. Жақсы істерден сабақ алып, болашақ ұрпақ керегін жаңғыртып отыра­тынына сенемін.

 

Ғылым мен дінді  қатар қойып зерттеді

 – «Адамдар Құдайдан және жұмыстан тұрады», – депті ақын Борис Пастернак. Сол айтпақшы, әлемдік әдебиет тарихында ұлы жазушылар Толстой, Достоевский, Гете өздерінің шығармашылық шыңына жеткенде дінге, «Құдайды  іздеуге» бет бұрыпты. Ақжан ағамыз дінге неше жасында ден қойды?

– «Құдайдың өзі де рас, сөзі де рас» деп келетін дана Абай өлеңдерін жаттап өскен Ақаңның баба ғылымының діни негізін игерудегі ождандық өзегін аңғару қиын емес. Көкірегіне Хақтың нұры ерте қонса да, ол оны әбден пісіріп барып, жасы 50-ден асқанда намазға жығылды.

Ол  ғылым  мен  дінді қатар қойып зерттеді. Сөздердің, оны құраушы әріптердің сандық мәнін қолдануда Абжәд есебі барлық есеп ғылымының, сол арқылы барлық табиғат ғылымының бастауы екендігі тек біздер үшін ғана беймәлім жәйт. Жалпы, Абжәд есебі бастауын Адам пайғамбардан алады. Тәңір тарапынан келген Жебірейіл періште Адамға «Абжәд есебін үйренсең, тағат-ғибраттарың қабыл бол­майды» дейтіндігі және мұны әрі дамытқан Шиш, Ыдырыс пайғамбарлар делінеді. Сондықтан Ақаң ғылым жетістігі арқылы қазақтың аспантанымын, әл-Фараби ілімін ғылыми ислами негізде сабақтастыра білді деп ойлаймын.

– Бір тұстары ағамыздың діни көзқарасы мен оның мұсылмандық шарттарын орындауы үлкен үйде де әңгіме болып, сыртынан бақылау қойып, түсіндіру жұмыстары жүргізілмеп пе еді?

– Ол тұста партия мүшесінің намаз оқып, мешітке баруы қатаң сыналатын. Ақаңның Алланың үйіне баруы үлкен дауға айналып, ісі партия ұйымдарында қаралуға дейін барды. Осындай орынсыз сұрақтардан әбден шаршаған Ақаң бірде ОК хатшысы Д.Қонаевтың қабылдауына барады. Бұрыннан көз таныс, замандасы Қонаевтың алдына арызы мен партбилетін қойып: «Димаш, жасым болса келді. Мына билетіңді бір күні масқара боп жоғалтып алармын. Осыны өзіңе аман-сауымда қайтарып берейін деп келдім…», – деп ойын астарлап жеткізеді. Димекең, әңгіменің не туралы екенін сезіп: «Ой, Ақа, мұныңыз не?..», деп арызының бұрышына: «Не трогать старика!» деп тәртіп соғып беріпті. Осыдан соң біраз уақыт тынышталып қалдық.

Арыз жазушылар мұнымен қарап қалмай, қалалық партия комитетіне арыз жазып, ескі жараны тағы да қозғады. Содан институттың партия ұйымының хатшысына өзім барып: «Машанов бәрібір тарихта қалады. Тарих сендерден шалдың мазасын алғандарың үшін жауап алады!», – деп қатты кеттім. Партия ұйымының хатшысы: «Үйде намаз оқи ма? – деді. Несін жасырамын, оқиды, үйде намаз оқыса, сендердің нелерің кетеді? – деп жауап бердім. Хатшы менің алған бетімнен қайтпасымды білді ме, – Сабыр етіңіз, тек ағайға айтыңызшы, мешітке барғаным рас, бірақ әл-Фарабиді зерттеу үшін, соның аудармасы үшін бардым деп, тілдей ғана қағазға өз қолымен растама жазып берсінші. Бізден жоғары жақ жауап күтіп отыр, – деді. Мен мәселені шешкен болдым. Үйге келгесін болған жағдайды Ақаңа бүкпесіз айтып бердім. «Машанов баратын жеріне барып болған, енді мен барам» деп айттым дегенімде көзіне жас алып, маңдайымнан сүйіп: «Енді өлсем де арманым жоқ. Мені қорғайтын адам бар. Саған сенем, рахмет!», – деді. Хатшының айтқан сөздерін қағазға жазып, қолын қойып берді. Ертеңіне оны ректорға өзім апарып бердім. Осыдан кейін Ақаңды мазалауды қойды.

Пайғамбар мінезді, сәруар тұлғалы еді

 – Атамыздың мінезі қандай еді? Шіреніп, айқайға басқан кездері болды ма?

– Ол кісі Пайғамбар мінезді, сәруар тұлғалы еді. Үйде де, қызмет орнында да өте жайлы болатын. Есік қаққанға жекірген адам емес. «Ай – түнде керек болса, ақыл күнде керек» деп үнемі сабырға шақыратын. Ол кісіге қарағанда мен шалтпын, бірдеңені айтқым келеді де тұрады. Мұндайда ағаларың ақылмен жеңіп отыратын.

Тағдыр – маңдайға жазылған майдан. Бақыт – басар баспалдағыңды биіктету, сүйікті болу мен сүйікті етуден тұрады. Ол мені сүйікті ете білді, мен де соған лайықты құрмет көрсетуге тырыстым.

Адамның жаны қалаған жұмыс, яғни қызметі оның жүрегіне ем. Одан ләззат алса, ол кісінің өмірі ұзақ болатын көрінеді. Ақаң ұзақ, бақытты өмір сүрді. Көңілінің тоқайласар толғаныс түйінін тапқан сәттегі қуанышы мен тебіренісін сездірер сөзін дірілмен араласа шығатын қоңыр үнімен «карамат», «карамат бар» деп бастайтын. Ол сөзі ризашылығының биік шыңы болатын.

Ол аса күй талғамайтын. Дүниеге қызықпайтын. Бір киер киімі таза болса, соған риза болатын.

– Өмір бойы жаратылыстану ғылымымен айналысқан ойшыл ғалымның тілге деген көзқарасы қандай болды?

– Ағаларың екі тілге бірдей болды. Бірақ қазақ ғалымы екенін басты орынға қойды. Орыстарға сәл бүйрегін бұрса, үлде  мен бүлдеге бөленетін де еді.   Ол: «ұлт тілінен айырыл­са, мінезінен айырылады. Мінезін жоғалтса, ұлттық қасиет­терінен айырылады» дейтін. Нөмірдің нақылына. Тілдің киесі – елдің иесі. Тілдің жарығын қуаттандырған  ел – ұрпағын  қанаттандырған  ел. Ана тілің – қаныңның тамшысы, намысыңның қамшысы» деп айтып отырушы еді. Халықтың дәстүріне, тәлім-тәрбиесіне ұстамды болды. Дастархан басындағы дұға қайырардағы соңғы сөзіне екпін түсіріп: «Әл-Фараби бабаңның аруағы қорғап жүрсін!» деп аяқтайтын.

– Өмірде ұлы адамдар аңғалдығымен де есте  қалып жатады. Ағамыздың күлкі шақырар қандай ісі есіңізде қалды?

– Ол Жұма намазынан себепсіз қалмайтын. Өткен ғасырдың 90-жылдары Алматыға Түркия Республикасы­ның президенті Тұрғыт Өзал келіп, ол кісі Орталық мешітке Жұма намазына баратын болыпты. Үйге Бас мүфти Рәтбек қажы хабар­ласып, президентпен қатар тұрып намаз оқуға шақырды. Жұма намазы аяқталар тұста мешітке Қазақстан Прези­денті келетін болып, кіреберіс тәртіпке келтіріліп, аяқ-киімдердің бәрі сыртқа шығарылыпты. Намаз аяқталып, жиылған жамағат тарап кетіпті. Біздің шал да сыртқа шығып, аяқ киімін киейін десе, сыртта үш-төрт қана аяқ киім қалған екен. Содан көзіне ілінгенін киіп кете барып­ты. Үйге келсем, есік алдында маған таныс емес, бөгде аяқ киім тұр. Үйді өзімше қарап шығып, Ақаңнан: «Үйге біреу келді ме, бөтен аяқ киім тұр ғой» дедім. Сөйтсем, соған дейін өзі де байқамаған екен. «Ой, Жәкіжан, қиянат жасаппын, бұл өзге біреудің аяқ киімі екен. Масқара бол­дым ғой! Мешітке дереу телефон шал», – деп мазасыз­данып кетті. Қайтейін, тездетіп мешітке хабарластым. Сөйтсек, әлгі аяқ киім – Түркия президенті Тұрғыт Өзалдікі болып шықты! Оқиға былай болып шықты: «Көпшілік намазхандардың соңын ала шыққан Тұрғыт Өзал есік алдында қалған жалғыз аяқ киімді киіп кете беріпті. Жанындағы көмекшілерінің: «Ұят болды-ау, бұл аяқ киім сіздікі емес қой!» деп әбігерге түскенін көрген президент: «Мешітке қиянат ойлайтын жаман адам келмейді. Бұл маған тәбәрік, Қазақстаннан» деп Ақаңның аяқ киімін киіп кетіпті.

– Ол аяқ киімнің кейінгі тағдыры немен аяқталды?

– Шал өмірден озған соң, Түркия президентінің аяқ киімін ырым етіп, ұқыппен ұстап жүрдім. Кейін оның тарихын айтып, күйеу балама сыйға бердім.

– Ағамызды зейнетке шықпай кетті деседі?

– Ол кезде «не пенсия ал, не жұмыс істе» дейтін заң болатын. Ақаң соған байланысты пенсия алмайтын, жұмыс істеймін» деп 85 жасқа келгенше жұмыстан қалмады. Осыдан кейін ғана зейнеткерлікке шықты. Бес-ақ жыл зейнетінің нанын жеп, 1997 жылы бақилық өмірге аттанды.

Аталарың туралы мына шындықты айтпай кетуге болмас. Ол барлық іс-сапарларға, конференцияларға, әл-Фарабиді зерттеу істеріне мемлекеттен қаржы дәметпей, өз қаржысын жұмсады.

 

Ол – ғасырларға сапар шеккен ақыл ескерткіші

 – Халқының қасиетін жанымен ұққан ғалымға өлім жоқ. Соңына өлместей  мұра  қалдырған  қайраткерге  өмірден өткен соң қандай құрмет көрсетілді?

– Әңгіме былай. Мен аталарыңның атын тура мағына­сында ешуақытта айтқан емеспін. Осы кезге дейін атамның аты-жөнін де аузыма алған жоқпын. Ол өмірінің соңына дейін мені Жәкіжан деп атап кетті. Ол халыққа жеңілдігін, ал өзіне ауырлығын ай астында отырып тілеген адам. Әр таңда айналысатын ісім таусылмасын деп оянатын ол бар өмірін ғылым жолына арнады. Одан басқаға басын ауыртпады. Өз еңбегімен тапқан қаржысын пайдалы іске жаратса, содан рахат табатын. Есепке жүйрік еді, осы уақытқа дейін партжарнаға төлеген ақшаға бір ұшақ түсетін еді деп отыратын. Құрмет демекші, 85 жасқа толған мерейтойында «Социалистік Еңбек Ері» атағын береміз деп, Мәскеуге ұсыныс берген. 1986 жылы әйгілі «Жел­тоқсан»  көтерілісі болып, ол жабулы күйінде қалды. Араға 5 жыл салып, 90 жасына орай, Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының құрылтайшысы, ең алғашқы коррес­пондент-мүшесінің бірі ретінде «Халық қаһарманы» атағын береміз деп тағы бір ардарқатып қойды. Сол жылы Ұлттық Ғылым академиясының 50 жылдығы өтіп, ол атақты ака­демик Чокинге беріп жіберді. Сөйтіп жүргенде көктемде Ақаң дүние салды. Содан «Халық қаһарманы» атағы да бұйырмады. Тың адам ғой, дымын білдірмеді. Алайда, 1978 жылы Ақбастау алқабында алтын кенін тұңғыш ашқан ғалым ретінде өтеуіне 124 рубль бергенде қатты налыды. Шалдың қатты ренжігенін тұңғыш рет сонда көрдім. Күйінгеннен: «әл-Фарабиден бастап қаншама еңбектер жаздым. Ол менің қасиетті жұмысым. Ал алтынның жөні басқа еді ғой. Осы еңбегімді лайықты бағалау керек еді. Егер шет елде болса, оны тапқан адам сол заматында мил­лионер атанып, оның белгілі проценті сол адамның есебіне түсіп жататын еді…» деді. Қайтейін, мен оны аяп кеттім. Отырар ауданында бір көшеге атын беруге болады ғой. Алматыда «Орбита» ықшамауданында бір шағын көшеге аты берілген дейді, оны өзіме ешкім хабарлаған емес.

Ұлт, ер қамын ойлайтын азаматтар да бар екен. 2001 жы­лы Оңтүстік Қазақстан облысында ұлы ұстаз әл-Фарабидің 1130 жылдығы аталып өтті. Сол тұстағы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұйғарымымен әл-Фараби атындағы сыйлықтың №1 куәлігі Ақаңа берілді. Бұл сыйлық Ақаңа үлкен рух, күш берген болар еді. Әттең, ол оны көрмей кетті.

Шығыстың атақты шайыры Руми: «Ұлы адамдардың бейітін жер бетінен іздемеңдер, олар өз халқының жүрегіне жерленеді» депті. Көкелерің де, өз халқының, өз ұлтының жүрегінен орын алған ұлт тұлғасы деп ойлаймын. Қарағандыда салынған үлкен мешітке атын бердік. Ол үшін мәңгілік ескерткіш осы болды.

Өткен жылы қасиетті парызымды өтеп, Меккеге барып, зиярат еттім. Елімнің амандығын дұғама қостым. «Рухын сегіз пейіш төрінде шалқытып, Көк Тәңірі құшағына алсын» деп ағаларыңа да дұға жасадым. Қалай десек те, ол ғасырларға сапар шеккен ақыл ескерткіші болып қала бермек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *