Жалпыүйлік есептегіш құралы үнемшілдікке бастайды

Мәншүк БЕКБОСЫН

 

Әрбір тұрғын күн­делікті тұтынып жүрген ауыз суды, электр және жылу энергиялары мен табиғи газды барынша үнемді пайдаланғаны абзал. Аталған қызмет­терді үнемдеу үшін оған бақылау жүргізу керек.  Ал бақылауды ортақ есептеу құралдарынсыз жүргізу мүмкін емес. Жалпы, бүгінде  әрбір көпқабатты тұрғын үйде үйлік жылу есептеу құрал­дарының болуы міндетті екені ҚР заң­намаларында көрсе­тілген. Мұндағы орна­тыл­ған жылу есептеу құралдарының құны тұр­ғындардың комму­нал­дық қызмет ақысын төлеу есепшотына 4 жылға бөлінбек. Сонда айына бір пәтерден орта есеппен 200 теңгеден келеді.

Ортақ жылу есептеу құралын орнату тұрғындардың келісімімен жүзеге асады. Құрал-жабдықты сатып алу, орнату құнын өтеу және басқа да шығындар толығымен тұрғындарға жүктеледі.

– Жылу энергиясын есептейтін ортақ қондырғыны орнату арқылы тұрғындар ыстық сумен қатар, бөлмелерді жылытуға жұмсалған жылуға төленетін қаржыны да үнемдеуге қол жеткізеді. Осы кезге дейін үйдің іші суық болып, жылынбаса да, сіз жылу тарататын мекемелерге төлем жасап келдіңіз. Ал арнайы қондырғыны орнату арқылы одан құтыласыз. Пайдаланған жылуға нақты төлем жасау арқылы алдағы бірнеше жылға да үнем жасайтын боласыз, – дейді мамандар.

Жылу энергиясын есептеу құралы көппәтерлі үйдің ортақ меншігіне жатады. Олай болса, жарақтандыру, мамандан­дырылған ұйымды таңдау, қаржыландыру тәртібі туралы мәселелерді де меншік иелері өздері жалпы жиналыста шешулері керек. Ал, құрал-жабдықты сатып алу мен орнатып, құнын өтеу тұрғындардарға жүктелетін міндет. Жалпыүйлік есептету құралын алу және орнату құны шамамен 600-700 мың теңге.  Келісім берген тұрғын­дар Пәтер иелері кооперативі арқылы жылу беруші ұйыммен келісім-шарт жасасады. Өз кезегінде жылу беруші ұйым есептеу құралын алуға және орнатуға міндетті. Ал тұрғындар бұл қызмет үшін белгіленген уақыт аралығында төлемақы жасайтын болады.

Мамандардың айтуынша, жалпыүйлік есептеу құралдары тұрғын үйдің жертөлесіне орнатылады. Қондырғының көмегімен тұрғын үйдің қанша жылу жоғалтқанын білуге және тұрғын үйдің жылу жүйесіндегі кемшілігін анықтауға болады екен. Маман­дар тұрғын үйге ортақ жылу энергиясын есептейтін жалпыүйлік есептегіш орнату арқылы жылуды үнемді пайдаланып, ұқып­ты жұмсап, ол үшін төлемді де соншалықты аз төлеуге болады дейді. Мұндай жүйеге көршілес елдер бірнеше жыл бұрын көшіп, үнемдеуден басып озып үлгерді.

Бір үйдегі барлық пәтерге ортақ жылу энергиясын есептеу құралын пайдалану өте тиімді. Тек қана жеке пәтерге емес, тұтас үйге немесе ортақ нысанға есептеу құрал­дарын орнату – тұтынушылардың міндеті. Бұл заң жүзінде қарастырылған. Сондық­тан осыны халықтың түсінгені жөн.

Тұтынушыларға жалпыүйлік жылу есептеу құралдарын орнату мемлекетке, кәсіпорындарға және ең бастысы, тұты­нушыларға қажетті шара болып табылады.

 

Керек дерек

Қалада көпқабатты тұрғын үйлердің саны – 7713. Соның ішінде жалпыүйлік есептеуіш құрылғылары 5301 үйде орна­тылған. Әлі 2500 көпқабатты тұрғын үйге аталған құрылғыны орнату көзделген.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *