ЖАЛҚАУ БОЛАМЫЗ БА, ҚАЙТЕМІЗ?

Өйткені, атақты Билл Гейтс оларды жақсы көретін көрінеді

Әдетте, ұлы жаңалықтардың басым бөлігі жалқаулықтың көме­гімен пайда болған десіп жатады. Мәселен, алаңсыз жатқан Ньютон­ның басына алма түспесе, атышулы тартылыс заңы да ашылмай қалатын көрінеді. Тіпті, машинаның дөңгелегі де, теледидардың пульті де болмас еді дейді білгіштер.

Бір нәрсе анық. Қазір адамзат жанын салып жұмыс істеуді қойды. Роботтар кассирлерді, кондуктор, жүргізушілерді алмастыра бастады. Тіпті, жаңалықтардың өзін ком­пью­терден аласыз. Мәселен, АҚШ-тағы соңғы сайлауды алайық. Атақты «Вашингтон пост» газетін­дегі 500 мақаланы роботтар дайын­даған. Себебі, журналистер құрғақ, дағдылы мақалалар дайындаудан жалыққан.

Сонымен, жалқаулық жақсы қасиет пе? Солай екен. Америка ғалымдары осындай тоқтамға келген. Бұл біздің өміріміздің ең басты бөлігі көрінеді. Біз оған босқа бас ауыртады екенбіз. Жал­қаулық бізді күйзелістен құтқа­рады. Ғалымдардың айтуынша, еңбекқор, бейнетқорларға қара­ғанда, жалқаулардың денсаулығы әлдеқайда жақсы көрінеді. Мәселен, аптасына 60 сағаттан астам жұмыс істейтіндердің жүрек, қан тамырлары, асқазан ауруы басым болады, 11 пайыз алкого­лизм және бар. Бұдан кейін ұйқы­сыздық, семіздік, күйзеліс туралы айтудың да керегі жоқ. Қытайда еңбекқорлық нағыз әлеуметтік апатқа алып келген, яғни жыл сайын 500 мыңнан астам адам осы «еңбекқорлықтың» кесірінен көз жұмады деседі.

Өз ісіне әсіреберілгендік, өлер­мендік нәтижеге жеткізбейді. Кейінгі кезде басшылар мұны айқын сезіне бастады. Стэнфорд университетінің профессоры Джон Пэнкэвелдің пайымдауынша, 55 немесе 70 сағат жұмыс істеуші­лер­дің еңбегінде айтарлықтай айыр­машылық жоқ. Оның үстіне бейнет­қор адамдар көбіне әсершіл, ұстам­сыз келеді, әділетсіздікті көріп тұрып шыдай алмайды, сондықтан олардың денсаулығына да көп жағдайда нұқсан келіп жатады. Тағы бір дерек: аптасына 55 сағат жұмыс істейтіндердің 33 пайызы науқас парақшасын алумен шек­теледі, бұдан кейін жұмысыңда қандай өнімділік болады.

Есесіне, жалқаулықтың көп жағдайда сізге пайдасы тиіп, абы­ройыңызды асыруы мүмкін. Қалай дейсіз? Ғалымдардың пікірінше, ол сіздің шығармашылық белсенді­лігіңізді арттырып, басқаша, өзгеше шешім қабылдауға ықпал етуі әбден мүмкін. Атақты Билл Гейтс осы жағдайды жақсы пайда­ланған. Ол жұмысқа бірден жал­қау­ларды алу керектігін түсінді, тіпті мойындады десе де болады. Себебі, оның өзіне жалқау болуға ешкім кедергі жасай алмайды, ол өз міндетін шешудің ең қарапайым және тиімді жақтарын ойлауға мүмкіндік табады, бұл істе оған тек жалқаулар ғана көмектесе алады, есесіне, компания қаншама уақытты және ақшаны үнемдейді.

Миллиардердің бұл ойының дұрыстығына тарихтың өзі дәлел бола алады. Көптеген ғажайып жаңалықтар жанкешті еңбектің емес, бір ғана шабытты шақтың әсерімен дүниеге келген. Мәселен, гидростатистика заңын Архимед ваннада жатқанда ойлап тапқан. Александр Флеминг пенициллинді кезекті еңбек демалысынан соң ашты. Бұл ретте ғылымның өзі кейбір нейрондар тобы адам миы тыныққанда белсенді жұмыс істей­тінін дәлелдейді. Ең терең және шығармашылық ойлар тыныш­тықта жүзеге асады. Бұл құбылыс­ты 2001 жылы невролог Маркус Райил ашты.  Ғалымдардың пайым­дауынша, бұл қасиет адамдардың көпшілігіне аса қауіп төндірмейді. Өйткені, жұмыссыздықтың ақыры сізді жұмыс істеуге алып келеді. Көп уақыт өтті, сіз әлі бос жүрсіз. Де­мек, сіз өзіңіздің сүйікті ісіңіз­бен емес, басқа шаруамен бас қатырып жүрсіз, сіздің жан дүниеңіз оны қала­майды. Мәселен, біздің баба­ларымыз жаяу жүруге ерінген соң барып автомобильді ойлап тапты. Мәселен, сіз бастық­тың айтқанын орындамайсыз, жалқауланасыз, мүмкін бизнес ашып, өзіңіздің бастық болу ойыңыз бар шығар.

Демек, өз жағдайыңызға қарай әрі-бері ойланып, жоспар құрып көрерсіз. Демек, жалқаулықтың түбі жақсылыққа апаратынына да дәлел көп.

Р.S. Ғалымдардың бұл зерт­теуінің де жаны бар. Жалқаулықтың басты себебі өзін-өзі таба алмай жүруінде болар деп шамалаймыз. Қайсыбір жолы бір көкеміз, мен ешқашан үкіметтің жұмысын басымды ауыртып істеген жоқпын деп еді. Сірә, соныкі дұрыс.

Әдетте еңбекқорлық басқа, талант басқа. Мәселен, өнерге еңбекқорлықтан гөрі, дарын көбірек қажет. Ал дарынды адамның ішінде жалқаулар да аз емес.

 

Попугай ұстап берді

Бразилия поли­ция­сының қызметкерлері наркодил­лерлерге рейд жүргізу кезінде попу­гайды қолға түсірді. Әлгі офицерлерді көрген бетте «мама полиция» деп айқайлаған. Ол қолға түскеннен кейін жақ ашпай қойған.

Оқиға Пиауи шта­тында өткен. Поли­цейлер бірнеше наша­қорды және оларды сатушыларды, попу­гай­ды қолға түсірген. Олар полицей көрсең бізге хабар бер деп байғұс құсты әбден оқытып қойса керек. Попугайдың қожайындарына адал болғаны сонша, қаншама қаптаған полицей сұрақтың астына алса да, ол тіс жармаған. Қысқасы, попугай шілдеге дейін хайуанаттар саябағында болып, одан соң еркіндікке жіберіледі.

 

Жүргізуші куәлігінен айырды

Лондон соты фут­болдан ағылшын құра­ма­сының бұрынғы капитаны, атақты Дэвид Бекхэмді алты айға жүргізуші куәлігінен айырды. Ол рульде келе жатып қалта телефонын пайдаланған.

2018 жылы 21 қараша күні Лондонның орталық көшелерімен өз автокөлігімен жүйткіп келе жатқан футболшы бейнекамераға түсіп қалған және оны тағы біреу байқап қалған. Бұл Ұлыбритания заңына қайшы келеді. Сот футболшыға айыппұл төлеуге міндеттеді. Бекхэм өзінің кінәсін мойындады. Енді бұл қайталанған жағдайда, ол үш жылға көлік жүргізу құқынан айырылады.

Р.S. Біздің көшелерімізде күн сайын көлік жүргізетін қаншама адам қалта телефонымен сөйлеседі екен десейші!

 

«КГБ-ға рахмет!»

Кезінде Ресейдің «Синяя птица» вокальді аспапты ансамблінде әнші болған Ю.Метел­киннің «Ескі радио» порталында 60 мыңнан астам дауыс сақталған. Мұндағы ел үшін аса құнды болып саналатын дауыстар кезінде КГБ-нің тыңдауы арқасында сақталып қалған. Аса сақ үш әріп қызмет­керлерінің арқасында уағында әрбір мекемеде өтетін жиындар мен он­да­ғы сөйленген сөздер арнайы аппаратқа жазылып отырған. Метелкиннің аталмыш порталында елге белгілі Б.Пастернак, А.Ахматованың дауыстары бар. Тіпті, бір кезде оқылуға тыйым салынған өлеңдер де бар. Актер Сергей Балашовтың үйінде шығармашылық адамдары жиі бас қосатын болған. КГБ-нің тыңшысы болған актердің қандай мақсатта жұмыс істегені белгілі ғой. Есесіне Б.Пастернактың өз дауысымен оқыған өлеңдері оның жеке архивінде қалып қойған. Ақынның отбасы оны қанша өтініп сұраса да, тіпті сатып аламыз десе де бермеген. Тіпті, Б.Пастернакты соңғы сапарға шығарып салуда айтылған сөздер де сақталған.

Бүгінде алтынға да бергісіз осы құндылықтардың сақтал­ғаны үшін Ю.Метелкин «КГБ-ға рахмет!» дейді.

Қ.ИМАН.    

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *