Жалған дiндер жалғанды қашанғы жалпағынан баса бередi?!

Секташыларда Отанды қорғау, ел мен жердi сүю ұғымы болмайтын көрiнедi

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

Дiни ұйымдар мен секталарда қазiр есеп жоқ. Құлақ естiп, көз көрмеген «Вайшнавтар», «Бахаи» сенiмi, «Бiрлестiк шiркеуi», «Иегова куәгерлерi», «Соңғы өсиет шiркеуi», «Кришнаны тану қоғамы», «Саентология» шiркеуi, «Мормондар», «Сахаджа йога», «Жаңа аспан», «Жаңа өмiр шiркеуi»… тағы да басқа, толып жатыр. Олар қоғамға жан-жақты қауiп төндiрiп отыр. Тiптi дегенiн жасап та жүр. Мұны  күн сайын қала тiршiлiгiнен байқап отырмыз.

Қандай бiр қылмыс орын алса да одан дiн жолында жүргендердiң iзi тайға таңба басқандай көрiнiп тұрады. Алматыда өзiне-өзi қол жұмсау өрiс алды, банк тонау, кiсi өлтiру, тағы да басқа өрескiл оқиғалар көрiнiс тапты. Осының бәрiне де дiндарлардың (әңгiме бұл жерде тек ислам немесе христиан дiндерi төңiрегiнде емес) қатысы бары анықталды. Жақында ҚР IIМ-iнiң «Сұңқар» арнайы жасағынының 11 мүшесiн жарақаттаған қарақшы топтың жетекшiсi 36 жастағы Рузембай Ишимбетов «Нұр Мүбәрак» ислам университетiнiң коллеждiн бiтiрген көрiнедi. Оның қалтасынан басқа жалған дiни ұйымдардың мүшесi екенiн айғақтайтын құжаттар да табылған. Қандықол қарақшылардың  «жабдықтаушысы» 1975 жылы туылған Сергей Колеснюк жуырда ислам дiнiн қабылдапты. Осы орайда дiни оқуларды оқығандардың арасында немесе дiн жолында жүргендердiң iшiнде лаңкестiк жасаушылар, баскесерлер неге көп кездеседi? деген заңды сұрақ туады. Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектi сессиясында сөйлеген сөзiнде Қазақстанда ежелден екi дiн – Ислам және орыс православиясы бар екенiн айта келiп, сол дәстүрлi дiнбасыларының  назарын республика халқының жалған дiни ұйымдардың алдау-арбауына түсiп қалмауына аударды. Жалған дiни ұйымдардың жағымсыз әрекеттерiне тоқталды.

Дiннiң атын жамылып,

халықты арандатып жүр

Шынын айту керек, секта дегеннен сескенбейтiн ешкiм жоқ шығар. Олардың қарамағына бiр iлiксең, қайтып шығуың екi талай. Құрдымға кеттiм дей бер онда. Бiрақ қазiргi жастар секталардан айылын жия бермейтiн сияқты. Мүмкiн олар үшiн қызық болып көрiнентiн де болар. Дегенмен байқамаса болмайды. Опық жеп қалары анық. Ол кезде бәрi де кештiк етедi

Сондай опық жегендер, алданып қалғандар бiзге келiп те жатады. Ақылымызды айтып, Алланың ақ-адал жолымен жүруге кеңес берiп шығарып салып жүрмiз.

Жалғандар дiндер несiмен қауiптi? Атының өзi айтып тұрғандай, олардың iс-әрекетiнiң бәрi де жалған. Қалайда тыныштықты бұзу, кiсiге зиянын тигiзу, қоғамдық дамуға терiс пиғылдар қалыптастыру, мiне олардың мақсаты осындай болып келедi. Ең бастысы олар дiндi жамылып, халықты алдайды, тура жолдан тайдырады. Сөйтiп дәстүрлi дiнiмiздiң абыройына дақ түсiрiп жүр. Мешiтке келушiлерге секталардан сақтану қажеттiгi жайында үнемi айтып отырамыз. Әсiресе жұма намазындағы құтпада исламның құндылықтарын, жалған дiндердiң абыройдан айыратынын жамағатқа жеткiзiп жүрмiз.

Нұржан КЕРIМБЕКОВ,

Райымбек батыр мешiтiнiң бас имамы,

«Думан» ықшам ауданы.

Дәстүрлi емес дiннен аулақ

болған жөн

Қазiргi таңда ұлттардың өзара сыйластығы былай тұрсын, жастар әке – шешесiн тыңдамайтын болып барады. Ата-аналарын жетiмдер үйiне апарып тастайтын қазақтарды жиi кездестiремiз немесе есiтемiз. Осыған не деймiз, өкiнiштi емес пе?

Жалпы осының себебi батыс елдерге електеушiлiк және түрлi дiни ұйымдардың, яғни секталардың қаулап келуiнде. Өкiнiшке орай көбiмiз осы дiни ұйымдардың не екенiн түсiне бермеймiз. Олар не iс атқарып жатыр, елге пайдасы тиiп жатыр ма, бұны ешкiм бiлмейтiн сияқты. Алматы үлкен қала болғандықтан ешкiмнiң бiр-бiрiмен iсi жоқ. Бiрақ миссионерлердiң iсi бар екен. Осыған орай бiр жәйттi айта кетудi жөн көрдiм.

Биылғы қаңтар айының бiр күнiнде сыртта жұмыс iстеп тұрған едiм, тротуардан екi кiсi келiп менiмен iлтипатпен амандасты, мен де дұрыстап сәлемдестiм. Менi сөзге тарта бастады, сөздерiнен олардың миссионер екенiн байқап қалдым. Сонда да үндемей тұра бердiм, кейiн маған сұрақ қоя бастады. Сен «Жәннатты бiлесiң бе» дедi, мен «Аллаға шүкiр» деп жауап қайтардым. Өздерiнiң кiтаптарын ұсынып:«Мынау кiтап сенi Жәннатқа кiргiзедi» дедi. Бiрақ мен кiтапты алмадым. Мен де оларға Алланың  кiтабы –  Құранды түсiндiре бастадым. Окiнiшке орай олар Құранды түсiнгiсi келмейдi екен. Олар маған «Бiз Iнжiлдi оқимыз» дедi…  Алматы қаласында бұндай қаншама оқиғалар болып жатқанын бiле бермеймiз.

Сондай-ақ, қаланың қайсы көшесiменен жүрсең де бiр храм (шiркеу) немесе қауым (бiрлестiк) көресiз. Бұл сұмдық емес пе? Дiни қауымдарды азайту туралы шара қолданылмаса, көптеген жасөспiрiмiздерiмiзден айырылып қалуымыз мүмкiн. Жастарға ақша берiп өз дiнiне алдап кiргiзiп жатқан миссионерлер қаншама десеңiзшi. Бұл өте қауiптi. Дiнiмiзге, дiлiмiзге, елiмiзге, жерiмiзге, Отанымызға қызмет етейiк, қиянат жасамайық. Төңiрегiмiзге көзiмiздi ашып қарамасақ, шынайы дiнiмiзден айырылып қалуымыз әбден мүмкiн. Әңгiмемдi Алла-тағаланың сөзiмен тәмәмдасам деймiн: Сахаба Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят етiлген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп бұйырады: «Күмәнсiз, Алла-тағала сендер үшiн үш нәрседен риза болады, ал үш нәрседен наразы болады. Әуелi сендердiң тек Өзiне (Аллаға) ғана ғибадат етулерiңе, Оған ешнәрсенi ортақ (шiрiк) қоспауларыңа және Оның жiбiнен мықтап ұстап, келiспеушiлiкке (бөлiнбеушiлiкке) жол бермесеңдер риза болады. Ал, өтiрiк-өсек айтуларыңа, көп сұрақ сұрауларыңа және дүние-мүлiктi қалай болса солай жұмсауларыңа риза болмайды».

Осы жоғарыдағы хадис Құран Кәрiмдегi мына аятты ерiксiз еске түсiредi:

«Барлықтарың бiрлесе Алланың жiбiнен мықтап ұстаңдар. Бөлiнушiлiкке әсте түспеңдер. Адланың сендерге нығметiн еске алыңдар. Бiр кездерi сендер, бiр-бiрлерiңе дұшпан едiңдер, жүректерiңдi Ол (Алла) жақындастырды. Мiне Оның (осындай) нығметi аясында қандас болдыңдар. Сондай-ақ, сендер тозақ оты шұңқырының ернеуiне тұрғанда ол жерден сендердi құтқарған да – Ол (Алла)» (Әли Имран сүресi, 103-аят).

Орманбек ТАГМАНОВ,

студент.

Шектен шыққан секталар

жазықсыз жандарды тура жолдан

тайдырып отыр

«Перспектива» ақпараттық кеңес берушi қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Ұлттық баспасөз клубында жалған дiндердiң зардабына арналған  басқосу өттi. Оған секталардан зәбiр көрушiлер  қатысып, басынан өткерген қиындықтарды үлкен күйзелiспен әңгiмелеп бердi.
Марина КАЛИНОВСКАЯ,

Алматы  қаласы:

– … Бұл осыдан  15 жыл бұрын басталған едi. Бiр себептермен  дiни ұйымға кiрдiм. Бәрi қаражаттың жетiспеушiлiгiнiң немесе жоқтығының салдары. Алғашқыда бәрi дұрыс сияқты болды. Сол жерде жүргенiмде перзент көрдiм. Ол да аман-есен өсiп жатты. Ендi мiне, араға жылдар салып қиындықтар туындай бастады, талап та күшейдi. Жақында ол ұйымнан кеттiм. Балам сонда қалды. Оны ертiп кетуге менiң мүмкiндiгiм болмады. Өйткенi, ұйымның жарғысы бойынша балаға менiң қатысым жоқ. Оның келешегiмен ұйым айналысады. Ұйым жетекшiлерiне айтып көргенiмде «Ол бала қазiр кәмелетке толды. Сондықтан да өз еркi – өзiнде», – дедi. Ал балам менiң сектадан шық­қанымды құптамады. «Сен сатқынсың!» – деп, менiмен де, туыстарымен де қарым-қатынасын үздi. Қазiр тiптi көргенде амандаспайды. Дөрекi сөйлеудi шығарды. 22 жастағы балам сектаның бiр қызына үйленiп алыпты. Ал ол бойжеткенiмiз менiң балама күйеуге шығу үшiн Иегова куәгерi атаныпты. Иегова куәгерлерiнiң мақсаты – адам санын еселеу. Ондағылар басқа адамға қан бермейдi, әнұран айтпайды, әскерге бармайды. Түпкi мақсаты – адамды барлық нәрседен қол үздiру, адамға ең керегi – қоршаған орта мен ақпарат болса, ал бұл ағымға бой алдырғандар ата-анасы мен туыстарынан безедi.
Александр ПРИХОДЬКО,

Семей қаласы:

– Менiң жағдайым да осыған  ұқсас.  2006 жылы ашына әйелiм қыз босанды. Болған жағдайды отбасыма айттым. Әйелiм қателiгiмдi кешiрiп, қызымды мойындауға рұқсат еттi. Кейiн ол әйел пәтерiнен айрылып, қатты қиналды. Үлкен баласы түрмеге түстi. Сол сәттi пайдаланып «Иегова куәгерлерi» оны өздерiне тартады. Өзiмен бiрге екi баланы да сектаға кiргiзедi. Мен оған қарсы болдым. Бiрақ тыңдамады. «Иегова куәгерлерi» оларды өздерiнiң тұрып жатқан жерлерiне тiркедi де, «заңсыз некеде туылған» деп менiң төрт жастағы қызым Кристинаны тiркемедi. Ондайларды айыпты, таза емес бала деп санайды екен. Мен жанұяммен ақылдасып, қызымды өз үйiме тiркедiм. Бiраз уақыт өткен соң, әлгi әйел қызыммен сөйлесу үшiн бес мың теңге  төлеуiмдi талап еттi. Содан кейiн шыдамай, сотқа бердiм. Бiрақ заң бойынша бұл балаға менiң құқығым жоқ екен. Сотты жүргiзген судья дүйсенбi күнi анасы сектада болған кезде қызымның менiң қасымда болуына рұқсат еттi. Кейiн қайтадан жалдап тұрып жатқан пәтерiне ақша төлеудi талап еттi. Оған келiскен жоқпын. Қайтадан қызыммен кездесуге рұқсат бермедi. Жаңа жыл, туған күн деген мерекелердi атап өтуге рұқсат етпейдi. Аяз ата олар үшiн шайтан болып саналса керек. Бiр күнi қызымның дене қызуы көтерiлiп, ауырып қалды. Сол кезде анасы дәрi бермептi. Сектадағылар үшiн дәрi iшкен адам бұзылып кетедi екен. Мен қызымды өзiм тәрбиелегiм келедi…

Игорь ФИЗЕР,

Қарағанды қаласы:

–Таныстығымыз ойламаған жерден басталды. Ол Қарағандыға оқуға келдi. Құрбысының үйiнде тұрды. Ұнағасын үйлендiм. Бұл 2002 жыл едi. Дәл сол жылы әйелiм қыз туды. Бiрақ, бұл бақытты күндер ұзаққа созылмады.  Үйге әйелiмнiң құрбылары келе бастады. Өздерiнiң секталары туралы айтып, менi шақырды. Мен болсам, шiркеуге барып тұратынымды, басқа дiни орынға барғым келмейтiнiн айттым. Әйелiме «Сен кiрсең кiре бер, бiрақ, қызым мен маған тиiсушi болма» дедiм. Әйелiм содан кейiн менi де шақырмады, өзi де барған жоқ. 2006 жылы ұл дүниеге келдi. Екi баламызды тәрбиелеп, бақытты жанұя болып тұрдық. Бiраз күннен соң, тағы да бейтаныс құрбылары келе бастады. Бұл жолы әйелiм менiң сөзiме қарамай сектаға кiрiп кеттi. Маған айтпай, балаларымды да орталықтарына апарып жүрiптi. Ол жаққа бармаймыз десе, балаларды ұрып-соғады екен. Үйдегi бар ақшаны сол жаққа апарады. Ал әйелiм балаларымды бергiсi келмейдi. Оларды көрейiн десем, кездестiрмейдi. Секталардан бүгiнде қысым көрiп жатқан адамдар көп. Бiрақ, олар айтқысы келмейдi. Кейбiр сектаның адамдары бүгiнде жақсы қызмет орындарында отыр. Олардың басына қандай қиындықтар туындаса да, әлгi қызмет орындарында отырған дөкейлер қолұшын бередi. Бiр басылымға сектаның жұмысы туралы айтып едiм, өзiмдi сотқа бердi. Сот әлi жалғасып жатыр. Судьяның қандай шешiм қабылдайтыны әзiрге белгiсiз. Осылайша бiр ажырасып, бiр қосылып, ақыры айрылысып тындық… Балаларға обал болды…

P.S.

Баспасөз мәслихатын «Перспектива» ақпараттық кеңес берушi тобы» қоғамдық қорының президентi, психология ғылымдарының кандидаты Ажар Дәулетова жүргiзiп отырды. Басқосуда дәстүрлi емес дiндердiң көбейiп бара жатқаны, секталардың талай ерлi-зайыптылардың арасына iрiткi салып отырғаны, онымен бiрлесiп күресу жайы сөз болды.

Белгiлi себептермен ата-ана ажырасып кетсе, қиындықты алдымен балалары көредi. Бiздiң заңнамада қандай жағдай болсын, балалар анасынан ажыратылмайды. Бұл – дұрыс емес. Бүгiнгi жәбiрленушiлер Игорь мен Александр өз бүлдiршiндерi үшiн күресуде. Неге осындай әкелерге бала тәрбиесiн тапсырмасқа. Бала тәрбиелеуде әке мен шешенiң құқығы бiрдей болуға тиiс. Осыны анықтайтын табанды заң керек. Мұндай заңға жақында Тәжiкстан президентi қол қойды. «Перспектива» ақпараттық кеңес берушi тобы» қоғамдық қорының вице президентi Елена Бурова қорытынды сөзде осы мәселелерге тоқталды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *