Жалған дiндер елiмiзде қалыптасқан бiрлiк пен ынтымаққа көлеңкесiн түсiрмеуi керек

1960 жылдардың басында шет елдерде жаңа толқын өмiрге келдi. Жаңа дiни ағымдардың пайда болуы осыдан бастау алды. Мұны Брейн Луис, Эдвард Баркер, Ресейден  Геннадий Куликов,  тағы да басқа ғалым­дар зерттедi. Пайғамбарлық деген ұғым бар. Олар –  жаңадан пайда болған дiни ағымдардың көшбасшылары. Өздерiн аян арқылы пайғамбар ретiнде таныстырады. Қытайда, Батыс елдерiнде бiр жылда 452 аян түсiп, осынша адам өздерiн пайғамбармын деп  жариялаған. Бұл осыншама дiн пайда болды деген сөз.

Олар бұл тәсiлдi қалай қолданған, өздерiн елге қалай баян еткен? «Мен көктен хабар алдым. Мен пайғамбар болдым, жаратушы солай дедi» деп өзiн таныстырады. Өзiнше топ құрып, оны дiни ұйым ретiнде тiркетедi.  Әлгi «пайғамбарсымақтардың» барлығын бiрдей саналы деуге болмайды. Олардың арасында әртүрлi жүйке ауруларына ұшырағандары да кездеседi. Ал кейбiреулерi бұндай тiрлiкке саналылықпен барады. Көбiсi бұл тәсiлдi пайда табу үшiн де қолданады. Тағы бiрi өзiнiң бойын­дағы ұйымдастырушылық қабiлетiн көрсеткiсi келедi. Ұйым құрып алғаннан  кейiн өзiнiң дiни iлiмiн тарата бастайды. Бұл iлiм де әртүрлi болады. Шындығында, олар пайғамбар емес қой, оған ешкiм ешнәрсенi сыбырлап айтып тұрған жоқ, өз бойында ешқандай керемет қабiлет жоқ. Жанынан бiрдеңе ойлап табатын ақын немесе жазушы емес, ендi не iстеу керек? Әрине, бұрыннан  бар дiни дәстүрдi пайдалануға кiрiседi. Дiни кiтаптарды жата қалып оқиды. Құранда жазылған сөздi айтса, оған ешкiм иланбайды. Өйткенi, ол сөздiң құранда бар екенi белгiлi. Сондықтан да ол өзiнiң бiр «жаңалығын» енгiзедi. Қазақстанның адамы болса, бiрiншi «жаңалығы» ислам дiнiне қатысты болады: «Мұхаммед пайғамбардан басқа пайғамбар келедi деген. Ол осы Қазақстанда туылса керек, сол менмiн», – деп бастайды әңгiмесiн.  Ал егер дiн таратушы ресейлiк немесе американдық болса, онда әлгi айтып отырған «пайғамбары» Ресейдiң, яки АҚШ-тың бiр қаласына келедi деп бастайды әңгiмесiн.  Бұл – олардың барлығына тән ортақ тәсiл.

Жаңа дiни ағымдардың пайда болуын зерттеген кезде осыған көз жеткiздiк.  Қазақстанда жаңа дiни ағымдар 90 – 93-жылдары бой көрсеттi, қазiр олардың қарасы тiптi көбейiп кеттi. Олар бiзге миссионерлер арқылы жеттi. Өзiмiздiң iшiмiзде де жаңа «пайғамбарлар» пайда бола бастады. Бұлар қалай пайда болды? Олар кiмдер едi? Жоғарыда айтқанымыздай, өздерi қолдан жасаған аян арқылы пайда болды. Көбiсi емшiлер, бақсы-балгерлер, тағы да басқа осындай бағыттағы адамдар. Алғаш тiркелгенде дiни ұйым ретiнде емес, емшi ретiнде тiркелiп, рұқсат қағазын алғандар. Тiркелiп алғаннан кейiн дiни жұмыстарын қолға ала бастады. Дiни ағым ретiнде тiркелмегеннен кейiн олар қудалауға ұшы­раған жоқ. Қудалауға айғақ табу да қиын. Олар туралы емделушiлер шағым айтпайды. Кейбiрi емшiлердiң iс-әрекетiне шынымен иланса, екiншi бiрi бәле-жаладан аулақ жүргендi ұнатады немесе қорқады. Шағымданғанның өзiнде жеме-жемге келiп, арнайы тексеру болғанда тайқып шыға келедi. Бiреу жапа шеккендiгi жөнiнде арызданбаса, емшiлердiң немесе емшiлер орталығының жұмысын жабу мүмкiн емес.  Мысалы, бiзге келiп зардап шеккендiгi жайлы шағымданған адам болған емес. Тiкелей әуе толқынынан берiлген хабарларға қатысқанымда телефон шалғандар болды, әрине. Онда да осындай бiрнәрсе болып жатыр дегеннен әрiге бара алмады. Дiни ағымдардың қай жерде орналас­қанын, одан қандай зардап шеккенiн айтудан тайсақтайды. Негiзiнен, дiни ағым мүшелерi әр жексенбi сайын жиналады. Кейбiрi аптасына екi рет жиналады. Мен евангельдiк ағымдарды қарастырып жүрмiн. Бiр-екi басқосуларына барып та көрдiм. Сол екi рет барғанның өзiнде олардың жалпы бағытын, мақсатын аңғардым.  Негiзгi ойы – Қазақстанда евангель­шiл­дiк  саясатты қалыптастыру. Алғашқыда 2013 жылы мұны жүзеге асырамыз деген болатын. Ол айтқандары орындалмады. Ендi ол жоспарларын 2020 жылға созып жатыр.

Евангель дегенiмiз –  iнжiлдiк iлiмнiң бiр тармағы. Евангельдiк ағым кең етек алған.  Евангельдiк христиандар, баптистер бар. Қазақстанда евангельшiлдер аз емес. Бұл ағым бiзде ХIХ ғасырдың аяғында басталған болатын. Ол туралы белгiлi ғалым, публицист-журналист Марат Барманқұлов кезiнде жазған болатын. Бұл кiсiнiң жазғанына қарағанда, ертеректе бабаларымыздың христиан дiнiне жақын болғанын да аңға­рамыз. Әрине, бабаларымыздың әртүрлi дiнге бәрi бiрдей болмағанымен, өмiр сүрген ортасына қарай енгендерi болған. Оны тарихтан бiлемiз. Дегенмен, кезiнде солай болған екен деп, солақай әрекеттерге бара бермеймiз ғой.

Мен евенгельшiлердiң iшiне барғанымда, олардың ислам дiнiне деген көзқарасының терiс бағытта екенiн түсiндiм. Олар бұл дiн туралы тiптi бас­қаша ақпарат таратып жүр. «Ислам – өте қатал дiн, шариғаттың талап­­тары өте қиын, ислам дiнi жиһад жариялайды. Басқа дiндегiлермен ымы­раға келмейдi, тiптi оларды өлтiруге дейiн барады» деген сияқты сөздер айтады. Бiрақ адамдардың бәрi сауатты емес, сондықтан жоғары­дағыдай сөздерге иланып қалады.  Олар осы әңгiмелердiң барлығын ешқандай байбаламсыз, ақырын ғана таратады. Баяғыдан қалыптасып келе жатқан ата-дәстүрiмiздi, тамаша тәмсiлдерiмiздi, адамзаттың бәрiне ортақ құн­дылықтарды өздерiнiң iсi ретiнде көрсетуге тырысады. Iзгi iстердiң бәрiн өздерiне телидi. «Құдайды сүй, құдайға қызмет жаса» деген сөздердi жиi айтады. Бiр қараған адам осы құндылықтардың барлығы евангель­шiлердiң дiнiнде бар екен деп ойлайды. Осыған көп адам иланып қалады.

Осы дiнге кiрiп жүрген бiр-екi әйелмен сөйлесудiң сәтi түстi. Оның бiрi үй қызметшiсi болып жұмыс iстейдi екен. Не оқығанын сұрасам, евангельдердiң кiтабынан басқа кiтап оқымапты. Оқығысы да келмейтiнiн жасырмады. Құраннан хабары бары-жоғын сұрағанда: «Құранды оқып не iстеймiн, оның маған керегi жоқ», – дейдi. Сөйтiп отырып ислам туралы неше түрлi жағымсыз әрекеттердi таратып жүр. Ол бұл ақпарат­тарды қайдан алды? Әрине, сәрсенбi, жексенбi  күндерi  баратын өз дiни ұйымының отырысында естiдi.  Екi қызын осы дiнге кiргiзiптi. Ендi ұлын да әкелмек ойы бар екен. Дiн үйренумен қатар, ағылшын тiлiн тегiн үйренiп жүргенiн де мақтаныш еттi. Мiне, бұлардың әрекетi осындай. Жәй жүрмейдi, елге өздерi кiрген дiн туралы кiтаптар таратады. Ертең көршiсiн де үгiттейтiн болады. Олар үшiн бұл маркетинг жүйесi   сияқты. Он адам ертiп әкелсең, едәуiр ақша аласың. Әрине, ақшаның көлемiн толық айта алмаймын. Жұмыссыз отырған адам үшiн бұл да көмек. Оның үстiне дiн тарату қиын шаруа емес. Шәй iшiп отырып-ақ, жұмысын бiтiре бередi.  Осының бәрi өте ақырын, елеусiз жүргiзiлiп жатқан нәрсе. Бiрақ келешегi ауқымды және өте қауiптi.

Кришнаит дiнiне кiрген бала ет жемейдi. Сондықтан да ол әкесiнiң құран оқып сойған малының етiн  жемейдi, бiр дастарханда отырмайды. Ал егер, евангельшiл болса, дастархан басында шоқынып отырады.

Қызылордада бiр адамның 9 ұлы, бiр қызы бар екен. Қызы криш­наитке кiрген, әрине өз еркiмен. Бiр ұлы христиан дiнiне кiрiптi, ол: «Ислам дiнi, жалпы, дұрыс дiн емес» дейтiн көрiнедi. Әкесi болса, ислам дiнiнiң өкiлi. Сол сияқты Аягөзде бiр кiсi менiң кiтабымды оқыпты. Оқып, әке-шешеме айтыпты: «Балам дiни оқу бiтiрiп келiп едi, мешiтке барса «намазды терiс оқыдың» деп қуып шығыпты» деп.  Өз басым терiс қарап тұрып намаз оқығанды көрген емеспiн, естiмедiм де. Сол себептi оның әке-шешесiне баласының қандай бағытта жүргендiгiн айта алмадым.

Әрине, Ислам дiнiнiң iшiнде де вахабистiк бағыт бар. Бұлардың дәстүрлi Исламға ешқандай қатысы жоқ. Дәстүрлi ислам олардың өзiн мойындамайды, жанына жақындатпайды. Бiздiң елiмiзде 14 дiнге тыйым салынған. Өйткенi олар экстремистiк, лаңкестiк топ деп дәлелденген. Ваха­бистер – қауiптi ағым, олар өз көзқарасын ашық жариялайды. Олар­дың мақсаты – дiни халифат құру.  Олар жиһад жариялайды. Өз жолында ешқандай төзiмдiлiк көрсетпейдi. Ислам дiнiнде болмағандардың бәрiн кәпiр деп есептейдi.  Хижаб киiп немесе пәренже жамылып жүрмеген әйелдердi мұсылманға санамайды. Қазақтың дәстүрiнде зиратқа барып құран оқу, бейсенбi, жұма күнi шелпек тарату әрекеттерi бар. Вахабистер бұған қарсы. Олар өз жолдарын қатты ұстанады.

Әр дәуiрдiң өз жетiстiгi мен кемшiлiгi болады. Кешегi кеңес үкiметiнiң кезiнде өзiмiздiң дәстүрлi дiнiмiзден айрылып қала жаздаған жағдайлар да болды. Қазiр егемендiк алдық. Тәуелсiз елмiз, ендi өзiмiздiң дiни бағытымыз, көзқарасымыз болуға тиiс. Қазақстан Республикасы Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты –  бiрлiк пен ынтымақты қалыптастыру. Қазақстан халқы арасында төзiмдiлiктi, достықты дәстүрге енгiзу.  Елiмiзде  жүзден астам ұлттардың өкiлi тұрады. Олардың әрқайсысының өз дiнi бар. Осыған қарамастан Қазақстанда екi дiннiң – ислам мен христианның өмiр сүруiне негiз қаланған. Сондықтан өзге дiн өкiлдерi осы екi дiнге құрметпен қарауға тиiс.

ӘлФараби атындағы ҚазҰУдiң ғылым философиясы және дiнтану

кафедрасының доцентi, теолог

Қарлығаш БОРБАСОВА:

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *