ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАТҚАН АЗАМАТТАР ЗАҢ АЛДЫНДА ЖАУАП БЕРЕДІ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының Қордай ауданында болған жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Қордай ауданындағы жергілікті тұрғындар арасында орын алған жаппай төбелес пен жанжалды аран­датушылар өз мақсатына пайдалан­ғанын қадап айтқан Мемлекет басшысы оқиға кезінде қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен­дей, қазір полиция мен Ұлттық ұлан бұл жағдайды бақылауға алған. Осыған байланысты Үкімет комиссиясы құры­лып, оған Премьер-Министрдің орын­басары Бердібек Машбекұлы Сапар­баев төрағалық етеді. Үкімет комис­сиясы болған оқиғаның себебін анықтап, жағдайды тұрақтандырумен айналы­сады. Сонымен бірге, Жамбыл облысы әкімімен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастыратыны да айтылған мәлімдемеде.

– Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады. Бас прокуратураға, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне тиісті тапсырма бердім. Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді. Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – біздің мемле­кетіміздің берік негізі. Халқымыз қиын-қыстау замандарда өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Сондықтан біз кейбір аза­мат­тарға, соның ішінде арандату­шы­лар­ға еліміздің басты құндылығын – ынты­мақ-бірлігімізді бұзуға жол бер­мейміз. Бұл еліміздегі барша азамат­тарға ортақ тілек деп санаймын. Аза­маттарды жалған қауесеттерге бой ал­дырмауға, қоғамдық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету жұмысында құқық қорғау органдарына көмек беруге шақырамын. Мемлекеттік органдар туындаған мәселелерді шешу үшін бар­лық қажетті шараларды қабылдайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

* * *

Ақорданың ресми сайты хабарла­ғандай, Мемлекет басшысы Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметовке Жамбыл облысы, Қордай ауданында кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирап, азамат­тардың дүние-мүліктерінің бүлінуіне әкеп соқтырған оқиғаға байланысты облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары С.Құрманбе­кованы және Қордай ауданының әкімі Б.Байтөлені жұмыс­тарына салғырт қарағаны үшін қызмет­терінен босатуды, ҚР Ішкі істер минист­рі Е.Тұрғымбаевқа Жамбыл облыстық Полиция департа­мен­тінің бастығы А.Оразалиевті және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Айқым­бековті қызметінен алуды тапсырды. Ал Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке тергеу жұмыс­тарының әділ әрі жан-жақты жүргі­зілуін, қабылданған барлық шешімдер­дің заңды болуын және кінә­лілердің жазасыз қалмауын қамтамасыз ету міндеттелді.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close