«Жайдарман» әзілкеш командасы жазасын өтеп жатқан жасөспірімдерге күлкі сыйлады

Алматы қаласындағы республика бойынша жалғыз балалар колониясында жылдың қай мезгілінде болмасын көңілді шаралар жиі өткізіледі. Солардың ішінде балалардың асыға күтетін қонақтары – көңілді тапқырлар командасы. Жазасын өтеуші жасөспірімдерді әзіл-қалжыңға қарқ қылатын «квншиктер» мұнда жыл сайын келіп тұрады. Әсіресе Алматы қаласындағы колледж студенттерінен құралған командалармен сотты болған балалардың өздері де жарысқа түсіп, небір күлкіге толы көріністер даярлайтын. Биыл еліміз бойынша жарияланған карантинге байланысты студенттер онлайн оқығандықтан, істі болған балалар «КТК»-ға қатыса алмады. Есесіне биыл балалар колониясына Алматы қаласының «Жайдарман» командасының жетекшісі Ердос Оралбеков бастаған әзілкештердің өздері келіп, өнер көрсетті.

– Балалар колониясынан келген ұсынысты біз қуана қабыл алдық. Өйткені «жерде бір бала қуанса, көкте жеті періште қуанады» деген сөздің маңызын жақсы түсінеміз, – дейді «Жайдарманның» жетекшісі.

Колониядағы балалар «Жайдарманның» құрамындағы «ҚазАТК» және «Энерго» жастарының өнерін қызыға тамашалады. «Энерго» командасы былтыр Алматы қаласы бойынша «Супер лига чемпионы» болса, «ҚазАТК» командасы «Студент лайф чемпионы» атанды.

Ойын барысында студенттік өмірдің түрлі қызықтарын көрсеткен әзілкештердің өнеріне балалар дән ризашылығын білдірді. Әзілге спорт, әскер тақырыптары да арқау болды.

Күлкі кешінің соңында ЛА-155/6 түзеу мекемесі бастығының орынбасары, әділет майоры Мақсат Әлімжанов «Жайдарман» командаларына  алғыс айтып, әзіл әлемінде жетістікке жете берулеріне тілектестік білдірді.

 Алматы қаласы ҚАЖ департаменті

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *