«ЖАДЫМДА ТҰРАР ЖАҢҒЫРЫП…»

«Мұғалім ең жоғарғы құрметті орында,

күн астында мұғалімдікке тең келер мамандық жоқ».

Я.А.Коменский.

Осы бір ұстаз туралы өлеңді іштей ыңылдап айта бастағанымда, әрқашан көз алдымда өмірі ұмытыл­мас бейне, ұстазым Халида апай тұрады. Ол кісі маған еш­қашан бұл өмірден өтпес­тей, мәңгі ақыл айтып, сұхбаттасып жүретіндей көрінуші еді. Әттең, дүниенің жалғандығынан, ол апайымыз да жарық дүниенің 100 жылын өткеріп, бақилық дүниеге озғанына да біраз жыл уақыт өтіпті. Өткен күнде белгі жоқ деген осы.

Әңгімемді басынан бастайын. Өткен ғасырдың 48-жылы. 4 жылға созылған сұрапыл соғыстың аяқтал­ған кезі. Ел бейбіт өмірге бет алып, өткен нәубет жылдардың зарда­бымен күресіп жатқан кез. Тіршілік таршылықта. Біздер Алматыдан онша қашық емес ауылдың орталау мектебін (ол кезде 7 жылдық) тәмам­дап, енді қайда барамыз деген мәсе­ленің алдында тұрдық. Өзім «Құла­саң нардан құла» дегендей шешімге келіп, Алматыдағы Жам­был атын­дағы №18 ер балалар оқитын мектеп-ин­тер­натқа түсуге бел байладым. Ол шешімім сәтті болып, сол жылы мектеп-интернатқа орналастым. Қыркүйектің басынан оқу басталып кетті. Бірінші күні екінші сабақ химия пәні екен. Қоңырау соғылы­сымен класс есігін жайлап ашып, «Саламатсыңдар ма, балалар?» деп орта бойлы, аққұба, талдырмаш кел­ген химик апайымыз да өз орнына жайғаса берді. Бәрі­мізбен сыпайы амандасып, өзін қысқаша танысты­рып, бәрімізді қырағы көзімен бір шолып өтті. Сабақ бірден басталып кетті. Сабақ өте қызықты өтті. Оның қалай өтке­нін байқамай да қалдық. Дәріс өткі­зу тәсілі де біз білетін­дерден өзгеше, кұрғақ жаттанды сөз мүлдем аз, сабақтың өн бойы түрлі тәжіри­белермен ұштасады (бұрын біз көрмеген, білмеген түрлі химия­лық пре­ператтар, реактивтер, әр түрлі лабора­ториялық құрал-сайман­дар). Бұлай бірінші сабақ қана емес, бүкіл үш жыл ол ұстазы­мыздың дәрістері бірінен-бірі өткен қызықты, мәнді, өмірде ұмытылмас із қалдырған оқу, білімдену болды.

Халида апаммен таныстығым, тыныс-тіршілігім, шәкірттік жолым бақандай 66 жылға созылды. Ол кісі өмірлік ұстазым, өмірлік ақылшым болды. Өмір бойы отбасылары­мызбен араласып тұрдық. Үлкен қызы Айсадора менімен қатар еді, кіші қызы Алла үш-төрт жас кіші­леу болды. Айсадора мектеп бітірген соң сол кездегі С.М.Киров атындағы ҚазМУ-нің Химия факультетін біті­ріп, кейін дәрежелі ғылыми қызмет­кер болып кетті. Мен де ҚазМУ-ге түстім. Бірақ басқа, Физика-математика факультетінде оқыдым. Ол кезде анасы Нафиса шешей тың, анда-санда амандасуға бара қалсақ, өз әжеміздей бәйек болып, барын алды­мызға қояр еді. «Қай бір тоқ­тықта жүрсіндер, ашқұрсақ шығар­сыңдар, кәне ұялмай дастархан мәзі­рінен алып, ішіп-жеп отырыңдар» дер еді. «Адамдар сирек емес, бірақ сирек кісілік» деп Баласағұн бабамыз айтқандай, бұндай жандар өмірде жиі кездесе бермейді ғой.

«Жылқы ішінде жүйрік көп, қазанаты бір бөлек, ел ішінде жігіт көп, азаматы бір бөлек» демекші, Халида Рахматтулақызы апайы­мыз­дың жөні бір бөлек еді. Ұстаздардың ұстазы Ян Амос Комедскийдің «Мұға­лім – мәңгі нұрдың қызмет­шісі. Ол барлық ой мен іс-әрекетке ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын, тынымсыз лаулаған жалын иесі» деп айтып кеткеніндей, Халида апай дәл сондай тумысынан нағыз дарынды ұстаз еді.

Халида апай сабақ арасында оқушы­ларды тым шаршатып алдым ба дей ме, химия пәнінің өміршеңдігі жайлы, оның тіршіліктің барлық саласымен байланыс­тылығын айтып, болашақ заман тікелей химия ғылы­мының дамуымен, оның жетістікте­рімен жалға­сатыны туралы өмірден нақты мысалдар келтіре отырып әңгімелейтін. Сабақ соңында біз оқымаған кітаптардан қызықты-қызықты үзінділер айтып, кітапты көп оқи қоймаған біздерді кітап құмарлылыққа баулитын.

Ол кісінің өзі де Абай ауылы жағы­нан болғандықтан, абыз ата­мыз­дың біраз сөздерін, өлеңдерін бізге үлгі етіп айтып отыратын. Апай: «Менің мамандығым мұғалім­дік, еш уақытта балаларды оқытып тәрбие­леуден, жақсы нәрсеге үйретуден жалығып көргем жоқ»,– деп, өзіне тән әдемілікпен жымиып қоятын.

Өзім де апайға еліктеп ұстаздық жолды таңдадым. Көп жылдардан кейін бір кездесуде өткенді еске алып, «Халида апай, «Ақырын жүріп асықпа, Жасыңыз жүзге келгенше. Үйретуден жалықпай, Жүрейік те біздер де», – деп күліскеніміз бар еді.

«Ұстаз – зор тұлға, ол күннің құді­ретті сәулесі сияқты» деген екен орыстың ұлы педагогі К.Д.Ушин­ский. Біздің сүйікті ұста­зымыз Халида Рахматтуллақызы Елкібаева дәл сондай зор тұлға, сәулелі кісі еді.

Халида апай, сіз біздің мәңгі есі­міздесіз, жүрегіміздесіз. Жатқан жері­­ңіз жайлы, топы­рағыңыз торқа бол­сын, жаныңыз жәннатта жайна­сын.

Ұрпақтарыңыз өніп-өсіп, зор бақытқа, абыройға ие болсын!

 

Шәкіртіңіз – Жолмұхан ТҮРІКПЕНҰЛЫ,

психология ғылымының профессоры, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *