ЖАБАЙЫ ЖАРНАМА қондырғыларының жолы кесiлетiн болады

87-4805-1Соңғы кезде Алматы көшелерiндегi қаптаған жарнама, ақпараттық хабарламалардың шамадан тыс көбейiп кеткендiгi сонша, көлiк қозғалысына кедергi келтiретiн дәрежеге жеттi. Бет-бетiмен жанталаса өз өнiмдерiн жарнамалауға тырысқан жеке компаниялар мен бизнес құрылымдары заң талабын бей-берекет бұзуға дағдыланып алды. Қала көшелерiне жарнама қондырғыларын орнату мен безендiрудiң де тәртiбi мен ретi барына мән берiп жатпайды. Қала көшелерiнде орын алған осындай заңсыздықтар туралы газет бетiнде талай реет мәселе көтерiп, сыни материалдар жариялап келемiз. Бiраз уақыт Мәдениет басқармасы қала көшелерiндегi заңсыз орнатылған жарнама қондырғыларын анықтап, орнынан алып тастау iсiмен айналысып келсе, жуырда қала әкiмiнiң нұсқауымен бұл жұмыс ендi Сәулет және қала құрылысы басқармасының құзырына тапсырылып отыр. Осы шаруаның басы-қасында жүрген Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының бiрiншi орынбасары Жанат Әбдiхалықұлы АЙТIЛЕУМЕН әңгiмелескен едiк.

Пайда ойлағандардың қала көркiнде шаруасы жоқ

— Жанат Әбдiхалықұлы, қала көшелерiндегi заңсыз орнатылған жарнамаларды ретке келтiруге бел шеше кiрiскен екенсiздер, қазiргi нәтижесi қандай?

— Алматы көшелерiндегi жарнама қондырғыларының қатары күн сайын артып келе жатқанын қала тұрғындары мен қонақтары бiрден байқар едi. Нарық кезiнде жарнаманың қыруар пайда түсiрерiн ешкiм жоққа шығармайды. Негiзгi мәселе — оның барлығы заң шеңберiнде болуы тиiс. Басқарма тарапынан қаладағы жарнама қондырғыларына түгендеу жүргiзгенде билборд форматындағы 1,5 мыңға тарта жарнама қондырғыларының 800-ден астамының заңды рұқсаты бар екенi анықталды. Ал, қалғандарының заңды құжаты жоқ. Көше бойына заңсыз жарнама қондырғыларын орнатқан тұлғалар кәсiпкерлiк iсiн жүргiзу мен жер телiмдерiн пайдалану туралы заң талаптарын өрескел бұзған болып шығады. Заңсыздық орын алған жағдайда қылмыстық жауапкершiлiкке тарту туралы арнайы заң баптары бар. Өткен жылдары қалалық әкiмдiк «Заңсыз орнатылған жарнама қондырғыларын алып тастау» тақырыбында арнайы брифинг те өткiзген болатын. Көшелердегi заңсыз орнатылған жарнама қондырғыларының иелерiне алдын-ала ескертпе жасалғаннан кейiн, белгiленген мерзiмде ол талап орындалмаған жағдайда заңсыз орнатылған жарнама қондырғыларын соттың шешiмiмен алып тастау жұмыстары жүргiзiледi. Бұл жөнiнде қала әкiмдiгiнде арнайы жұмыс тобы құрылды. Бүгiнгi күнге дейiн Алматы көшелерiндегi заңсыз орнатылған 100-ден астам жарнама қондырғылары алынып тасталды. Заңсыз орнатылған жарнама қондырғыларын көше бойынан тазарту iсi соңғы он күннiң iшiнде қарқынды да, мақсатты жүргiзiлдi десе болады. Қаламыздағы жетi аудан әкiмдiктерi осы жұмыспен жүйелi түрде айналысып жатыр. Аудандық iшкi iстер басқармалары, «Қалажарнама» ЖШС қарсылық көрсетiп, заңсыз жарнама қондырғыларын алудан бас тартқандардың iсiн сотқа өткiзiп, құқық қорғау орындары арқылы әрекет етiп жатыр. Заңсыз орнатылған жарнама қондырғыларын алып тастау алдағы кезде де жалғаса беретiн болады. %йткенi, қала әкiмi Ахметжан Смағұлұлының өзi бұл мәселеге ерекше көңiл бөлiп, назарында ұстап отыр. Қала көшелерiн бей-берекет орнатылған жарнама қондырғыларынан тазарту жұмысы жүйелi жүргiзiлген жағдайда, бұл келеңсiздiктiң алдына тосқауыл қойылатын болады.

Көпшiлiк болып кiрiскенде iс нәтижелi болады

— Қала көшелерiндегi заңсыз орнатылған жарнама қондырғылары бiр түннiң iшiнде тұрғызылып жатады. Бей-берекет орнатылып жатқан жарнама қондырғыларының алдын алуға көп болып жұмылу керек шығар, бәлкiм?

— Қала көшелерiндегi жарнама қондырғыларының қаншасы заңды, қаншасы заңсыз орнатылған, тиiстi құжаттары талапқа сай ма, қанша уақытқа дейiн күшiн сақтайды деген мәселелер анықталған соң тиiстi шешiм қабылданады. Көшедегi жарнамаларды орнатудың негiзгi тәртiбi бойынша, олар жол бойынан бес метр қашықтыққа, бiрiнен екiншiсi белгiлi алшақтықта орнатылуы тиiс. Олардың аялдамалардан 40 метр алшақ тұруы ескерiледi. Жарнама қондырғыларын орнатуға рұқсат берiлгенде осы тәртiп қатаң сақталуы тиiс. Бұл тәртiп, ереженiң барлығы 2007 жылы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң арнайы қаулысымен бекiтiлген болатын. Мәдениет басқармасы жарнама мазмұнының қоғам талабына сай болуын қадағаласа, Тiлдердi дамыту, мұрағат және құжаттама басқармасы жарнама мәтiнiнiң Тiл туралы заң талабына сәйкес қатесiз әрi сауатты жазылуына назар аударады. Қоғамдық көлiктерге орнатылатын жарнамаларға Жол полициясы жауапты болып келедi. Одан бөлек, өз өнiмiн жарнамалайтын жеке компания қабырғасына iлетiн жарнамаға тұрғындардың келiсiмi мен сол аймаққа қарайтын ПИК-тiң рұқсаты болуы шарт. Қала әкiмдiгiнде «Заңсыз орнатылғын жарнама қондырғыларын алып тастау» туралы өткен брифингте бұл туралы да орынды мәселе көтерiлдi. Тек жарнама қондырғысы емес, көшенiң кез-келген жерiне, жол бойына, шарбақ жақтауына, үйлердiң қабырғасы мен кiреберiсiне бей-берекет жапсырып кете беретiн әртүрлi мазмұндағы жарнамаларға, тiптi, қара бояумен баттасқан жазуларға да тыйым болуы тиiс. Жарнаманың үлкен-кiшiсi болмасын, заңды жолмен жүзеге асырылуы тиiс. Азаматтар заңды сыйлап, оның талаптарын бұлжытпай орындағанда ғана бұл мәселе орнымен шешiлетiн болады. Жеке компаниялар мен бизнес құрылымдары, кәсiпкерлер қалайда заңды айналып өтетiн жол iздейдi. Сәулет және қала құрылысы басқармасы құқық қорғау орындарымен, аудандық әкiмдiк қызметкерлерiмен, қоғамдық ұйымдармен, учаскелiк инспекторлармен, қала тұрғындарымен бiрлесе отырып, қала көшелерiндегi заңсыз орнатылған жабайы жарнамалардың жолын кесу мақсатында жүйелi жұмыс атқара беретiн болады.

Әңгiмелескен — Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *