Жаңғырып жатыр Алматым!

Қауіп қайдан деме

 

Жазғы маусымда қала тұрғындарын алаңдататын мәселенің бірі – мұздақтардың еруі мен шаһарға іргелес көлдердің төндірер ықтимал тасқыны.

Алматы төңірегінде осындай қауіпті 17 көл бар деген деректер келтіріледі. Жалпы, Алматы төңірегіндегі көлдер саны – 36. Оның ішінде қатерлі сан­алатындары – 17. Сол 17 көлдің төртеуі­нің қорғаныс бөгеттерінің әзірге салынбағанын да жасыруға болмайды.

Бұл жердегі мәселе – мұздақтар мен тау басындағы қардың күрт еруіне байланысты. Таяуда төтенше жағдайлар қызметі мұздақтар мен шыңдар төңірегіне әуеден бақылау жүргізді. Ондағы қардың қалыңдығы 1,5 метр екендігі белгілі болып отыр. Демек, төтенше қызмет мамандарына биылғы жазда да жұмыс табылады деген сөз.

Үстіміздегі жылы жеті көлге сақтық шаралары жүргізіліп, қондырғылар салынбақ. Тек өткен жылы ғана аталмыш көлдерді құрғатуға бюджеттен 90 миллион теңге бөлінген көрінеді. Демек, қала басшылығының бұл мәселені назарда ұстап отырғаны күмәнсіз.

 

Базарлар сыртқа ығысады

 

Мегаполисте сауда алаң­дарын модер­низа­циялау, заңсыз сауданы жою шара­лары одан әрі жалғасуда. Әрі бұл орай­да қыруар іс тынды­рыл­ғанын шаһар тұрғындары көріп, біліп отыр.

Сауда алаңдарын жаң­ғыр­тудың қорытынды кезеңі ыңғайсыз базар­ларды қала сыртына не­месе іргелес аудан­дардың аймағына көшірумен аяқ­талмақ.

Қазір қалада ресми түрде екі миллион тұрғын бар деп есептелінеді. Іс жүзінде одан да мол болуы бек мүмкін. Осыған сәйкес мега­полисте көлік тығыздығы, жүргін­шілер санының молдығы байқалады. Қала басшылығы осы мәселеге орай сауданы өркениетті форматта жүргізбек.

Статистика мекемелері берген дерек­терге қарағанда, соңғы үш жыл­да тұтыну­шылар наза­ры­ның жабайы сауда орын­дары­нан гөрі ресми сауда үй­леріне ауғаны байқа­лады. Бәрінен де бұрын сауда алаңдарынан бюд­жет­ке түсетін төлемнен гөрі өркениетті, заманауи сауда үйлерінен түсетін төлем біршама артық екенін де айта кету парыз. Осы­ның өзі-ақ қала басшы­лығы ұс­танып отырған урбаниза­циялық саясаттың дұрыс­ты­ғын толық дәлел­дейді.

Кіріс мәселесіне келсек, Жібек жолы мен Панфилов көшелері қайта жөндел­геннен кейін ондағы шағын дүңгір­шектердің бюджеттік төлемі  жарты жылдың ішінде 40 пайызға артқан.

Демек, өркениетті сауда өзін-өзі ақтайды деген сөз.

 

Жергілікті өнім – жетістік

 

Өркениетті шаһар жағдайында аула алаң­дарының заманауи та­лаптарға сай болуы аса маңызды. Басшылық шаһардағы аула алаңдарын қайта реконструкция­лауға ерекше көңіл бөліп отыр. Үстіміздегі жылы мегаполисте осындай 585 аула жаңартылып, 157 көше мен 30 шақырым жаяу жүргіншілер жолы жаңартылмақ.

Әлбетте, жұмыс ауқымы көзге ұрып тұр. Ал басшылық осы ауқымды жұмыс­ты жүзеге асыру барысында қандай саясат ұстанып отыр? Алдымен аулалар мен көше­лерді жөндейтін мердігерлер жергілікті кәсіпорындардың кепілді тапсырма­ларымен жұмыс істеуге тиіс. Яғни аулалар жергілікті өнімдер арқылы жаңартылады деген сөз.

Осы орайда Бостандық ауданы тың бастамаға басие. Алдағы уақытта мұндай шаралар шаһар­дың басқа аудандарында да жалғаспақ.

 

 

Қарттық та қуаныш сыйлайды

 

Бүгінгі таңда Алматы қала­сын­да 222 мың зейнеткер тұра­ды. Бас­қаша айтқанда, бұл – бүкіл тұрғындардың 12,5 пайы­зы. Демек, әлеуметтік тұрғыдан алып қараған­да қарт адамдар­дың да мегапо­листегі белсенді өмірге тікелей араласатын қақысы бар деген сөз.

Қала басшылығы биылғы жылы коммуналдық және коммерциялық меншіктер базасында қалада 40-тан астам қариялардың әлеуметтік клубтарын ашуды жоспарлап отыр. Жаз ортасына қарай Бел­сенді ұзақ жасаушылар орталы­ғының салынатынын да айта кетуге тиістіміз. Онда қариялар кітапханаға барып, фитнес-залдарда бой жаза алады. Шахмат, тоғызқұмалақ, домино ойнайды.

Сондай-ақ, қарттар орталы­ғында компьютерлік сауаттылық курстары ашылып, ағылшын тілі оқытылады. Үстіміздегі жылы ғана зейнеткерлерді белсенді өмірге тарту үшін 100-ден астам мәдени, спорттық шаралар ұйымдастыру жоспарлануда.

 

Көмектің жаңа түрі

 

Әлеуметтік саланың өзекті бір проблемасы мүгедек балаларға байланысты. Өкінішке орай, қоғамда ол баршылық. Мәселе асқынған экологияда, дейді мамандар. Қазіргі таңда бірінші топтағы мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар мемлекет­тен баласы 18-ге толғанға дейін ғана жәрдемақы алады. Одан соңғы қамқорлықты мемлекет өз мойнына алмайтын.

Жақында бұл мәселе де шешілгенін қуанышпен айта кетуге тиістіміз. Президент Жолдауына сәйкес, Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі аталмыш заңға өзгеріс енгізді. Соған орай таяуда І-топтағы мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарға төлемақы өмір бойы төленетін болды.

Республикалық бюджет комиссиясы да аталмыш бастаманы қолдады. Игілікті өзгеріске орай осыдан бастап І-топтағы мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарға өмір бойы 29 мың теңге жәрдемақы төленетін болды.

 

 

Алаяқ – әлеуметтік торапта

 

Технологиялардың дамуына сәйкес, аялаяқтықтың әлеуметтік тораптарға енгені де белгілі. Таяуда «Халық банк» өзінің ресми сайтында әлеуметтік тораптардағы алаяқтық туралы ескерту жариялады. Соған қарағанда әлеуметтік тораптардағы «төлемді сауалдарға» сақтықпен қарау керек. Ондай қызмет түрін ұсынатындар – міндетті түрде алаяқтар.

Осындай жалған жарнамаларда «Халық банкінің» корпоративті бояуы, шрифтері, логотиптері, қызмет киімін киген қызметкерлердің фотосуреттері мен ойдан шығарылған адамдармен арадағы «қыз­меттік байланыстар» туралы хабарламалар берілетін көрінеді.

Соған қарағанда елдегі жетекші банктердің атын пайдаланатын алаяқ­тықтан сақ жүргеніңіз абзал тәрізді…

 

Бюджет нақтыланды

 

Таяуда Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен үкіметтік жиында 2018–2020 жылдардың республикалық бюджетін нақтылай­тын заңды жүзеге асыру мәселесі талқыланды.

Жоба үстіміздегі жылғы республикалық бюджетке өзгеріс енгізу туралы заңды жүзеге асыру мақсатында жасалды. Бұл жердегі мәселе таяуда ел еңсесін көтеріп тастаған Президенттің «Бес әлеуметтік бастама» құжатына байланысты. Соған сәйкес республикалық бюджетке де біраз өзгеріс енгізілмек.

Іс жүзінде биылғы бюджет тағы да 417 миллиард теңгеге ұлғайтылды. Соған орай биыл аймақтарға бөлінетін трансферт мөлшері 99,7 миллиардқа көбейтіліп, барлығы 293,6 миллиард теңгені құрады.

Демек, алдағы уақытта бюджетке байланысты мәселелер біршама алға басатынға ұқсайды.

 

Дайындаған – Өмірзақ МҰҚАЙ.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *