Жағымды жаңалық көңіліңізді серпілтті ме?

Үйсіз жүргендердің үміті оянды. Табысы аздар салы­ғы­ның азаятынына марқайып қалды. Талапкерлер үшін де тамаша мүмкіндік бар! Грант көбейеді, жатақхана салы­нады. Кәсібін ашып, жағдайын түземекке ұмтылған­дарды біршама жеңілдік күтіп тұр. Ал отын жарып, көмір тасып жүрген жұрт енді газ қоспақ. Яғни қолды жылы суға салмақ.

Бұл – Елбасының жақында халыққа арнап жариялаған үндеуіндегі бес бағыт. Тұрғындардың әл-ауқатын жақ­сартуды көздейтін бағдарлама. Көзделген мақсат – халық күйіне толағай сеп. Жақсы емес пе?! Енді аталған мәселелер бойынша жүйелі жұмыс жүргізілсе болғаны.

Наурыз мерекесі қарсаңындағы жүздеріне қуаныш сыйлаған жақсы жаңалық алматылықтарды да бір серпіл­тіп тастағандай… Бүгінгі қалалықтардың көңіл-хошы қалай? Жақсылыққа жаны құмар қала тұрғындары маңызы зор мәселеден қандай ой түйіп, пікір айтты? Біз бақы­ладық, Сіз оқыңыз… 

 

Сандуғаш ҚАСЫМБАЙ,

«Қағанат» асханасының аспазы:

 

Құдды бір ертең үй алатындай қуандым

 

– Рас, үйің болмаса күйің де болмай­ды. Елбасының баспана жайын ең бірінші бастама ретінде көтеруі үй алудан үміті үзіліп бара жатқандарға кәдімгідей демеу болып отыр. Күйбең тірлікпен жүріп, кейде теледидар қарауға уақыт таппай жатамыз ғой. Жағымды жаңалық­ты елден естідім. Үйге келе сала дереу ғаламторды ақтарып, Президенттің айтқандарын мұқият тыңдадым. Құдды бір ертең үй алатындай қуандым. Әйтсе де, жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Ең бастысы, пайызы төмен несие алуға мүмкіндік бар. Бұл ел болашағы – жастар үшін маңызы зор бастама екеніне дауым жоқ. «7-20-25» бағдарламасы әлі талай отбасының қуанышын еселей түсетініне сенемін.Десек те, жағымды хабарды естіген жұрт қуанып жатыр.

 

Бауыржан БЕКТЕМІР,

қала тұрғыны:

 

Бұл бағдарлама көңілімді серпілтті

 

Жасы­ратыны жоқ, арамызда жүре тыңдап, миығынан күле қарайтындар да кезде­седі. Бірақ бізге олардың пікірі маңызды емес. Бізге Елбасының айтқан ұсынысы маңызды. Байқасаңыз, көпшілігіміз жалақысы аз жұмыс істеп, бағасы қымбат пәтерлерді жалдап тұрамыз. Өміріміз «қайтсем, жеткізем?» деген оймен отба­сын асыраумен өтеді. Өзімізге көңіл бөлуге мүмкіндік болмайды. Егер халық­тың тұрмысы түзелсе (баспана болса…), онда әрбір адам өзіне, яғни денсаулы­ғына көңіл бөлер еді. Себебі, денсаулығы жақсы адамның көңіл-күйі көтеріңкі болады, жұмысты жақсы істейді, өмірге деген көзқарасы өзгереді. Ең бастысы, өмірге дені сау ұрпақ әкеле алады. Ал дені сау ұрпақ – ұлт болашағы емес пе?! Бүгінде қайда барсам да, осы бес бағыт жайында әңгімеге куә боламын. Жұрт өзіне керекті тұсының астын сызып қойып, алдыларына мақсат қойып жатыр. Қуанатын-ақ жайт қой. Солардың қатарында мен де бармын. Айлығымды шайлығыма әрең жеткізіп, отбасымды асырап жүрсем де, үндеуде айтылған сөздер жанымды жадыратып сала берді. Егер алатын жалақымның салық жүк­темесі он есеге азайса, онда жағдайымыз түзеледі деген сөз…

 

 

Жанар ЖАҚСЫБЕКҚЫЗЫ,

тарих пәнінің мұғалімі:

 

Жағдай жақсарса, мемлекетте патриотизм де, экономикалық даму да тұрақты болады

 

– Елбасының халыққа үндеуіне елең еткеніміз рас. Халық арасында шырмауы көп мәселелерін шеше алмай жүрген жандар көп қой. Соларға шапағаты тиіп жатса, қанеки… Жалпы, аталған бес бағыт та көптің жүрегінен орын алып отыр. Енді аталған мәселелер бойынша жүйелі жұмыс жүргізілсе болғаны. Шынында да, халық­тың жағдайы жақсы болса, мемлекетте патриотизм де, экономикалық даму да тұрақты болады. Ол анық. Мен бұл бағдарламадағы жоғары білімге бөлінетін грант­тардың көбейетініне ерекше қуандым. Себебі, биыл екінші ұлым мектепті бітіреді. Үлкеніміз жоғары оқу орындарының бірінде ақылы бөлімде оқиды. Мына заманда ол да қалтаға кәдімгідей салмақ салады екен. Егер грант көбейсе, студент атануға, белгілі бір маман­дық иесі болуына мүмкіндік көбейеді. Сондықтан жастардың болашағына көңіл бөліп, оларды жатақхана­мен қамтуды да ұмыт қалдырмаған Елбасыға алғыс айтамын.

 

 

Қуаныш ЖАПАРХАНҚЫЗЫ, 

менеджер:

 

Бес бағыт – бір отбасы

 

– Аллаға шүкір, жағдайымыз көп мемлекеттерге қарағанда тәуір ғой.  Шынтуайтында, осы айтылған бес бағыт бүтін бір отбасының басындағы жағдай­ды баяндайтындай… Мәселен, ауылда «екі қолға бір күрек таппай», қалаға келіп, мардымсыз жалақыға жұмыс істеп жүрген, баспанасы жоқ, баласы ақылы бөлімде оқитын отбасылар бүгінде жетіп-артылады. Жеке кәсібін ашсам деп армандап жүргендері қаншама?! Міне, көрдіңіз бе, айтылған ұсыныстар­дың барлығын бір ғана жанұяның басы­нан көруге дәлел көп.  Өз басым, осы бес бағыттың барлығы болмаса да, екі-үшеуі орындалса, жұлдызымыздың жанғаны деп есептер едім.

 

Жұлдыз ЕРЖАНҚЫЗЫ,

Педагогикалық колледждің 2-курс студенті:

 

Егер жатақханада тұрсам…

 

– Ұлт Көшбасшысының жастарға, әсіресе, студент­терге жасап жатқан жақсылығын қуанышпен қабыл­даймын. Әсіресе, жатақхана мәселесі шешімін тапса, біз үшін керемет болар еді. Себебі, біз оқитын колледжде жатақхана жоқ. Бірге оқитын 4 қыз пәтер жалдап тұрамыз. Әлбетте, пәтердің ақшасын ата-анамыздан аламыз ғой. Кейде, тіпті әкем мен анамды аяп кетемін. Қыз бала болған соң ауылға қатынап оқығанымды олар қаламайды. «Кеш қайтсаң, біз уайым­даймыз» дейді. Содан амалсыз пәтер жалдап тұруға мәжбүрмін. Егер жатақха­нада тұрсам, ата-анамнан артық ақша сұрамас едім. Менің қазіргі ата-анама көрсетер жақсылығым, ол – колледждегі білімім мен үлгілі тәртібім. Таңдаған мамандығымды өте жақсы көремін. Жақында №103 мектепте практикада болып, мектеп директорының атынан «Алғыс хат» алдым. Қазірше ата-анамды осылай қуантып жүрмін… Алдағы уақытта жоғары оқу орнының студенті атанып, салынатын жатақха­налардың бірінің тұрғыны болсам деген арман да жоқ емес.

 

 

Маржан ШӨКЕТАЕВА,

кәсіпкер:

 

Кәсібің – нәсібің…

 

– Қазақта «кәсібің – нәсібің» деген сөз бар ғой. Меніңше, шын жүрекпен қалаған кәсіп арқылы ғана өмірлік несібеңді, абырой-беделіңді, қоғам алдыңдағы құрметіңді еселей аласың. Кәсіп ашу айтуға ғана оңай. Егер шындап кіріссең, оның да өзіндік машақаты жетерлік. Оны басында қиналып, кейіннен кәсібін дөңгелетіп отырған жандар жақсы түсінеді. Президенттің төртінші бастамасы шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін жеңілдетілген шағын несие көлемі туралы болды ғой. Өз ісін бастағысы келетіндер үшін өте қажет бағдарлама екен. Іс бастағысы келгендердің айы оңынан туып, бөріктерін аспанға лақтырып жатқаны анық. Істеріне сәттілік  тілеймін. Сондай-ақ, Елбасы аталмыш үндеуінде газдандыру мәселесі жайында да айтып өтті. Менің ойымша, ол тек қана орталық пен солтүстік облыстарға ғана қатысты мәселе емес. Адамның күнделікті тіршілігі қоршаған ортамен тікелей байланысты. Газбен қамтылмаған елді-мекендер бізде де бар. Одан бөлек, Алматының аспаны да көк түтінге кенде емес. Биік мұржалардан шығатын түтінмен бірге улы қалдықтар да қалаға төніп, айналаға тарап жатыр. Оған ерсілі-қарсылы ағылған көліктердің түтінін қосыңыз. Бұл адам денсаулығына едәуір зиян екені айтпаса да түсінікті ғой. Осы жерде қала басшылығының «Ал­маты көліктерге емес, тұрғындарға жай­лы қала болуы керек» деген бастамасын құптайтынымды да айта кеткім келеді.

 

Сауалнаманы жүргізген –

 Қ.Жұмаділова.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *