Жақсы жандардың жаршысы

Қаламгерлер Қарымсақұлын неге құрмет тұтады?

Бүгінгі әңгіме сексеннің сеңгіріне шығып отырған қарымды қаламгер Итен Қарымсақұлы шығармашылығы төңірегінде өрбімек. Қазақ әдебиетінде деректі прозаның бір жанр болып қалыптасуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан Қарымсақұлы туралы соңғы 10–15 жылдың бедерінде  жиі жазылып жүр. Әсіресе, құқық тақырыбын­дағы дүниелерін іздеп жүріп оқитындар қатары көбейген. Әдебиет сыншысы, жазушы, ғылым докторы Нұрдәулет Ақыш қаламгер шығармасына берген төмендегі бағасында былай депті:

«…Иекең, негізінен, қалың оқырманға қылмыстық-атқару жүйенің барлық қыр-сырына қанық қаламгер ретінде, кез-келген журналистің азуы бата бермейтін өткір тақырыптарды жеріне жеткізе білетіндігімен танымал болды десек, қателеспейміз. Журналистік міндетін қоғамның өзекті мәселесін барынша терең ашып көрсетіп, шындық пен әділдіктің жаршысы болу деп түсінеді. Сондықтан мәселені жан-жақты әрі терең қозғап, жеріне жеткізе жазып жүр…

Бар күш-жігерін, жүрек жалыны мен қуатты қызуын өзінен бұрын өзге замандастарының елге танылуына, жан сарайына үңілуге, жолын ашуға жұмсаған журналистің қаламгерлік бақыты да осында. Жан-дүниесі бай мұндай азаматтардың тоқтаусыз қызметін қоғам байлығы деп санауымыз керек». Әдебиет жанашырының ағынан жарыла айтқан осы пікірі біздің сөзімізге дәлел болғандай.

Итен Қарымсақұлы туралы көп пікірдің бұл біреуі ғана. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары – Қойшығара Салғараұлы, Темірхан Медетбек, Тұңғыш Президент сыйлығының иегерлері Қали Сәрсенбай мен Нұртөре Жүсіп, белгілі ақындар Әскербек Рақымбекұлы, Халық­аралық «Алаш» әдеби  сыйлығының иегерлері Ғалым Жайлы­бай, Әбдрахман Асылбек, Аманхан Әлім, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Төреғали Тәшенов, тағы басқа толып жатқан белгілі де беделді қаламгерлер Қарым­сақұлының әр жылдары жазылған: «Қоңыр қалам», «Жүрек жазбалары», «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар», «Жақсының жарығы» сияқты әдеттегі кітаптардан форматы үлкен әрі қалың кітаптарына өз пікірлерін білдіріпті.

Итен Қарымсақұлының «Қоңыр қалам» кітабына: партия, кеңес, комсомол жүйелерінде ұзақ жыл басшы қызмет атқарған, көргені көп, түйгені мол жазушы Сейіл­бек Шаухаманов «И.Қарымсақұлының «Қоңыр қалам» кітабы көңіліме ұнады. Мұнда есте қаларлық әңгімелер көзге шалынады, қызығып оқығың келеді. Облыста еңбек еткен атақты адамдардың өмірі мен қызметі еске қайта оралады. Сол азаматтардың бірқатары өмірден озды, арамызда көзі тірісі де бар. Жас ұрпақ кітапты оқығанда әкелері мен аналарының елге сыйлы болғанын, адал еңбек еткенін тұшынып оқып, мерейі қанады. Мұны Итен өзінің таза журналистік өмірі арқылы жұртқа жеткізіп отыр», – деп өте орынды және әділ бағасын беріпті.

«…Аталмыш кітапқа енген жазбаларды оқығанда көңіл тербейтін, ерекше әсерлендіретін тұстар жетіп-артылады. Тұла бойы қарапайымдылықтан құйыла салған Иекеңнің туындылары өмірдің өзіндей өрнекті, өнегелі. Бұл кітаптан даланың исі шығады, даланың дархан даусын естисіз. Қазақтың қасиетті қара шалдарының кейде көзіндей, кейде өзіндей болып көрінетін Иекеңмен әңгіме-дүкен құрудың өзі бір ғанибет. Тұла бойы тұнған қазына дерсің. Ол бір сөйлеп кеп бергенде өткенге деген көкіректегі сағыныш сазы сыбызғыдай сызылып жүре берер еді. Осы кітаптағы «Менің редакторларым» деген бөлімдегі бір шумақ өлеңін оқығанда, үлкенге деген құрмет, кішіге деген ізеттіліктің қандай болуы керектігіне бұдан артық жарқын мысал таба алмай, жаның жылылыққа, ізгілікке толып кетеді. Егер ізгілікті іздеп жүрген жан болса, осы бір шумақ өлең арқылы көңіліне қанағат тапқан болар еді», – деп толғайды ризалық сезімі мен пейілін Президент сыйлығының лауреаты Қали Сәрсенбай.

Осы тұста ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Т.Медетбектің «Қоңыр қалам» кітабына білдірген лебізін айтпай кетпеуге болмайды. «Ұзақ жылдар бойы журналистика саласында жұмыс істеген мен сияқты адам, тілшілер қауымының, бәрін болмаса да біразын түстеп, біразын сырттай біліп отырады ғой. Итен Қарымсақұлының баспасөз беттерінде жарияланып жататын материалдарын мен сонау Маңғыстауда «Егемен Қазақстанның» меншікті тілшісі болып жүрген кезімнен-ақ көзімнен бірде-бір таса етіп көрген емеспін. Өйткені, Итен аға көп журналистердің тісі бата бермейтін, өресі жете бермейтін құқық тақырыбына жиі жазатын-ды. Жазғанда да біліп, тінін тарқатып, керек кезінде қоясын түгел ақтарып, бір селкеу жібермей, әр сөзін сіңіріп қаққан шегедей етіп жазатын-ды. Ал ондай «тіс бата бермейтін» тақырыпқа жазылған материалдарды оқуға, басқаны былай қойғанда, ең алдымен тілшілердің өздері құмар болады. Үйрену үшін. Үлгі алу үшін. Сондықтан да Итен ағаның көзге түскен мақалаларын жібермей оқып жүрдік десек, ешқандай да артық айтқандық емес. Себебі, ол тақырыпта, негізінен, Адамның қиын да күрделі тағдыры сөз болады. Итен Қарымсақұлы осындай ауыр тақырыпты ұзақ жылдар бойы абыроймен атқарып келе жатқан журналист». Ойы ордалы ақын сөзін осылай түйіндепті.

«Ол жүреді аралап қойлы ауылда,

Ен далада, таулардың қойнауында.

Диқанменен сырласып егінжайда,

Шопанменен табысар жайлауында.

Сапар шегіп не дүлей дауылдарда,

Жылқышымен жүздесер жауындарда

Жазу үшін даланың ақиығын

Ол жүреді омбылап қалың қарда…

Міне, осылай, о, достар, тілші жайы,

Тыным тауып бір сәт те тыншымайды.

Жүлдегерді мақтауға асығады,

Жалқауды өткір тілмен шымшылайды», – деп бір кезде газет тілшісі  жайында жырлағанымыз бар. Журналистік жол Итен Қарымсақұлын да сан қиырға жетеледі: егінші, малшы, кенші, дәрігер, мұғалім… бәрімен жүздесті. Солардың бәрі болып сөйледі, толғады. Қаншама дерек пен дәйек жинады. Өмір көрді, тағдырлармен бетбе-бет келді. Адамға жасалған қиянатқа қарсы тұрды, жетістігіне қуанды… Итен Қарымсақұлының тілшілік тіршілігі, жур­налистік жолы жылдар бойына жинала келіп, «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар» атты жуан кітапқа желі болды, деректі шығарманың арқауына айналды…

«…Біз отбасылық және қоғамдық деректер мен архивтік материалдарды жинау, жүйелеу, түзу, реттеу тарапында Еуропа халқынан әлдеқайда артта қалып қойғанбыз. Бұл жұмыстар ерекше құнттылықты, ыждағаттылық пен табандылықты қажет етеді. Итен ағамыздың инемен құдық қазғандай бейнетті шаруаны біржолата қамтып, талай адамның өмірі мен қызметіне қатысты деректер мен өзіндік ақпараттарды орайын тауып жинақтап, бас-аяғы жұп-жұмыр бір кітапқа арқау ете білгенінің өзі талай адамға үлгі-өнеге», – дейді атақты журналист, «Айқын» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіп.

Иекеңнің ақындығы бұрыннан бойында бар өнер. Қаламгердің көп қырының бірі. Өлеңді ерте бастан жазған­мен, қызмет бабы,  өмір-өзен ағысы келе-келе оны журна­листік жағаға бағыттады. Табиғи талант «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» деген тәмсілдің шындығын айғақтады. Бірсыпыра жиналып қалған өлеңдері бір кітапқа топтастырып, әжептеуір кітап болып жарық көрді. «Жаса, жарық күн!» атты жыр жинағы осы сөзіміздің айғағы.

Кітаптағы «Әйелі бар үйдің шырағы сөнбейді» деген афоризмдері кім-кімді де елең еткізгендей. Оқып көрейік.

«Білімсіз адам жалтақ келеді,

Жігерсіз адам қорқақ келеді.

***

Сұрықсыз адам сумаңдап тұрады.

***

Әке – асқар тау, ана – бақыт,

Аялай біл, тауып уақыт.

***

Әуелі ойыңды түзе,

Одан қалды бойыңды түзе.

***

Қауып сөйлегеннен тауып сөйлеген дұрыс.

***

Жалқау адам өмірі жарымай жүреді.

***

Қолынан іс келмейтін адам зарлауық келеді.

***

Саңырауға сөз айтсаң шаршатады.

***

Әкесін сыйлаған баланың өрісі кең…».

Жұп-жұмыр, ойы орамды жолдар. Жырға бергісіз. Өлеңмен өре теңестіргендей.

Сексендегі сергек қаламгердің  жуырда шыққан, реттік саны бойынша бесінші кітабы «Жақсының жарығы» деп аталыпты. Бұл жинақ та жуан. Жуан болатыны ішіндегі кейіпкерлері «жуан».  Қаламгердің сыр-сұхбаттары, тағы­лымдық жазбалары, ой-толғаулары бар. Атақты жазушы-тарихшы Қойшығара Салғараұлы осы кітап жайындағы жүрекжарды ниет-пікірін ерекше толғаныспен әрі таңданыспен былай бастапты: «Алдымен маған кітаптың аты ұнады. Құрылымы да өзгеше екен. Кітап шымылдығы үш арқалы ақынның  Иекеңе арнаған  иірімі бөлек өлеңдерімен ашылған. Өлеңдер қамшыдый жымдасқан өзгеше өрімімен, ең бастысы, ыстық ықылас, ақ-адал ниеттен  туғандығымен ұнады өзіме.

«Қырандар биікте самғайды» атты бірінші бөлім Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевпен «Сырға толы сыр елі» атты сұхбатпен ашылады. Қырымбек Елеуұлының білікті ұйымдастырушы, қабілетті де қарымды басшы екендігі, топты бастап, жол көрсеткен тұлғалық бейнесі, атқарған сан-салалы қызметі кітапта жан-жақты көрсетілген. Өңір өніміне  дем беруші негізгі өндіріс орын­дары мен халыққа қажетті жол-көлік қатынастары­ның дені  осы Көшербаевтың тұсында кең тыныс алды.

Марқұм З.Жарқынбаевпен қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті Бас редак­торының бірінші орынбасары кезінен араластым. Адамгершілік, тазалық, текті­лік, кісілік қасиеттері мол адам еді. Кейін Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің Бас редакторы қызметіне ауысты. Кітапта Иекең «Өмірге жолдама­ны Жүргеновтен алған…» атты жазба­сында Зекеңнің өнегелі үлгісінен, ұстаздық тағылымынан, биік рухынан  тамаша сыр түйіпті. 1958 жылы Зекең осы газетке Иекеңді 18 жасында хат тіркеуші етіп қызметке қабылдаған, арада көп уақыт өтпей әдеби қызметкерлікке жоғарылатқан. Одан әскер қатарына алынған. Елге қайтып оралған соң  осы газет редакциясында еңбек етіп, жаңа редак­тор Ұзақ Бағаевтың мектебінен өткен, ол жайлы да талай естеліктер жазды. Мұны  Иекең екі редак­тордың  бойына сіңірген тәлім-тәрбиесі деп біледі. И.Қарымсақұлы жасынан осындай  жақсы адамдардың шарапатын көріп, жанында көп жүрген, тағылым жиған. Осыдан-ақ оның   бойындағы қасиет­тердің түп-тамыры тереңде жатқанын оқырман өзі де шамалап отырған болар деген ойдамыз…».

Жалпы, қаламгердің осы кітапқа топтастырылған кейіпкерлерінің осалы жоқ. Мемлекет және қоғам қайраткерлері С.Шаухаманов, У.Бишімбаев, Қ.Бисенов, Т.Маханов, А.Бисенов, Н.Табынбаев, Р.Әміреұлы, Ж.Шәріпов, М.Әміреұлы, Т.Тәшенов,  Ә.Рахымбекұлы, Б.Ойса, т.б. Бәрі де елге жақсы ісімен, өнегелі тіршілігімен танылған, танылып жүрген жандар.

Сайып келгенде, «Жақсының жарығы» жинағы шара­патты адамдардың өмірінен түзілген ізгілікті, парасатты, пайымды шығарма. Бұл тек кітап кейіпкерлерінің  ғана емес, Қарымсақұлының да оқырманға деген жарығын аңғартып тұр.

Жоғарыда Итен Қарымсақұлына  талай ақынның жыр арнағанын айттық. Солардың  бірқатарының өлеңінен үзінді келтірдік.

«…Бірде жақын болсақ та, бірде қашық,

Қызық шақтар кеткен жоқ қырдан асып.

Арамызда күн сайын жүрмегенмен,

Алматыда бір жан бар Сырға ғашық…».

Мақмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ,

ақын, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы.

***

…Сырластың аңызбен де, абызбен де,

Тасыңды асау толқын ағызды өрге.

Қол соқты қошеметтеп қара орман жұрт,

Баласы Қарымсақтың қара үзгенде…

Бәйгесін берер-бермес ұмсындырып,

Бәріне бүгін аға, тұрсың күліп.

…Толқынын сұлу Сырдың енді бүгін

Өріне Алатаудың жүрсің бұрып.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

***

«…Қоп-қою, қара қасы жалбыраған,

Көрінер көп ішінде кең бір адам.

Сексенде де сыр бермес сексеуілдей,

Қаратаудай қайырылып хал сұраған…

Алыс, аулақ жүреді мақтан істен,

Сырдың суын өзіне шақтап ішкен.

Қарапайым қалыбы, жылы жүзі,

Құмғандай көрінеді отқа піскен…

 Иірсе асығының алшысы көп,

Не жазса да тиеді қамшысы дөп.

Қайдан болсын қаламы тауып алып,

Жақсы адамның келеді жаршысы боп…».

Төреғали ТӘШЕНОВ,

ақын.

***

Қаламгерлер әріптесі Итен Қарымсақұлын неге қошеметтеп, құрмет тұтады дегенге келетін болсақ, ол кісі адам баласын алаламайды, кішісін баласындай, үлкенін ағасындай бауырына басады. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы шығар. Қарымсақұлы жақсы жандардың жаршысы.

Сәрсен ҚАРМЫС,

журналист.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *