«ЖАҚСЫ ҚЫЗ – ЖАҒАДАҒЫ ҚҰНДЫЗ»

Дәрігер Айгүл Тұрысбекова жайлы бір үзік сыр

Қазір заман басқа. Қоғам өзгерді. Ұлттық тәрбиеге сына қағылды десек те болады. Өмірлік тәжірибемізге түскен селкеу үдеп, ұятты ұмытып кетпеуден сақтанудың бір жолы жастардың санасына бар ақыл-кеңесімізді құю. Осы мақсат­тағы «Шарайна» кітабы уақыт үдесінен шығып тұр. Мұнда Айгүл ұлағатты болудың қыры мен сырын жайып салады. «Ақылды қыз – ауыл көркі» екенін, сондықтан оларға әр қадамын аңдап басуды үйренуден жалықпауды қалам құдіретімен жеткізеді. Адамның ішкі мәдениетін қалыптас­тыру тұрғысында нақты кеңес береді.

 

Қос қасиетті қатар меңгерген

Жарықтық Шәкен Аймановтай дүниеде әулие адамдар көп емес шығар. Мұны айту себебім, ол 1957 жылы «Біздің сүйікті дәрігер» фильмін түсіріп, сол кезде-ақ ел-жұрттың назарын осы мамандық иелеріне аса құрметпен қарауды үйреткен екен. Келесі жылы Ташкент қаласында өткен Азия және Африка мемлекет­терінің халықаралық кинофестивалінде Ш.Айма­новқа естелік диплом табысталып, одан кейін Киев қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальде ынталандыру сыйлығын иеленіп жатқан тұста ел ішінде ақ халатты абзал жандарға деген көзқарас мүлде өзгеріп кеткенін өткен күндер шежіресінен білеміз. Фильмде басты рөлді ойнаған Қазақстанның халық әртісі Ю.Померанцев дәрігердің бейнесін тамаша сомдап шыққаны әмбеге аян. Арада қаншама жылдар өтсе де сол фильмнің ел есінде жүруінің бір ғана сыры осында жатса керек. Осы туындыдан тек шексіз мейірім мен сырқатқа қолұшын созып, қамқорлық жасауға құштар адамдарды ғана көресіз. Жер бетінде жалғыз жан қалса да, қайырымдылық жасай беретінін  осы кинодан ұғынасыз. Сондықтан көркем фильмді көрген қазақтың талай жастары дәрігер болуға бірден бел буғаны шындық. Солардың қатарында Айгүл Тұрарқызының жүруі де дәрігер мамандығының өміршеңдігін айғақтайды. Өйткені, ол сонау тал шыбықтай бұралып тұрған кезінен бері өзі ұнатқан дәрігер болуды шексіз жақсы көретін, қалай мақтауға да лайықты жан екеніне толық көз жеткізді.

А.Тұрысбекова ежелгі грек дәрігері, көне медицина реформаторы Гиппократтың «Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» деген сөзін жадынан шығармайтын маман. Осының өзі ақ халатты абзал жанның бұл мамандықты жәй ғана таңдамағанын айғақтап тұр.

Бірде «Ана тілі» газетінен белгілі ғалым-жазушы Бауыржан Омарұлының бір мақаласы көзіме шалынды. Сонау сексен бірінші жылы КазГУ-дің журфагына оқуға түскен біраз жігіттер әу баста дәрігер болуды арман еткені туралы көп сыр ақтарады. Қарап отырсаңыз, олар ақ халат киіп адамдардың тәнін емдемесе де, жанын емдеп келеді. Ал Айгүл болса, екі қасиетті де қатар меңгеріп отыр. Бұл көңілге үлкен қуаныш ұялатады.

 

Аналардың өмірін сақтау – бәрінен қымбат

Білікті де тәжірибесі мол дәрігер Айгүл Тұрар­қызы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жалаңаш ауылының тумасы. Тау баурайын­дағы ауылдың  айналысында бұта аралас қайың, тал, қарағай, терек, орман жетерлік. Оңтүстік-батысқа қарай 40 шақырым жерде, Күнгей Алатауының баурайында көпшілік көңіл көте­ретін, тынығуға қолайлы Көлсай көлі орналас­қан. Ш.Уәлиханов өзінің Қашқарға сапарында осы Жалаңаштан өткен. Бұл ауылда небір мық­тылар дүниеге келіп, кіндігі кесілген, ел мақта­ны­шына айналған. Солардың қатарында жүрген Айгүл де  абыройлы қызметімен жұртқа жақты, соған көңіліміз риза, әрдайым мақта­ныш етеміз.

Кейде көпбалалы отбасында тұрмыс төмен­дігінен, өзге де түрлі жағдайға байланысты бала­лары оқи алмай қалатыны аян. Айгүлдің ата-анасы болса өз ұрпағына жақсы тәрбие берді. Олар шетінен биязы, талғампаз, тағылымды болып өсті. «Оқысаңдар, балалар, шамнан шырақ жағылар» деген Ыбырай атамыздың өлеңдерін жатқа соғатын қарадомалақтардың қай-қайсысы да ауылдың беткеұстарына айналды. Қазақтың «тіліңмен жүгірме, біліммен жүгір» дегені осындай-ақ болар. Кітаптан бас алмайтын Айгүл күндердің күнінде бойына жиған білімі жемісін береріне сенімді еді. Солай болды да. Жалаңаш қазақ орта мектебінің мақтанышы атанып, білім ордасын Алтын медальмен бітірді. Ең асыл арманы дәрігер болу еді. Осы оймен Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университе­тінің табалдырығын аттады. Бұл туралы өзі былай дейді: «Мен мектепте өте жақсы оқыдым, әрі алдыңғы қатарлы белсенділердің бірі болдым. Ол кезде этика және эстетика деген сабақ болатын. Бізге ол сабақты мектеп директоры, марқұм Амангелді Әлиев деген  ұстазымыз жүргізетін.  Ол кісі менің ерекше қабілетім бар екенін айтып,  үнемі  ұстаз болуға үгіттейтін. Ал менің бала күннен арманым – дәрігер болу еді» дейді.

Дәрігер туралы әңгімені одан әрі сабақта­йын. Мемлекет және қоғам қайраткері С.Асфен­дияров Бірінші дүниежүзілік соғыста дәрігер екен. Ол кезінде Б.Момышұлын өзі басқаратын медицина институтына оқуға қабылдап, жатақ­ханадан орын береді. Алайда, Баукең мәйітхана­дағы алғашқы сабақтан кейін бұл оқу орнынан кетіп қалады. «Есік алдына шығып, халатын өткіздім де, инсти­тутты тастай қаштым. Артым­нан жаңағы басы жоқ, аяғы жоқ тыржалаңаш өліктер тырақайлап қуып келе жатқандай көрінді… Қанша қашсам да, содан он жыл кейін өліктердің ортасын кешіп жүретінімді білмеппін ғой», – дейді батыр жазушы  Әзілхан Нұрша­йықовқа айтқан әңгімесінде.

Иә, бұл айтуға ғана оңай. Шын мәнінде дәрігерлік білім алу қиынның қиыны.  Білім орда­сында сабақтан кешігу, тәжірибе алмасуға ауру­ханаға, емханаға бармай қалу деген болмайды. Босқа өткізген бір күнің мың күніңді ұрлап алады. Уақыт деген сынаптай сырғып өте шыға­ды. Міне, осыны жақсы түсінген студент Айгүл Тұрарқызы білім ордасын Акушерлік және гине­кология  мамандығы бойынша үздік тәмамдады. Бұл мамандық иесі қалаған адам­ның ғана емес, адамзаттың да жанашыры болуға бел буады десек те болады. Себебі, мұның арғы жағында дүниеге ұрпақ әкелетін алтын құрсақ аналардың тағдыры тұр. Дана халқымыз: «Ізгілік атаулының бәрі күннің нұры мен ананың ақ сүтінен жаралған» дейді. Сол ақжаулықты ана­лардың өмірін сақтау – бәрінен қымбат, қастерлі. Демек,  ана алдындағы парыз шаш-ете­ктен екені даусыз.

 

Адамның денсаулығы тұрмыс-тіршілігіне қатысты болып келеді

Әңгіме барысында бір көңілге түйгенім, ана денсаулығын сақтауға бар өмірін арнауды мақсат тұтқан Айгүл Тұрысбекова еңбек еткен жерінде адалдықтың үлгісін де, өнегесін де көр­сетіп келеді. Әсіресе, медицина күшті дамыған бүгінгідей заманда уақытпен жарыса ілім-білімді дамытып, осы салада болып жатқан жаңалық­тарды оқып, үйреніп отыруды да ұмытпайтын дәрігер 2012 жылы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінде  Денсаулық сақтау менеджменті мамандығын меңгерсе, 2017 жылы Қазақ­стандық медицина университетінде  денсаулық сақтау магистрі дәрежесін алды. 2018 жылы PһD дәрежесі берілді.

Дәрігер Айгүлдің өмірбаяны да көңілге ұнайды. Енді соған көз жүгіртейік. 1996–2004 жылдары Алматы қалалық №15 емханада отба­сылық дәрігер, 2004–2009 жылдары №10 емха­нада акушер-гинеколог, 2009–2012 жылда­ры Репродуктивті медицина институтында аку­шер-гинеколог, 2012–2014 жылдары «Алматы облыс­тық тері венерологиялық диспансері» директо­рының медицина қызметі сапасын бақылау жөніндегі орынбасары, 2014 жылдан Алматы қаласы №26 қалалық емхананың бас дәрігері.

Денсаулық сақтау саласындағы жемісті қызметтері үшін «Халық мақтанышы» орденінің және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалінің иегері атанды.

Емхананың бас дәрігері болу оңай шаруа емес. Бұл қызметке келгенде оны Айгүл жақсы түсінді. Емхана жұмысының ауқымы өте үлкен. Жаңадан іске қосылған емхана осы заманғы медициналық барлық құрал-жабдықтармен жарақтандырылды. Сменасына 500 емделуші қабылдайтын жаңа емхана іске қосылғаннан бері сырқаттардың көзі ашылып, көңілдері көтерілді. Қазірде Наурызбай ауданындағы «Таусамалы», «Тастыбұлақ», «Таужолы», «Қара­ғайлы», «Құрамыс», «Қарғалы», «Раха» ықшам­ау­дандары және «Ласточка» «Ермек», «Обув­щик», «Заря», «Алмалы» қоғамдастығы тұғын­дары ем алып жүр.  Сонымен бірге, емхана төрт мектепке қызмет көрсетеді. Өткен жылдан бастап сапалы кеңес беру-диагностикалық қызмет көрсету ісі ұлғайтылды. Емханада 216 қызметкер жұмыс істейді.

«Ақылды әйел ішінде алтын бесікті ұл жатар» демекші, алдына келген әрбір әйелдің денсаулығын тексеріп, ақыл-кеңес берумен бірге, олармен сырласу да Айгүлдің үйреншікті әдеті. Өйткені, әрбір адамның денсаулығы өміріне, тұрмыс-тіршілігіне де қатысты болып келеді. Сондықтан жүйкесін сақтауды, өзін күтуді, бәрін қалдырмай айтып, есіне салып оты­рады. Содан дәрігердің алдына келген әйелдердің жүздері жайнап, көзі нұрланып,  өмірге деген құлшыныс­тары оянып қайтады. Осындай әсерлі бір сәттерден кейін үйіне оралған өзі де дүниені дөңгелетіп жібереді. Төрт баласы мен немере­лерінің  көңілін аулап, олар ұйқыға кеткенде Айгүл стол үстіндегі шамның жарығымен жарық дүниенің жақсы тұстарын ақ қағазға түсіреді.

Қысқасы, мұндай тынымсыз еңбек өз жемісін береді. Егер күндердің күнінде Айгүл Тұрарқызы да оқырман назарына ілігіп жатса, оған таңқалмаңыздар. Қазақтың талантты қызына Алла қандауыр ғана емес, қаламды да берген. Мамандығы әйелдердің денсаулығына байланысты болғандықтан жасөспірім қыздар­ды тәрбиелеу, тазалық пен дене күтімі,  достық пен алғашқы махаббат сезімдері туралы «Қызым саған айтам», «Шарайна» секілді қос кітапты  оқырмандар назарына ұсынып үлгерді.

Жүсіп Баласағұни бабамыз «Адам бойын­дағы ең тамаша нәрсе – білім мен ақыл» дейді. Айгүлдің бойында осы екі нәрсе де бар. Осының жемісі қолына қалам ұстатты.

– Бүгінгі күні әйел-ананы қадірлеп, емдеу үлкен іс. Оларға дәрігерлік қызмет көрсету басты міндетіміз. Жұмысты солай таза, үлкен абыроймен атқарып келеміз. Жас  күнімде  ұстазымыз байқаған  шығармашылық қабілетім де  осы күндері бой көтеріп, намысымды қозғап,  бала тәрбиесіне,  жазу мамандығыма, сонымен бірге, әсіресе қыз балалардың тәрбиесіне көңілім көп алаңдайды. Сондықтан да болар, көп іздену мен толғану үстінде  қыздарға арналған тәрбие­лік мәні бар кітаптарым дүниеге келгеніне қуандым. Кітап негізінен сәмбі талдай бұралып өсіп келе жатқан жас аруларға арналды. Осы ой-толғамдарым арқылы  жас арулар өз өміріне қажет кеңестер мен  тәрбиелік бағытта  дұрыс тұжырым жасай білсе – менің де еңбегімнің зая кетпегені болар еді, – дейді дәрігер.

Шынайы көңілмен айтылған жұмсақ сөз көңі­ліңе қона қалады екен. Бойың шымыр­лайды. «Шіркін-ай, егер әр дәрігердің сөзі мен көкейіндегі ойлары Айгүлдің жүрегінен тараған лебіздей таза болса, кәнеки» деген сезім ұялайды..

Расында да, халқымыз қыздарды ерекше баға­лаған, құрметтеген. «Жақсы қыз – жаға­да­ғы құндыз» деген сөз де осыдан шыққан болар. Алайда, қызға қойылар талап та қатал екенін жасыра алмаймыз. Оның барлығы да болашақ ұрпақ тәрбиесіне талғам мен талап керектігін ұқтырса керек-ті. Халқымыздың негіз­гі ұста­нымдарының өзі салт-дәстүрді ұмыт­пау, отба­сылық құндылықтарға мән беруге негіз­делген. Мұның арғы жағында ұлт мәде­ние­тінің мәйегі жатыр. Айналып келгенде, «қызға – қырық үйден тыйым» бізге тек жағымды әсер етті.

Қазір заман басқа. Қоғам өзгерді. Ұлттық тәрбиеге сына қағылды десек те болады. Өмірлік тәжірибемізге түскен селкеу үдеп, ұятты ұмытып кетпеуден сақтанудың бір жолы жастардың санасына бар ақыл-кеңесімізді құю. Осы мақсат­тағы «Шарайна» кітабы уақыт үдесінен шығып тұр. Мұнда Айгүл ұлағатты болудың қыры мен сырын жайып салады. «Ақылды қыз – ауыл көркі» екенін, сондықтан оларға әр қадамын аңдап басуды үйренуден жалықпауды қалам құдіретімен жеткізеді. Адамның ішкі мәдениетін қалыптас­тыру тұрғысында нақты кеңес береді.

Айгүл Тұрарқызы  өмір заңдылықтарын түсіндіруде аянбай еңбек етіп жүр. Қаламгер-дәрігер жан мен тән сұлулығы,  көз, құлақ, шаш күтімі, тамақтану тәсілі, ұйқы мезгілі, сыйлық дайындау, киім күтімі, асүй тазалығы, достық, алғашқы махаббат секілді сан түрлі тақырып төңірегінде ой толғайды. Олардың әрқайсысы болашағынан үміт күттірген қазақ жастары үшін мәнді де маңызды.

Білімге, білуге деген құштарлықты таңдаған, мінезі жібектей, сөзі жұмсақ, ақ халатты абзал жан Айгүл Тұрысбекова дәрігерлік қызмет көрсетудің үлгісін танытып, адамның жанын да, тәнін де емдеп жүр. Біз әр қазақ әйелінің аман­дығын тілеп, жас аруларға әдептілік әлемінің әліппесін үйретіп жүрген білікті маман, дәрігер-жазушының еңбегіне де, шығармашылығына да зор табыс тілейміз.

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,

ҚР Ақпарат саласының үздігі,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *