ЖАҚСЫ ӨМІР СҮРУГЕ НЕ КЕРЕКТІГІН ТҰРҒЫНДАР ЖАҚСЫ БІЛЕДІ

Бұрнағы күні Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаровтың кезекті  тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі өтті. Жиынға қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Мәншүк БЕКБОСЫН

Ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш­терінің өскенін тілге тиек еткен аудан әкімі Бақытжан Ақжаров бұған дейінгі кездесулерде айтылған және әлеу­меттік желілерде жарияланған мәселелер мен өтініштердің қалай жүзеге асырылып жатқанын баяндап берді.

Аудандағы ең өзекті мәселелердің бірі – коммуналдық инфрақұрылым. Бүгінде Түрксібте 25 мың жеке үй бар. Соның 24 мыңға жуығы газбен қамтамасыз етілді. Қалған 929 үйге магистральды желілер тартылды. Бүгінде 625 үйге ішкі жүйелерді қосу және монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Орталық сумен жабдықтау және кәріз жүйесіне қосылу мәселесі де өзектілігін жоймай тұр. 20 мыңға жуық үйдің су бұру жүйесі болмаса, 3 мыңнан астам үй су жүйесіне мүлдем қосылмаған. Осы мәселені шешу үшін «Қайрат» пен «Әлмерек» ықшамаудандарында инженерлік желілердің құрылысы аяқталуға жақын, ал «Нұршашқанда» жалғасып жатыр.

–       Бұл жұмыстар ауданның 10 мыңға жуық тұрғынын қамтыған 2400 үйді орталық коммуникациямен қамтама­сыз етуге мүмкіндік береді. Қалған үйлер бойынша құжат­тар дайындалып жатыр, – деді аудан әкімі.

Ауданның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудегі маңыз­ды мәселелердің бірі – үздіксіз электрмен жабдықтау болып табылады. Бұл ретте «Әлмерек», «Қайрат», «Нұршашқан» ықшамаудандары мен «Авиатор» бау-бақша қоғамының тұрғындары жарықтың тарифі қымбаттағанын айтып, оның жиі өшетініне шағымданды.

–       Қала әкімінің тапсырмасы бойынша иесіз жатқан желілерді «АЖК» АҚ-ның балансына беру жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар 2020 жылдың шілде айында аяқталады, – деп жауап берді Б.Ақжаров.

Сонымен қатар, жыл соңына дейін ұзындығы 134 шақырым болатын 254 көшенің сыртқы жарықтандыру желілері жүргізіледі. Бұдан өзге, Майлин, Б.Хмельницкий көшесі, Сүйінбай мен Рысқұлов, Сейфуллин даңғылдары­ның бойында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 2 мыңнан астам үнемді жаңа жарық нүктелері орнатылды. Ағымдағы жылы Қапшағай көпірі мен Жансүгіров көшесіндегі шамдарды жаңғырту жоспарланған. Аудан аумағында 569 аула бар, оның 400 ауласы жаңғыртылды. 2020 жылы тағы 103 ауланы абаттандыру жоспарлануда. Қалған 66 аула жөндеуге жарамсыз. Себебі, 26-сы жаңа ықшамаудандар болса, 40-ы «ескі тұрғын үй» санатына жатқызылған. Аудан әкімі Б.Ақжаровтың мәліметінше, ағымдағы жылы 36 көшеде (27 шақырым астам) жолдарды орташа жөндеу және 17 көшеде (12 шақырым) тротуарлар салу жоспарлан­ған. Бұған дейін ұзындығы 5,5 шақырымнан астам 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кездесуде шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев мектептер, үйлер және әлеуметтік нысандардың жанында жаяу жүргіншілер жолының болмауына шағымданған тұрғындардың барлық ұсыныстарын жинақтауды тапсырды.

–              Аудандарда бағдаршамдарды орнату, жаяу жүргіншілер өткелдерін ретке келтіру, спорт алаңдары мен тротуарлар салу бойынша жүргізіліп жатқан барлық жұмыстарды тұрғындардың тілектерін ескере отырып түзету қажет. Тұрғындар олар үшін ненің жақсы және ненің қажет екенін жақсы біледі, – деп қорытындылады жиынды қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *