ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУҒА ЖАРАЛҒАН ЖАН

Қай халықта болмасын, баланың есіміне ерекше мән берген. Біздің кейіпкеріміздің есімі бүкіл мұсылман жұртының баршасына ортақ болғанымен, уақыт өте келе, әр халықта өзіндік мағыналық өңге ие болған. Әу басында арабтың (عين), яғни «көз», «маңызды», «аса қажетті» деген сөздерінен алынған бұл есімнің түбірі қазақ тілінде «ең танымал», «асыл», ал  татар тілінде «қайнар бұлақ», «салтанат» деген мағынаны білдіреді екен. Сонымен қатар, нумерология ғылымы бұл есімнің әріптік-сандық жүйесінің ортақ мағынасы «бірлік, бірігу және одақтасу» дегенді білдіреді деп түсіндіреді.

Ғажап! Кейіпкеріміздің тұлғалық болмыс-бітімін бейнелеу үшін алысқа бармай-ақ, есімінің этимологиясына көз жүгіртудің өзі талай мағлұматтың сырын ашқандай! Жүрген жерінде қайнар бұлақтың көзін ашып, өзін де, өзгені де сусындатып, асылдардың аманатын арқалап, сән-салтанатын асқақтатып, жақсы-жайсаңның басын қосып, оларды игі істердің басында біріктіре білген, аса қажетті де танымал адам. Бұл – біздің бүгінгі кейіпкеріміздің төл есімінің түп мағынасы ғана, ал егер ата-тегінің мән-мағынасын тергілей берсек, мұндай шағын мақаланың қауқары жетпейтіндігі сөзсіз.

Кейіпкеріміз кім дейсіз бе? Танысып қойыңыз, қазақтың, қазақтың ғана емес, еліміздегі басқа да көптеген ұлттардың үлкен-кіші игі-жақсыларының баршасына ортақ асыл жан Михаил Есеналиев айтпақшы, «Қолынан жақсылық жасағаннан басқа дәнеңе келмейтін бір адамды білем, ты ни за что не догадаешься, ол адам – Ғайникен Айдарханқызы Бибатырова!».

Сонау 1948 жылы Талдықорғанның Бөрлітөбе ауданының орталығы Лепсі кентінде қазақша онжылдық мектеп болмағандықтан, тұлымы желбіреген шынашақтай, талапты қыз білім-ғылым іздеп Алматыға келіп, Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищеде оқып, оны бітіре сала, М.Киров атындағы мемлекеттік университеттің Тарих факультетіне оқуға түседі. Университет қабырғасында жүріп, оқуда да, қоғамдық жұмыстарда қатарының алды болады, соның нәтижесінде бесінші курста университет комсомол ұйымы хатшысының орынбасары болып сайланады.

Сол жылдардан бастап Ғайникен Айдарханқызы комсомол жұмысының талай қырын игеріп, көптеген баспалдақтарынан өтіп, Алматы қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысына дейін көтеріледі. Еліміздің ең ірі қаласының шығармашылық жастарынан бастап, зауыт, фабрика жұмысшыларына дейін бастарын қосып, түрлі үйірмелер мен клубтар, кешкі оқулар жүргізіп, бәрінің басы-қасында өзі жүріп, бірде көрме ашып, бірде ансамбльдер құрып, бірде жұмысшыларға дәріс беріп, жастардың қайнаған ортасында жүрді. Суретшілер мен мүсіншілердің «Шұғыла» клубы, театр қызметкерлерінің «Галерка» студиясы сол жылдары ашылған болатын.

Комсомолда орасан зор тәжірибе жинаған Ғайникен Айдарханқызы одан кейін Алматы қаласының түрлі аудандарының партия комитеттері мен атқару комитеттерінде басшылық қызметтер атқарды.

1973 жылы Мәскеу қаласында Қоғамдық академияның аспирантурасын бітіріп, тарих ғылымының кандидаты дәрежесін алып, елге оралған соң, сол жылы тамыз айында Жамбыл облысының партия комитетінің хатшысы болып тағайындалады. Жамбыл облысында қызмет атқарған жылдары Ғайникен Айдарханқызының қызметтік жолындағы ерекше бір белес болды. Кейіпкеріміз сол бір кезеңдерін былай деп еске алады: «Жамбыл облысы қазақ елінің ең бір әдемі, шұрайлы жеріне орналасқан ғой. Адамдары да жылы жүзді, еңбекқор, қонақжай, халықтың дәстүрлерін сақтап, жандандырып отырады».

Ақиық ақын, жыршы Кенен Әзірбаевтың 90, кейін 100 жылдық мерейтойларын өткізіп, мұражайын ашады. Бүкіл Кеңестер Одағында аты жер жарған «Алатау» ансамблінің шарықтаған шағы да біздің кейіпкеріміздің басшылық еткен жылдарында болған.

Бала кезінен қазақтың «Қыз жібек», «Ләйлі-Мәжнүн», «Қозы Көрпеш–Баян сұлу», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр» сияқты батырлық, ғашықтық қисса-дастандарын әндетіп, жатқа айтатын анасы Ажарханның тәрбиесін көріп өскен Ғайникен Айдарханқызының өлең-жырға деген ерекше сүйіспеншілігі, жазушы-ақындар қауымына деген айрықша құрметі сол аяулы анасының ақ сүтімен сіңген қасиет болса керек.

Айдархан ақсақал мен Ажархан сияқты қайнар бұлақтың тәрбиесінен өтіп, тағылымын түйінген Ғайникен апайдың жақын сырлас, әріптес, дастархандас аға буын, қатар-құрбы буын достарының арасында қазақтың  Әзілхан Нұршайықов, Әбіш Кекілбаев, Әшірбек Сығай, Кәкімбек Салықов, Фариза Оңғарсынова сияқты дүлдүл ақын-жазушыларының болуы да кездейсоқ емес.  Жамбыл облысында обком хатшысы болып жүрген кезінде Ғайникен Айдарханқызының елге жасаған қызметі мен қамқорлығының куәгері болған Әзілхан Нұршайықов ағамыз қарындасына деген ризашылығын былайша білдіреді: «Ол күндер артта қалды. Қазір заман өзгерді, заң жаңарды. Бірақ Ғалымдар үйінің директоры Ғайникен Бибатырова, бұрынғысынша, халыққа қамқоршы күйінде. Сол ежелгі сыпайы да сида қалпында. Адамға ізет-құрметі бұрынғыдан аспаса, азайған жоқ. 100 жаса, айналайын, қарындасым!».

Әзағаңнан артық айта алмаспыз. Дегенмен де, қандай қызметте, қандай ортада жүрмесін, үлкенге құрметі, кішіге ізеті, жақынға жанашырлығы, досқа қамқорлығы, өнерлі, білімді, талапты жастарға деген қолдауы таусылмаған Ғайникен апай еліміздің мәдени орталығы болып саналатын Алматының рухани алтын қазығы екендігі сөзсіз. Өнер-білім-мәдениет саласындағы жаңалықтарын елге таныстырғысы келген үлкен-кішінің ең алғашқы аттар табалдырығы осы Ғайникен Айдарханқызы қызмет ететін Ғалымдар үйі. Қаламыздың қақ ортасында орналасқан, кешегі тарихымыздың ізі қалған, бүгініміздің бейнесіндей болған, келешегіміз батасын алатын осы қасиетті Үйдің сәні мен салтанатының, берекесі мен бірлігінің ұйытқысы болып отырған да – аты да, заты да салтанаттан тұратын біздің Ғайникен апайымыз.

Сексеннің бесеуінен секіріп өтіп, тоқсанды тойлап, жүзіңізде жүздескенше жарқын жүзіңіздің жылылығы кетпесін, Ғайникен апай!

 

Қалдыгүл ЖАНЫБАЕВА.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *