ЖАҚСЫЛАРДЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ

Зәкір АСАБАЕВ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Қазақ журналистикасының қайраткері».

Біраз бұрын «Ақшамда» жарық көрген белгілі ғалым, қоғам және мемлекет қайрат­кері, ардагер академик, туған ел, қара ормандай халқының қамы үшін ғылыми тұжырымдар, ұлағатты сөз, тұшымды ой-пікірін айтып, жазып та жүретін қадірменді Төкең, Төрегелді Шармановпен жасалған сыр-сұхбатта қозғалған жай-күйлер, ғибратты әңгімелер санада сақталып, арагідік еске түскенде, оқырман ретінде үн қосып, пікір білдіру ойда жүруші еді. Сәлемнің де сәтті болатынындай, соның реті енді келгендей. Төрегелді Шарманов! Бұл есім маған ертеден таныс. Сонау Совет өкіметінің қазақты жарылқаған бола отырып, республика тізгінін (қасақана, әдейі) ұлты бөлек он екі міскінге ұстатқан кездерден бастап. Иә, оның аты-жөнін алғаш Өлкелік патологиялық ғылыми-зерттеу институ­тында істейтін бір ауылдан шыққан ағамыз, профессор Әмір Алданазаровтан естігенім жадымда. Бір-екі рет Әбекеңнің үйінен де көргенім бар-тын. Сол шақтарда респуб­лика басқаруға Шаяхметовтен кейін екінші қазақ Қонаев келіп, там-тұмдап ұлттық кадрларды қолдау, өсіру қолға алынды. Бірде «Социалистік Қазақстан» газетінен Төрегелді Шарманов Ақтөбе медициналық институтына ректор болғаны жайлы хабар оқып, ең алдымен, сол лауазымға Төкеңнен бұрын, қазақ тағайын­далғанына Аллаға шүкір дестік. Әмір Тұрлы­байұлына телефон шалып, «сол ма?» дегеніме, әріптес інісінің өскеніне шал­қып-тасыған ол «е, сол, сол, білуші едің ғой» деп елпең қақты. Одан соң күндердің күнінде Төрегелді Шарманұлы Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі боп жоғарылады. Бұл лауазымға да қазақ­тың қолы жетпепті, екі рет министр, екі рет мединститутқа ректор болған С.Қарын­баевтан өзге ешкім жоқ-тын. Төкең жөнін­де білетіндерімізді тәптіштеңкіреп айтып отырғанымыздың бір себебі сол болса, онан соң Төкеңнің есінде бар ма, жоқ па, қайдам, министр боп тұрғанында өз басым оның ерекше жақсылығын көргенім ұмытыл­мақ емес. Жә, бұған төменде арнайы тоқталамыз. Әзірге…

«Ақшамдағы» сұхбатында Төкең кең көсі­ліп, өткен мен бүгінгі жай-жапсар, жағдаят­тарды біршама сөз етіпті. Түрліше мәселелерге орай жеке таным-түсінік, көзқарас, пайым­дарын ортаға салыпты. Орамды ойларының біреуіне ден қойсақ, менен шапағат-шапқат көргендердің  есегі судан өткен соң мен жөнінде сырттан не деп сайрайтындарын құлағым шалса да, базбірімен ештеңе болмағандай сөйлесемін дегендей пікірлері шынайы, күлбілтесіз, табиғи. Сондай-ақ, өз  басыма ерекше әсер етіп, ұнағаны, ол да көрнекті ғалым, белгілі балалар хирургі, әріптес замандасы Камал Ормантаевпен риясыз достық, сыйластығы жайлы толғаныс­тары. Міне, бұл арнайы сөз етуге бек сыйым­ды, жұртшылықты елең еткізердей сирек құбылыс (дер едік). Сондықтан да…

Екі бірдей дәрігер ғалым, зипа, зиялы, бір дәуір, бір заман, бір  қалада ғұмыр кешіп келе жатқан қос тұлға жөнінде білетіндерімнің кейбірін оқырман қауым­мен бөлісуді құп көріп отырған жайым бар. Тағы бір себеп, Төкеңнің жан досы, сырлас-мұңдас жанашыр жақыны, арда азамат, қадірлі Камекең, Камал Ормантаевтың да әлдебір сын сағатта айта қалардай жақсы­лығын көргенімді де енді айтатын кез келгендей. Демек, адамның күні адаммен. Төрегелді Шарманов, Камал Орман­таев – олардың есінде болмауы да ықтимал адамгершіліктерін жаңғыртып көрсек. Ал Төрегелді Шарманұлының Камал досы жөніндегі «Ақшамда» ақ ниет, адал пейіл­ден айтылған көл-көсір ықылас ниетін көпшілік бізсіз де білер деп сенеміз, қайталамаймыз.

Төрегелді Шарманов сияқты Камал Ор­мантаев та ел-жұрт аузына ерте ілікті. Мықты ғалым, азамат ретінде. Бұдан жарты ғасырдай бұрын десек те болар, атақты Көкбазардың қарсысындағы тоғыз қабатты зәулім ғимаратқа Алматыдағы сан тілде шығатын барша газет-журнал редакция­лары көшіп келіп, бастары қосылған шақ. Тоғызыншы қабаттағы «Мәде­ниет және тұрмыс» журналынан кейін «Білім және еңбек» журналы орныққан. Бас редак­торы Қалдарбек Найманбаев. Мен «Мәдениет және тұрмыста» Бас редактордың орын­ба­сарымын. Қайран Қалдарбек Найман­баев­пен жиі жолығып тұратынбыз. Айтатыны бір-ақ сөз: Бізге тұрақты автор болыңыз, бір-екі ай сайын көрнекті ғалымдар туралы мақала жазып тұрсаңыз жетеді. Қанша жерден жұмысбасты болғанмен, қалай бас тартасың, мақұл деуге тура келеді. Әлқиссаны сол кездегі атағы аспанға шарлаған академик-ғалым, Ғылым академиясының ғылыми сек­ретары, Арқадағы атақты, текті тұқым Бай­қоңыр әулетінен шыққан Өмірхан Бай­қоңыров­тан бастадық. Жөн білетін дегдар адам екен, үйіне шақырып, қысылмай сөйлестік. Онан соң Сақтаған Бәйішев, Алшынбай Рақы­шев, Әмір Алдана­заров, Жабағы Тәкібаев… кете береді. Қалдар­бек риза. Осы қарқыннан танбаңыз дейді. Қайда-а-ан!  Таятын кез де болады. Қарбалас уақыт. Дегенмен, қайта жалғастыра­мыз. «Бұл жолы кімді жазамыз?» Қалекең «өзіңіз шешіңіз» дейді. «Камал Ормантаевты қалай көресің?». «О, болды, бітті. Келістік» дейді. Камалдың жұмыс орнын білемін. Бардым.  Операцияда екен. Күттім. Екі сағаттан соң шықты. Аяғында шәркей, үстінде ақ халат, анадай жерден ілби басып келе жатқаны көз алдымда. Бұған дейін де жолығып, көрісіп жүретінбіз, бір-бірімізді танимыз. Оның үстіне, Кәмекең оқитындар тобынан. Аты-жөнімді бірінші көргенде-ақ білетінін айтқан. Ал бұл жолы арқа-жарқа кездестік. Кабинетіне кіріп, оңаша сөйлестік. Одан соң бірге істейтін жігіттерін жинап, менімен таныстырды (бірі – кейін профессор болған Мәжібаев). Шаруа бітті. Интервью алынды. Қайтып кеттім. Журнал шыққан соң, жұмыс орнына шақырып, рахмет айтты. Одан кейін де көрген жерде жылы амандасып жүрдік.

Жақын ағайынымыздың баласы Икрам Төлеев мединститут бітіріп, бір жыл интер­натурадан өтуге Жезқазғанға бөлініпті. Ол жаққа бір барып келген соң, қайта бармаймын деп қиғылық салсын. Тәртіп қатал. Облыстық денсаулық сақтау бөлімі бір жыл ақша төлейді. Дегенмен, айлық жалақыны Алматыға жіберіп тұруға уағдаласып (заңсыздау, әрине), Икрамды Кәмекеңе ертіп бардым. Кәмекең сөзге келмей, интернатураны өз кафедрасында өткізуге келісті. Айлығы біздің үйге келіп тұратын болды.

Міне, бұл ердің ерінің ғана қолынан келетін тәуекелдік еді. Икрам осында бала­лар хирургі мамандығын алып, Шымкентке кетті. Сондағы облыстық №6 ауруханаға орналасып, Алматыда кандидаттық диссертация қорғады. Қызметі жоғарылап, аталмыш ауруханада ұзақ жыл бас дәрігер болды, әрі сондағы мединс­титутта (қазір де) сабақ береді. Профессор. Медициналық жоғары оқу орындары үшін төрт оқулық (кітап) шығарды. Қалалық орталық паркте (республикада тұңғыш рет) өз қаржысына атақты дәрігер Өтейбойдаққа еңселі ескерткіш тұрғызды. Кәмекеңмен етене жақын. Алматыға келген сайын арнайы барып сәлем береді. Төрегелді Шарман­ұлының сұхбатында да айтылатындай, Кәмекеңнің біраздан бері денсаулығы болмай жүр ғой.

Икрам барғанда жолығуға рұқсат етеді екен. Таяуда келгенде де Кәмекеңе кіріп шықтым деді. «Бәрекелді» дедім арқам жеңіл­дегендей боп. Кәмекеңнің қашан болмасын жұртқа жасаған жақсылығы көл-көсір. Мен өзін білетін біреуі туралы қысқаша  айттым. Иә, қысқаша! Әйтпесе, бұл бір кітапқа лайық хикая.

Тағы да білетінім, Кәмекең екеуміз бір жылдың төліміз. Құрдаспыз десе жараса­тын­дай. Лайым да, тезірек сауығып, құрдастар қатарын толтырып жүруге жазсын сізді, қадір­лі Кәмеке! Төрегелді Шармановтай достары мол аяулылар солай болса керек-ті. Әмин!

Төрегелді Шарманов. Сөз басында уәде еткеніміздей, ендігі кезек Төкеңе! Оның да маған (семьямызға) жасаған біреу де болса бірегей бір жақсылығы болған-ды. Халық даналығы бар емес пе, жақсының жақсылығын айт деген. Қымбатты Төкең айыпқа бұйырмас, енді соған келейік. Бұл да қысқаша, әлбетте.

1961 жылдың басында отау құрып, қырық бес жыл бірге ғұмыр кешкен марқұм әйелім Рауза Асанқызы Семей мединститутында Лениндік стипендиат боп, қызыл дипломмен бітірген бойда академик Хамза Жұматов Ал­матыға шақырып, өзі басқаратын институтқа ғылыми қызметкер етіп қабылдайды. Арадан алты ай өткенде Сарыағашқа (бір топ ғылыми қызметкерлер сапында) командировкаға барып, тағдыр шығар, екеуміз танысқан бойда бірден некелестік. Сарыағашта дәрігер боп істеуге келісіп, үш аптадан кейін Алматыға барып алып қайттым. Хамза Жұматов берген бір бөлмелік пәтер, ғылым – бәрі жайына қалды. «Әй, жігіт, бұрын Алматыда істепсің, осында қал, қалаған жеріңнен жұмыс табуға көмектесейін» деген Хамзекеңнің сөзін де тыңдамастан, ақыры арадан екі жарым жыл өткенде Алматыға қоныс аудардық. Рауза Асанқызы көз аурулары ғылыми-зерттеу инсти­тутына, кейін сондағы сол аттас кафед­раға, мен (редактор Сапар аға Байжановтың арқасында) бірден «Мәдениет және тұрмыс» журналына орналастым (қазірге дейін сонда­мын, бүгінде журнал аты «Парасат»). Баспана машақаты, басқасын да көре жүріп, ел қатары­на қосылғандай болдық. Әйелім кафедрада сабақ бере жүріп, көпке ұзамай кандидаттық диссертация қорғады. Әрі емдеу, әрі сабақ берумен айналысты. Маман ретінде де, адам ретінде де абырой-құрметке ие. Әйтсе де, ғылыми-зерттеу институтының директоры, әрі Көз ауру­лары кафедрасының меңгерушісі боп істейтін мінезі ұшқалақ, білімі тайыздау бөтен ұлт өкілі тарапынан қысым көріп, бірде кафедрадан шығару жөнінде бұйрық шықты деп келді. Бұл заңсыздық еді, әрине. Табан тірерлік бір ілкіш жоқ. Бұйрыққа қол қойған институттың бірінші прорек­торы солқыл­дақтық жасапты. Сотқа берсе, бұйрық сол замат бұзылатынын біле тұра, әуелі басқа амал қарастыру ескерілді. Төрегелді Шарманов қатты сыйлайтын профессор Әмір Алдана­заровқа айтылды. Төкең ол кезде Денсаулық сақтау минист­рі. Әмір аға өз аяғымен барып министрге айтты. Министр Төрегелді Шарманов кіммен қалай, не деп сөйлескенін өзі біледі, бұйрық қолма-қол бұзылып, әділет қал­пына келді. Институт басшылары білген болар, бірақ Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының директорлығымен қоса, кафедра меңгерушісі лауазымын атқара­тын қасқа желдің қайдан соққанын білмей, пұшайман бопты. Бір күннен соң үйреншікті жұмысына кіріскен Рауза Асанқызы кафедра меңгерушісі қаншама сұраса да «білмеймін» дегеннен бөлек ештеңе айтпадым дейтін.

Камал Ормантаев қолұшын берген ғалым-дәрігер Икрам Төлеевпен осы күнге дейін сіз-бізін үзбесе, қапияда кезіккен қысастықтың ініне су бүрки салған Төкең, Төрегелді Шарманұлының жоғарыда баяндалған жай есінде болмауы да ғажап емес. Есесіне, біздің есімізде. Төрегелді Шарманов министр боп тұрған кезде – сыйлас әріптес ағасы, 57 жа­сында өмірден озған Әмір Тұрлыбайұлы Алданазаровты соңғы сапарға шығарып салуға барша атшы-қосшыларымен бірге қатысып, адами парызын өтегені өзінше хикая.

Осынау екі тұлғаның кісілік келбеті, жақсылық жасауға құмбыл ізгі ниеттері күллі қауымға былай да белгілі. Бірақ…

Мен өз сөзімді айттым. Соны ескер!..

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *