ЖАҚСЫ КӨРГЕНІНЕ ЖАЛҒЫЗ АТЫН СЫЙЛАЙТЫН АДАМ

Кейінгі толқынға үлгі көрсетіп, өнеге берер қазыналы қарт болу екі адамның бірінің маңдайына жазылмағаны шындық. Қазыналы қарттың етек-жеңі кең, еңсесі биік, сөзі дәмді келеді. Біз солардың қатарына қазір сексеннің желкесіне сергек шығып, тоқсанға қарап көзін қадаған ағаларымызды қосар едік.

Өмір әркімнің өз үйі – құтханасынан, өз ошағынан бастау алады. Қарақалпақстанның Әмудария ауданындағы Назархан елді-мекенінде 1939 жылдың қоңыр күзінде өңірдегі абырой-беделі асқан Ерназар ақсақалдың отбасында дүниеге келген нәрестеге ырым етіп, Көптілеу деп ат қояды. Өйткені, ол кезең қазақ халқы үшін өте ауыр шақ еді. Бүкіл елде аштықтың жалыны шарпымаған шаңырақ кемде-кем еді. Аштықтан кейінгі таршылық, халықтың бас көтере алмауына алып келген тұсы-тын. Ол кездің баласы тойып тамақ ішіп, қанып ойын ойнамағаны айдан анық. Әйтеуір қазақы ағайынгершілік пен жоқшылық кезге тән жомарттықтың арқасында ұрпақ өсіп жетілді. Көштен озбады, көптен қалмады дейтіндей қоңырқай бір тірлік еді ол. Көптілеу Ерназарұлының да балалық шағы, жастық дәурені сол бір қиын-қыстау кезеңге дөп келді. Ел қатарлы жетіліп, білім алды. Жасынан ел өміріне етене араласты. Алған білімі мен алғыр мінезінің арқасында орда бұзар отызға жетпей-ақ аудандық, облыстық деңгейде руханият саласында жауапты қызметтер атқарды. Сол кездегі кеңестік жүйеде идеологияның ықпалы күшті болатын. Көптілеу ағамыз мансап қуған емес. Табиғаты таза, білімі мен білігі сай алғыр азамат идеологиялық қызметтің түрлі саласынан сыннан өтті. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Қарақалпақстанның «Жас Ленинші» газетінде басталған өмір жолы оны елдің бас газеті – «Советтік Қарақалпақстан» газетінде шыңдалуға алып келді. Одан кейін Республикалық Радио және телехабар тарату жөніндегі Мемлекеттік комитетте, Қарақалпақстан АССР-ы Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік Кинематография комитетінде бөлім меңгерушісі, бас редактор, төраға орынбасары қызметтерін атқарып, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерді. Бертінде бабаларының кіндік қаны тамған Қазақстанға үдере көшіп келді. Кіндігінен өрген ұрпақтарының жат жердегі «сұлтандығынан» туған топырағындағы «ұлтандығын» артық көріп, көңілін орнықтыруды дұрыс көрді. Жер өзгертумен бірге, мамандықты да өзгертіп, дала кезіп табиғатпен тірілей тілдесуді арман етті. 1975 жылы Үстірт геофизикалық экпедиция бастығының орынбасарлығына шақырылды. 1986 жылдан 1997 жылға дейін «Казгеофизика» өндірістік геофизикалық бірлестіктің өндірістік-техникалық жабдықтау басқармасының бастығы, Қазақ ҚСР Геология министрлігінің «Казгеосервис» арнаулы кәсіпорнының бастығы және оның президенті болып тағайындалды. Жасым ұлғайды деп қол қусырып отырған күні жоқ. Ағамыз бүгін де қатарда. Көпекең бүгінгі таңда «Бекс» фирмасының президенті.

Қазақтың киелі жерлері көп-ақ. Қызмет бабымен оның бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Қандай қызметте жүрсе де, халықтан арасын алшақ-таған емес. Елдің мүлкін шашқан жоқ, талан-таражға салған жоқ, халыққа, ұжымға пайдалы тірлік жасады.

Жалпы, осы Көпекеңдердің буыны өте еңбекқор, тегеурінді, куатты буын болды. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары елдегі ғылым мен өндірістің дамуы, қоғам өмірінің әр саласындағы өрлеу сол азаматтарды жастайынан сынға салып, шыңдады, шынықтырды. Тарихымызды қанша сынағанымызбен өткен жүз жылдықтың 60-70 жылдарындағы жас буынның бойындағы интузиазм мен ерекше еңбекқорлықты жоққа шығара алмаспыз. Абай атамыздың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап», дейтін ақлиқаты сол дәуірдегі талабы бар жас буынның басты ұранына, негізгі өмірлік қағидасына айналған сыңайлы.

«Еңбекқорлық – жомарттықтың екініш аты» деседі шығыс ғұламалары. Алға озып ойлай білгеннен ешкім де кем болмайды. Озық ой – ортақ игілік. Жаңашылдық пен жасампаз жобаларға жаны үйір, жасының ұлғайып келе жатқанына қарамастан, оны жүзеге асыруға бейімделіп тұратын Көптілеу Ерназарұлындай тарлан азаматтар арамызда көп болған сайын ел игілігіне қажетті материалдық және рухани құндылықтардың да көтеріле түсетініне күмән туғызу қиын-ақ.

Еліміздің мұнай-газ қорын игеру басталған шақта Көптілеу Ерназарұлының «Біздің басты байлығымыз – минералды ресурстар емес, керісінше, ол – рухани саламыз дегені әлі есімізде. Қазір мұнай бағасы төмендеп, азық-түліктің бағасы мен оған деген сұраныс еріксіз өскен кезде үкіметіміз оның сөзін басшылыққа ала бастады. Сонымен қатар, кезінде еркін нарықтық қаты- настардың бағамы жөнінде сөз болғанда Көптілеу Ерназарұлы жоспарлау мен басқарудың өте қажет екендігіне назар аударуды айтқаны есте қалды.

Қазақстанның барлық аймағы белгілі жүйемен өркендеуі, дамуы, өсуі қажет деген талабының нәтижесі. Әдетте өмірден мол тәжірибе жинай білген, елмен тіл табысып сөйлесе білген әділ басшының ғана шаруасы әркез өз қисынын, орнын тауып, елдің жүрегіне төте жолмен барып қауышып жататыны белгілі. Көптілеу Ерназарұлы, міне, осындай жан.

Тұнық суға түскен тастың жан-жаққа бірдей тарайтын шеңберіндей айналасына тең қарайтын, төрт құбыласын тең ұстай білген, табиғатында қолға алатын ісін түбегейлі терең, иін қандыра талдап барып кірісетін Көптілеу Ерназарұлын алда талай асулар, күрделі шаралар күтіп тұрғаны сөзсіз.

Осы жолда ол еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу жолында өз үлесін қосып, ерекше жанқиярлықпен еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі. Ол шаңырақты көтерген уықтай, еліміздің мәртебесін биіктетуде жер-жердегі халықты, еңбек ұжымдарын ортақ еңбекке жұмылдырудан танған емес.

Бес саусақтың бірдей еместігі сияқты жергілікті жерлерде олардың кейбіреуі жарқ етіп шығып жоқ болып жатса, енді біреулері көзге көрінер-көрінбес болып жанады. Сөйтіп, тұңғиықтағы сәулесін айналасына бірқалыпты маздата шашады. Қай өңірде ондай шамшырақтар болмасын жеткілікті. Жоғарыдағыдай теңеуге жету Көпекеңе оңайшылықпен келген жоқ, ол үшін талай тер төгіліп, талмай қажырлы еңбек жасалды. Жасалып та жатыр.

Оның ғұмырнамасы ұрпаққа үлгі, кім-кімге де өнеге боларлық өрелі жол.

Ол халқы үшін еңбек етті, парасатын танытты, даналығын дәлелдеді. Халқымыз Көптілеу Ерназарұлының жасағаны мен атқарғанын еш уақытта ұмытпасы анық. Таулар алыстаған сайын биіктеп, асқақтап тұратыны сияқты, жалпы, тіршілікте де алыстаған сайын асқақтай көрінетін адамдар болады екен. Біз үшін сондай адамдардың бірі емес, бірегейі бүгінгі мерейтой иесі – Көптілеу Ерназаров.

Әрбір адамның қоғамда алатын орны оның еліне сіңірген еңбегіне орай бағаланады. Осы тұрғыдан келгенде, оның бүкіл ғұмыр жолы, шығар- машылығы халқына адал қызмет етуге бағытталғанын алдымен айтқан жөн.

Қаншама бір тақуа болып кетсең де, данышпан Абай айтқандай, өз өміріңе өзің күніне, аптасына, айына, жылына емес, жылдап барып есеп бергенде, жүрегіңде жан жылуының табы сақталған жандарды есіңе алып, сол адамның сенің өміріңнен алатын орнын іздеп, айналаңмен салыстыра отырып соған баға беретін сирек сәттердің болатыны анық. Сол баға арқылы өткендегі қуаныш-жұбанышыңды, реніш-сүйінішіңді, күйініш-өкінішіңді еске аласың.

Көптілеу аға жанына жаққан адамына жалғыз атын мінгізе салатын жайсаң жан. Қонақжайлылығы мен көпшілдігі де елге аңыз боп тараған. Қайда жүрсе де жақсы мен жайсандардың басын қосып, бүтінді бағалап, үзілгенді жалғай білетін дала дипломаты дерсің.

Қызмет бабымен тоқайласқан ел азаматтары да оның осы бір қасиетін ерекше атап жүреді. Көпекеңнің өзінен кішіге деген ізеті ерекше.

Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Міне, Көптілеу Ерназарұлы – айналасына нұрын шашып жүретін, жақсылар мен жайсаңдарын тани білетін, көмек қолын созуға үнемі даяр тұратын осындай тұлға.

«Адамды өмірге құлшындыратын да, алдағы үмітіңді шындыққа айналды- ратын құдіретті нәрсе – еңбек», – дейді ағамыз.

– Бүгінде Сіздер жұмыс жоқ деп қарап отырсыздар, дейді ол өз замандастарына. Тиісті жер үлестерің бар, бірақ техника, жанармай, тұқым жоқ екенін тілге тиек етесіздер. Бұл пиғылмен отыра берсеңдер, сіздерге ешкім ешнәрсені тегін әкеліп бермейді. Бұл нарық заманы, сондықтан әрекеттену керек. Қимылсыз қарап отыру өмірдің мәнін кетіреді. Ауыра бастайсың, басқалардың мазасын аласыңдар. Сондықтан қимылсыз қарап отыру мен үшін тозақпен бірдей. Мен ұзақты өмірімде осыны түсіндім.

Иә, айтса айтқандай-ақ, Көпекең – көзі ашық, көкірегі ояу, ана тіліне нағыз жанашыр азамат. «Мен өз өміріме риза, бақытты адаммын. Бұйырған қызметтерді атқардым. Жас шағымда ұстаз-әліппесін ашып, білім алдым. Соны қанағат тұттым, өмірге өкпем жоқ. Екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін мәртебелі орындарда қызмет атқардым. Отбасын құрып, жарасымды ұрпақ өсірдім. Ұл-қыз, немере-шөбере сүйдім. Балаларыма заманға сай, жоғары білім әпердім. Осының бәріне тәубе деймін…» дейді көпті көрген Көпекең.

Тектінің тебінінде, көргендінің көрігінде өскен асыл азаматтың отбасында жарасымды сыйластық бар. Жеңгеміз Нұрымова Енежан алтын құрсақты ана. Өмірге 3 ұл, 5 қыз әкелген ол медицина саласының білікті маманы. Балаларының бәрі жоғары білімді. Олардың бәрі халық шаруашылығының түрлі саласында қызмет атқарып жүр. Бүгінде қадірлі қариялар олардан 22 немере, 14 шөбере сүйіп отыр.

Адамға, ортаға, қоғамға сыйымды мінезімен сыйлы азамат тәуелсіздік, рухани тәуелсіздік мәселесіне келгенде үзілмейтін, тат баспайтын күміс өзекке айналады. Бұл да мінез. Жақсының жасына жақсылықтың жылуын сыйлаумен келген жақсы азаматқа қаратыла айтылған бір ауыз жақсы сөз оның нұрын тасытатыны анық.

 

Аманбай Әбдіғаппаров,

қоғам қайраткері,

Ермек Жұмахметұлы,

журналист.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *