ЖАҒДАЙЫҢ ҚАЛАЙ, КУБА?

57Өткеннен үзік сыр…

Аға буын жақсы біледі, Куба бір кездері Латын Америкасындағы, тіпті,  Батыс жарты шарындағы — жалғыз социалистік ел саналды. Кеңес одағы  Кубаны «Бостандық аралы» деп дәріптеді. Команданте Фидель Кастро Рус бастаған кубалықтардың күрескерлік және ерлік істерін басқаларға үлгі етті. КСРО-ның өзі бас болып, өзге де социалистік елдер Куба Республикасына саяси-экономикалық, қаражаттық, әлеу­мет­тік-гуманитарлық жағынан жан-жақты қолдау көрсетті. Жеңілдікпен мұнай жеткізіп беріп, одан қант өнімдерін көптеп сатып алып отырды. Жүздеген кеңестік білікті инженер, құрылысшы, техник, әскери мамандар барып, интернационалдық рухта құлшына жұмыс істеді. Жұртшылық:

Куба — любовь моя!

Остров зари багровой…

Песня летит, над планетой звеня:

«Куба — любовь моя!»

Слышишь чеканный шаг?

Это идут барбудос.

Небо над ними — как огненный стяг…

Слышишь чеканный шаг? — деген әнді асқақтата  шырқады.

Осы жылдары біздің даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлы тікелей Фидель Кастроның шақыруымен «Бостандық аралы­на» барып қайтты. Ол туралы «Куба әсер­лері» деген кітап жазып, жұртшылық оны қызыға оқыды.

Кейбір деректерге қарағанда, алғашқы кезеңде, яғни, алпысыншы жылдың өзінде Кеңес одағы Кубаға 100 млн. доллар көлемінде қаржылық несие берген көрінеді.

Керек десеңіз, АҚШ тарапынан әскери қауіп төнген шақта Мәскеу Кубаға ядролық соққы бере алатын орта қашықтықтағы зымыранын апарып қойып, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етті. 1962 жылғы қазандағы атышулы «Кариб дағдарысы» сол кезде туды.

Әрине, Америка құрылығында Куба сияқты революциялық рухтағы социалистік даму жолын таңдаған мемлекеттің пайда болуы АҚШ-қа ұнамады. Былайша айтқанда, оның табанына шөңге болып кіріп, жон арқасына шаншудай қадалды. Сондықтан оған саяси және әскери жағынан қысым көр­сетіп, экономикалық қоршау мен оқшауда қалдырудың бар амалдарын қарастырып бақты.

Ақиқатын айтқан жөн, Куба елі 1960 – 1990 жж. аралығында атой салып алға шығып кетпегенімен, Кеңес үкіметі мен социалистік мемлекеттердің көмектерінің арқасында экономикалық-әлеуметтік жағ­дай­ын біршама ілгерілетіп алды. Бұл жылдар ішінде жалпы саны 161 кәсіпорын жаңадан салынып, қайта жарақтандырылды. Тікелей КСРО, Польша және Чехословакияның қант зауыттарының саны 170-ке жетті.

 

Кеңес одағының құлауы кері әсерін тигізді

 

Әлемдік геосаясатта АҚШ-қа бәсеке­лес әрі теңгерме болып келген КСРО-ның ыдырауы Кубаға да кері әсерін тигізді. Олай дейтініміз, небәрі  үш жылдың (1990-93 жж.) ішінде елдің ЖІӨ 33 пайызға төмендеп, елде азық-түлік тапшылығы, дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі қатты сезілді. Жанармай, отын азайып, жарық жиі сөнетін болды. Көпшілік автокө­ліктің орнына пойыз, ат арба, велокөлік пен рикшаларды пайдалануға көшті. Бәзібір сәуегейлер: «Таяу арада Фидель Кастроның үкіметі құлайды» деген болжам жасап үлгерді.

Бір айта кететіні, шынайы коммунист Фидель Кастро Михаил Горбачевтің  КСРО-да   қолға алған «Қайта құру» сая­са­тын қош көрмеді. Сондықтан болар, ол Кубада  «Московские новости», «Новое время», т.б. басылымдардың таралуына тыйым салды. Бұған қатысты: «Бүгінде әрбір социалистік ел өздерінің марксизм-ленинизмді қалай пайымдайтындарына қарай социализмді жетілдіруге, өз формалары мен формула­ларын қолдануға ұмтылуда. Осы қағидат­тарды жүзеге асыруда Горбачев жолдас ту ұстаушы болып тұр.  Дегенмен, қандай да бір социалистік ел өзінде капитализмді орнатқысы келсе, біз оның ондай құқығын сыйлауымыз керек» деген пікірін білдірді. Қызық болғанда, Горбачевтің саясатына қарсы шыққан  Борис Ельцинді қолдады. Бұл жөнінде Ельциннің «Исповедь на заданную тему» (Москва, Изд. «ПИК», 1990 г.) деп аталатын кітабында  СОКП ОК 1987 жылғы қазан пленумында  жоғарғы билікті сынап, жеккөрінішті болып, оқшау қалған сәтте өзіне социалистік мемлекеттер бас­шы­ларының ішінен Польша президенті В. Ярузельский мен Куба басшысы Ф. Кас­тро­ның ғана қолдау білдіргенін  жазғаны бар.

Ел басына түскен қиындыққа байла­ныс­ты Куба үкіметінің барлық салада үнемшілдік жүргізіп, дағдарысқа қарсы тиімді шаралар қолдануының арқасында  1994 жылға қарай жағдай біршама тұрақталды. Экономиканың негізгі тірегі – қант өндіру өнеркәсібі болып келген болса, екінші кезекте туризмді дамыту ісі қолға алынды. Шет елден әкелінген 500 млн. доллар инвестицияның 400 млн.-ы  осы туризм саласын жандандыруға жұмсалды.

1992 жылы Куба Республикасы  Кариб теңізінің айналасындағы елдерді бірікті­ретін халықаралық «Carіbbean Tourіsm Organіzatіon» ұйымына мүше болып кірді.

1996 жылы шет елдерден инвестицияны ұлғайту мақсатында  ЕЭА (Еркін экономи­ка­лық аймақтар) құру жөнінде заң қа­былданды. Бұл заң дереу күшіне еніп, ке­лесі 1997 жылдың өзінде  үш өңірде: Мариэль, Гавана және Вахайда —  ЕЭА-тар жұмыс істей бастады. Әрі инвестиция құйған шетелдік компанияларға елу жылға еркін қызмет жасауға мүмкіндік берілді. Меншіктің: мемлекеттік, кооперативтік, шетелдік, жеке және аралас түрлері мойындалды. Экономика көпукладты түрге еніп, шаруашылық механизмі, рыноктық қатынастың элементтері енгізілді.

Елдің 1991 – 2001 жж. аралығындағы  дамуы  баяу сипатта жүрді. Әйтсе де ЖІӨ жөнінен Куба 2003 жылы – 3,8 пайызға, 2005 жылы – 11,8 пайызға, 2006 жылы – 12,5 пайызға, 2007 жылы —  10 пайызға қол жеткізді. Бір өкініштісі, 2008 жылы орын алған табиғи апат: «Густав» пен «Айк» дүлей дауылдары  ел экономикасына 11 млрд. доллар көлемінде шығын әкелді.

Алайда, мұндай табиғат апатынан гөрі  Кубаның дамуы мен өсіп-өркендеуіне алпауыт Американың тигізген зиян-залалы орасан зор. Санап қарасақ, 1960 – 2014 жж. аралығында АҚШ  25 әртүрлі санкция, эмбарго, оқшаулау, т.б. шектеу, тыйым салу шараларын қолданып, бұлардан келті­рілген зиян мен шығын, кейбір мәліметтерге қарағанда, 975 млрд. долларға жет­кен.

Сонау 1962 жылдың ақпанында АҚШ-тың күштеп, тізеге басуымен Куба  АМҰ (Американ мемлекеттері ұйымынан) шығарылды. Осыған байланысты күні кешеге дейін Латын Америкасындағы және Солтүстік Америкадағы көптеген мемле­кеттер  Куба Республикасымен  саяси қатынас былай тұрсын, сауда-экономи­калық, мәдени-гуманитарлық байланыстар жасауға  қорқасоқтайды.

Тек беріде, яғни, 1998 жылдан бастап  Венесуэла батыл қадам жасап, Кубамен ынтымақтастық  орнатып, күніне 53 мың баррель мұнай жеткізе бастады. Ал, Куба өз тарапынан Венесуэлаға 15 мың кәсіпқой да білікті дәрігер, мұғалім, инженер-техник мамандарын жіберді. Және де мұнай импортының белгілі бір бөлігіне ақша төлеп отырды.

2013 жылға қарай екі ел арасындағы келім-шарт 175-ке жетіп, көптеген салаларды қамти түсті. 2011 жылы Кубаны осы заманғы интернет желісімен қамтамасыз ету үшін Венесуэладан су астымен кабель желісі тартылды.

2008 жылдың 19 ақпанында Куба Со­циалистік Республикасын елу жылға жуық басқарған Фидель Кастро  коммунистердің бас газеті  «Гранма»  арқылы  өзінің   Ми­нистр­лер кеңесінің төрағасы, Мемлекеттік кеңестің төрағасы, Бас қолбасшы және Куба коммунистік партиясының бірінші хатшысы сияқты лауазымды қызметтерден кететінін мәлімдеді. Осыған дейін кубалықтардың өзіне үлкен сенім мен үміт артып келгендеріне  алғыс айтты.

Біреулер: «Фидель Кастро Русты  Куба аралында теңдік пен бостандық орнатқан,  бұқара жұртшылықтың әлеуметтік жағдайын жақсартқан  нағыз халықшыл көсем, кемеңгер көшбасшы» десе, енді біреулер:  «адам құқығын аяққа таптаған диктатор, ұзақ жылдар бар билікті өзі иемденген автократ»  дейді.

АҚШ  билігі  Фидель Кастроны «ең басты жау» санады. Сондықтан да оған арнаулы топтар мен ұйымдар тарапынан бас-аяғы 638 рет қастандық жасалды. Ең көп мәрте Никсон тұсында – 184 рет және Рейган тұсында – 197 рет жасалды. Бірақ, оның бәрі жүзеге аспады. Осыншама жымысқы айла-әрекет пен қаскөй ша­буылдан аман қалу үшін қандай сақтық пен қырағылықтың, айлакерліктің қажет болғанын бағамдай беріңіз!

Біреу мақтап, біреу даттаса да Фидель Кастро Рус – Куба Республикасының  даму тарихында өзіндік қолтаңбасы мен ізін қалдырған дара  тұлға.

 

Рауль Кастроның  реформасы

 

Фидельден кейін Куба мемлекетіндегі бар билік  тізгіні оның туған інісі 1931 ж. т. Рауль Кастроға өтті.  2008 жылы 24 ақпанда  парламентте  97,7 пайыз дауыспен Рауль Кастро  мемлекет басшысы – Мемле­кеттік кеңестің төрағасы болып сайланды. Қызметке кіріскен бойда ол мемлекеттік аппаратты ықшамдап, қысқартуды, тұтастай алғанда, әкімшілік реформа жүргізуді қолға  алды. Сонан соң адамды мезі ететін басқосулардан – «жиналыс­құмарлықтан» бас тарту және жасанды іс-шараларды  қысқартуға ден қойды.

Кейінгі  он жыл көлемінде  Бостандық аралында жүргізіліп келе жатқан  реформалық өзгерістерді, әсіресе, елдің әлемдік рыноктық экономикаға кіріге бастауын  кубалықтар Рауль Кастроның есімімен байланыстырады.

Ол ең алдымен уақыттың талабына сай жоспарлы және орталықтанған экономи­калық жүйені өзгертіп, ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндіретін жергілікті шаруашы­лық­тарға еркіндік берді. Олар бұрынғыдай бар­лы­ғын өкіметке өткізбей, артық өнім­дерін базарға шығарып сатуға мүмкіндік алды.

2010 жылы елде кәсіпкерліктің көптеген түрлерімен айналысуға  рұқсат ететін, жеке кәсіпкерлікті реттейтін заңдар мен нормативтік актілер қабылданды.

Рауль Кастро отандастарына үндеу тастап, «елдің келешегінің қыл үстінде тұрғанын»  ашық мәлімдеді. Сондықтан социалистік құрылысты сақтап қалу үшін жеке кәсіпкерліктің үлесін көбейту қа­дамына барып отырғанын айтып, осы  мақ­сатта  қолға алған реформалық қадам­дарын жұртшылықтың қолдап-қуаттауын өтінді. «Бұл, бірақ, қайтадан капитализмге бет бұру емес. Жетекші коммунистік партияның  ұсақ жеке кәсіпкерлік туралы теріс көзқарасын өзгерту, жіберген қателіктерін жөндеу»,  – деді.

Бәлкім, біреулерге қызық  көрінер. Бірақ, ақиқаты солай. Кубалықтарға  Рауль Кастро билік басына келген соң ғана ұялы телефон ұстауға, қысқа толқынды пештерді пайдалануға, интернет жүйесіне қосылуға рұқсат етілді.

Бүгінде  қант, никель, темекі, теңіз өнім­дері, медициналық тауарлар, цитрус­тық жемістер және кофе  — Кубаның негізгі  өн­дірісі саналады. Бұл өнімдер Қытай, Канада, Испания және Нидерландияға экс­порт­қа шығарылады. Ал, шеттен мұнай өнімдерін, өнеркәсіптік қондырғылар, химия­лық бұйым­дар тасымалдайды. Импорттық  әріптес­тері – Венесуэла, Қытай мен Испания.

2004 жылғы қарашада  сол тұстағы Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтаоның  осында жасаған са­парын­да  аспанасты елінің  Кубаның никель өнеркәсібін дамытуға  500 млн. доллар инвестиция құятындығы жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Осы сияқты, 2008 жылғы қаңтарда келіп қайтқан Брализия президенті  Лула да Силва мен мемлекеттік Petrobras мұнай компаниясының басшысы Жозе Сержио Габриелли Куба территориясына жататын  Мексика шығанағында  мұнай кеніштерін іздестіру жұмыстарына және техникалық майлар шығаратын зауыт салу құры­лысына 500 млн. доллар инвестиция­лық қаржы бөлетіндерін жария етті.

Сонау 1984 жылдың өзінде Кубаның батыс бөлігінде бірқа­тар мұнай мен газ көздерінің бар екені белгілі болды. 2006 жылға қарай Флорида жаға­лауына жақын маңдағы мұнай кенішін игеру басталды. Сол жылы Иран мен Куба арасында мұнай саласындағы техникалық ынтымақ­тас­тық келісімі жасалды.

2014 жылы ресейлік «Ростьнефть» пен Кубаның «Unіon CubaPetroleo» мұнай компаниясы  пісіп-жетілген мұнай көздерін бірлесіп игеру жөнінде  келісім-шарт жасасты.

1993 – 2003 жж. аралы­ғында ЕС (Еуро­одақ)  Куба еліне 145 млн. еуро (оның ішінде 90 млн.-ы гуманитарлық көмек) көрсетті. Қазіргі күні кубалықтардың орташа жалақысы 300-350 песо. Бұл – небәрі 14-15 доллар деген сөз. Дейтұрғанмен, халыққа бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер мен көмектер көрсетіледі. Жұмыс киімі тегін беріледі. Медициналық қызмет пен білім алу ақысыз. Халықаралық ұйымдардың мәліметіне сүйенсек, Кубаның ЖІӨ 114,1 млрд. долларды құрайды. Жан басына шаққанда 9900 доллардан айналады.

Әрине, Куба Республикасының  сырт­қы елдермен мұнан да кең көлемде  сауда-эко­но­микалық байланыстар жасауына болар еді. Оған оның  мүмкіншілігі мен әлеуеті жеткілікті.

Бірақ, кейбір сарапшы мамандар  «Бұлтартпайтын басы ашық шындық, Кубаның  әлемдік рынокқа мұнан да тереңірек кірігіп, қарқынды дамуына  АҚШ-тың оған қарсы елу жыл бойына жүргізіп келе жатқан саясаты мен экономикалық  эмбарго-санкциялары  кедергі болып отыр» дегенді айтады.

Дегенмен, кейінгі кездері  американ-куба қарым-қатынасында мұз-тоңның беті аз да болса жібігені байқалады. Осы ретте  АҚШ-тың қазіргі президенті Барак Обаманың бірқатар оң қадамдар жасағанын айту парыз. Оған 2014 жылдың 17 желтоқсанында  Б. Обама мен Рауль Кастроның  екі мемлекет арасында 1961 жылы үзілген дипломатиялық қатынастың  қайта орнатылғанын жария еткені  мысал бола алады.

Сондай-ақ, биылғы 2016 жылдың 21 наурызында  Барак Обама  Кубаға ресми сапармен келіп, елдің Мемлекеттік кеңесінің төрағасы  Рауль Кастромен бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасып, кеңесіп қайтты. Бұл сонау 1928 жылдан бері АҚШ президентінің  Куба  жеріне тұңғыш рет қадам басуы болатын.

 

Алыс та болса жақын ел…

 

Кешегі кеңес өкіметінің тұсында  Куба КСРО-ның  сенімді бір серігі әрі страте­гия­лық әріптесі болғандықтан, қазақстан­дықтардың бұл елге жылы қабақ танытып,  іш тартатыны талассыз.

Мәдени-гуманитарлық байланыстар аясында бергі 70-80-жылдары  Алматыда жоғары оқу орындарында (ҚазМУ-де, АГМИ-де, ҚазПТИ-де) талай кубалық студенттің  білім алып, жергілікті жастармен қоян-қолтық араласқаны жұрттың әлі есінен шыға қойған жоқ.

Бір-бірімізге деген осындай оң көзқарастың әсері болса керек, сонау 1992 жылдың  наурызында Куба мен Қазақстан арасында дипломатиялық қатынас орнатылып,  келесі жылы-ақ  Алматыда Кубаның елшілігі ашылды.

2013 жылдың қазанынан Кубаның біздің еліміздегі елшісі қызметін Карлос Энрике Вальдес де ла Консепсион атқарып келеді. Ал, сол жылдың желтоқсанынан Қазақстанның Кана­дадағы елшісі Константин Жигалов  кубадағы елшілік қызметті қоса атқаруда.

Әр жылдары Куба-Қазақстан ынты­мақтас­тығын қалыптастырып, дамыту бағытында сырт­қы істер министрі және оның орынбасарлары, кейбір министрліктер мен ве­домство басшыларының деңгейінде  әртүрлі бас­қосулар мен кеңестер өткізілуде.

Осы жылдың сәуір айында Қазақстан Респуб­ликасының Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың  АҚШ-қа барған сапа­рында жолшыбай Куба еліне соғып, оның басшысы Рауль Кастромен кездес­кені екі жақтың қарым-қатынасына жаңа сипат пен тың серпін берді.

Кездесу кезінде Н.Назарбаев ағынан жарылып:

—    Мен кезінде Куба төңкерісін қуаттап, команданте Фидель Кастроны мақтаныш еткен, «Куба – махаббатым менің» деген әнді тебірене шырқаған буынның өкілімін, – деді. – Сол себепті Қазақстанның сіздің елге деген ықылас-қызығушылығы ерекше. Естеріңізде бар шығар, кубалық ғарышкер  ғарышқа қазақ жерінен аттанды. Мен  Кубамен біздің  экономикалық және саяси байланысымыздың  жоғары деңгейде болуы үшін қажетті қарым-қатынастар орнатып, керекті келісімдер жасалуын қалаймын. Сондықтан  Төраға Рауль Кастромен жүргізген келіссөздеріміз ынтымақтасты­ғымызға даңғыл жол салады деп үміттенемін.

Екі жақтың  келіссөздері барысында ҚР энергетика министрі мен Кубаның Энергетика және тау-кен өнеркәсібі министрі мұнай-газ  саласында  екі жақтың  бірлесе жұмыстар жүргізуі туралы меморандумға қол қойды.

Мұнан соң Кубаның  алдағы жылы Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халық­аралық көрмесіне қатысу жайы да сөз болды. Өйткені, Куба  Латын Америка­сындағы жаңғыртпалы энергия көздерін ұлғайту мен дамыту бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келе жатқан елдердің бірі.

Кубалық тарап Қазақстаннан астық пен мұнай сатып алуға қызығушылық  танытты. Қазірше  екі жақтың тауар айналымы 8,6 млн. доллар көлемінде ғана. Оның өзін Куба жерінен тасымалданатын қант, спирттік ішімдіктер, темекі өнімдері мен кофе құрайды. Келешекте  Қазақстан жағы оларға қажетті тауарлар мен өнімдерді экспортқа шығаруға мүдделі.

Біздің кубалықтардан  медицина саласынан үйренеріміз көп. Ол елдегі дәрігерлік қызметтің жетістігі айтарлықтай. Соның нәтижесінде Куба халқының орта өмір сүру жасы 79-ға жеткен. Мұнда тұрмысы төмен,  ауыр науқасқа шалдыққандарға дәрігерлік көмек көрсететін «Ғажайып операция» деп аталатын арнайы бағдарлама қолға алынған. Сол бағдарламаның шеңберінде  әлемнің 16 елінде  63 көз ауруларын емдейтін, 84 ота жасайтын орталықтар ашылып, оларда  821 жоғары білікті дәрігер мамандар жұмыс істейді.

Бұл айтылғандарға қоса, Куба мен Қазақстанның мәдениет, білім және спорт салаларындағы байланыстары да біртіндеп жандану үстінде. Қазақстандағы Куба елшілігінің  бастамашылығымен кубалық суретшілердің көрмесі, испан тілінде сөйлеушілердің конференциясы, былғары қолғап шеберлерінің жолдастық кез­десулері,  т.б. ынтымақтастыққа қызмет ететін игілікті іс-шаралар өткізіліп тұрады.  Ал 2014 жылдың  ақпанында  ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы А.Галимова  Гаванада өткен  жоғары  білім са­ла­сының 9-Халықаралық съезіне қатысып қайтты. Министрлік өкілінің са­пары кезінде  екі жақтың білім беру сала­сын­дағы ынтымақтастығы туралы мемо­рандумға қол қойылды. Екіжақты байланыс пен ынтымақтастығымыздың бұдан әрі дами түсетініне үмітіміз мол.

 

«Ақшамның» анықтамасы:

XVІ ғ. аяғына дейін Куба аралын  үндіс тайпалары мекендеді. Олардың саны 1,8 млн.-дай болды. Мұнда 1492 жылы ең алғаш  еуропалық саяхатшы Христофор Колумбтың табаны тиді. 1511 жылы аралды испандық басқыншы Диего Веласкес де Куэльяр жаулап алып, арал тұрғындарын өзіне бағындырды. Куба 1823 жылы  тұңғыш рет Испаниядан тәуелсіздік алу үшін бас көтергенімен ол дереу басып тасталды. 1868 жылы бой көрсеткен елдің тәуелсіздік жолындағы күресі он жылға жалғасты. 1878 жылы жергілікті  халықты кемсітіп, үстемдік еткен заңдарды жою жөнінде келісім жасалды. 1895 жылы Хосе Марти бастаған кубалық патриоттар азаттық күресін бастап, ақырында жеңіске жетті. 1898 жылы АҚШ Испанияға қарсы соғыс ашып, Кубаны азат етті. Алайда, Куба енді оған тәуелді болып қалды. Американ Конституциясындағы  бұл елге кез-келген уақытта әскер кіргізу құқығы туралы тармақ 1934 жылы алынып тасталды. 1933 жылы сержант Фульхенсио Батиста-и-Сальдивар бастаған  төңкерісшілер  Херардо Мачадо-и-Моралестің диктаторлық билігін құлатып, демократиялық тәртіпті жариялады. 1952 жылғы 10 наурызда Фульхенсио Батиста мемлекеттік төңкеріс жасап, өз диктатурасын орнатты. 1953 жылғы 26 шілдеде Фидель Кастроның басшылығындағы төңкерісшілердің алғашқы әрекеті сәтсіз болып, олар саяси қуғындауға ұшырап, абақтыға жабылды. Арада екі жыл өткенде халықтың қысымымен түрмелерден босатылды. Әйтсе де 1959 жылы 1 қаңтарда екінші рет шабуыл жасап, жеңіске қол жеткізді. Диктатор Батиста елден қашып кетті. Осылайша Кубада билік басына «солшыл» көзқарастағы Фидель Кастро Рус келді. Оның басқаруындағы Куба Республикасы дамудың социалистік жолын таңдады. Бірақ, Кубаның бағыт-бағдары АҚШ-қа ұнамады. Сондықтан ол сан қилы саяси-әскери және экономикалық шектеу мен қысым  көрсету шараларын қолдануға  көшті. Ақ үй бұл ұстаным мен саясатынан әлі бас тарта қойған жоқ.

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *