Жағдай тұрақты, үйлерде жарық бар

Құттыбек АЙМАХАН

«Саябақ» стансасы бiр айда толық жөнделiп бiтедi
Бұған дейiн хабарлағанымыздай, 15-маусым күнi, таңғы сағат 04.20-да Орталық саябақ маңайында №132А «Саябақ» қосымша стансасында қысқа тұйықталу орын алып, апат болған едi. Соның салдарынан Медеу ауданының үлкен аумағы, Уәлиханов – Орманов – Райымбек – Мақатаев – Шевченко көшелерi шаршысындағы тұрғын үйлер жарықсыз қалды.

Дегенмен, төтенше жағдай орын алысымен тиiстi мекемелердiң шұғыл қимылы нәтижесiнде сол аумақтағы медициналық және басқа мекемелер сол күнi таңертеңгi 07.30 сағатқа дейiн резервтегi электр қуатымен жабдықтау көзiне қосылып үлгердi. Содан берi арада тура бiр апта уақыт өттi. «Саябақ» қосымша стансасындағы бүгiнгi жағдай қалай өрбуде? Осы тұрғыда Медеу ауданы әкiмiнiң орынбасары Талғат Разақов «Ақшамға» түсiнiктеме бере келе: – Алдын-ала берiлген бағалаулар бойынша, кабельдiк желiдегi қысқа тұйықталу нәтижесiнде болған апаттан соңақ қаладағы барлық бiлiктi мамандар оқиға орнына келiп жеттi. Ал «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ жағдайды түзетуге барлық бригадаларын жұмылдырып, өз iшiнде арнайы комиссия құрды. Олар қазiр апатқа жан-жақты талдау жасауда. Мiне, осындай жедел қимылдар арқылы энергетиктер тез арада уақытша электр қуатынсыз қалған барлық тұтынушыларды басқа қосымша стансаларға қосып үлгердi. Сондықтан да бiз «Жағдай тұрақты, үйлерде жарық бар» деп сенiммен айта аламыз. Ал егер қандай да бiр тұтынушыда дәл қазiр тоқ кернеуi қалыпты нормаға сәйкес келмесе, онда олар АЭЖ-6-ға (РЭС) хабарлассын. Сонда барлық мәселе өз орнымен толықтай шешiледi. Бұған барлық мүмкiндiктер бар, – дедi ол. Сондай-ақ, аудан әкiмi орынбасарының айтуы бойынша, қазiрдiң өзiнде №132А қосымша стансасындағы төрт секцияның бiреуi толық қуатымен жұмыс iстеп тұр. Ал қалғандары бiр ай iшiнде iске қосылады деп күтiлуде. Бұл ретте стансадағы қайта қалпына келтiру жұмыстары қарқынды жүрiп жатыр. Атап өтетiнi, қосымша стансаның тозығы жеткен барлық құрал-жабдықтары жаңартылып, ауыстырылып жатыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *