ЖАҢАЖЫЛДЫҚ ДАСТАРХАННЫҢ СӘНІ – ЕТ

88Құттыбек АЙМАХАН

Міне, күнделікті күйкі тірліктің күйбеңімен жүріп, 2016 жылдың есігін ашатын Жаңа жылға жақындап қалғанымызды да сезбей қалыппыз. Тіпті, бұл ретте басқаны айтпағанда, бүкіл қазақстандықтар үшін ең ұлық мереке саналатын Тәуелсіздік күнінің өзін елеусіздеу өткізген соң не дерсіз?! Оның орнына сол ұлық мерекеміз өте салысымен бәріміз жапа-тармағай Жаңа жылды қарсы алуға жанталаса кірісіп кеттік. Әрине, бүгінде «отбасылық мереке» аталып кеткен бұл күнге көпшілік шаңырақ шырша безендіріп, көл-көсір мерекелік дастархан дайындап жанталаса қам жасап жатыр. Өйткені, біздер санамызға «Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, солай өткізесің» деген қағиданы «байлап-матап» тастағанбыз. Сондықтан да әрқайсысымыз жыл ауысар мерекені көңілді, қызықты өткізуге тырысып бағамыз. Әрине, бұл тұрғыда біздер, тіпті, мерекелік дастарханның сәнін келтіретін негізгі тамаққа не әзірлейтінімізді ойланып жатқан жоқпыз.

 

Жаңажылдық қара қазанда ет бүлкілдеп қайнап жатсын

Әрине, жаңашылдық дастарханның ерекше болатыны белгілі. Бірақ, көп жағдайда көбіміз шамамызға, әрине, қалтамызға қарап «көсілетініміз» жасырын емес. Мысалы, осы орайда ауқатты, бай, дәулетті ағайындарымыз қазір де, негізінен, итальяндық, испандық ас мәзіріне көңіл бөлсе, өзіміз тұрғылас көпшілік бұқара халық бұрын манты, палау секілді үйреншікті тамаққа басымдық беретін. Ал бүгінде бұлардың арасында қазақтың ұлттық тағамы – сәтті дас­тар­қанға қоятындар көбейіп келеді. Әрине, бұған шүкір дейміз. Өйткені, осы арқылы қарапайым тұрғындар Жаңа жыл мерекесіне ұлттық рең беріп жатқанын байқау қиын емес.

Шыны керек, көшіп-қонып өмір сүрген атам қазақтың негізгі және сүйікті тамағы ет екені белгілі. Бұл ретте «ет дегенде бет бар ма?» деп әзілдейтін қазекемді тоқтату мүкін емес. Және етті қазақтан артық дәмді де сіңімді етіп дайын­дайтын басқа халық жоқ-ау деп ойлаймыз. Өздеріңіз көз алдарыңызға елестетіңізші, астау толы қазы-қарта, жал-жая алдарыңызға келсе, аузыңыздан сілекейіңіз шұбырып кетпей ме?

Иә, айт-айтпа, қазақтан өткен еттің дәмін білетін, оны тіл үйіретіндей дәмді етіп әзірлей алатын басқа бірде-бір жұрттың жоқтығы шындық. Сондықтан да, осы Жаңа жылда дастарханның дәл ортасында соғымға сойылған ет тұрса, қандай ғажап болар еді. Әрине, бұл ретте күн суыт­қанда соғым сою, негізінен, қысы қатал солтүстік өңір тұрғындарының дәстүрі. Өйткені, ұлтымызда «Жылқы еті адамға телегей-теңіз күш береді. Сондықтан да оны жеген адамдар суыққа төзімді келеді және анау-мынау аязға бой бермейді» деген ой қалыптасып қалған.

 

Қазақтар ет жеуден екінші орында

Әрине, қазақтың бәрі етке құмар. Бірақ, жылқы еті, негізінен, қыста «соғым» ретінде тартылады. Ал бұл көп жағдайда қысы аязды әрі қарлы солтүстік өңірлерге тән. Дегенмен де, оңтүстік қазақтары да етке елеусіз қарамайды. Бірақ, олар ауа-райы жылы болғандықтан қыста жылқы етін көп жей бермейді. Олар қыста көбіне ірі қара тұқымы мен қой-ешкіні азық етеді.

Жалпы, соғымға, негізінен, жылқы малы сойылады. Көбіне оларды сою барысында қазы-қарта, жал-жая секілді «кереметтер» алынады. Сондықтан да жылқы малы ежелден қасиетті саналған. Оның қымызы ағзаға шипа, еті емге дәрі болған. Осы қасиеттеріне қарай қазір елімізде жылқы еті мен қымызы денсаулықты жақсарту үшін, көп дерттің алдын алу үшін қолданылады.

Атап өтетіні, біздің қазақ ықылым замандардан бері алдындағы төрт түлік малын азық еткен. Бұл ретте шипалы өсімдіктермен қоректенетін малдардың еті сүзгіден өтіп, ұлтымызға еш зиянын тигізбейтін. Тіпті, кешегі кеңестер заманының өзінде жалғыз өзі бір қойдың етін жей беретін қазақтардың болғанын көзіміз көрген. Ал қазір заман өзгерген. Сонымен бірге, адамдар да өзгеріп, бір тәрелке тамақты тауысып жей алмайтын, бір жілікті толық мүжи алмайтын әлжуаз адамдар пайда болды. Бұл – адамның дұрыс тамақтанбауының әсері. Мысалы, бүгінде дені дұрыс зерттеу жұмыстарымен айналыспаса да халыққа «мал майының зияны туралы» айтып жүрген өсімдік майын шығарушылар сөзіне құдай сөзіндей сенетін болдық. Соның салдарынан қазір екінің бірі жүрек-қан тамырлары, онкологиялық және қант диабеті ауруларымен ауыратын болған. Одан қалды, өсімдік майы көп жағдайда рак, сусамыр, тромбоз, артрит, семіру, жылдам қартаю мен аутоиммундық дерттер туғызатыны дәлелденіп отыр.

Әрине, көп жесе мал майы да пайдалы деуге негіз жоқ. Өйткені, оны көптеп қолданушылар арасынан буын, қан қысымы ауруларымен келіп түсіп жатқандар да көп. Дегенмен де, тамақты қуыру кезінде өсімдік майы мал майын жолда қалдыратынын ұмытпаған жөн.

Жалпы, жылқы етін қазақтар ерте замандардан бастап жеген. Бұл ретте халқымыз, тіпті, жылқының қазақтар үшін қасиетті жануар болғанына да қарамаған. Өйткені, ұлтымыз «жылқы етімен қоректену арқылы күш аламыз, қасиетті жануардың өмірлік қуатын бойымызға сіңіреміз» деп ұққан.

Сондықтан да, қазақтар жылқы етін жеуге өте құмар болған. Оның үстіне қазіргі медицина жылқы етінің көптеген пайдалы жақтарын анықтаған. Мысалы, адам ағзасы сиыр етін 24 сағатта әзер қорытса, жылқы етін бар болғаны үш сағатта-ақ бойына сіңіріп жіберетін болған. Сондай-ақ, жылқы етінің жылу бөлгіш қасиеті бар екенін жоғарыда айттық. Оның үстіне жылқы еті түрлі белоктарға бай екендігі де анықталған. Нәтижесінде, олар қандағы холестерин мөлшерін айтарлықтай азайтып, дендегі зат алмасуын реттеу арқылы радиацияның әсерін төмендетіп отырған. Сосын жылқы етінде адам ағзасына өте қажетті дәрумендер мен микроэлементтер өте көп болады екен. Олардың қатарында В, А, РР тобындағы дәрумендердің калий, натрий, күкірт, фосфор, темір, мыс, магний, амин  қышқылы, тиамин, рибофлавин секілді элементтердің көп екені  де белгілі.

 

Жылқы еті сегіз елде ресми тұтынылады

Мінеки, осы себептерден көптеген халықтар жылқы етін ғасырлар бойы пайдаланып келеді. Атап айтқанда, жапондар жылқы малы жайылымының тарлығына қара­мастан үлкен тойларда жылқы етін көптеп пайдаланған. Ал Германияда «ол жылқы етін жеген» деген сөз бар болса да, барлық шұжық түріне жылқы еті қосылады екен.

Дегенмен де, әлемнің бірқатар елдерінде жылқы етін жеуге ресми тыйым салынған. Мысалы, жылқы қазір де Ұлыбританияда, Ирландияда, АҚШ-та, Канадада, Испа­нияда, Бразилия мен Үндістанда қасиетті саналады. Сонымен қатар, жылқыны орыс шаруалары, украиндар, сығандар мен түркімендер әлі күнге қасиетті санап, жемейді екен.

Ал әлемде жылқы етін тұтынуға ресми түрде рұқсат берілген сегіз ел бар екен. Оның ішінде ең ірісі – Қытай. Бұл ел жылқы етін пайдалану бойынша көш басында. Ал олардан кейін жылқы етін көп тұтынатын ел – Қазақстан көрінеді. Содан соң, кешегі кеңестер заманындағы 70-жылдары апта сайын Алматыдан Парижге ұшақпен жылқы еті жөнелтілетін Францияда қазір бұл көрсеткіш 60 пайызды құрайды дейді. Ал Италия оқушылардың ас мәзірін сиыр етінен жылқы етіне ауыстырса, Индонезия халқы жылқы етінен арнайы «сатай» деген отқа қуырылған тағам жасайды екен. Сол сияқты жылқы етін, жоғарыда айтқанымыздай, Германия, Жапония халқынан басқа, Бельгия мен Венгрия тұрғындары да тұтынатын көрінеді.

Қорыта айтқанда, жылқы еті тез қорытылатын тамақ болғандықтан, ағзаға өте пайдалы азық-түлікке жатады. Сонымен қатар, жылқы етінің ең үлкен пайдасы – ол се­міруге қарсы қолданылып, адамға күш-қуат беретін көрінеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *