ЖАҢАША КӨЗҚАРАС ЖОЛДАРЫН ТАПҚАН

Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихына ХХ ғасырдың 80-жылдарынан енген жаңа толқын зерттеушілер өздерінің алдындағы аға буын көрнекті ғалымдарымыздың ұстаздық тәлімгерлік-тәрбиешілік ұлағаты ықпалы аясында қалыптасты. Әсіресе, Қазақстандағы жетекші ықпалды жоғары оқу орындары болып саналатын Абай атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі жаратылыстану, қоғамдық-гуманитарлық, техникалық ғылымдар салаларындағы ұстаз-ғалымдарды және олардың талантты шәкірттерін айрықша мақтанышпен айта аламыз.

Олар қазіргі Тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңа тарихындағы ғылыми-зерттеу және оқу үдерісі, тәлім-тәрбие жұмыстары тұтастығымен еңбек етудің дәстүрлі жолын дамыта жалғастырып келеді. Бұл орайда филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүше­сі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, (1997–2009 ж.ж.) ұзақ жылдар бойы оқытушысы болған еңбек сапарындағы Бисенғали Зинол-Ғабден  Қабиұлын айрықша бағалап айтамыз. Ол 1950 жылы 21 қаңтарда  Атырау облысы, Құрманғазы (бұ­рын­ғы Теңіз) ауданында   дүниеге келген.  Онжылдықты ауы­лын­да бітіргеннен кейін 1967 жылы ҚазҰУ-нің  филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1972 жылы  үздік дипломмен  біті­ріп шықты. Еңбек өтілі жылдарында шығармашылық қабілетімен сан алуан игілікті істерді жүзеге асырды. 1972–1978 ж.ж. Қазақ радиосының балалар мен жастарға  арналған  хабарлардың  Бас редакциясында редактор болып қызмет істеген жылдары Отанымыздағы материалдық және ру­хани мәдениет жетістіктерін насихаттау істерін жүзеге асыр­ды.

Қазақстанның  сан түрлі қалалары мен өлкелеріндегі жаңалықтардан: алып құрылыстар мен  жастар көтеріп жатқан жаңа бастамалардан, мектептер мен жоғары оқу орындарын­дағы игі іс-шаралардан репортаждар жүргізеді, республика қоғамдық өміріндегі басқа да мәнді жаңалықтар туралы эфирден үзбей жариялады. «Өрендер», «Естен кетпес ерлік беттері» атты хабарларда республика өміріндегі ірі уақиға­ларға белсене араласып жүрген жастар мен олардың жетек­шілері, еңбек және соғыс ардагерлері туралы радиоочерктер мен кездесулер, сұхбаттар ұйымдастырды. Қоғамдық-әлеу­меттік ортаның ұрпаққа тағылым болған жақсылықтарын азаматтық-отаншылдық рухпен насихаттады. Көрнекті қоғам қайраткерлері мен өнер тарландарына, жазушыларға арналған тартымды туындыларды мол жазып, халыққа ұсынды. Мысалы, С.Бегалин, Ж.Арыстанов, Ә.Нұршайықов, С.Мәуле­нов, Ә.Сәрсенбаев, Б.Соқпақбаев, О.Бөкей, Н.Ғабдуллин, СССР Халық артисі Р.Бағланова, С.Майқанова, Қазақ  ССР халық артисі Н.Қаражігітов, Қ.Тас­танбеков, М.Өтекешова, көрнекті композиторлар Ә.Бейсеуов, Ш.Әбілтаев, Совет Одағының Батырлары Қ.Хамзин, Қ.Сұра­ғанов, А.Суханбаев. М.Мәметова, Социалистік Еңбек Ерлері М.Көлжанова, З.Кү­дербаева, т.б. туралы деректі әңгіме-очерктері сол жылдары жазылған еді. Қаламгерлік қабілетімен өмір шындығын насихаттауға туындылар жазуы кейін әдебиеттанудағы іргелі зерттеулеріне де негіз болды.

1978 жылы Зинол-Ғабден Бисенғали Қазақ мемлекеттік университетіндегі қазақ әдебиеті кафедрасының күндізгі аспирантурасына қабылданып, профессор Бейсенбай Кенже­баевтың жетекшілігімен «ХХ ғасыр басындағы қазақ проза­сының қалыптасуы» (1917 жылға дейінгі кезең) тақырыбында диссертация жазып  қорғады. Бұл – қазақ әдебиеттануындағы жаңалығы мол сипатымен бұдан кейінгі тың зерттеулерге тиянақты бағдар болған өзекті сала.

1983 жылы жарық көретін «XX  ғасыр басындағы қазақ прозасының қалыптасу жолдары»  атты оқу-методикалық құралын жазып жариялағаны, қазақ прозасы тарихына қатысты жаңашыл концепциямен жазылғаны ғалымның ұлттық топырақтағы отандық ғылымға әкелген жаңа ұстанымға қосқан көрнекті үлесі болды. Қазақ әдебиетінің көркемдік таным биіктігінде өрлеу кезеңін зерделеуге арналған ғалымның бұл еңбегі Қазақстанның Тәуелсіздігі жылдарындағы жаңа зерттеулердің өркендеуіне де тың серпін қосқаны ақиқат.

1984–1986 жылдары «Мектеп» баспасының Жоғары оқу орындары қоғамдық-гуманитарлық редакциясының аға редакторы болды және филология  факультетінде «Қазақ әдебиетінде проза жанрының қалыптасуы» атты арнаулы курс пен «Қазақ әдебиеті тарихынан»  дәрістер оқиды.

Ол 1986 жылдан бері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, аға оқытушы, доцент, профес­сор, кафедра меңгерушісі қызметтері бойынша үзіліссіз еңбек етіп келеді.

1997 жылы «ХХ ғасыр басындағы қазақ романы» тақырыбында  (кеңесшісі – академик Зейнолла Қабдолов) докторлық диссертация қорғады. Ғалымның докторлық диссертациясы ұлттық сөз өнері құндылықтарының әлем өркениеті кеңістігіндегі әдеби үдерістің жаңа бағыттарымен, көркемдік әдістерімен поэтикалық үндестіктер тұрғысында қарастырылуымен ерекшеленді.

Зинол-Ғабден Бисенғалидың «ХХ ғасыр басындағы  қазақ романы» атты монографиясы 2000 жылы  Түркия Республи­касында  (Мугла университеті) түрік тілінде жарық көрді.

2003 жылы «Казахский роман  начала ХХ века»  (орыс тілінде) және «Қазақ романы» атты монографиялық зерт­теулері жарық көрді. Профессор Зинол-Ғабден Бисенғали – республика  жоғары  оқу орындарының студенттеріне арнал­ған «Қазақ әдебиетінің тарихы» (ХХ ғасыр)  типтік оқу   бағдар­лама­сының   авторларының бірі.

Ғалым-ұстаз қазақ  әдебиеті тарихы мен  теориясынан  жал­­пы  курстар оқумен қатар  «Қазақ  әдебиетінде  проза   жан­­рының қалыптасуы», «Қазақ прозасының поэтикасы», «Қазақ романының тарихы», «Сәбит Мұқановтың  шығар­машылық шеберханасы», «Ғабит Мүсіреповтің шеберлігі», «Жазушы шеберлігі», «Қазіргі әдебиеттанудың өзекті мәсе­лелері», «Қазақ романы», «ХХ ғасыр басындағы қазақ романы» атты  арнаулы пәндік курстар қалыптастырып, солар­ға арнап  оқу бағдарламаларын, методикалық құрал­дарын  жариялады.

Ғалым-ұстаздың ғылыми жетекшілігімен қорғалған кандидаттық, магистрлық, докторлық диисертациялар қазақ әдебиеттануы ғылымының жетістіктерін толықтырған жаңалықтар қатарында бағаланып келеді.

Тәжірибелі ғалым-ұстаз 2006-2007 оқу жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің  «Жоғары мектеп үздік оқытушысы» грантының иегері атанды.

Ұстаздық қызметі мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын тұтастандыра жемісті еңбек етіп келе жатқан көрнекті ғалым­ның жоғарыда аталған еңбектерінен басқа да жарық көрген кітаптары рухани құндылықтар қатарындағы сипатымен маңызды. Мысалы: «ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы»: Оқу-методикалық құрал. Алматы, 1983; «ХХ ғасыр басын­да­ғы қазақ прозасы»: Монография. Алматы, Мектеп, 1989; «ХХ ғасыр басындағы қазақ романы»: Зерттеу. Алматы, Өлке, 1997; «Қазіргі әдебиеттанудың өзекті мәселелері»: Магистрлер үшін арнаулы курсқа арналған оқу құралы. Алматы: Қазақ университеті, 2000; «ХХ ғасыр басындағы қазақ романы»: Монография (Түрік тілінде) Хазиран. Мугла университеті, 2000; «Қазақ романы»: Монография. Ақтөбе: Раритет, 2003; «Қырқыншы-алпысыншы жылдардағы қа­зақ әдебиеті»: Оқу құралы. Алматы: Қазақ университеті, 2006; «Қазақ прозасы». Екі томдық. – Алматы: «Арыс», 2010; «Көк­­­жиек»: Ғылыми мақалалар мен ой-толғаныстар топ­та­­ма­сы. – Алматы, Таугүл принт, 2010; «Қазақ филоло­гиясы: Егіз негіз» (Манкеева Ж. – бірге) – Алматы: «Арыс», 2010, т.б.

Ғалым-ұстаздың бұқаралық ақпарат құралдарындағы (газеттер, телеарналар, радиобағдарламалар) қазақ және әлем халықтарының классикалық әдебиеті мұраларына байланысты ғылыми-танымдық мақалалары, сұхбаттары оқырмандардың, тыңдаушылардың жылы ықыласына ие болып келеді. Қазақ сөз өнері мұраларының көркемдік-эстетикалық ерекшелік­терін саралаған ғалымның тың тұжырымдары әдебиеттану ғылымындағы жаңашылдық сипатымен баурайды. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы әдеби-мәдени мұраларды жаңаша бағалау бағдарындағы рухани жаңғыру ұстанымы – ғалым-ұстаздың шығармашылық қызметінің алтын арқауы.

Филология ғылымының докторы, профессор Зинол-Ғаб­ден Қабиұлы туған жері Атыраудағы ата-бабаларының ежелгі ататек-әулет негіздерімен сабақтастық желісін ұмытпаған азамат. Қазақ халқының мыңжылдықтар бойы желісі үзілмеген қандастық негіздерінің қазіргі заманғы жалпыұлттық тұтастыққа ұласуында Алаш зиялысына тән ұстанымын өмір бойы сақтап келеді. Тектілік қасиетімен халқымыздың құрметін иеленген Алаштың ғалым азаматы Зинол-Ғабден тағылымы ұрпақтарымызға жарқын өнеге болып отыр.

 

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымының докторы, профессор,

ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі,  Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *