ЖАҺАНДЫҚ ҮРДІСТЕГІ ҰЛТТЫҚ КОДЫМЫЗДЫ БІЛЕЙІК

Тұрсынбек КЕШУБАЙ, гуманитарлық ғылым магистрі, әнші, журналист:

— Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кейінгі жылдары «ұлттық код» деген сөзді жиі айтып келеді. Таяуда ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да қазақтың байыр­ғы өнеріне тоқталып: «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару керек» деп арнайы атап өтті. Өте дұрыс бастама. Қуана­сың. «Рухани жаңғыру» мәселесінде ұлттық өнердің қолдау табуы қазақ өнерінің ертеңіне деген сенімді бекемдей түседі. Жер бетінде жаппай жаһандану жүріп жатқан бүгінгі таңда шынымен де ұлттық ерекшелік кім-кімге де ауадай қажет. Әсіресе, қазақ­қа. Қазақы қанымызға тән өнерімізде де ұлттық бояудың болуы жаһандық үрдіске жұтылып кетпей, жалпақ жер бетінен өзіндік қолтаңба­мыздың қалыптасуына айтарлықтай ықпал етеді.

«Әу» демейтін қазақ жоқ» дейді дана халқымыз. Шынымен де, қамшы сабындай қысқа ғұмырында жыр жаттап, жақ кірісін ашпайтын қазақ кемде-кем. Ұлтымыздың жаңа туған нәрес­тесі шаттық үні шалқыған «әлди-әлди» жырымен тал бесікке салынып,  қимастықтан көз жастары көл болған «жоқтау» үнімен жер бесікке бөленеді. Осыдан-ақ қазақ өмірін ән-жырсыз елестете алмайты­нымызды аңғару қиын емес.

Ғұлама, данышпан ақынымыз Абай Құнанбаев:

«Құлақтан кіріп, бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй», — дейді. Шіркін, керемет-ақ, жақсы ән жан­ның рахаты, тәннің сауықтырушысы ғой.

Тыңдаған сайын бойды балқытып, ойды шалқытып сала беретін әні мен күйі бар ұлт нағыз өміршең. Өнері мен мәдениеті тасқа басқан таңбадай қанық түскен халықтың рухани тамыры тереңдей түсері айдан анық. Рухани тамыры тереңге тартқан ұлт ешқашан жер бетінен жоғалмайды.

Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбы­рай салып кеткен қазақ әнінің сара жолы жаһандық үрдістегі «ұлттық кодымыз» екені де даусыз. Өйткені, дәстүрлі ән өнеріміздің өзіне ғана тән мінезі, қоңыр таудың қойдай қоңыр қазағына тән мәнері бар. Біз Батыстың эстрадасын, Еуропаның операсын нақышына келтіре орындай алуымыз әбден мүмкін. Орындап та жүр біздің әншілер. Бірақ олардың қолына қара домбыра алып, қоңыр мінезді қазақ әнін қоңырлата орындай алуы екіта­лай. Міне, нағыз ұлттық код!

Қазіргі таңда өз ұлтымыздың сап алтындай мәдениетінен, салт-дәстү­рінен, өнерінен үркіп, оны көнеліктің белгісі санап, жат жұрттың қаңсығын таңсық көріп жүргендер де жоқ емес. Әрине, бұл барлық адам осылай болып кетті дегенді білдірмейді. Дейтұрған­мен де, басылым беттері кейінгі қазақ әнінің мәтінінен мән, әуенінен әр кеткенін, қазақы сарыны сарқылып, өзге ұлттың ырғақтары басып бара жатқанын жарыса жазып жүргені жасырын емес. БАҚ өкілдерінің өкси жазуы да өте орынды.  Тыңдарман қауым­­ның бірі ретінде көріп те, естіп те жүрміз. Шынында да, бүгінгі эстра­дамыз қазақы қалпын бұзып, қарақал­пақ, түркімен, тәжік, өзбек  әуенде­ріне бейім болып барады.

Біз ән өнеріне ешуақытта немқұ­райлы қарамауымыз керек. Қазақтың ән өнері – қазақ руханиятының қайнар көзі. Ән өнері – алып айна. Онда ұлт­тық әдебиеттің, ұлттық тіл­дің, ұлттық танымның, ұлттық мәде­ниеттің, орын­даушының бейнесі анық көрінеді. Қазақ әніміздің тексті шатқаяқтап тұрса, әдебиетіміз дамып, ілгерілеп кетті деп айта алмай, аузы­мыз бірден буылары белгілі. Соны сезетін сергек ойлы, кемеңгер көзді көкірек болса, әрине!

Байырғы қазақ әндерінің көбі кең тынысты, мәтіні мәнді, мағыналы, сарыны сазды болып келеді. Бейне қазақтың даласындай дархан, пейі­ліндей кең. Сол әндеріміздің бүгінгі таңда қатары тым сиреп кетті. Мен ғана емес, көп адам аңғарып жүр. Осы үрдіс үздік­сіз жалғаса берсе, бір күні қазақы сарыннан бүтіндей айырылып, сан соғып қалуымыз ғажап емес. Жас ұрпақтың санасын жат жұрттың әуенімен әрлеп алсақ, ұлттық сарыны­мыз олардың санасына сіңбей қалары сөзсіз. Бұдан әрі көкейінде қазақы әуені жоқ ұрпақ­тан келешекте ұлттық бояуы қанық ән туады деп айту тым қиын.

Дәл қазір сырт көзге тойдан басқа ермегі жоқ халық болып көрінеміз. Әншілер де, сазгерлер де тек тойға арнап ән жазуды бастап кеткелі де біраз жылдар болды. Нәтижесі де жоқ емес. Той бизнесіне арналған әндердің қатары қаулап өсіп келеді. Той басқаратын асабалардың да, қуаныш иелерінің де санасына «тойда жұрт жаппай билесе ғана дастархан қызық­ты болады, қонақтар жақсы демалып қайтады» дейтін түсінік қалыптас­тырып үлгердік. Осыдан кейін мән-мағынасы бар, тың­дарманды ойланды­ратын, толғандыра­тын әндер орында­мады деп әншілерді кіналаудың өзі орынсыз. Тоймен нәпақа­сын тауып жүрген өнер иелері өзгенің әуеніне көшпей қайтсін.

Әнді күн көрістің көзіне айнал­дырып отырған әншілерді ақтауға толық негіз бар. Алайда, өнер иелері Абай атамыз­дың «Сөз түзелді, тыңдау­шым сен де түзел» дегенін естен шығармағандары жөн. Өйткені, тыңдарман қауым өнер иелеріне қарап ой түзейді, бой түзейді. Тыңдарман қауымның көкейіне не ұялатсақ, соның жемісін көретініміз де шындық. Ертеңгі күні еліміздің аты қазақ, заты өзге болып қалмас үшін бәрін де бүгіннен бастағанымыз жөн. Ұтыл­маймыз, ұтамыз. Ұтарымыз – қазақ әнінің қадірін де, қасиетін де сақ­тап қалумен қатар, жаһандық ән өне­рінен ойып тұрып орнымызды аламыз.

Мен өзге ұлт өкілдерінің әнін жоққа шығарып, оларға қарсы түбе­гейлі төң­керіс жариялап отырған жоқпын. Өзгенің өнерін үйренген – артықшы­лық болмаса, кемшілік емес. Елбасы­мыздың мақаласында да айтыл­ған ой осы. Тек өз өнерімізді өгейсіт­пей, өзге­нің өнерінен жоғары қоя білсек бол­ғаны.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *