ЖАҺАН БІЛЕТІН ЖАЗУШЫМЫЗ БАР

????????????????????????????????????

Бүгінде, әрине, Тәуелсіздіктің арқасында дейік, Қазақстан деген елді әлем таниды. Ал енді бұл ел несімен қызықты, несімен тартымды, несімен белгілі?! Қазақтың байлығы жөніндегі әңгіме басқа. Соның арқасында еліміз ел экономикасына инвестиция тарту жағынан мақтана алатынына сөз жоқ. Әлемнің алпауыт мемлекеттері мен оның бай-бағландары Қазақ­станмен бүгінде тығыз байланыс орнатқан. Сөз жоқ, инвестиция еліміздің ілгер­леуіне зор күш беріп отырған сала. Демек, Қазақстандағы қай саладағы болсын тұрақ­тылық, мамыражай өмір оның негізгі табыс көзіне айналды. Дұрыс делік. Қазақстанды өзге ел тек бай шикізат қоры деп қана біле ме? Қазақтың бұдан өзге қандай құнды­лықтарын алға тарта аламыз.

Мемлекет басшысы өзінің «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты атақты мақаласында ұлттың мәдени кодына тоқтала келе, Қа­зақстанның ұлттық құндылық­тарына, оның әлемдік маңызына баса мән берген еді. Демек, елімізді әлемге танытатын бірден-бір күш, ол қа­зақстандық мәдениет, руханият, оның белгілі, тұғырлы тұлғалары деген сөз ғой. Қазақта да маңдайға басқан тұлғалар баршылық. Әсіресе, әлемдік деңгейдегі тұлғалардың есімін атауға келгенде, қиналыс күйін кеше қоймаймыз. Солардың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, аты әлемге мәшһүр жазушы – Дулат Исабеков. Таяуда оның Елбасымен болған кездесуде де Мемлекет басшысының өзі жазушы­ның халықаралық деңгейдегі абы­рой-беделіне сүйсініс білдірді. Таяуда оның тағы да екі кітабы ағылшын оқырмандарына жол тартты. Қалам­гердің ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесінің аясындағы айтулы рухани шара ретінде осы кітап­тарының тұсаукесер рәсімі өтті.

Ұлыбритания павильонында өт­кен салтанатты жиында оның мән-маңызын аша келе ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы былай деді:

«Жазушының осыған дейін бірнеше туындысы ағылшын тілдерінде жарық көрген. Бүгін айтулы шараға Ұлы­британиядан автор шығармаларын аударған және оған қызығушылық танытқан қонақтар келіп отыр. Ұлыбритания павильонының аума­ғында мұндай шараның өтуі екі елдің мәдени және шығармашылық бай­ла­нысының нығаюына себепкер болмақ. «Мәдениеті мен әдебиеті биік халық – ұлы халық» деп Ғабит Мүсірепов айт­қандай, еліміздің рухани қазы­насын әлемдік деңгейде танытып жүрген Дулат ағамызға шығар­машылық табыс пен деніне саулық тілеймін».

%d0%b4%d1%83%d0%bb%d0%b0%d1%82

Ең алдымен  атап өтер жетістік, шетел­дік қонақтар Дулат Исабековтің шы­ғармашылығындағы ешкімге ұқса­майтын ерекшеліктерді тап басып тани білген. Қаламгердің туындыларын ағылшын тіліне халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының директоры, профессор Рахима Абдуалиева, Ұлы­бри­тания театрының директоры Дэвид Папава және ирландиялық тәуелсіз сыншы, психолог Сара Коплей аударып және сол шығарманың ойын, идеясын оқырманға жеткізуде озық ой танытады. Әрі туын­дыны терең талдаудан, сараптан өткізеді.

Ендігі жерде қаламгердің шығарма­ларын ағылшын әлеміне танытуда әу бас­та бастамашы болған Рахима Абд­уа­лиеваның пікіріне ден қойып көрейік.

– Бұл кісінің туындылары ұғынуға, оқуға өте жеңіл, дейтұрғанмен, ондағы ой, көзқарас жаныңа қорғасындай ауыр тиеді. Біз оқырмандарға, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды дәріптеу өз алдына, оны тез ұғынып, сіңіре алатын дүниелерді іздедік. «Осы ағылшындар қандай кітап оқуға құмар?» деген сауалдың төңірегінде ой тоғыстырдық. Біз сол жазушыны таптық. Айталық Ш.Айтматовтың «Жәми­ласы» мен Д.Иса­бековтің «Гауһарта­сындағы» ұлы құнды­лықтарды салыстыра отырып, махаб­баттың, құрметтің көп құпиясын оқыр­манға жеткізуге талпын­дық. Біздің бұл талпынысымыз бекер болмады. Есесіне, оқырмандар көбейді, олардың шығар­маны талқылауда белсенді болға­ны сонша, тіпті, ол дүниелердің сахна­лануы жөніндегі ұсыныстар да көп болды, – дейді Абдуалиева.

 

«Станиславскийдің өзі ойланбай қояр еді»

Жұрт назарын айрықша аударған осы шара аясында алыстан арнайы ат арылтып келген қонақ, Ұлыбритания театрының директоры Дэвид Папаваның да пікірі өзгеше шықты.

– Дулат Исабеков шығармаларының құндылығы сондай, ол сахнаға шыққанда сан түрленіп, көрерменін бірден баурап алады. Кез-келген жазушының шығар­масын сахналау оңай емес. Бұл қиынның қиыны. Тіпті, Еуропадағы №1 драматург Уильям Шекспирдің туындыларын сахналау да режиссерлердің оң жамба­сына келе бермеген. Ал Дулат Исабе­ковтің туындылары олай емес, сахнаға сұранып тұр. Сондай-ақ, Гоголь, Чехов­тарды сахна­лағанда әбден қиналған К.Станислав­ский­дің өзі де мінсіз пьесаның өзін қойылымға айналдыру оңай еместігін жиі айтатын. Егер ол кісінің қолына түссе, Д.Исабековтің шығармасын ойланбастан сахналар еді, – деген ол қанша эмоцияға берілсе де оқырманға қарапайым шындықты ашып айтты.

 

Бір уыс алтын тауып

алғандай қуаныпты

Енді біздің жазушымызға тәкаппар, талғампаз оқырманы жетерлік Еуропаға қалай жол ашылды деген сауалға да жауап іздеу қызықты болатын шығар. Әлгінде айтқан Р.Абдуалиева қайсыбір жылы жазушының орыс тілінде шыққан бір томдығын оқып, қайран қалғандығын жасырмайды. Ағылшынның рухани кеңіс­тігінде беделі биік, ықпалды Р.Абдуалиева лордтар палатасы мен сондағы мәдениет қайраткерлерімен мидай араласып кеткен, өзін мойындатқан адам. Өзінің жеке баспасы бар. Оның бұған дейін Ш.Айт­матов шығармаларын насихаттап келгені мәлім. Осы ханым бір жолы жазушымен арнайы сұхбат құрып, Шықаңның шы­ғармаларынан кейін, осы кісінің шығар­маларына кезіккенде бір уыс алтын тауып алғандай қуанғанын жасырмайды. Ақыр соңында, ол аудармаға кірісетінін айтып, уәде береді. Бір жылдан кейін «Гау­һартастан» бастап, бірнеше повестер мен әңгімелері жеке жинақ етіп шыға­рылады. Онымен қоймай, атақты Кем­бридж университе­тінде кездесу өтіп, кітаптың тұсаукесері жасалып, ағылшын оқырмандарымен тұңғыш рет бетпе-бет келіп қоймай, қазақ жазушысына Еуро­паның есігі ашылады. Осыдан кейін тығыз шығармашылық байланыс басталады. Пьесалары ауда­рылды. Атақты «Өкпек жолаушы» (бұдан бұрын Санкт-Петербор театрында қойыл­ған болатын) Лондон театрында 2014 жылы қойылды. Одан кейін сол кездегі Астана әкімі И.Тас­ма­ғам­бетовтің қолдауымен «Өкпек жолау­шыны» ағылшындар Астанаға әкеліп көрсетті. Осындай шы­найы шы­ғарма­шылық байланыс­тардың нәтиже­сінде 2014 жылдың желтоқ­санында Дулат Исабеков Ш.Айтматов пен лордтар па­латасының «Қазақстан мен Ұлы­британия арасындағы мәдени байланыс­тың негізін қалағаны үшін» атты мәр­тебелі сый­лығына ие болады. Биыл Ұлыбританияда жазушы­ның пьесалары жеке жинақ болып шықты. Сонымен қоса, әңгімелер жинағы да жарық көрді. Міне, осындай ғажайыптар әлі де жал­ғасып жатыр. Енді ағылшындар мұнымен тоқтамақ емес. Алдағы қазан айынан бастап,Англияда жазушы атын­дағы халықаралық фес­тиваль өтпекші. Оған қазірдің өзінен дайындық шаралары қызу қолға алынып жатыр. 1 қазанда әкем­театр «Жау­жү­ректі» сахналайды, 2 қа­занда жазушы шығармашылығына ар­налған салтанатты кеш. Сондай-ақ, кәріс театры «Актри­саны» қояды. 4, 5, 6 қазан күндері ағыл­шын тіліне аударыл­ған «Аққу Жібек» кітабының тұсаукесері өтеді.

Р.S.  Қазақ ПЕН-клубының белсенді мүшесі,туындылары әлемнің 26 елін­де сахналанған қазақ жазушысының абыройы, ең алдымен, қазақ халқының абыройы. Бұған дейін бұрынғы ТМД елдерін елең еткізген қаламгер қазір Лондонның, тұманды Альбионның төріне ту тіккелі біраз уақыт өтті. Жазушының мерейтойын сол Лондон төрінде салтанатты түрде өткізу де біздің арғы-бергі тарихы­мыздағы жазушыларымыздың маңдайына бұйырмаған бақыт. Дүние  жүзіне аты мәшһүр, өз ұлтын былай қойғанда, кешегі кеңес әдебиетінің аса көрнекті өкілі, классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өзі «Біздің классиктеріміз Әуезов пен Мүсіреповтің Мәскеумен соншалықты байланысы бола тұра мұндай жоғары жетістікке жеткен емес. Бұл жетістік біздің Дулат Исабековке бұйырды» деуі тегін емес.

Қазақ жазушыларының шығармалары Лондонда, Нью-Йоркте, Парижде, Мәскеуде, Стамбұлда, Қытайда, т.б. әлемнің әр қиырында жеке кітап болып шығып, тұсаукесер рәсімдері өтуде. Бұл ретте Р.Отарбаев, Р.Сейсенбаев, С.Елубай, т.б. туралы атап айтуға болады.

Қазақта жазушы көп. Алайда, Дулат – біреу. Тынымбай да, Төлен де, Мұхтар да (екі Мұхтар да), Бексұлтан да, Смағұл да, Оралхан да, Ақселеу де басқа, біреу, бірегей. Бұл 60-жылдары әдебиетке келген толқынның рухани қуатын, тегеурінін танытады. Басқасын былай қойғанда, осы кезең әдебиетінің өзін ғана әлемге таныту қолға алынатын болса, дүние  жүзі қазақ ұлтымен толық танысқан болар еді. 

Қ.ИМАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *