ЖАҢАЛЫҒЫ МОЛ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында білім беру жүйесі қызметкерлерінің Алматы форумы өтті

Форумның пленарлық жұмысына Алматы қаласы Білім саласы қызметкерлері, білім саласының ардагерлері, мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының басшылары, арнайы шақырылған ҮЕҰ өкілдері, білім беру ұйымдарының қамқоршылық кеңестер және ата-аналар комитеттерінің мүшелері қатысты.

 Рая ЕСКЕНДІР

Форум барысында 2018-2019 оқу жылы­ның қорытын­дысы қарастырылып, жаңа 2019-2020 оқу жылындағы мақсат-міндеттер айқындалды. Алғашқы сөз кезегін Алматы қаласы Білім басқарма­сының басшысы Гүлнар Ходжабергенова алып, өткен оқу жылын қорытындылады. Алдағы жылдың мақсатымен де көпшілікті таныстырды. Алматы қаласындағы білім жүйелерінің тыныс-тіршілігі туралы кеңінен әңгімеледі.

– Білім беру жүйесіндегі негізгі мәселе, басты талап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Бәсекеге сай білімді де өркениетті елдің ұрпағын дайындау. Сондықтан жаңа оқу жылының басталуы ұстаз үшін де, шәкірт үшін де, ата-ана үшін де үлкен жауапкершілік. Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында бас  қосып, өзекті мәселелерді тал­қылап, ұсыныстар айтылады. Осы форум аясында 20-21 тамыз күндері 4 тақырыптық алаң мен 23 пән секция­ларында өзекті мәселелерді талқылайтын боламыз. Сосын жаңа оқу жылынан бастап осы ұсыныстар негізінде жұмыстар атқаратын боламыз.

Бүгінгі таңда қаламызда ҚР-ғы білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған Мемлекеттік индикаторлардың орындалғаны анық байқалады. Бұған дәлел, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі 72-ге артып отырса, 2018 жылмен салыстырғанда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында кәсіптік білімі бар педагогтар саны 11,4 пайызға көбейді. Қала мектептерінде еңбек етіп жатқан мұғалімдердің 93 пайызы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі бойынша біліктілігін арттыру курстары.

Сондай-ақ, 127 мектепте физика, химия, биология және информатика пәндерінің элементтері ағылшын тілінде оқытылады. Дуальді оқыту жүйесі 47 колледждің оқу бағдарламасына енгізіліп, 1,6 мың студент білім алуда. Сонымен қатар, ерекше балалардың білім алуы үшін 135 мектепте инклюзивті білім беруге жағдай жасалып отыр, – деген Гүлнар Махақызы мектепке дейінгі мекемелердің жай-күйімен таныстырды.

Дәл қазір қаламызда 874 мектепке дейінгі мекеме болса, олардың 80 пайызын жекеменшік балабақша мен шағын орталықтар құрайды екен. Жаңа оқу жылынан бастап «Электронды балабақша» жүйесінің енгізілетінін, осы жүйе арқылы бөбекжай-балабақшалардың жұмыс жүйесін ашық бағалап отыруға болатын болады. Білім жүйесінің ең негізгі бағыты мектеп. Осы ретте басқарма басшысы қаладағы білім беретін мектептерге тоқталды. Қалада 204 мем­лекеттік мектеп, 55 жекеменшік мектеп бар. Бұл ұйымдарда 257 оқушы білім алуда. Назарбаев Зияткерлік мектеп­терінің тәжірибесіне 2016 жылдан бастап 1–8-сыныптар өтсе,  жаңа оқу жылынан бастап 4, 9, 10-сыныптар, яғни 63 мың оқушы оқитын болады.

Сонымен қатар, осы бағытта білім беретін 15 мың бастауыш сынып мұғалімдері мен пән мұға­лімдері біліктіліктерін жетілдіру курс­тарынан өткен. Қазіргі уақытта 234 мұғалім физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша ағылшын тілі курсын оқып жатыр. Жыл сайын білім мекемелерінің материалдық базалары да жақсарып келеді. Қала мектеп­тері жүз пайыз мультимедиямен жабдық­талған. Осы жылы тағы да 53 робото­техник, 1 мың мектеп жиһазы қамтылды.

Ерекше балаларға білім беру бағыты да жүйеге енген. Қалада 9 756 бала ерекше кү­тім­ді қажет етсе, 20 арнайы мекемеде 3626 бала тәрбиеленіп, білім алуда. Олар­дың 1712-сі мүмкіндігі шектеулі. Алма­тыда Мемле­кеттік бағдарламаны дамыту аясында инклюзивті білім беруге де барлық жағдай жасалған. Мектепке дейін­гі мекемелер, колледждер мен мектептерде 2836 ерекше балалар қамтылған.

– Ұлттың, елдің  болашағы – жас ұрпақ тәрбиесінің алар орны ерекше. Бала мектепте 7-8 сағат уақытын өткізсе, қалған 16-17 сағатын отбасында өткізеді. Дегенмен, соңғы кездері кейбір ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауап­кершілігі бәсеңдеп кеткені байқалады. Сондықтан өткен оқу жылынан бастап барлық мектептерде «Ата-аналар қонақжайы» жұмыс істей бастады. Бұл бастама республика көлемінде де қолдау тауып, өзге өңірлерде де жалғасын тауып отыр. Сәтін салса, осы жылдан бастап «Ел жастары» атты бағдарлама өз жұмысын бастағалы отыр.

Бұл бағдарламаның басты мақсаты – балалар мен жастарды тәрбиелеп, елі мен жеріне адал ұрпақ қалыптастыру. Қала өмірінде балалардың бос уақытын тиімді пайдаланудың мәні аса зор. Бұған біз баса мән беріп отырамыз. Бүгінде қала оқушыларының 150-і түрлі спорт секциялары мен үйірмелерге қатысады. Жазғы демалыстың тиімді өтуі үшін жергілікті бюджеттен 232,4 млн. теңге қаржы бөлінсе, көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының 4278 баласы сауықтыру лагерьлерінде демалды.

Биылғы жылды Елбасымыз «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл – үлкен сенім. Мемлекет тарапынан жасалған қолдау. Мәселен, қала мектептерінде еңбек ететін 16 мыңнан астам мұғалімнің 37 пайызы жастар. Өткен жылы 700-ден астам жас маман білім саласын таңдап, еңбек етуге келді. Жаңа оқу жылында да осыншама маман келеді деп күтудеміз. Ұстаз болам деген жастардың қатары көбейген сайын біз де зор қуанышпен үміт артамыз. Өйткені, жаңаша оқытуды жүзеге асыратын негізгі күш осы жастар, – дей келе, Білім басқармасы басшысы жаңа оқу жылынан бастап «Тәлімгерлік – жастарға» атты қалалық бағдарламасының іске қосылатынын жеткізді. Бұл жоба аясында креативті жас мамандар білім сапасын жақсартудағы жаңа идеяларын, мүмкіндіктерін пайдаланатын болады.

Осыдан соң сөз кезегін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев алды.

–  Жаңа оқу жылының алдында өздеріңізбен өзекті мәселелерді талқылайтын білім саласы қызметкерлерінің форумында бас қосып отырмыз.

Бүгінгі кездесудің күн тәртібіндегі мәселелер баршамызға білім берудің аса маңызды бағдарлары жөнінде жан-жақты пікір алмасуға, келешекте атқарылар мақсат-міндеттерді белсене саралап, бағамдауға мүмкіндік береді.

Мұндай ашық диалог алаңы – қаланың білім беру жүйесін сапалы деңгейге көтерудің, әрі бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырудың бірден-бір маңызды шарты.

Баршамыз үшін танымы мол тәрбиешінің, үлгі тұтатын ұстаздың орны қашанда бөлек.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, «Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз». Олай болса, Сіздер берген сапалы білім – жарқын болашақтың кепілі.

Кез-келген адам әкім, министр бола алады, ал бірақ кез-келген адам ұстаз бола алмайды.

Сондықтан да болар мынадай өлең шумақтары бекер шыққан жоқ:

«Ғалым да, шахтер де бас иетін

Ұстазым бар сенің қасиетің.

Шынында да ұстаздық ету үшін қасиет керек.

Адамдықтың қасиетін (мейірбандылық, қайырым­дылық, тәрбие секілді), – даланың қасиетін (дархандылық, кеңпейілділік), – бабаның қасиетін (отансүйгіштік, өз тамырын, мәдениетін және рухын қастерлеу) шәкірттің жүрегіне дән қылып егетін де ұстаз.

Біздің бұрынғы өткен жақсыларымыз: «Өмір теңіз болса, мұғалім оның маржаны», «Дүние дәрия болса, мұғалім оның қармағы», – деп бекер айтпаған.

Ардақты ұстаздар, Сіздерді санаулы күндерден кейін басталатын жаңа оқу жылымен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер.

Қоғамның алға дамуы көзі ашық, көкірегі ояу, білімді азаматтардың көптігінде.

Білімді ұрпақтың көп болуы мұғалімдердің маңдай тері мен еңбегінде жатыр.

Мемлекеттің қарқынды дамуы ұстаздардың білімі мен білігіне тікелей байланысты. Мұғалімнің сапалы білімінің астарында саналы ұрпақ, білікті маман, ұлтжанды азамат, белсенді қоғам, қайырымды халық, берекелі Ел жатыр.

Сіздер Мемлекеттің білімі мен тәрбиесінің бесігін тербетіп отырған қадірлі қауымсыздар!

Білімнен бөлек, ақпаратпен алысқан мына қоғамға ұстаздың тәрбиесі ауадай қажет. Өзгенің баласын өз баласындай тәрбиелеп отырған құрметті ұстаздар қауымы Сіздерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Алаштың ардақты азаматы Әлихан Бөкейхановтың: «Ұлтқа қызмет білімнен емес, әуелі мінезден», – деген мінсіз сөзі бар.

Ұрпақтың мінезін қалыптастыруда бізге бүгінде дарынды ұстаздар керек!

Дарынды ұстаз – қасиеті мен білімінің арқасында шәкірттерінің жүрегін жаулаған, заманауи ілімді меңгерген кәсіби маман.

Қасиеттің астарында біліммен қоса сабыр, төзім, шыдам, үлкен мейірім мен рух жатыр.

Ұрпаққа білім беру, әрине, маңызды, дегенмен ұрпақ тәрбиесіне де көп көңіл бөлу қажет.

Өкінішке орай, қазіргі таңда ұрпақтың мінезі ұсақталып барады.

Сол себепті, бізге бүгінде мінезі ірі ұрпақ қажет, құрметті ұстаздар!

Жапон Премьерінің: «Жапонияны бәсекеге қабілетті ел қылу үшін, біз мұғалімге императордың абыройын, Елшінің иммунитетін, бизнесменнің айлығын бердік», – деген пікірі біздерге үлкен ой салды.

Осы орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының мұғалім мәртебесін еліміздегі басым бағыттардың бірі ретінде атап өтуінің өзі ұстазға деген құрметтің белгісі.

Сонымен  қатар,  Үкіметке мұғалімнің жалақысын 4 жыл­дың ішінде екі есеге арттыруға тапсырма берілді.

Мемлекет басшысының ұстаз беделін арттырудағы тапсырмасы аясында қала әкімдігі келесі қосымша шараларды іске асыратын болады, – деді Бақытжан Әбдірұлы.

Биылғы жылы 700-ге тарта жас маман 20 АЕК бойынша қала бюджетінен грант алатын болады. Бұл көп қаражат болмаса да, жас мамандарды қолдауымыздың бір көрінісі іспетті. Сонымен қатар, дәстүрлі «Үздік білім мекемесі» байқауын жалғастырып, жеңімпаз ұйым 24 млн. теңгеге ие болатын болады. «Uzdіk ustaz» атты қалалық жаңа байқауды өткізетін боламыз. 2020 жылы басталған  байқаудың қорытындысы Ұстаздар күні қарсаңында белгілі болады. Жеңімпаз пәтер, көлік басқа да бағалы сыйлықтарға ие болатын болады. Сонымен қатар, шаһар басшысы Алатау, Әуезов, Наурызбай ауданында мектеп жетіспеушілігіне тоқталды. Сондықтан таяу жылдарда балабақша мен мектептер жетіспеушілігі мәселесін шешу басты мәселе болып тұрғанын баса айтты.

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек», – деп баршаңызға үлкен сенім артып отыр.

Халқымыздың мәртебесін биікке көтеріп, мерейін тасытар дарынды шәкірттер тәрбиелеп, табыстан-табысқа жете беріңіздер! – деді.

Форумда ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов, «Нұр­сұлтан Назарбаев Білім беру қоры» ҚК директорының орынбасары С.Мырза­бекова, Назарбаев Универ­ситеті Жоғары білім беру мектебінің ассистент-профессоры Д.Билиялов сөз сөйледі.  Сонымен қатар, білім саласының ең үздік марапаты «Ы.Алтын­сарин төс­белгісі» мен «Қазақстан Рес­публи­касының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс­белгілері өз иелерін тапты.

Қазақ білімінің қарашаңырағы, Ш.Уәлиханов атындағы №12 мек­теп ұжымы (басшы­сы Рахима Сәкенова) «Үздік білім беру ұйымы» грантына ие болып, 24 млн. теңгені жеңіп алды. Шаһар басшысы білім саласының ардагерлеріне естелік сыйлықтар табыс етті. Форум қоры­тындысы бойынша резоллюция қабыл­данды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *