ЖАҢАЛЫҒЫ КӨП ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ

Жаңа оқу жылынан бастап 900 мұғалімнің жалақылары 50 пайызға дейін көтерілмек

Рая ЕСКЕНДІР

Жаңа оқу жылы қарсаңында Алматы қаласы білім жүйесі қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті. Тамыз кеңесінің жұмысына Алматы қаласының әкімі Б.Байбек, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Г.Есімбаева, ҚР Білім және ғылым вице-министрі А.Аймағанбетов және жоғары оқу орындарының басшылары, білім саласының ардагерлері қатысты.

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» деп аталған ауқымды жиында өткен оқу жылының қорытындысы сараланып, жаңа оқу жылында атқарылуы тиіс жұмыстар белгілі болды. Алғашқы сөз кезегін алған қалалық Білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенова өткен оқу жылының қорытындысымен таныстыра келе, жаңа оқу жылының міндеттері туралы кеңінен әңгімеледі. Қала өміріндегі ең өзекті мәселенің бірі – балабақша мәселесі екендігі белгілі. Еліміздің ертеңі болар ұрпақтың алғашқы қадамы болып саналатын балабақшадағы орын тапшылығы жыл санап азайып келеді. 

Еліміз бойынша арада 20 жыл уақыт өткенде балабақша салу құрылысын ең алғаш болып Алматы қаласының қолға алғаны белгілі.

Білім басқармасы басшысының айтуынша, дәл қазір қала көлемінде 1840 орынға арналған 9 мемлекеттік балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Сәтін салса, жаңа оқу жылынан бастап тағы да 840 баланы орынмен қамтитын 4 мемлекеттік балабақшаның құрылысы басталмақшы. Тек соңғы үш жылдың ішінде қала көлемінде 18 790 орынға арналған 483 мемлекеттік және жекеменшік балабақша құрылысы салыныпты.

Соған қарамастан әлі де орын тапшы­лығы азаймай отыр. Осы ретте инвестор­лардың көрсетіп отырған қолдауын да айта кеткеніміз жөн, деген басқарма басшысы Алматыда 1 мың 134 білім беру мекемесінің бар екендігін, оның 442-сі мемлекеттік, 692-сі жекеменшік екендігін жеткізді.

Қаламызда 30 мыңнан астам білім саласы қызметкері бар болса, биылғы жы­лы 75 мыңнан астам тәлімгердің жаңар­тылған білім беру мазмұнымен оқитыны белгілі болды. Сонымен қатар, білім беру мекемелерінің 57 пайызында ерекше балалардың оқуы үшін жағдай жасалғаны айтылды.

– Өздеріңізге белгілі болғандай, жаңар­тылған білім беру мазмұнына 2016 жылдан бері 1, 2, 5, 7-сынып оқушылары көшкен болатын. Ал жаңа оқу жылынан бастап 3, 6, 8-сыныптағы 75 мыңнан астам бала заманауи оқу бағдарламаларымен оқитын болады, – деді Гүлнәр Махайқызы.

Сонымен қатар, білім беру жүйесіндегі өзгерістер жайында да сөз қозғалды. Мәсе­лен, колледждерде Модулдік бағдарла­мамен білім беретін болады. Яғни бір диплом бірнеше мамандыққа жарамды болмақ. Осылайша жас маманның жұмыс­қа тұру мүмкіндігі артатын болады. Жаңа оқу жылынан бастап біліктілікті арттыру мақсатында тестілеуден өткен 900 мұғалім­нің жалақылары 50 пайызға дейін көтерілмекші екен.

Білім басқармасы басшысының баянда­масынан соң, сөз кезегін шаһар басшысы Бауыржан Байбек алып, қаламыздың ты­ныс-тіршілігін, жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстар жөнінде және білім берудің инфроқұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жан-жақты етіп, тарқатып айтты. Шаһар басшысы соңғы бес жылда қала көлемін­дегі білім беру саласын қаржыландыру 27 млрд. теңгеге, яғни 37 пайызға өскенін, тек биылдың өзінде 72,5 млрд. теңге бөлінгенін жеткізді. Алматыны абаттандыру үшін құрылыс пен күрделі жөндеу жұмыстарына қала қазына­сынан 17 млрд.-тан аса теңге бөлінген еді.

Биыл құрылғанына 10 жыл толған Алатау ауданында да қарқынды жұмыстар жалғасып жатыр. Мәселен №26 мектептің ескі ғимаратына қайта жөндеу жұмысы жүргізілсе, 90 орынды мемлекеттік түзету балабақшасы ашылды. Осы аудан аумағындағы №151 мектеп жанынан 600 орынды мектеп пайдалануға берілетін болса, екінші оқу тоқсанынан бастап 600 орынды жаңа мектеп пен №184, №185 мектептер жанынан қосымша ғимарат салынатын болады.

Әрбір оқу жылында Алматы қаласының тұрғындары тың жаңалықтарға куә болып жатады. Бұл тұрғыда шаһар басшысы жаңа оқу жылында Наурызбай ауданында инклюзивті оқытуға арналған 1200 орынды заманауи мектеп-гимназияның ашылаты­нын жеткізді. Мектепте барлық жағдай жасалған. Мұнда санитарлық бөлмелер, лифт шақыру үшін түймелер орнатылған.

– Біз балалардың физикалық мүмкін­діктері бойынша бөліп-жармай, оларға ортақ коммуникативтік орта құра отырып, өте маңызды міндетті шешетін боламыз. Яғни балалардың бойында кішкентай кезінен бастап шыдамды мінез-құлық қалыптастырамыз, – деген қала әкімі мұнда сейсмотұрақтылық шаралары да қатаң сақталғанын атап өтті.

– Алматы тау етегінде орналас­қандықтан, ата-аналар балабақша мен мектептердің сейсмоқауіпсіздігіне алаң­дайды. Мәселен, Наурызбай ауданындағы жаңа мектептегі жиһаздар қабырғаға бекітілген. Мұндай тәртіпті барлық білім ошақтарына орнатуға тиіспіз. Бұл ретте біз халықаралық жетекші елдердің, оның ішінде Жапонияның тәжірибесіне сүйеніп отырмыз. Төтенше жағдай бола қалған жағдайда, жиһаздардың құлап, балалардың сыртқа шығуына кедергі жасамауы үшін осы тәжірибені қолданамыз.

Өткен оқу жылында біз тұңғыш рет 28 білім беру нысандарына сейсмикалық күшейту жұмыстарын жүргізген болсақ, дәл қазір 4 мектепте сейсмикалық күшейту жұмысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін әлі де 7 мектепте жүргізіледі. Әрине, бұл жұмыстар оқу бағдарламасына кедергі келтірмеуі керек. Сондықтан бұл жұмыс­тарды қолға алғанда жан-жақты ойласты­рып алған жөн, – деді шаһар басшысы.

Алматыда дәл қазір қызу да қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Алматы қайта салынып жатқандай. Сәтін салса, қала тұрғындары абаттанған Алматы көшелері­мен еркін жүретін болады.

Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы аясында соңғы үш жылда 37 жатақхана салынып болса, қазір 4 мың орынға арналған 7 ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Оның төртеуі биылғы жылы пайдалануға беріледі. Және Елбасының «7-20-25» бағдарламасы бойынша  тұрғын үй салынатын болады.

Қала басшысы адамның сана-сезімі тек білім беруді ғана емес, қоршаған ортаны да өзгертетінін атап өтті.

«Ашық, жайлы және қауіпсіз орта адамды тілдесуге, қайырымдылыққа, шығармашылыққа және позитивті әрекет жасауына әсер етеді. Бұл әрекеттер соңғы жылдары қаламыздың жаппай жаңаруын­дағы біздің жұмысымызды анықтап отыр. Осылайша ашық түсініктегі жаңа алматы­лық қалыптаспақ. Қалалықтарға жаяу немесе велосипедпен қолжетімді қозғалыс ұйымдастырамыз. Ақырындап жайлы және қауіпсіз қоғамдық көлікті енгіземіз. Біз мөлдір, цифрландыруға негізделген экономиканы қалыптастырамыз», – деді қала әкімі.

Сонымен, соңғы үш жылда 524 көше, 800 ш. инженерлік жүйелер мен 1400 аула жөндеуден өтті. Магистральды көшелерде бірнеше қиылыстардың құрылысы жүргі­зілуде. Барлық жерасты өткелдерінің күр­делі жөндеу жұмыстардың алды аяқталуда. Қалаға қосылған Алатау және Наурызбай аудандары жаңартылды. Қаланың тарихи орталықтарының қайта жөндеу бойынша жұмыстары жалғасуда.

Алматы қаласы білім беру қызмет­керлерінің Тамыз кеңесіне арнайы қатысқан ҚР Парламент Мәжілісі төраға­сының орынбасары Гүлмира Есімбаева барша білім саласы қызметкерлерін қызу құттықтады. Білім және ғылым вице-министрі А.Аймағанбетов үздік білім саласы қызметкерлерін марапаттады.

Қала әкімі «Ең үздік жалпы орта білім беру ұйымдары» мен «Ең үздік педаго­гикалық ұжым» қалалық конкурстарының жеңімпаздарына естелік сертификаттар мен дипломдар табыстады.

Байқаудың қорытындысы бойынша «Ең үздік жалпы орта білім беру ұйымы» атағына Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия ие болды. Жеңімпаздарға қала әкімдігінен 22 млн. 627 мың теңгеден астам грант берілді.

«Ең үздік педагогикалық ұжымдар» байқауының қорытындысы бойынша келесі білім беру ұйымдарына лайықты марапаттар тапсырылды:

ІІІ дәрежелі дипломдар – №157 мектеп, №166 лицей, №101 мектеп-гимназия;

ІІ дәрежелі дипломдар – №36 гимназия, №104 мектеп, №160 гимназия;

І дәрежелі дипломдар – №59 мектеп-гимназия, №188 мектеп.

Қалалық байқаудың «Ең үздік педаго­гикалық ұжым» атағы бойынша Бас жүлдені №28 мектеп-лицей жеңіп алды.

Алматы қаласының әкімі Б.Байбек білім беру саласындағы көп жылдар бойы жемісті еңбек еткен білім беру ісінің ардагерлеріне ҚР Білім және ғылым ми­нист­­рінің Алғыс хаты мен қала әкімдігінен арнайы сыйлықтар тарту етті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *