ЖАҢА ЖЫЛ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Ардақты алматылықтар және қала қонақтары!

Баршаңызды босағамыздан енгелі тұрған жаңа 2020 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа жыл – жаңа күннің жаршысы, өткен жылды қорытындылап, болашаққа батыл қадам жасайтын уақыт.

Жаңа жыл – жақындарымызбен қауышып, армандарымызбен табысатын мерейлі мереке. Барлық адам баласы асыға күтетін айрықша сәт.

Кең пейілді қазақ елі жаңа жылды қашанда ерекше ілтипатпен, ықыласпен қарсы алған. Өткенге салауат айтып, осы күнге жеткеніне шүкіршілік етуді дәстүрге айналдырған.

Баршамыз қош айтысып, тарих қойнауына қалдырып бара жатқан 2019 жыл берекелі де мерекелі, табысты да тамаша оқиғаларға толы болды. Ел халқымен қатар, әлем жұртшылығы елімізде орын алған билік ауысуының өркенеиетті де бейбіт нысанына  куә болды. Оған төрт тарап, төрткүл дүние қызыға қарап, оң бағасын берді.

Ал қаламызда, тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып, кең талқылауымен «Алматы-2050» ұзақ мерзімді даму стратегиясын қабылдадық. Аталған бағдарлама Алматы келбетіне көрік қосып, жұртшылыққа қолайлы, қауіпсіз әрі шетсіз қала құру бойынша басым бағыттарды іске асыруға мүмкіндік берері сөзсіз.

Жаңа жыл қарсаңындағы биылғы көрсеткіштерімізге зейін салсақ, белесті биіктеріміз бен берекелі істеріміз жетерлік.

Ең қуантарлығы, біз, ниетіміз бен ісіміз бір арнада тоғысып қуанышта да, қайғыда да ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла алдық. Міне бұл – ең басты жетістігіміз.

 

Қымбатты достар!

Бірер күннен кейін төрімізден орын алатын 2020 жыл қазақ жыл санауы бойынша «Тышқан жылы». Халқымыз тышқан жылын береке мен ырыстың, татулық пен тыныштықтың жылы санаған. Тамыры тереңге тартқан том-том тарихымыз да мұны жоққа шығармайды. Оның айқын дәлелі – Қазақ хандығының дәл осы тышқан жылында құрылуы.

Сондықтан да, біз келер жылға үлкен үміт арта отырып, сүйікті қаламыз Алматының одан ары гүлденуіне бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз.

Өйткені, Алматы миллиондардың кіндік қаны тамған туған жері, ес білгелі өскен өлкесі, жанұя құрып, тамырын кеңге жайған ыстық ұясы. Алматының орны кімге болса да ерекше. Мұнда әрқайсымыздың ешқашан ұмытқымыз келмейтін әдемі естеліктеріміз, келер жылға жоспарлаған мақсат, тілектеріміз бар.

Дана халқымыз «Отан – қуат, отбасы – шуақ» деп, дөп басып айтқан. Ендеше, осынау отбасылық шуақты мерекеде әр шаңыраққа бақыт пен береке, қуаныш пен шаттық тілеймін! Жаңа жылда әр алматылықтың денсаулығы келісті, еңбегі жемісті, өнері өрісті болсын!

ЖАҢА ЖЫЛ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Бақытжан САҒЫНТАЕВ,

Алматы қаласының әкімі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *