Жаңа талап енгізілсе, жол апаттары азаяды

Елімізде электросамокат мінгендерге қатысты жаңа жол жүру ережесі енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгерістің орын алуына өзі қозғалатын екі аяқты көлік құралының қатысуымен болатын түрлі жол апаттарының күрт көбеюі басты себеп болып отыр.

Сондай-ақ, самокат тізгіндегендер әкім­шілік жауапкершіліктен де жалтара алмайды. Қандай да бір жол жүру ережесі бұзылса одан электросамокат иесі өзін осыған дейінгідей жаяу жүргіншілер есебі­не қосып немесе жас ерекшелігін алға тартып сытылып шықпайды. Өйткені, енгі­зілетін жаңа заңда осының бәріне еске­рілетін болады. Естеріңізге сала кетейік, елімізде ереже бойынша электросамокат мінуге 16 жастан бастап рұқсат етілген.

Электросамокат ауаны ластап, қорша­ған ортаға зиян келтірмейтін жол жүру құралының бір түрі. Сонымен қатар, ол жолдарға да зиян келтірмейді. Өйткені, оның салмағы жеңіл. Тіпті, оны адамның өзі көтеріп кете алады. Қалтаңызды да қақ­пайды. Күніне мыңдаған көлік тоқтаусыз жүретін шаһарда кептелісте де тұрмайды. Электр қуатымен жүретін оған жанармай құйып немесе моторына май құйып әуре болмайсыз. Көп бұзылып та мазаңызды алмайды. Ал көлік тұрағына келгенде кез-келген жерден орын тауып кетеді. Тіпті, тұраққа қоймасаңыз да болады. Осындай артықшылығымен жұртшылықтың жүрегі­нен орын тапқан екі аяқты жол жүру құра­лынан келе­тін зиян да жоқ емес. Қаламызда арнайы жолақтар барлық көшеде болмаған­дықтан самокат айдағандар көбінесе жаяу жүргіншілер жолымен жүріп жатады. Үні де, түтіні де жоқ көліктің артынан келе жатқанын алдындағы жолаушы көбінесе көрмей, байқамай қалады. Сөйтіп, электро­самокатқа жол бермей, алдынан оқыс шығып қалып, салдарынан жол апаты орын алады. Ал үлкен көшелермен жүргенде автобустар мен көліктер өз жолдарымен қозғалып келе жатқандықтан оларды елей бермейді. Самокат тізгіндегендер де өзде­ріне бөлінген арнайы жолағы жоқ көше­лерде қалай болса солай жүреді. Соңында жол апатыныңорын алуына себепкер болады. Көпшілігі қай жерде қандай ере­жемен жүріп-тұру керек екенін білмейді. Сондықтан да соңғы кездері электроса­мокат тізгіндегендердің қатысуымен орын алған жол апаттарының саны күрт өсіп отырса керек.

Шығыны аз әрі қолжетімді көлікті тізгіндегендерге қатысты тәртіп сақшы­лары жаңа талап енгізілуі мүмкін дейді.

Әлібек КЕҢЕСБАЕВ, ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

– Шындығына келсек, самокаттардың техникалық қалпын қадағалау қарастырылмаған. Біз осыған орай аталмыш жағдайды реттеу үшін шара қарастырамыз. Әрине, бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көпте­ген елінде кезігетін мәселе. Нақты іске кіріскенде қоғам мен мамандардың кеңесіне жүгінеміз. Десек те, полицейлер қолданыстағы ережеге сәйкес самокатпен көшеде тайраңдағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтады. Тіпті, екі аяқты осы көлік құра­лын тақымдағандар велосипедке арналған жолақпен жүруі тиіс. Оған мүмкіндік болмаса жолдың оң жақ шеті немесе автобус жолағымен қозғалуы шарт.

 Ақтоты БОРАНОВА, ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аға инспек­торы:

– Электросамокатты мас күйінде басқаруға бол­майды. Заң жүзінде мүлдем тыйым салынған. Мопедті де, велосипедті де жолда басқару үшін 16 жастан бастап рұқсат етілген. Самокаттарға да сондай. Яғни самокаттарымыз мопедтерге теңестірілген болған­дықтан бұған да 16 жастан бастап басқару рұқсат етіледі. Бұдан бұрын Алматыда самокат тізгіндеген ер адам таксиден түскен қызды мұрттай ұшырып, 19 жастағы бойжеткен ауруханаға жеткізілген еді. Өткен аптада тағы бір электросамокат иесі автобуспен жолға таласып, тіпті ашуға мінген ол жүргізушіні соққыға жықты. Ақырында жұлқынып қашқан өзін көлік қағып кеткен болатын.

Жаңа талап енгізіледі дегенді естіген көпшілік электросамокат иелері адам көп шоғырланған жер­лерден өткенде самокатынан түсіп, оны жанында жете­леп өтетін болса екен дейді. Өйткені, жаяу келе жат­қанда артынан зу етіп жетіп келетін электроса­мокат­тарды гүрілдеген дыбысы болмағасын көбінесе байқа­май да қаламыз. Сондай-ақ, олардың жүретін жыл­дамдығына да шектеу қойылса деген тілек бар. Әсіре­се, адамдар жаяу көп жүретін жерлерде ол керек-ақ.

 

ЭлектрокӨліктер жайлы не білесіз?

Әлемдік автоөндіріс жаппай электро­көлік­тер шығаруға бет бұрып жатыр. Қазіргі кезде әлем бойынша қолданыстағы электрокөлік­тердің саны 2 миллионнан асқан. Бұл әлемдегі автокөлік паркінің 0,2 пайызы. Тоқпен жүретін көліктің көпшілігі Қытайда – мұнда әлемдік электрокөлік паркінің 32 пайызы жүр. Бұдан кейін әйгілі Тесланың отаны – АҚШ пен Еуропа елдері жаппай электрокөлікке көше бастаған. Жалпы болжам бойынша, алдағы жылдары электрокөлік өндірісі мен сатылымы күрт өспек. 2020 жылы қазіргіден 10 есеге артып, 20 млн. дананы құрауы мүмкін. Өткен аптада британдық JATO Dynamіcs  сарапта­малық фирмасы жүргізген зерттеуге сүйенсек, 2017 жылы әлем бойынша ең көп сатылған электрокөліктер мыналар: BAІC EC180 (37,9 мың) Nіssan Leaf (35,4 мың) Tesla Model S (33,2 мың) Geely Zhіdou (32,6 мың) Tesla Model X (23,5 мың) Renault Zoe (23,2 мың) BYD Suruі (21,7 мың) Geely Emgrand EV (16,5 мың) Chev­rolet Bolt EV (16 мың) JAC ІEV5 (15,3 мың).

«КазАвтоПром» автокөлік саласы кәсіп­орындары одағының мәліметінше, Қазақстанда тіркелген электрокөліктердің саны 200-ден асады. Олардың көпшілігі соңғы жылдары тіркелген.  2015 жылы 32, 2016 жылы 65, 2017 жыл­дың І жартысында 19 электрокөлік сатылған. Бұлардың ішінде ең көбі бағасы 85,5-155,5 мың доллар тұратын Tesla Model X пен 66-109,5 мың долларлық Model S. Сондай-ақ, Nіssan Leaf ($30,7 мың), Renault Twіzy ($13,4 мың), LADA Vesta EV,  KІA Soul EV және  JAC іEV6S ($34,9 мың) бар. Бұлардың ішіндегі LADA Vesta EV (2017 ж.бері) мен  KІA Soul EV (2014 ж.бері) Өскемендегі «Азия авто» зауытында, JAC Қостанайдағы Сарыарқа Автопромда құрастырылады.

Ал қолданыста болған электрокөліктерге келсек, қазіргі  қазақстандықтар Tesla Model X пен Model S, Kіa Soul, Nіssan Leaf, Chevrolet Volt, BMW і3-ді еркін сатып ала алады. Бұлардың ішіндегі ең арзаны — Nіssan Leaf. Оны  4 999 999 теңгеден 8 160 000 теңгеге дейінгі бағада сатып алуға болады. Кolesa.kz-те мұндай марканың бесеуі сатылып тұр. Chevrolet Volt-ті  5 250 000 теңгеге ала аласыз. BMW і3 иесі көлігі үшін 9 350 000 теңге сұрайды. Ал Kіa Soul  8 800 000 мың, Tesla-ны  21 мил­лион­нан 51 миллионға дейінгі аралықта сатып алуға болады.

Айта кетейік, Қазақстанда Еуроодақ аума­ғындағыдай электрокөлік сатып алушылар үшін бірқатар жеңілдіктер бар. Ең бастысы, импорттық салым жоқ, утилизациялық алым мен бірінші рет тіркеу ставкасы 50 пайыз, көлік салығы төленбейді.

 

Тіркеуге қою міндеттелетін болады

Елімізде армениялық, қырғызстандық және ресейлік нөмірдегі көліктер тіркелетін болады. Аталған көліктермен жолаушы және жүк тасымалдауға мүлде тыйым салу жоспарланып отыр. Мұндай жаңалықпен ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бөлісті.

— Жол қозғалысының ережелерін үнемі бұзатын Армения, Қырғызстан және Ресей аумағында тіркелген көліктерге арыз-шағым көп түседі. Қазақстанда тіркелмегендіктен оларға қандай да бір шара қолдану мүмкін емес. Олар кәсіпкерлікпен айналысады, яғни жолаушы тасымалдайды. Біз ондай автокөліктердің Қазақстан аумағына кіргеніне 10 күн асқаннан кейін қолданылуына шектеу қоюды талап етеміз. Егер көлік транзитті болса, онда он күн ішінде өте алады. Сонымен қатар, мұндай көлік құралдарын жолаушы және жүк тасымалдау үшін пайдалануға тыйым салуды талап етеміз, – деді ол өз сөзінде.

Дегенмен, қандай шектеу қойылатыны және оны тәртіп сақшыларының іс барысында қалай жүзеге асыратыны әлі анық емес. Тек қазіргі таңда полицейлер мен депутаттар заңнамаға енетін түзетулерді дайындауда. Құжаттар қабылданғаннан кейін ЕЭО елдерінен келген көліктерді елге кіру барысында тіркеуге тура келеді.

 

1 шақырымға асырсаңыз да айыппұл тӨлейсіз

2020 жылдың 1 маусымынан бастап жылдамдықты 1 шақырымға асырғандар да айыппұл арқалайды. Бірнеше жылдан бері жылдамдықпен күресіп келе жатқан Финляндия билігі осылайша жылдамдық асырумен түбегейлі күресуді қолға алды.

Енді 2020 жылдың 1 маусымынан бастап жылдам­дықты бекітілген мөлшерден 1 шақырымға асырғандардың өзіне де 100 еуро көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді. Бұл мөлшерлеме 10 шақырым/сағатқа дейін сақталады.

Рұқсат етілген жылдамдықты сағатына 11–15 шақы­рымға дейін асырғандар 170 еуро, ал 16—20 шақырымға асырғандар 200 еуро төлейді.

Бұған дейін жылдамдықты асырумен күрестегі қатаң шараны Мәскеулік ЖҚҰО-ның басшысы Вадим Юрьев ұсынған болатын. Ол тиісті жылдамдықты 3 шақырымға асырған тұрғындар мен қала қонақтарын жазалауды ұсынған болатын.

 

Өзбекстанда автокӨлікке салынатын кедендік салық мөлшерлемесі төмендейді

Кедендік салық мөлшерлемесінің төмендеуі утилиза­циялық алым енгізілгеннен кейін іске асады. Podrobno.uz хабарлағандай, жаңалық қазір парламенттің төменгі пала­тасының талқысына салынған заң жобасымен қарасты­рылған.

– Бізде ұсталған автокөліктерді кіргізуге салынатын кедендік салық мөлшерлемесі өте жоғары. Қазір оны төмендету шарасы утилизациялық алым енгізумен қатар жүргізіліп жатыр. Утилизациялық алым енгізілгеннен кейін акциздік салық пен автокөліктерді елге кіргізуге салынатын салық мөлшері азаяды деп жоспарлануда, — деді Ташкентте өткен Мемлекеттік кеден комитетінің баспасөз конференциясы барысында аталған мекеменің өкілі.

Кеден қызметкерінің айтуынша, 2019 жылдың 1 қаңта­рынан бастап премиумдық автокөліктер мен электрокар­ларды елге кіргізудің жаңа тәртібі енгізілгеннен кейін өзбекстандықтар елге жалпы құны 400 миллион долларды құрайтын 600-ге жуық көлік пен 20 электромобиль әкелген.

 

Сапасыз жолдан 400 адам ажал құшқан

Қызылорда—Жезқазған тас жолы 400 адамды ажал құштырған. Ресей шекарасына дейін апаратын мемлекеттік маңызға ие бұл Қызылорда—Жезқазған—Есіл—Петро­павл бағытындағы жол жетпісінші жылдары салынған.

Жол төсемінің сапасы нашар болғандықтан 2016 және 2018 жылдар аралығында Қарағанды және Қызылорда облыстарының аумағындағы Қызылорда—Жезқазған тас жолында 373 ЖКО болған, салдарынан 387 адам қаза тауып, 1 243 адам жарақат алыпты. Айта кетерлігі, бұл бөліктердегі қозғалыс қарқындылығы тәулігіне екі мыңнан алты мыңға дейінгі автокөлікті құрайды.

Осы мәселені көтерген Сенат депутаты Ерік Сұлта­новтың айтуынша, тас жолдың басым бөлігінде «қара төсем» жоқ. Трасса елу жыл бойы күрделі жөндеу көрмепті. Көктем және күз мезгілдерінде мұнда лайсаң болып, ой-шұңқыр көбейеді. Сенатордың пікірінше, жолды жөндеуден өткізу жергілікті тұрғындардың елді-мекендерге кедергісіз жетуіне мүмкіндік беріп, солтүстік және оңтүстік облыстардағы транспорттық байланысты жақсартады, инновациялық тартымдылықты арттырады және аймақтың туристік әлеуетін көтереді.

 

«Автоәлем» қосымшасын дайындаған –

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *