Жаңа саябақ құшақ ашты

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының жанындағы сквер қала меншігіне берілетін болды

Адамның жаны сая табатын саябақтардың алматылықтардың өміріндегі орны ерекше. Әсіресе, жадыраған жаз айларында қала тұрғындары демалыс күндері отбасымен бірге табиғат аясындағы таза ауада демалу үшін жасыл желегі жайқалған саябақтарға асығатыны анық. Алматылықтар қуанышқа толы жаз өмірін – мәз өмірін отбасымен бірге саябақтарда демалып, көңілді өткізгісі келеді.

Балнұр АХМЕТ

Жаз мезгілінде саябақ тіршілігі тіпті тамаша! Жайдары жаздың шуағына шо­мылған балдай тәтті балдырғандардың күлкісі, балалық шақтың қуанышына кенеліп, ойнап-күліп жүрген бақытты балақайлардың көңілді көрінісі, енді ғана тәй-тәй басқан перзентінің әрбір қадамына қуана қараған ата-аналардың жайбарақат отырысы, қазыналы қарттардың басқосуы, жастардың жылы жүздесуі, ғашықтардың кездесуі – мұның бәрі Алматыдағы әр саябақтың ажарын ерекше аша түсетіндей. Саябақтағы сайраған құстардың әнін тыңдап, жылы самал лебін сезініп, жан-дүниеңіз ерекше рухани тыныштыққа бөленіп отырған табиғат аясындағы мұндай сәттерде өмірден рухани ләззат алатының­ыз рас. Адамның бойына рухани күш-қуат құйып, жан-жүрегін тыныштық бесігінде тербететін саябақтың қарбалас тіршілік тұсауындағы жандарды әрқашан өзіне тартып тұратын тылсым сыры міне, осында болса керек.

Мегаполис тұрғындарының жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасауды мұрат тұтқан шаһар басшылығы қала халқының табиғат аясында демалуына мүмкіндік беретін саябақтарға ерекше көңіл бөледі. Айта кетерлігі, жасыл желегімен шаһардың шырайын кіргізетін саябақтар қаланың ауа бассейнін тазартуда да ерекше маңызға ие.

Тамылжыған табиғат аясында тыны­ғуды ұнататын алматылықтар үшін тағы бір жаңа саябақ құшақ ашты. Қазақстан Рес­публикасы Тұңғыш Президенті  – Елбасы Қорының жанындағы сквер қала меншігіне берілетін болды. Қазақстан Республика­сының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл өкімі туралы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек өзінің Іnstagram парақшасында хабарлады. Махатма Ганди мен Желтоқсан көшелері­нің бұрышында орналасқан сквер 2007 жылы салынған. Жасыл желегі жарасқан бұл саябаққа қала тұрғындары жиі-жиі ке­летіні рас. Бірі отбасымен, бала-шағасымен бірге келіп демалуды ұнатса, жастар жағы той-думанда суретке түсіп жатады.

 

«Қоршаусыз қала» бағдарламасы аясын­да жақында бұл сквердегі ұзындығы 556 метрді құрайтын қоршауды алып тастау жұмыс­тары басталады. Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздік шаралары күшейтіле­тін болады. Сквердің ішіндегі отыратын орындықтар, қоқыс жәшіктері мен кеспе тастары жаңартылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Класси­калық стильдегі қор­шаулар «Qazaqstan» телера­дио­корпо­рациясы мен №23 мектептің қоршауларын ауыстыру үшін пайдаланы­латын болады.

 

Айта кетер болсақ, соңғы үш жылда қалада 150 шақырымнан астам қоршаулар алынып тасталған. 146 саябақ пен сквердің 85-і абаттандырылып, көгалдандырылған. Биыл 2 саябақ пен 5 сквер, бес жасыл аймақ қайта жаңартылмақшы.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *