ЖАҢА ӘРІПТЕСТІКТІҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ БОЛМАҚ?

25(6 — 8 ақпанда санкциядан кейінгі Иран мен Қазақстан арасында бизнес-форум өтеді)

 

Өмірзақ МҰҚАЙ

Ислам әлеміндегі саяси-экономикалық, әскери күш-қуат, жаңа технологиялар жөнінен ең қауқарлы мемлекеттің бірі саналатын Иран Ислам Республикасына ықтимал ядролық қару-жарақ арсеналына байланысты салынған санкцияның алынуы дағдарыс меңдеген әлем үшін аса айтулы оқиға болып тұр. Себебі, парсы елінің әлемдік саудадағы, оның ішінде мұнай нарқындағы ықпалы өте жоғары. Ондағы мұнай өндірудің өзіндік құны әлемнің көптеген мұнай державаларынан төмен. Бұл жағдай, тіпті, құдыретті Сауд-Арабиясының өзін есінен тандырып отыр.

Иран Республикасының президенті санкция алынысымен, Еуропаға саяхатын бастап та кетті. Оның бірінші тоқтаған елі – Франция. Иран президентінің Еуроодақтағы бірінші экономика саналатын Германияға емес, алдымен Францияға ат басын бұруын әлемдік сарапшылар әртүрлі қисындай бастады. Біріншіден, қанша қауқарлы экономикасы болса да Германия ядролық мемлекет емес. Ал Франция ресми түрде атом бомбасына ие ел. Санкцияның өзі де Иранның ықтимал атом қаруына байланысты салынған болатын. Тіпті, кезінде Ресей Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-полковник Балуевскийдің «Иранда атом бомбасы қазірдің өзінде бар» дегенді ресми түрде айтып қалғаны да бар. Иран президентінің сапарына байланысты сарапшылар ойын сан-саққа жүгіртіп отырған да тура осы мәселе.

 

Иран «иығын тіктей» бастады

 

Иранға салынған санкция алынғаннан кейін сарапшылар әлемдік экономикадан жаңа тыныс күте бастады. Ескерте кетер бір нәрсе – санкция алынғаннан кейін осы елмен сауда әріптестігіне түсуге алғаш пейіл білдірген ел Қазақстан болды. Соңғы жылдары бізге Ислам Республикасынан тігін бұйымдары, киім-кешек, құрылыс материалдары мен азық-түлік қана жеткізілетін. Әсіресе қазақстандықтар ирандық құрма мен жүзімді, жоғары бағалады.

Әлбетте, құрма мен жүзім саудасынан екі ел де бәлендей пайда көре алмайтын. Сондықтан, Қазақстан бұл жолы да әлем елдерінің арасында бірінші болып екі ел арасында бизнес-форум өткізуге тілек білдіріп отыр. Бизнес-форум ақпанның 6 — 8-і арасында Тегеранда өткізілмек. Экспорт және инвестициялар жөніндегі агенттік санкция алынғаннан кейін екі ел арасындағы сауда айналымы екі есе ұлғаяды деп болжап отыр. Оның да мәнісі бар. Қазір біздің елде қанша компания Иран капиталымен жұмыс істеп отыр? Иран бизнесмендері біздің қандай отандық кәсіпорындарымызды сатып ала алады. Қазір елді ойландырып отырған басты сауал осыған саяды.

Мұнайға басымдық беруден арылып, оның орнына ауыл шаруашылығы мен өндірісті дамытуға бел буған Иран үшін бұл бизнес-форумның маңызы үлкен. Форумға Қазақстаннан жүзден астам, Ираннан 150 ірі кәсіпорын қатысады деп күтілуде. Қос тарап көлік инфрақұрылымы, ауыл шаруа­шылығы, тау-кен индустриясы сияқты салаларға инвестиция құюды межелеуде. Оған қоса темір өндіру, мыс шығару салаларына байланысты да ортақ жобалар құрылмақ.

2014 жылы қос тарап арасындағы тауар айналымы 980 миллион доллар болды. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш екі есеге кеміді. Ендігі меже екі ел арасындағы тауар айналымын 5-6 есеге дейін көбейту.

Кім көп алып, кім көп береді? Бұл да – маңызды сауалдың бірі. Қазақстандық тауарлардың Иранға жеткізілуі Батыс елдері салған санкциядан соң азая түсті. «Казахинвестің» берген деректеріне қарағанда, Иран мен Қазақстан арасындағы сыртқы сауда көлемі 2013 жылы 600 мың миллион доллар ғана болған. Бір жылдың ішінде Иранға экспортталатын қазақ тауары 10 пайызға қысқарып, импорт керісінше 50 пайызға дейін өскен. Әлбетте, Қазақстан Иранға, негізінен, азық-түлік өнімдерін ғана шығарып келді. Әрі соның бәрінен де «Халал» белгісі болуы талап етілетін.

Қазір Қазақстан Иранмен арадағы әріптес­тіктердің жаңа да тың форматтарын қарастыруда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 700 миллион долларға жетіп отыр. Қазақстан жағы негізінен металл өнімдері мен дәнді-дақылдар өткізді. Атап айтқанда, жыл сайын қазақтар Ислам Республикасына 1 миллион тонна металл мен металл өнімдерін, 650 мың тонна дәнді-дақыл шығарып келді.

Қазір Иранға тауар экспорттайтын қазақстандық компаниялардың саны 70-ке жуықтап қалды. Әлбетте, бұл жерде алдан бәсекелестіктің шығатыны да белгілі. Иран­ның ырыс қақпасы жалғыз Қа­зақстан үшін ғана ашыл­майды. Бар гәп Қазақстан мен Иран елдерінің шалғайлы­ғында, жол қаты­насының жоқтығында. Соған орай, Иран алдағы уақытта әлем елдерімен байланысты нығайту үшін 15 мың шақырым темір  жол тартуды қарастырмақ. Әрине, сәтін салса, мұндайда Қазақ­станда шыға­рыл­ған темір жол өнімдері пайдала­нылғаны дұрыс болар еді. Бұл да Қазақ­станға тиімді ықтимал фак­торлардың бірі.

Әл-ауқаты жөнінен әлемнің бірде-бір мемле­кетінен кем емес деуге болатын Иранмен арадағы тауар айналымы енді жанданб­ақ, дейді сарапшылар. Бұған дейін санкцияға байланысты екі ел арасында банктік қаржы операцияларын жүргізу де қиындап кеткен болатын. Иран, негізінен, машина қондыр­ғыларын, автомобильдер, электроника, киім-кешек, дәрі-дәрмек, химия өнімдері мен құрылыс мате­риалдарын шығарады. Алдағы форумда көптеген қазақстандық компаниялар дәл осы салалар бойынша алыс-беріс ұйымдастыру үшін бармақ. Біздің экспорт, негізінен, металлургиялық өнімдер түрінде болмақ. Иранмен арадағы бұл саладағы әріптестіктен басты үміткерлердің бірі – «Арселор Миттал» металлургиялық комбинаты. Комбинат үшін Иран мемлекеті өнім өткізетін негізгі тұтынушының біріне айналуға тиіс. Ал Ираннан керісінше көкөніс пен жемістер, сыр-бояу бұйым­дары, құрылыс материалдары тасымалданбақ. Яғни, импорт мәселесінде бәлендей өзгеріс болмайды деген сөз. Керісінше, қазақстандық өндірісшілер экспортқа көбірек көңіл бөледі деп күтілуде.

 

Қазақстанға қомақты инвестиция құйылуы мүмкін

 

«Казахинвест» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары Майкенов мырзаның айтуынша, Қазақстанда 170-тей компания Иран қаржысына жұмыс істеп отыр екен. Олар, негізінен, сауда мекемелері. Ал Ираннан Қазақстанға бұған дейін жыл сайын 120 миллион доллардың инвестициясы құйылып келді. Ал Қазақстан салған инвести­цияның көлемі – 10-15 миллион доллар. Бұл жерде Иран бизнесмендеріне Қазақстанда межеленіп отырған жекешелендірудің келесі сатысының да әсер етуі заңды нәрсе.

Сонымен, Қазақстан Республикасының алдынан сырт­қы саудада жаңа әріптес табудың мүмкіндігі туып отыр. Әлбетте, ол қазақ экономикасының алдынан 80 миллион­дық тұтынушы шығармақ. Сарапшылардың болжауынша, бұл жерде Қазақ­стан Президенті Н.Ә.Назар­баев өте тиімді де дұрыс шешім қабылдаған. Ендігі мәселе, екі ел арасындағы әріптестіктің қалай жалғасуына байланысты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *