ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ӘЗІРЛІК ЖҮРІП ЖАТЫР

Мектепке дайындық басталып та кетті

Енді бір айдан соң жаңа оқу жылы басталады. Дәл сол кезде қызу қарбаластың басталатыны да белгілі. Сондықтан ерте қимылдаған артық емес. Осы ретте Жетісу аудандық Білім бөлімінің тапсырмасына орай жоспар құрылған еді. Сол жоспар аясында Сүйінбай атындағы №143 мектеп-лицейінде республикалық «Мектепке жол» акциясы басталып та кетті. Белсенді ата-аналар әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына, көпбалалы отбасы балаларына, басқа да көмекке зәру балаларға мектеп формасын, аяқкиім, спорттық киім алып беруде. Әлі де өтініш білдірген ата-аналар болып жатса, көмек көрсетілу жалғаса береді.

Еліміз бойынша «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы басталғалы бері талай отбасы балаларының мәселесі оң шешімін тауып, қуанышқа кенелткені белгілі. Осындай сауапты істің арқасында талай бала қатарлас­тарынан кем қалмай, мектеп партасына отырды. Елдіктің үлгісін көрсеткен ер-азаматтар, қолы ашық атымтай жомарттар белсене шығып, барымен бөлісіп жатыр. Үлкендердің қамқорлығын сезініп өскен бала күні ертең көргенін қайталайтыны сөзсіз. Жетісу аудандық Білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсайы­нованың айтуынша, дәл қазір әрбір мектеп қабырға­сында «Мектепке жол» акциясы бастау алып, кірісіп те кеткен.

–       Біздің мақсатымыз – мемлекет тапсырмасын орындап, барлық баланы біліммен қамтамасыз ету. Ол үшін, ең алдымен, көмекті қажет ететін отбасы бала­ларына жағдай жасауымыз керек. Осы арада көмекке зәру балаларға қолдау көрсетіп, қолұшын беріп жатқан белсенді ата-аналар мен демеушілерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деген Салтанат Амангелдіқызы мұн­дай іс-шараның жыл бойына жалғаса беретінін жеткізді.

Баланың қолына қалам алып, қара тануы басты міндет. Сол үшін қоғам болып селқос қарамай, сергек­тік танытайық. «Мектепке жол» қайырымдылық акция­сына белсене қатысайық! Бір балаға көмек көрсет­кеніңіз, бір тағдырдың жарқын болашағына жол көрсет­кеніңіз. Биылғы қайырымдылық акциясы «Жүректен жүрекке!» ұранымен басталып отыр.

 

Демеушілер, демеп жіберіңіздер!

Үлкендерге қарағанда баланың қуанғаны есінде сақталып қалады. Әрі өзіне қуаныш сыйлаған адамды жанындай жақсы көріп, түсінде де көріп жүреді. Еліміздің барлық баласы осымен он екінші мәрте үлкендер тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтың куәсі болып, қуанышқа кенеліп жатыр.

Рая ЕСКЕНДІР

Міне, биылғы жылы да «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы еліміз бойынша бастау алып, демеушілер қатары да көбейе түсуде. Осыған орай, Оқушылар сарайында қалалық Білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжа­бергенова баспасөз мәслихатын өткізген еді.

– Биылғы қайырымдылық іс-шарасы «Жүректен жүрекке!» деген ұранмен бастау алды. Аты айтып тұрғандай, жүрегінде иманы бар, қалталы азаматтарымыз биыл да қалыс қалмайды деп ойлаймын. Былтырғы жылы еліміздің қайырымды жандарының арқасында көп болып, жоқ-жітімге көмектесіп, елдіктің үлгісін көрсеткен едік, – дей келе, акцияның ойдағыдай өтуіне арналған іс-шаралар жоспары жасалып, жүйелі жұмыстардың жасалып жатқанымен көпшілікті хабардар етті.

Басқарма басшысы өткен оқу жылында жасалған көмектерге де тоқтала кетті. Былтырғы жылы «Мектепке жол» акциясы «Менің таңдауым – балаларға көмек көрсе­ту» ұранымен өтіп, жалпы сомасы 141 млн. 32 8000 теңгеге көмек көрсетілген екен. Осынау қыруар қаржыға көмекке мұқтаж 14250 баланың жоғын бүтіндеген. Сондықтан қолда бармен бөлісіп, көмекті қажет ететіндерге қашанда қол созғанға не жетсін.

Қайырымдылық жасау тек қайырымды жандардың ғана қолынан келеді. Демеушілер, демеп жіберетін кез келді!

Қайырымдылық – жүрек тыныштығынан

«Бақыт» дегеніміз не? Бақыт деген дүние емес, ақша емес, басқа емес. Бақыт деген – ЖҮРЕК ТЫНЫШТЫҒЫ!

Сол тыныштықты сыйлау, бақыттың сәл де болса ұшқынын сезіну мақсатында періштедей сәбилерімізге жылулық сыйлау үшін әдетке айналған қайырымдылық акциясы жүргізілуде.

Біздің №174 мектеп-гимназиясының әкімшілігі де жалпы ұжыммен бірлесе отырып, дәстүрге айналған қайырымдылық акциясын әр жыл сайын өткізіп отырады. Мектептегі 2000-ға жуық әрбір оқушының тұрмыстық, материалдық жағдайымен таныса отырып, әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған, толық емес және де тағдыр­дың жазуымен жетім қалған оқушыларға көмек көрсетеді. Тек мектептік жабдық­тармен ғана шектелмей, тұрмыстық құрал-жабдықтармен, қажеттіліктерімен қамтама­сыз етеді.

Сонымен қатар, Наурызбай ауданының №174 мектеп-гимназиядан оқушылардың толық мектепке баруын қамтамасыз ету жөніндегі Елбасының тапсырмасын толық орындауда. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2019 жылғы 4 шілдедегі хатын орындау мақса­тында жаңа оқу жылына даярлау кезіндегі әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету, толық қамтамасыз етуді өзімізге міндеттеп отырмыз. Оқушылардың қажеттіліктерін, керекті құндылықтарын қамтамасыз ету мақсатында бұл өткізіп отырған іс-шаралардың бір бөлігі ғана, сонымен қатар жыл сайын толастамай әркез оқушылардың әлеуметтік жағдайын зерттеп, біліп отырамыз.

«Жақсылыққа – қайырымдылықпен, мейірімділікке – ізгілікпен, достыққа – адалдықпен жауап беру керек» деген дана халқымыздың әрбір сөзі біз үшін ұранға айналған.

Алма ОРАЗБАЕВА,

№174 мектеп-гимназия директорының

оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

 

Көп болып көмектесіп жатыр

«Мектепке жол» акциясы – білімге апаратын төте жол іспетті. Осынау мейірім мен қайырымға толы іс-шара барысында талай отбасы нұрға шомылып, бала біткен қуанышқа кенелді. Міне, биылғы жылы да қайырымдылық акциясы он екінші мәрте өтіп отыр. Осыған орай, Жетісу аудандық Білім бөлімінде арнайы жоспар жасалып, барлық мектептерде «Мектепке жол» акциясы ұйымшылдықпен басталып кетті.

Жетісу ауданындағы Сүйінбай атын­дағы №143 мектеп-лицей ұжымы да қызу кірісіп, көмекке зәру балалардың тізімі жасалды. «Жүректен жүрекке!» ұранымен басталған қайырымдылық іс-шарасына біздің мектеп ұжымы биыл да қызу кірісуде. Мектепке баратын балалардың тізімі жасалып, олардың арасындағы әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы, ата-ана қамқо­рынан тыс қалған отбасы балаларының тізімдері жасалды. Осыдан соң қажетті деген кеңсе тауарларынан бастап, ең қажетті мектеп формасы, спорттық форма, аяқкиім, оқушы сөмкесі, т.б. қажетті заттар таратыла бастады.

Мектеп мұғалімдері тарапынан көмек­тер тұрақты көрсетіліп келсе, белсенді ата-аналарымыз биыл да белсенділік танытып жатыр. Қашаннан қайырымдылық жасап, жоққа көмек көрсетуге асығып тұратын адал қасиетімізден бұл жолы да жаңылған жоқпыз. Сондықтан көп болып сауапты іске мұрындық болып жатырмыз. Көмекке қолы жеткен ата-аналар да, олардың бала­лары да №143 мектеп-лицей басшылығына, мұғалімдер қауымы мен белсенді ата-аналарға алғыстарын жаудыруда.

Дариға ЖОЛДЫБАЕВА,

директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Жүректен жүрекке!

Елімізде жыл сайын өткізілетін «Мектепке жол» жалпыреспубликалық науқаны биыл «Жүректен жүрекке!» ұранымен жылдағыдан ерте басталды. Аталмыш науқан шілденің 5-жұлдызынан басталып, қыркүйектің соңына дейін жалғаспақ.

Науқанға атсалысқан Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, С.Сейфуллин атындағы №74 жалпы білім беретін мектеп демеу­шілері осы уақытқа дейін бастауыштан жоғарғы сыныпқа дейін қамтылған 25 балаға 260 мыңға жуық қаржы көлемінде көмек көрсетті.

Балаларды спорт киімімен, сөмкемен және кеңсе заттарымен қуантқан Азимов Малик, Абдрахманова Арзыгүл, Масимов Беглар сынды ата-аналарымызға мектеп әкімшілігі атынан үлкен алғыс білдіреміз. «Мектепке жол» науқаны аясында алдағы уақытта да демеушілер қатары көбейетін­дігіне сенімдіміз.

 Күләйхан СӘЛІМБАЕВА,

директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

 

Оқушының бет-бейнесі оның мектеп формасы

Осыдан біраз жыл бұрын қоғамның талқысына түсіп, үлкен пікір туғызған оқушының мектеп формасы бұл күні бір жүйеге түскен. Бірыңғай қара көк түсті киім киген баланың мектеп оқушысы екенін алыстан танып, түстейтін болғанбыз. Алғашқы жылдары көптің талқысына түскен оқушының бірыңғай формасына қарсылық білдіргендердің де бүгінде пікірлері өзгерген. Неге десеңіз, сонау тоқсаныншы жылдардың басындағы экономикалық жағдайларға байланысты «еркіне кеткен» мектеп формасын қайтадан жүйеге түсіру оңайға түскен жоқ еді.

Рая ЕСКЕНДІР

Сол жылдарда әрбір отбасындағы бір немесе бірнеше баланы киіндіру ата-аналарға да қиындық туғызғаны белгілі. Сондықтан екіге бөлінген пікір ортақ бір шешімге келгенше де ұзақ уақытқа созылды. Тіпті, қоғамдық көлік жүргізу­шілерінің өзі мектеп оқушыларын талай мәрте жолда тастап кеткен де кездерге куә болғанымыз бар. Өйткені, баланың мектеп оқушысы екенін айғақтап тұрған белгі жоқ. Оқушының бет-бейнесі – оның мектеп формасы. Сондықтан мектеп оқушыларын бірыңғай формаға көшіру — олардың балғын балалық шағының белгісі, алаңсыз білім алуының кепіліне айналды.

Мектеп оқушысы әр түрлі киім киіп, ерекшеленбеуі керек. Олар – озат оқу мен өнерден, спорттан, басқа да жаңалық ашып ерекшеленуі керек. Сондықтан қоғамдағы «Асан мен Үсенді» теңестіру туралы ортақ шешім ақыры қолдау тапты. Алматы қала­сының ғана емес, еліміздің оқушыларын мектеп формасымен қамтып отырған «Казлегпром-Алматы» ЖШС бірден-бір тігін және аяқкиім фабрикасы. Өз еліміздің өндіріс орнынан шығып жатқан өнімдер, ең алдымен, адам ағзасына қауіпсіздігімен ерекшеленеді. Мұндағы пайдаланатын өнім түрлері қауіпсіз әрі сапалы. Өнімдердің құрамында денсаулыққа зиянды, кері әсерін тигізетін заттардың болмауы оның сапасының артуына кепілдік береді.

«Казлегпром-Алматы» ЖШС Қазақ­стандағы жеңіл өнеркәсіп саласында 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы жылдар ішінде өндіріс ошағы тек бір жылдың өзінде 1,5 млн.-нан астам әр түрлі тігін бұйымдары мен 500 мың данадан астам аяқкиімдер шығаруда. Танымал өндіріс ошағы QLP брендінің «Балаларға сүйіспеншілікпен» атты мектеп формасы­ның топтамасын ұсынып отыр.

Мектеп формасының бағалары да қолжетімді. Топтамада ұл балалар үшін пиджак пен шалбар, қыз балаларға жакет пен белдемше бар. Мектеп формасының бағалары өскелең топтағыларға – 14 мың теңге, орташа топ – 15 мың теңге, жасөс­пірім топтар үшін – 17 мыңнан басталады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *