Жаңа әліпбиді жылдам меңгеріп жатырмыз

Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. 1991 жылдардан еліміз егемендік алғаннан  бастап,  қазақ әліпбиі  қайтадан латын әліпбиіне көшу  мәселесі қозғалғаны белгілі. Сол кезден бастап латын әліпбиіне байланысты әр түрлі ой-пікірлер айтылып жатты. Қарсы болғандары да бар. Әрине, латын әліпбиіне көшу мәселесі оңай шаруа емес. Өйткені, тілдің заңдылықтарын ескере отырып, халыққа тиімді әліпби ұсыну және оны жүзеге асырудың жолын қарастыру үшін көптеген білім мен ізденіс қажет.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі жан-жақты қарастырылып, 2025 жылға дейін толықтай көшіру жоспарланған  бағдарламасы негізінде  жаңа қазақ әліпбиі бекітіліп, емле, ережеге  байланысты күрделі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жазу арқылы халықтың ой-санасы дамып, өркениетке аяқ басады. Бүгінде әлем халқының 70 пайызы  латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми зерттеулермен танысуда. Бұл дегеніміз  білім, ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, спорт, т.б. қатысты жазбаша ақпараттың барлығы дерлік латын графикасымен беріледі, қоғамдық өмірдегі жаңалық­тардың басым бөлігі осы графиканың негізінде таралады дегенді білдіреді.  Демек, латын әліпбиінің біздің Отаны­мыздың әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу талабының орындалуы жолында маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

Сондықтан латын жазуын жүзеге асырғанда, қазіргі кезеңді ғана ойламай, болашақ ұрпақтың сауатты жазуына, әлемдік деңгейде бәсекелесе алатындай дәрежеде болуына мән берген жөн. Тәуелсіз мемле­кетімізге еңбекқор, кәсібін терең түсінетін, өзінің білімі мен іскерлігін жан-жақты қолдана білетін мамандар қажет. Осыған байланысты студенттердің білімінің дәрежесін, мұғалімдердің кәсіптік деңгейін мүмкіндігінше жоғары көтеру колледжіміздің басты талабы. Жаңар­тылған білім мазмұны аясында  оқыту мен тәрбие беру үрдістерін бір-бірімен байланыстыра отырып, білім алушыларымыздың  бойында ғылыми дүниетанымын, адамгершілік, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттерін қалыптастырумен қатар, заманауи ағымдағы  міндеттерді шешу жүзеге  асырылуда.

Қазіргі таңда болашақ мамандарды даярлауда өзекті мәселенің бірі – латын графикасына   негізделген қазақ жазбасын оқу үрдісіне енгізу  болып табылады. Осыған орай оқу орнымызда осы бағытта  жұмыс жасайтын шығармашылық тобы құрылып, әрбір кезеңде атқарылатын қазақ жазуының тарихымен таныстыру; латын әліпбиін көпшілікке насихаттау; әліпбидің ұсынылып отырған нұсқалары бойынша  мұғалімдерді  еркін әрі сауатты қолдана білуге үйрету, басқа да іс-шаралар  жоспарланған.

Жоспарда латын әліпбиіне көшу үрдісін оқу-әдістемелік және ғылыми жағынан қолдаудың маңызды  бағыттары  белгіленді.

2020 жылынан бастап мектептегі дайындық сынып оқушылары  латын әрпінде оқитын болады. Болашақ педагог кадрларға қосымша білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру, латын әліпбиінде жазылған оқу-әдіс­темелік, мультимедиялық құралдар әзірлеу, «Дөңгелек үстелдер», семинарлар өткізілді. Ең біріншіден, 200 білім алушымыз бен 50 оқытушымыз  жаңа әліпбиге қатысты сауаттылықтарын  тексеру мақсатында 15 минутқа созылған  «Рухани жаңғыру» тақырыбында 80 сөзден тұратын мәтінді аудиожазба арқылы жалпыхалықтық диктант жазуға  белсенді қатысты. Диктант қорытын­дысы  бойынша сауалнама жүргізіліп,   білім алушылар  ағылшын тілін үйреніп жүргендеріне  байланысты   онша қиындықтар болмағанын  атап өтті. Осы шара аясында «Латын әліпбиіне көшу – жаңа белес»  атты «Дөңгелек үстел» өткізіліп, онда:

– Латынға  көшу  қазақ тілінің табиғи, таза қалпын  сақтауға мүмкіндік бар ма?

– Латын әліпбиін қолданысқа енгізуде  қандай кедергілер болуы мүмкін?

– Латын әліпбиіне көшудің қандай ұтымды, ұтымсыз жақтары бар деп ойлайсыз, т.с.с. мәселелер бойынша дискуссия өткізілді. Білім алушылар бір жазудан екіншісіне көшу халықтың осы рухани байлықтан сусындауына  қосымша қиындық келтіруі мүмкін  деген өз пікірлерін де білдірді.

Біраз білім алушылар: «Үштұғырлы тіл» саясатын жүзеге асыру бағытында ел бойынша ағылшын тіліне көп назар аударылып келеді, сондықтан ағылшын тілін меңгеріп жүрген  жастарға ешқандай  кедергілер болмайды, сонымен қатар бұл әліпби бізге  таңсық емес, біздің тарихымызда болған әліпби деп пікір айтты.   Қорыта айтқанда: «тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы зор, латын әліпбиіне көшу – ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік  ашатын жол»  деген   шәкірттеріміздің пікірлері  бізді қуантты.

«Латын әліпбиі – XXІ ғасырдағы білім мен ғылым тілі» тақырыбында колледж ішінде сынып сағаттарында VІ–VІІ ғасырдан бері келе жатқан тарихы бар қазақ тілі жазбасы туралы  білім алушыларға  мемлекеттік тілге қызығушыларын  арттыру мақсатында  презентациялар жүргізілді.

Колледжіміздің білім алушылары оқу орны шең­берінде ғана емес,  республикалық ғылыми-практика­лық конференция, семинарларға белсенді қатысып,  жұ­мыстарының  нәтижесін көрсетуде.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы  аясында «Шамшырақ» ғылым мен білім қолдау орта­лығының  ұйымдастыруымен  мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында өткен І Республикалық «Жас ғалым»  байқауында «Латын әліпбиі – кемел келешектің кепілі» атты  жұмысымен  ерекше көзге түс­кен Рабина Енбаева арнаулы дипломға ие болды.

Қала деңгейінде өткізілген  «Латын әліпбиі – біре­гей­лік пен  жаңғыру негізі» атты «Дөңгелек үстелде» ерекше көзге түскендер Алғыс хатпен марапатталды.

Колледж ұжымына қазақ тілі мен әдебиет пәндері оқытушылары латын әліпбиінің  жаңа емле, ереже­леріне байланысты семинар-практикум  жүргізіп, әр сабақтарда жаңа әліпбиді қолдана беруді үйретті.

ҚР білім беру жүйесінің басшы мен мұғалімдерінің біліктілігін арттыру «Өрлеу БАҰО»   орталығы мен  А.Байтұрсынов  атындағы Тіл білімі  институты бірлесіп  өткізген «Жаңа ұлттық әліпби негізіндегі  жазу реформасы: білім беру жүйесінде  жүзеге асырудың проблемалары мен болашағы» атты Республикалық семинар-кеңесінде  колледжімізде  қазақ тілінің әліпбиі латын  графикасына көшу барысындағы жоғарыда  айтылған бағыттары туралы  баяндама жасалды.

№2 Алматы мемлекеттік гуманитарлық педагоги­калық колледжінде  латын әліпбиін  қолдану  қызу жүру­де. Оқытушылар өз сабақтарында білім алу­шылардың латын әліпбиін  жылдам оқып, жазып үйренулеріне көңіл бөліп отырады. QAZLATYN  сайтына  жүгініп, өз білімдерін толықтыруға, кириллицада жазылған  сөздерді латын графикасына сәйкестендіру   жұмыстарын   біледі.

«Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей,  заман  талабына  лайықты  педагог мамандарды   даярлау біздің басты  міндетіміз.

 

Б.ДУАНАБАЕВА,

№2 АМГПК директоры, п.ғ.к. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close