Жаңа әліпбидегі ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ДИКТАНТ

Кеше Қазақ-Британ техникалық университетінің мәжіліс залында 8 аудан әкімі аппаратының және әкімдікке қарасты барлық басқарма қызметкерлері, этно-мәдени бірлестік өкілдері, студенттер, оқытушылар мен мұғалімдер латын негізді қазақ тілі әліпбиімен жалпыхалықтық диктант жазды.

Әсел ДАҒЖАН

Диктанттың тәртібі бойынша 15 жастан асқан азаматтар еркін түрде қатыса алды. Бір мезгілде, яғни сағат 11.00-де басталған диктант мәтіні Қазақ радиосы мен Шалқар радиосынан тікелей трансляция арқылы оқылды. Мамандардың айтуын­ша, кім қаншалықты латын әліпбиін біледі, кім қаншалықты сауатты деген мақсат қойылмаған. Тексеру, өлшем шарттарының бәрі Тіл комитетінің арнайы жасаған кестесінде көрсетілген. Яғни диктант біткен соң әркімнің өз жұмысын өзі тексеріп, баға­лауына мүмкіндік жасалған.

– Бүгін бүкіл елімізде жалпы­халықтық диктант жазу іс-шара­сы өтуде. Сағат 11.00-де бүкіл елі­мізде республика тұрғындары бірдей жаңа латын негізді қазақ әліпбиінде диктант жазуды бас­тайды. Ол жарты сағатқа созы­лады деп жоспарланған. Іс-шара­ның негізгі мақсаты – латын негізінде жасалған жаңа әліпбиді халыққа таныстыру, оның жазуға қаншалықты ыңғайлы, қолайлы екендігін жазып көріп, бүгін байқап, бағамдау. Сонымен бірге, жаңа емле-ережесінің жобасы жасалған. Соның қолданыста қан­шалықты жүзеге асатынын тағы бір байқау. Бүгін мектеп, кол­ледж, шаһардағы ЖОО-да жаңа әліпбимен диктант жаза­ды, – деді Алматы қаласы Тіл­дерді дамыту басқармасының бөлім басшысы  Бақыт Қалымбет.

Айта кетсек, бұл әліпби Елбасының жарлығымен бекітіл­ген нұсқа. Ғалымдардан құралған жұмысшы топ жақында шаһарда­ғы сегіз ауданның халқы, мұға­лімдерімен бірлесе осы әліпбидің емле-ережесіне байланысты тал­қылау ұйымдастырған болатын. Ғалымдардың айтуы бойынша, жылдар өте, жаза келе осы бекітілген әліпбиге орай әріптер мен кейбір таңбаларды өзгертуге қажеттілік туып жатса, өзгертілуі мүмкін. Ал диктантқа келсек, оған дайындық жасалма­ған. Бірақ өтетіні жайлы ақпарат барлық тиісті мекемелерге айты­лып, бекітілген латын әліпбиі алдын-ала таратылған. Ал әліп­бидің емле-ережесінің жобасын А.Бай­тұрсынов атындағы Тіл білімі институты  жасаған. Ол 108 бап, 9 тараудан тұрады.

Диктант басталмас бұрын сөз алған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбаев диктант жазуға жиналған қауымның отырған мәжіліс залы жайында бірер естеліктер айтты.

– Бүгін мына залға ойлана, толғана кірдім. Сіздер отырған жерде қазақтың талай ұлы перзенттері отырған. Қазақтың тағдырын шешуге сөз сөйлеген, мәселе көтерген. Соның біразы бүгінде жоқ. Сіздердің осылай отырғандарыңыз сол кісілердің еңбегінің де арқасы. Бұл зал сол адамдарымен қасиетті, киелі зал. Қазақ елінің тағдыры шешілген зал. Мұнда ең алғаш рет Тәуелсіз елдің туы көтерілген. Тұңғыш рет қазақ тілі мемлекеттік тіл болған жер. Тұңғыш рет Елбасын сайла­ған жер. Сол Президентіміз ұлт­тық жазуымызды қалыптастыруға шешім қабылдап, қазір ұлттық жазуымыз қалыптасу үстінде. Міне, сіздер тарихи орында отыр­сыздар, – деп жиналған­дарға сәттілік тіледі.

Ұйымдастырушылардың айтуын­ша, жазу кезінде қандай мәселе, қиындықтар туындайды, міне, сол мәселелер латын әліп­биін енгізуге байланысты әрі қарай қандай жұмыстар істелуі керек деген сұрақтарға жауап бермек

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *