Жаңа әліпби – Тәуелсіздігіміздің туы

Білетін болсаңыздар, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы сәуір айында жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты айтулы бағдарламалық мақаласында бүгінгі өте жедел қарқынмен дамып бара жатқан өзгермелі заманда адамдардың сана-сезімін уақыт ағымына лайықтап қайта түлету мәселесін көтергені және онда қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі де айтылғаны әмбеге аян.

Әрине, бүгінгі ақпараттық техноло­гияның өте шапшаң дамып жатқан кезінде – латын әліпбиіне көшу бізге дамыған технологияларды меңгеруге және қазақ тілінің өрісін кеңейтуге үлкен септігін тигізетіні анық. Өйткені, қазір әлемдік ақпараттардың 70 пайыздан астамы латын әліпбиімен беріледі екен.

Жалпы, мен өз өмірімде бастауыш және жоғары сынып оқушыларына да сабақ бердім. Ал еліміз тәуелсіздігінен кейін мен мемлекеттік тілді үйренушілердің қысқа курстарында оқытуға қатыстым.  Бұл ретте бастауыш сыныптарда «Әріптерді көзбен көреміз, дыбыстарды құлақпен естиміз. Сосын осы естіген дыбыстарды әріптермен таңбалаймыз!» деп оқытқаным әлі есімде. Дегенмен, сол кезде «Орыс тілінен енген дыбыстарды, атап айтқанда, ю, я, щ, е әріп­тері мен ь жіңішкелік, ъ айыру белгілерін қолданудың не қажеті бар» деп ойлайтын­мын. Сондықтан да мен қазір «Сол әбден жауыр болған 42 әріпті қысқартып, оның орнына 32 дыбыстық атауға көшкеніміз  өте дұрыс» деп білемін. Бірақ бұл ретте Елбасымыз айтқандай, латын әліпбиіне көшуді ақын-жазушы­ларды, тіл маман­дарын, ғалымдарды қатыстыра отырып, әрбір әріп пен таңбаға, үтір-белгіге жіті көңіл бөле отырып, бірте-бірте мұқият жүзеге асыруымыз қажет деп ойлаймыз.

Осыған байланысты менің есіме мына бір оқиға түседі. 1953 жылы қазақ әліпбиінде қазіргі Ұ дыбысы төбесінде екі ноқаты бар У болып жазылған екен. Сөйтіп, бірде «Социалистік Қазақстан» газетінде «Ұлы Сталин» сөзі «Улы Сталин» болып жазылып кетіпті. Соған орай үлкен шу шығып, соның салдарынан көп адам жауапқа тартылып, біразы сотталып кетіпті. Абырой болғанда сол жылы Сталин қайтыс болып кетіп, сотталғандардың бәрі де ақталып шығыпты. Ал содан кейін тіл мамандары ақылдаса келіп, жоғарыдағы әріпті Ұ деп белгілеу тәртібін енгізген дейді. Бұл оқиға жайлы мемлекеттік курсты оқытып жүргенімде менің сабағыма қатысқан филолог-ғалым Асылы Османова апайымыз айтқан болатын.

Міне, осындай жағдайлар да болып тұрады. Сондықтан да латын әліпбиіне көшу – ұлттық санамыздың, ұлттық рухымыздың нығаю белгісі және Тәуел­сіздіктің асқақ белгісі болуы керек деп білеміз!

 

Айбол БИТУҒАНОВ,          

жоғары санатты ұстаз. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *