ЖАҢА ӘЛІПБИ – БОЛАШАҚҚА БАҒДАР

%d0%bb%d0%b0%d1%82%d1%8b%d0%bd

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласында латын әліпбиіне көшуге байланысты нақты шешім­дерін атап көрсетті. Осымен байланысты 2017 жылдың аяғына дейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инсти­тутының тілші ғалымдарына латын әліпбиіне негізделген жаңа әліпбидің бір нұсқасы мен оның емле ережесін дайындау жүктелді.

Аталмыш институттың мамандары латын әліпбиіне негізделген қазақтың ұлттық әліпбиінің бірнеше жобасын жасап, оның ішінен бірыңғай стан­дартты нұсқасын анықтауда. Дегенмен қоғамда жаңа әліпби таңдауда екі түрлі пікір қалыптасып жатқаны белгілі. Оның бірі – қазақ тілінің табиғатына (үн­десім әуезіне) лайық келетін әліп­биді жақтаушы зиялы тілші қауым, екіншілері – ағылшын жазу жүйесіне негізделген әліпбиді қолдаушылар, яғни, ІT мамандары.

Сөз жоқ, қазіргі жаһандану зама­нында ағылшын тілі, ағылшын жазуы, (тілді оқытуда) ағылшын методикасы, т.б. – бірден-бір сүйенетін, тәжірибе алмасатын ақпараттар жүйесі болатын болса, екінші жағынан, қазақтың қоғам­дық санасына, діліне, ұлттық болмы­сына кереғар келетін тұстарын аңғарып жатпаймыз. Сол себепті, сырттан келген ақпаратты сол күйінде қабылдай бер­мей, соған төтеп беретін ұлттық имму­нитетімізді көтеруіміз қажет-ақ. Бұл, әсіресе, дәл қазіргі таңда жаңа әліпби­дің жобасын жасауда болып жатқан үдеріс. Бір өкініштісі, ІT мамандарының жасаған жаңа әліпби жобаларында диграфтар, триграфтар [oe, ng]  сияқты қосақталған дыбыстар мен апострофтар кездесіп жатады. Пернетақтадағы бар әріптермен беруді жөн көреді. Мысалы, «әңгіме» сөзін осы ретпен жазып көр­сек, «anngme»    болады. Бұлай берілетін сөз­дердің қатары тұтас мәтінді оқып, түсінуді қиындатады.  Сол себепті, төл сөздерді жазуда қосарлы таңбаның болмағаны абзал.  Жалпы, осындай қазақ тілінің заңды­лығына қайшы келетін тұстарын асықпай елеп, екшеп алған жөн секілді. Бұл жөнінде фоне­тист ғалым Ә.Жүніс­бектің мына сөзде­рін ескеру қажет: «Жоба дәйекті болу үшін, міндетті түрде, қазақ тілі дыбыс­тарының фоне­тика-сингармониялық (фоно­логиялық) моделі құрастырылып, әрбір дыбыстың модельдегі орны көр­сетілуі қажет. Модельде орны табыл­маған дыбыс – қазақ тілінің дыбысы емес».

Елбасымыз осы мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаң­ғырыққа айналуы оп-оңай» деуінің мәнісін терең түсінген абзал. Осындағы ұлттық код біздің жаңа әліпбиімізде көрініс табуы аса қажет. Яғни, бүгінгі жаңа әліпби ұлттық төл дыбыста­ры­мызбен көрініс тауып, олардың қазақ тілінің үндесім әуезіне сай  дыбыс­­талуымен ерекше­ленуі тиіс. Бұл – ұлттық сананың, ұлттық дыбыстық кодтың белгісі. Ал ұлттық кодқа салын­ған жаңа әліпби болашаққа бағдар болады, өміршеңдігін жоғалтпайды.

Ғаламтор кеңістігінің кең жайылуы мәдениаралық, тіларалық байланыс­тардың күшеюінен тілімізге шет сөздер ондап-жүздеп еніп жатыр. Оларды калькалау да, аудару да үнемі сәтті бола бермейтіні белгілі жәйт. Мысалы, техника саласы шет елде ойлап табы­латындықтан, ақпараттық технология атауларының (айфон, айпад, макбук, аймак, трекбол, т.б.) бәрі ағылшын тілінде болатыны заңды. Яғни, тіліміз­дегі жаңа ұғымдар батыс тілдерінен алын­­ған сөздермен толығуда. Бұл сөз­дердің барлығын бүгінгі кирилшемен бергенде, тіліміздің үндесіміне икемдеп жазылмайды. Жазылса да, кирилшемен жазудағы үндесім тәртібіне бағын­байды. Ғалым Н.Уәли бұндай сөздерді: «импортталған сөздер» деп қазақ тілінің ежелден келе жатқан дәстүрлі норма­сының бұзылу қаупін күшейте түседі, ал дәстүрлі нормасынан айырылған тіл қанаты қайырылған құстай дәрменсіз болып, қоғамдық қызметін ойдағыдай атқара алмайды», – дейді. Расында да, тілімізде бұндай игерілмеген сөздердің саны жыл сайын көбейіп жатыр. Ал латын әліпбиіне көшкен жағдайда бұл мәсе­ленің шешімі табылары сөзсіз. Осындай еуропа тілдерінен тікелей немесе жанама (орыс тілі арқылы) еніп жатқан кейбір кірмелерді икемдеудің бірінші жолы – қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне лайықтап жазу. Осы арқылы сөздік қорымызға толассыз еніп жатқан шет сөздерді тілімізге барынша қаза­қы­ландырып, әрі оқуға, жазуға ыңғайлы етуіміз керек.

Екінші жолы – кейбір еуропа сөзде­рін түркі халықтарына ортақ көне не көнерген сөздермен, кірме араб-парсы сөздерімен алмастыру не толықтыру. Яғни, көне сөздердің әлеуетін пайда­лану. Бұл түркі халықтарын бұрынғы­дан да өзара жақындастыра түсіріп, жалпытүркілік интеграцияны күшейтер еді. Ежелден түркі халқы өздерінің көп ғасырлық тіршілігінде бірге өмір сүр­гендіктен, мәдениетінде, әдебиетінде, салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпында, тілінде  ортақ  рухани құндылықтардың болға­нына ертеректе жазылған жазба  мұра­ларымыз дәлел. Жасыратыны жоқ, кеңес дәуірінде түркітілдес ұлттардың мүд­­десі табанға тапталып келгені ақи­қат. Кеңес Одағы ыдырап, түркі мемле­кеттері жеке-жеке шаңырақ көтеруіне орай терминологиялық жұмыстарға қатысты да елеулі өзгерістер орын алды. Әсіресе, егемендігімізді алғаннан кейін жазба ескерткіштер тіліндегі көне түркілік лексика мен араб-парсы тілдік қабаттары отандық түрколог ғалымда­рының тарапынан тереңірек зерттеле түсті. Олардың қазіргі тілімізде қолдану тенденциясы да қарастырылды. Бұл зерттеулер түркі дүниесі үшін ортақ терминдер жүйесін жасауда таптырмас құнды материалдар болып табылады. Осы ретте айта кететін жәйт, 1924 жылдың маусым айында Орынборда өткен қазақ ғылыми қызметкерлерінің тұңғыш съезінде Елдес Омарұлы «Қа­зақша пән сөздері» деген тақырыпта баяндама жасап, соның негізінде терминологияны дамыту қағидаттары бекітілді. Съезд бекіткен қағидаттардың екіншісі «Қазақтың өз тілінен табыл­маған пән сөздер басқа түркі халық­тарынан ізделсін; басқа түркілер тілін­дегі пән сөздер – жалпы түркі сөзі болып, жат тілдің әсерінен аман болса, ондай сөздер жатырқамай алынсын» деп белгіленді. Өз тіліміздің негізінде термин түзу мүмкіндігі болмай жатса, туыс түркі тілдерінен сөз қабылдау қажеттігін Алаш зиялылары түгел қол­дады. Бір ғасырдай бұрын Алаш ардақтыларының көтерген бастамалары қайта қолға алынды. Қазақ, түрік, қырғыз, өзбек, әзірбайжан ғалымдары Астанада бас қосып, түркітілдес елдер­дің терминологиясына қатысты біраз мәселе көтерді. Жиынның басты мақ­саты –  түркітілдес халықтардың ғылым, білім саласындағы байланысын арттыру, өзара термин алмасу үдерісін нығайтып, дұрыс жолға қою және салалық, әсіресе, ақпараттық ғылым саласындағы ортақ терминдер қорын қалыптастыру болатын.

Қазіргі тілімізде түркі тілдеріне ортақ көптеген көне сөздер қолда­ныстан шығып жатса, ал кейбір сөздер заман талабына сай ғылым мен техни­каның дамуына байланысты жаңаша атауға ие болып жатыр. Тіпті, қазіргі қазақ тілінің терминология­сында көпте­ген көнерген сөздер жаңаша мағыналы терминдер қатарынан табылуда. Мыса­лы, түркі жазба ескерт­кіштер тіліндегі билік, атақ-лауазым саласындағы атаулар – «ел», «хан», «патша», «мәсли­хат», «кеңес», «мәжі­ліс», «әкім», «бұй­рық», «астана», «са­рай», «құрылтай», «жарлық», «сарбаз», «патша», «майдан», «орда», «жасақшы», «төреші», т.б. қазіргі мемлекеттік басқару аппарат­тарында жаңаша сипат алып, қолданыс тапқан. Көне түркі тіліндегі «орду» сөзі Махмұд Қашқа­ридің «Диуани лұғат-ат түрк» сөздігінде тек елді-мекен атауы сипатында кездессе, енді ел билеуші орналасқан мекен-жай деген мағынаны білдіретін термин статусында кең қолданыла бас­тады. Сол сияқты, көне түркі дәуірінен бері өзіндік лексикалық мағынасын сақтап келген «ел» сөзінің де қазіргі мемлекеттік құрылыс терми­но­логия­сында үздіксіз қолданылып келе жатқан саяси термин.

Осылайша төл сөздерімізге қайта оралып, оларды екшеп, қажетімізге жаратсақ, шет тілдеріне шектен көп жүгіну әдетінен арыламыз. Көнерген сөздердің кейбіреулері жаңа мағына алып сөздік құрамдағы актив сөздердің үйіріне қайта қосылуы мүмкін. Академик Ө.Айтбай айтып өткендей: «Жалпы, термин пайда болу үшін сол терминге негіз боларлық оқиға қажет. Оқиға, құбылыс болмаса, оны атаудың да қажеттігі болмас еді. Сондықтан біз үнемі қабылдағыш, алғыш бола бермей, өзіміз де жасағыш, ат бергіш санатына өтуіміз керек». Ендеше, еуропа тілінен тікелей және жанама еніп жатқан сөздерді орайы келсе, көне (немесе түркі халықтарына ортақ) сөздермен терминдендірсек,  бірқатар артықшы­лықтарға қол жеткізер едік:

біріншіден, қазақ тілінің сөздік қоры төл сөздерімен толығады;

екіншіден, түркі тілдеріне ертеден әр дәуірде енген араб-парсы сөздерінің басым көпшілігі бүгінгі таңда түрлі сала­ларда кең қолданылады. Бұл – ортақ түркі тілі терминологиясын қалап­тыстыруға негіз бола алады;

үшіншіден, түркі халықтарына ортақ көне сөздерді латын графикасымен орфо­графиялауда қиындықтар туғыз­байды.

Қорытындылай келгенде, қазақ жазуын латын графикасына көшіру – тәуелсіздігіміздің, ұлттық жаңғыруы­мыздың белгісі болса, онда жаңа әліп­биде қазақтың ұлттық бет-бейнесін көр­сететін дыбыстық әліпби болуы тиіс. Бұл өз кезегінде шеттен енген кірме­лерді тілімізге игеруге, бейімдеуге жол ашады.

 

А.Сейтбекова,

А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты

Тіл тарихы және диалектология бөлімінің

жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *