Жаңа Алматының жол сапасы бақылауда

Мәншүк БЕКБОСЫН

Алматыда жыл қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 80%-ға дейін жететін болады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев хабарлады.

Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram-дағы жеке парақшасында жол-көлік инфрақұрылымын салу мен жөндеу жұмыстары туралы айтты.
«Өткен жылдағыдай жұмыстың басым бөлігі Жаңа Алматыда жүргізілуде. Қаланың ықшамаудандарына айналған бұрынғы ауылдардың тұрғындары жолдар мен тротуарлардың жоқтығы туралы бірнеше рет мәселе көтерген еді. Оны шешуді өткен жылы қолға алдық, орталықтан алшақ жатқан тұрғын аймақтарын инфрақұрылымдық жағынан қайта жаңғырту үшін бюджетті нақтыладық және қаржы бөлдік», – деп жазды Б. Сағынтаев.
Оның айтуынша, таяудағы екі аптаның ішінде жол жөндеушілер биылға жоспарланған жұмыс ауқымын аяқтаулары тиіс. Осылайша, мегаполистегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 80%-ға дейін жетеді.
Айта кетерлігі, 2020 жылы ұзындығы 200 шақырым болатын 283 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде шеткі ықшамаудандардағы 177 көшедегі жолдар жөнделді. Бүгінгі күні 265 көше жөнделсе, ұзындығы 18 шақырым болатын 18 көшеде жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Бұдан өзге, биыл ұзындығы 47,8 шақырым болатын 177 көшеде жаңа жолдар салынуда. Ұзындығы 35 шақырымдық 144 көшедегі жолдардың құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін ұзындығы 12,8 шақырым болатын 33 көшеге жол салу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.
Өжет, Ұлжан-1, Ұлжан-2, Шаңырақ-2, Әйгерім-1, Әйгерім-2, Дархан-Байбесік, Трудовик (Томирис), Алғабас-AЗТМ, Жас Қанат, Қарасу, Көк-Қайнар, Ақбұлақ, Саялы-2 ықшамудандарында жаңа жолдар салынуда. Соның ішінде Әйгерім-1, Әйгерім-2, Шаңырақ-2, Ұлжан-1, Дархан-Байбесік ықшамаудандарындағы жолдар пайдалануға берілді. Жалпы бұл аудандарда 122 мыңнан астам адам тұрады.
Сонымен қатар, 2020 жылы Рысқұлов даңғылы – Емцов көшесі, Сейфуллин даңғылы – Жансүгіров көшесі, Бұқтырма көшесі – Құлжа тракті қиылыстарындағы үш жолайрықтың құрылысы жалғасуда. Абай даңғылы мен Саин көшесінде үңгілеу жұмыстары жүруде. Солтүстік айналым көшесі – Москвин көшесінің солтүстігі, Солтүстік айналым көшесі – Жұмабаев көшесінің солтүстігі, Солтүстік айналым көшесі – Боралдай көшесінің оңтүстігі, Майлин көшесі – Тоқай көшесі бойларында жаяу жүргіншілердің жер үсті төрт өтпелі жолдарының құрылыстарын аяқтау жоспарлануда.
Еске салсақ, бұған дейін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде жолдардың, көлік өткізгіштердің, жол айрықтарының құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс сапасын қатаң сақтауды және көрсетілген мерзімде пайдалануға беруді тапсырған болатын.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *