Жүз оқулық аударманың үздік үлгісіне айналуы тиіс

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы бес-алты жыл­дан кейін-ақ жемісін бере бастайтынын айтып, уақытты өткі­зіп алмай таңдаулы үлгілерді алып, оларды қазақ тіліне ауда­ра бастау керектігін атап өткен болатын. Соған сай,  «Гума­нитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынып, Елбасының әлемдік таңдаулы оқу­лық­тарды аудару арқылы жастарға білім алуға мүмкіндік туғызу жөніндегі сындарлы саясаты мен ерекше бастамасын орындау ісі кең көлемде атқарыла бастады.

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары тарих, саясаттану, әлеуметтану, филосо­фия, психология, мәдениеттану сияқты дербес салаларға қатысты түрлі пікірлер қалыптасты, түрлі көзқарастар айтыла бастады. Алайда, Елбасының тікелей бастамасы бұл түсініспеушіліктерге нүкте қойды, атқарылуы тиіс нақты міндеттеме­лерді анықтап берді. Жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті ел болуда гуманитарлық білімдердің алатын орны зор екенін, ол үшін сапалы оқулықтар мен ғылыми әдебиеттердегі маңызды ақпаратты шет тілдердегі түпнұсқадан алу қажеттігі жайлы бастама көтеріп, ғылыми қауымдастыққа бағыт-бағдар көрсетті. Енді осы игі баста­маға бүкіл ел болып атсалысып, қолдау білдіруіміз қажет.

«Гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы – жастарға тың серпін беретін басым бағыттардың бірі. Оның жастардың гуманитарлық білімге деген қызығушылығын арттыра түсері анық. Аталмыш жоба аясында аударылып жатқан оқулықтардың басым көпшілігінің орыс тілінде жарық көрмей, тікелей ағыл­шын немесе француз тілінен қазақ тіліне тәржімаланатыны – өте құптарлық іс және бұрын-соңды болмаған баламасы жоқ ерекше жоба.

Мемлекеттік деңгейдегі маңызды жобаның беделі кешенді жұмыстың нәти­жесіне, аудармашылардың өресіне тікелей байланысты екені белгілі. Олай болса, 100 оқулықтың аударманың үздік үлгісіне айналуы тіліміздің жаңа тынысын ашып, қазақ аударма мектебін қалыптастырады және ғылыми-академиялық әдебиетті аудару ісін өркениетті жаңа сатыға көтереді дегенге кәміл сенеміз.

Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ­стан халқы Ассамблеясының 12 сессиясында: «Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде, үш тілді білулері тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерулері қажет» екендігін де атап өткен болатын.

Осы тұрғыдан алып қарар болсақ, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері универси­тетінде қазақ-ағылшын-орыс тілдерінде қатар білім беруге қатысты ауыз толтырып айтарлықтай бірқатар іс-шара атқары­луда. Аталмыш оқу орнында шет тілін оқыту мен аударма ісі бойынша республи­калық оқу-әдістемелік  кеңесі жұмыс істей­­ді. Осы уақытқа дейін кеңестің шеші­мімен аударма саласы бойынша көптеген еңбек, сөздіктер жарық көрді. Универ­ситетіміз Астана қаласында өткен ЭКСПО-2017 көрмесіне әлемнің бес тілінде үш тілдік сөздіктер мен тілашарлар дайындаған республикадағы бір ғана оқу орны.

 

Оқулық оқыған адамға түсінікті болуы қажет

 

Қазақ, орыс тілдерімен қатар, ағылшын тілінде де дәрістер, ғылыми монографиялар дайындалуда. Солардың ішінде универси­те­­тіміздің ректоры, ҚР ҰҒА академигі С.Құнанбаеваның «The Modernіzatіon of Foreіgn Language Educatіon: The Lіnguacultural-Communіcatіve Approach» (Kunanbaeva S.S. Hertfordshіre Press, 2013), «Strategіc Guіdelіnes for Hіgher Foreіgn Language Educatіon» (Kunanbaeva S.S. Cambrіdge Іnternatіonal Press», 2017) сияқты Ұлыбританияда жарық көріп, бірқатар елдерге таралған, басқа елдер тарапынан аса жоғары сұранысқа ие болып отырған монографияларын айтуға болады. Олар білім беру саласында Brіtіsh Lіbrary Catalogue іn Publіcatіon Data каталогына енгізілген еліміздегі алғашқы еңбектер. Аталмыш монографиялардың шет тілін үйренгісі келетіндер мен аударма кәсібін игергісі келетіндер үшін, жалпы білім беру саласын реформалау мәселесінде берері көп. Айталық, «Strategіc Guіdelіnes for Hіgher Foreіgn Language Educatіon» деп аталатын монографиясында автор қазіргі кәсіби жоғары білім беру парадигмасын жетілдіру жолдары жайлы айта келіп, нақты концептілер мен модельдер ұсынады. Кәсіби білім беруде аса маңызды болып табылатын индустриалды-технологиялық бағыт, әлеуметтік-гуманитарлық бағыт, іскерлік-экономикалық бағыттарды кеңі­нен тарқатып айтып, ЖОО-ларда ғылы­ми-педагогикалық кадрларды дайын­даудың қыр-сырын нақты анықтап береді. Атап айтсақ, «аударманың танымдық концеп­циясы», ғылыми-теориялық плат­форма, аударматанудың ғылыми-теория­лық негізі, аударманың теориялық-функ­ционалдық классификациясы сияқты мәселелер қазақстандық аударма теориясы саласын­да алғаш рет аталмыш еңбектерде зерттеліп отыр.

Тағы бір айтып өткім келетіні, универ­ситетіміздің бірқатар философ мамандары, лингвистері «100 оқулық» жобасына сарапшы, ғылыми редактор, аудармашы ретінде белсене атсалысып жүр. Олар аударысқан оқулықтар Елбасы тұсауын кескен 18 кітаптың алғашқылары болып баспадан шықты.

Алайда, университет тек осы кітаптар­ды жазып аударумен ғана шектеліп отыр деген ой тумауы керек. Осылайша біз өзімізге ғана емес, республиканың барлық оқу орындарына теоретик мамандарды дайындау ісін жолға қойып отырмыз және Елбасының алдымызға қойған міндеттеме­лерін өз деңгейімізде орындауға ат- салысудамыз.  Біз университет деңгейінде қазақ, орыс бөліміне арнап, универси­тетімізде оқытылатын әлемнің 9 тілінде басылған маңдайалды кітаптарды түпнұс­қада пайдаланудамыз. Олардың қатарында Стивен Пинкердің «The Language Іnstіnct: How the Mіnd Creates Language», Б.Шордың «Culture Mіnd: Cognіtіon, culture and the Problem of Meanіng», П.Ньюмарктың «Paragraphs on Translatіon», Эндрью Р. Смиттің «Communіcology for the Human Scіences: Lanіgan and the Phіlo­sophy of Communіcatіon», Х.Андерстің «Medіa & Communіcatіon Research Methods» және т.б. көптеген еңбектер бар. Бұлар негізінен қазіргі кезде республика­мыздың қай жоғары оқу орнын алсаңыз да маман тапшы болып отырған мамандық­тарға арналған оқулықтар.

Осы орайда ресми және ғылыми-академиялық әдебиетті аударуда ойланатын мәселе жетерлік екендігін де айта кеткен жөн. Мысалы, қазіргі қолданыста жүрген кейбір оқулықтарды оқыған кезде қазақ тілін білетін адамның өзі қиналатын кездері болады. Мәселен, әр сөйлем жат тілдегі сөйлем құрылысы негізінде тікелей ауда­рылғандықтан, түсініксіз құрылған сөйлем­дер, қазақ тіліне жат сөздер қолданысы, өзге тілдің ықпалындағы сөз тіркестері, біріз­ділігі жоқ терминдер мәселесі секілділермен кезігеміз.

 

Терминдер тілімізді бұзбауы шарт

 

Ғылыми терминологияны орнымен қолдану мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс. Өкінішке орай, қазақ тіліндегі ғылыми-техникалық сөздіктерде бірізділік жоқ. Бір терминнің өзінің қазақша бірнеше нұсқасы бар. Ағылшын тіліндегі белгілі ғылыми түсініктерді қазақ тіліне қалай ендіруіміз қажет? Осы мәселеде де түрлі көзқарас бар. Біздің пікірімізше, бір сөздің әр түрлі дискурстағы модельдері болуы керек. Сондықтан әдебиеттерді аудару кезінде осы ерекшеліктер мен тілдік дискурстарды да ескергеніміз жөн.

Рас, ғылыми терминдерді қазақ тіліне аудару қажет. Дегенмен, терминдердің артикуляциялық айтылымы біздің тілімізді бұзбайтын болса, онда ол терминді сол күйінде алған дұрыс болар еді. Бұл – заман сұранысы, заман талабы! Қазақ тілінің өзі ешқашан төл сөздерін ғана қолданып, табиғи қалпында қалған емес. Бір кездері ғылымның тілі араб-парсы тілдерінде болды. Сол араб-парсы тілдерінен қазақ тіліне сіңіп кеткен сөздер өте көп. Мысалы, мектеп, мәдениет, кітап, мұғалім – араб-парсы тілдерінен енген сөздер. Осы сөздердің қазақ тіліне сіңіп кеткені сонша, төл сөзімізге айналып кетті. Сондықтан тілдің дамуына кері ықпалын тигізбейтін терминологияны кітапқа енгізсек, одан еш ұтылмасымыз анық. Өйткені, біраз қолда­нысқа түскеннен кейін ол қазақы ұғымға айналады. Мысалы, банк, корпо­рация, компания, карьера сөздері тілімізге сіңіп кетті, біз осы сөздерді «жат» екен деп қазақ­ша баламасын іздеп, қолдан термин жасамауымыз керек. «Мынау басқа ұлттың термині, бізге сәйкес келмейді» деген ұғыммен қарайтын болсақ, қазақ тілінің ғылыми лексикасының дәрежесін ешқа­шан байыта алмаймыз. Бұл жайлы ауда­рылған алғашқы 18 кітаптың тұсау­кесерінде Елбасымыз жақсы айтты, оны барлығымыз да естідік.  Бір ғана ескеретін жәйт, аудармада қазақ сөйлемінің стилі сақталып, мәтін мазмұны өзгермеуі керек. Ал бұл аударма теориясы деп аталатын іргелі ғылымда қойылатын басты талап және ғылыми кәсіби тілді байытып, деңгейін көтермек.

Осы ретте айта кетер бір мәселе бар: алдағы жылдары қазақ тіліне аударылатын үздік жүз оқулықты баспадан латын әліпбиінде басып шығару ісі. Өйткені, латын графикасына көшу – рухани жаңғы­рудың басты өлшемдерінің бірі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған, қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру жөніндегі мәселені іске асыру мақсатында, мәселен, университетіміз басшылығы қазақ бөлімі студенттеріне арналған оқу құралдары мен оқу-әдістемелік құралдарын (Латыншаға көшу. Көмекші оқу құралы. Ішкі қолда­нысқа арналған.  Алматы, 2018) жарыққа шығарды. Осы үлгімен жүз жаңа оқулық та баспадан бірден жаңа латын әліпбиімен шығып жатса, аталмыш оқулықтарды оқу үрдісінде тез енгізуге жол ашылар деген сенімдеміз. Ал біздің университет қазірдің өзінде қазақ бөліміне арналған дәрістерді латын графикасына аударып жатыр. Өйткені, Қазақ елі 2025 жылы жаппай латын әліпбиіне көшпек. Олай болса, оқулық­тардың латын әліпбиінде шыға­рылуы заманауи сипаттағы даму бағытына жасалған батыл бетбұрыс дер едім.

Аударма қай кезде де әлем өркениетін, мәдениетті сабақтастыратын көпір қызме­тін атқарып келеді. Аударма арқылы басқа елдің рухани әлемімен танысамыз, өзімізді басқаларға танытамыз. Олай болса, атал­мыш жоба аясында аударылып жатқан еңбектер еліміздің өркениетті елдер қата­рына біртабан жақындауына үлкен ықпал ететініне сеніміміз зор.

 

Ардақ САХАНОВА,

Абылай хан атындағы ҚазХҚӘТУ

ғылым және инновация жөніндегі проректоры,

э.ғ.д., профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *