ЖӘУТІКОВ ОЛИМПИАДАСЫ БАСТАЛДЫ
Қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы академиялық театрда алғыр балалардың дәстүрлі Жәутіков олимпиадасының ашылу салтанаты болды. Осымен ХІІ рет өткізіліп отырған халықаралық олимпиаданың негізгі ұйымдастырушылары — ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы және «РФМШ» коммерциялық емес АҚ.
Рая ЕСКЕНДІР
Айта кетерлігі, атақты «ФизМат» ендігі жерде коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта құрылып, басқарма төрағасына Ербол Сейітұлы Баеков тағайындалып отыр. Осындай жаңалықпен биылғы алғыр балалардың аламанын бастаған мектеп ұжымы қазақ өнерінің қарашаңырағына Алматыны көруге асығып келген алғыр балаларды жинады.
Өткен жылғы аламан дода қорытындысы бойынша жалпы 182 медальдің 51-ін еліміздің дарынды балалары иеленген еді.
Білім бәсекесінде биікті бағындырған балалардың барлығы еліміздегі ең алдыңғы қатарлы оқу ордаларына түсуге мүмкіндік алып, білім гранттарына ие болды. Атап айтсақ, Назарбаев университеті, ҚБТУ, Халықаралық іТ университеті, ҚазҰУ сынды атақты оқу орындарының студенті атанған дарындылардың дені осы Жәутіков олимпиадасында тасы өрге домалағандар.
Сонымен, байқаудың салтанатты ашылуы алдында әдеттегідей өткен жылғы білім бәсекесінен үзінділер көрсетілді. Алатау баурайына жиналған әрбір мемлекеттен келген қонақтар ресми түрде таныстырылды.
«Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының басшысы Шолпан Қирабаева барлық олимпиадаға қатысушыларды құттықтап, өте жауапты сынақ алдында сәттілік тіледі.
– Дәстүрге айналған дода барысында қатысушылардың, яғни, барлық мемлекеттерден келген дарынды балаларға арналған мектептердің рейтингін білуге болады. Сонымен қатар, математика, физика, информатика саласы бойынша оқушылардың білім деңгейін бағалап, олардың осы пәндерге деген қызығушылығының артып отырғанын да айта кеткеніміз жөн.
Дәстүрге айналған додаға тек қана дарынды балаларға арналған мектептердің ғана оқушылары қатысады. Бір мемлекетте тұрақты түрде өтіп келе жатқан Халықаралық олимпиаданың өтуіне қолдау көрсетіп отырған Алматы қаласы әкіміне, қалалық Білім басқармасына шексіз ризашылығымды білдіремін. Осынау білім бәсекесі арқылы біз халықаралық қатынастарды нығайтып, достықты дәріптеп отырғанымызды да айта кеткеніміз орынды. Ендігі жерде барлық қатысушыларға тек сәттілік тілеймін, – деген Шолпан Ақашқызының сөзінің соңы қонақтарға арналған концертке ұласты.
Сонымен, байқау шарты бойынша, физика пәні бойынша теориялық және экспериментальдық кезеңдерден тұрады. Мұнда алдымен қатысушыларға теориялық тапсырма, ал екінші кезеңінде бір немесе екі экспериментальдық есеп ұсынылады. Сондай-ақ, математика мен информатика пәндері бойынша қатысушылар теориялық есептер шығарады. Халықаралық олимпиадаға биылғы жылы әлемнің 17 мемлекетінен 400 үміткер қатысса, олардың 140-ы біздің дарындылар, олар еліміздің абыройын қорғағалы отыр. Барлығы 58 команда болып бақ сынасатын үміткерлердің әділ бағасын халықаралық қазылар алқасы белгілейді. Биылғы жылы әділқазылар алқасы құрамына 8 мемлекеттің ғалымдары еніп отыр.