Жұрттың жүйкесін жұқартқан жүргізуші

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

 

Кешкісін жұмыстан шығып, үйге асыққан көпшілік аялдамада авто­бусты күтіп біраз тұрып қалды. Таңнан кешке дейін тыным көрмей жұмыс істеп, шаршаған олардың бәрінің жалғыз ойы – үйлеріне, күтіп отырған бала-шағаларына аман-есен жету. Кешіккен автобустардың жолына қарап, төзімі таусылған кейбіреулер таксиге отырып та кетіп жатыр. Өйткені, автобус күткен жұрттың алды жарты сағат­тан көп уақыт тұрып қалды.

Көктемнің келгені сезіледі. Десе де, бетті шымшылайтын, мойыннан кіріп, денені тітіркендіретін суық та жоқ емес. Кеш болғасын, тіпті, күннің райы күн­дізгіден әжептеуір салқындаған. Аялдама­ның ығына тығылған жұртшылық «Келіп қалды ма?» деген үмітпен жолға қарай мойындарын кезек-кезек созып қояды. Кенет, көше басынан автобустың қарасы көрінді.

Көп күткен жұрттан маза кеткен. Жұмыстан, оқудан шаршап-шалдығып шыққан оларда күш те, шыдам да қалма­ғандай. Біреу бір нәрсе деп артық сөйлесе, тура бас салайын деп тұр.

Бәріміздің дерлік жүрер бағытымыз бір екен, бәріміз бірге бір автобусқа отырдық. Көлік ішінде адам ығы-жығы. Сырттан кіргендер кезекпен «Оңай» карточкасын басып, жолақысын төлеп жатыр. Ұялы телефонмен хат жолдап, жолына билет алып жатқандар да бар. Көлік ішінде радио қосулы. Кенет, алдыңғы жақтан «Оңай» карточкасын басыңдар. Смс арқылы төлегендер, маған көрсетіңдер жаныма келіп» деген зілді дауыс шықты. Оның сөзіне ешкім құлақ аса қоймады. Смс-пен төлегендер орындарынан қозғала қоймады. Өйткені, көлік ішіндегі көп адамның арасынан өтіп, жүргізушіге жеткенше өзіңізден де, өзге жолаушылардан да маза кетеді. Араға шамалы уақыт салып, жаңағы дауыс қайта шықты. «Төлеңдер, жолақы­сын. Смс болса, алып келіңдер бері» деді ол бұл жолы. Мойнымды созып қарап, айғайлап отырған жүргізуші екенін көрдім. Өзі көлік жүргізіп келе жатып, артқа қарай бұрылып қарап, сөйлеп жатыр. Арада 2 минуттай уақыт өтпей, ол әлгі айтқанын тағы қайталады. Не керек, көлікке мінге­німізге 10 минут та болмай, күндіз жұмыс­тан, одан қалса, көлік күтуден шаршаған жолаушылар жүргізушінің бір нәрсені қайталап, тоқтаусыз сөйлей бергеніне ашулана бастады. Жан-жағымдағылар өзара күбір-күбір етіп, оған қарсы ­бір нәр­се айтуға дайын тұр. Дәл осы сәтте жүр­гізуші қайта бастады. «Тағы екі адам «Оңай» басыңдар. Ұялы телефонмен төлесеңдер, әкеліңдер маған» деп айғайлай жөнеліп еді, көліктің орта жағынан «Айналайын, балам, қайта-қайта сөйлеп, миымызды ашытып жібердің ғой. Кірген адамдар өзі үшін төлейді ғой. Билетсіз ұсталып қалса да жауап беретін өздері. Жұрттың берекесін алып келесің!» деп бір ер кісі сөйледі. Жүргізуші болса, «Көке, сіз өзіңіз төледіңіз бе, болды, тыныш отыра берсеңізші. Мен төлемеген­дерге айтып жатырмын. Жоспарды орындауым керек. Бүгін 740 адам тасуым керек, мен 504 адам ғана тасыдым. Менің бала-шағамды сіз асыра­майсыз ғой?!» дей беріп еді, бағанадан бері ашуын шыдамға жеңдіріп келе жатқан жолаушылар көтеріліп кетті. Бәрі жол бойы жүргізушінің көп сөйлеп, мазаларын қашырғанын, дөрекі сөйлегенін, көлік тоқтатып, қол көтерген адам көрсе болды, кез-келген жерге тоқтап келе жатқанын, адамдарды түсіргенде асығып, жолаушылар аяғын көліктен түсірер-түсірмес жүріп кетіп жатқанын, жолда кездескен көлік­терді қысып, алаңсыз дабыл қаққы­шын басып, өзге көліктерге автобус ішінен айғайлап, жекіріп отырғанын, көлік тежегішін бірден басып, ішіндегі лық толы жолаушыларды ары-бері «ұшырып», ыңғайсыздық тудырып келе жатқанын айтып, шағымданды. Жан-жақтан сөйлеген жолаушыларға айғайлап, өзінікін дұрыс деген жүргізушіні жасы 50-ге жақындап қалған әйел тоқтатты. «Біріншіден, жолау­шыларға мәдениетті түрде «сіз» деп сөйлеу керексіз. Екіншіден, кез-келген жерге тоқтап, адам алуға және адам түсіруге құқығыңыз жоқ. Үшіншіден, сіз жоспарға емес, айлыққа жұмыс істейсіз. Қанша адам тасысаңыз да, бір айлық аласыз…» деп, өзінің жұмысының қоғам­дық көліктермен тікелей байланысты екенін айтты. Бірақ жүргізуші оның сөзіне мән бермей, салғы­ласып, ұрсыса бастады. Басқа жолаушылар да «смс арқылы төлеп, жүргізушіге апарып көрсету керек деп қайда жазылған? Керек болса, бақылау­шылар тексерген кезде көрсетеміз» деп бірінен соң бірі сөйлей бастады. Дегенмен, жүргізуші өз дегенінен қайтпай, қарсы сөйлеген жолаушылардың бәріне сөз қайтарып, ұрсып тастады. Сөздің шыны, көлік ішінен тыныштық, адамдардан маза қашты. Шамалы уақыт бұрын тағатсыздана күткен көліктен түскенше асыққан көпшіліктің жүйкесі сыр бергендей. Мен де өз аялдамамды күтіп, терезеге қарап отырмын.

Аялдамадан түсіп, үйге қарай жаяу жүріп келемін. Шіркін, тыныштық деген қандай жақсы еді. Бағана автобуста жұқар­ған жүйке мен қайнаған миға тыныштық майдай жаққандай. Ойға шомып кетіппін.

Осыдан 5 жыл бұрын Испания еліне оқуға бардым. Университет пен біз тұратын қонақ үйдің арасы әжептеуір алшақ болып, қоғамдық көлікке отыратынбыз. Онда таксилерге есептегіш құрал орнатылған­дықтан, белгіленген тұрақты ақша жоқ, құрал не көрсетсе, соны бересіз. Сондық­тан туристер мен қарапайым тұрғындар үшін қоғамдық көліктен ұтымдысы, ыңғайлысы жоқ. Айтқым келгені,  автобустардан есіктерінің кіре берісіне қойылған шлагбаум іспеттес дүниені көретінбіз. Жолаушылар мінерде қолда­рындағы карточканы сондағы үнемі жанып тұратын белгіге басады. Сол кезде шлаг­баум ашылады да, бір адам өтеді. Екінші адам кіру үшін де дәл солай жасайды. Төле­мей кету деген түсінік жоқ. Өйткені, жолақысы төленбесе, шлагбаум сізді ішке өткізбейді. Сондықтан болар, сонда өткіз­ген 1 айдан аса уақыттың ішінде «жолдың ақысын төле, билетті көрсет» деген бір ауыз сөз естімедік. Жүргізуші жолаушылармен мүлдем сөйлеспейтін. Аялдамаларды да айтып жатпайды. Өйткені, автобустарда оны да көрсетіп тұратын құрылғы орнатылған. Жолаушы­лар да жолақысын үнсіз төлеп, өздері мініп, түсіп жататын. Өйткені, төлемесе, ішке кіре алмайды.

Автобустан шаршап-шалдығып, миым ашып түскесін бе, сол бірден есіме түсті. «Неге біздің қоғамдық көліктерге сондай құрылғы орнатпасқа? Сол кезде құда да, құдағи да тыныш болар ма еді?» деп ойладым. Түсінеміз. Жолаушылар – бірнешеу, жүргізуші – жалғыз. Тағы қанша адам болса, сонша мінез болатынын да ескерейік. Оның үстіне, жүргізуші де таңмен таласып жұмысқа шыққаннан, кешке дейін тоқтамай жүріп отырады. Тәні де, жаны да, жүйкесі де шаршайды. Әрине, сосын ешкімді тегін тасығысы келмейді. Дегенмен, жұмыстың аты жұмыс. Айлық алып, нанын жеп отырғасын, әркім өзі жұмысына қойылатын талаптар пен міндет­терді білу керек әрі оны орындау керек. Көпшілікпен жұмыс істеудің қиындықтары бәрімізге белгілі. Бірақ кез-келген жерде халықпен жұмыс істейтін адам өзін ұстай білуі керек емес пе? Мәдениет пен этика­дан жұрдай автобус ішіне тыныштық ор­нату керек секілді. Әйтпесе, бір күні «Оңай»-ды бас, жолақы­сын төле» деген сөздер түсімізге кірер түрі бар.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

1 пікір

  1. Бағы байланған бағыт…..
    Құрметті Алматы қаласы жол қатынастары департаментінің басшысы! Сізге біздің Шаңырақ -1, Шаңырақ -2, Дархан,Ұжан ықшамаудандары тұрғындарының атынан өзімінің талап тілегімді жолдап отырмын. Аталған ықшамаудандардан Көкбазар — Саяхат бағытында бір ғана №133 бағыт жүретін еді. Ол кезде де жоғарыдағыдай жағдайлар күнде қайталанатын. Көбінесе жүргізуші ақшаны өздері жинап алып, билет те бермейтін. Тлап еткен адамдарға «Ол үшін өзім жауп беремін. Қаламасаң түсіп қал,» — деп дөрекі жауап беретін. Көлік іші көк түтінге толып, тыныс алудың өзі қиын болатын. жүргізушілер үнемі темекі шегіп отыратын. Ескерткен адамға дүрсе қоя беретін. Осы бағытта жүретін жалғыз көлік болғандықтан амалсыз шыдайтынбыз. Барлық жағдайды өткен шақта айтып отырған себебім, бұл бағыт соңғы кезде мүлдем тоқтап қалды. «Құдайдан мүйіз сұраймын деп, құлақтан айрылыпты», — демекші бұл да бізге көптік еткен сияқты. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырза қаладағы көлік қатынасына баса назар аударып, көптеген бағыттардың қайта жанданып, жақсы жолға қойылғанын көріп те, естіп те жүрміз. Сондықтан осы бағыттың да қайта ашылып, аталған аудан тұрғындарына көмек қолын берер деген үміттеміз. Тіпті басқа бағыт болса да Көкбазар мен Саяхат бағытына жүрсе болды. Бұл жақта көптегентұрғындар өзінің нәпақасын тауып, күнін көріп жүр немесе көптеген жоғарғы және арнаулы оқу орындарында оқиды. Ауысып мінуге қаражат жағы тапшы, әрі көп уақытты алады. Көмектессеңіздер екен!!!!!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *