ЖҰРТТЫҢ КӨБІ ӨНЕРДІ ДУ ҚОЛ ШАПАЛАҚТАН ТҰРАДЫ ДЕП ОЙЛАЙДЫ

Бекжан ТҰРЫС,

актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Алла тағала өнерді назары түскен адамға ғана береді. «Алла бізге өнер берген екен, сол өнерге адал қызмет етуіміз керек» деп әріптестеріме де айтып жүремін. Сол себепті де, «халтураға» онша көп бармаймын. Театрды осы уақытқа дейін сатып, тойға, болмаса, киноға кеткен емеспін. Киноға түспедім деп айтпаймын, шүкір, түстім, бірақ театрыма қиянат жасап, түсірілімге кетіп қалып, қойылымдағы орныма адам қойып кетіп көрмеппін.

…Өнер деген – кесел. Жұрттың көбі өнерді ду қол шапалақтан тұрады деп ойлайды. Олай емес. Атасы – мұң, анасы – нұр өнердің. Оның көтертер жүгі, тартқызар тауқыметі көп. Әсіресе, актер деген қауымға… Көрерменді бір күлдіріп, бір жылату үшін өмірдің көп сыбағасынан бас тартасың. Ағайын-туысқа рақмет айтқызары жоқ күрделі кәсіп – бұл. Өзгенің өмірін жаңартам деп жүріп, өз өміріңе қауіп тауып алатын ерекше мамандық. «Сахна – киелі мекен» дейміз. Ол мекенде пешенесіне бақытты болу нәсібі бұйырған адам ғана тұрақтай алады. Оның сырын осы сахнаның тозаңын жұтып, шаңына аунаған сарабдал санаткерлер ғана сезе алады. Бұл – тірі өнер. Мұнда ешқандай фонограмма, жалған мимика, болмаса, кинодағыдай жасандылық жоқ. Бұл жерде өтіріктің бәрі көз алдыңда отырған көрерменге көрініп тұрады. Сондықтан актерлік өнер – күндіз-түні ізденуді талап ететін беймаза мамандық.

 

(«Ана тілі», 25-31 қазан, 2018.)

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *