ЖҮРГІЗУШІ КУӘЛІГІ ЖОҚ ЖҮРГІЗУШІЛЕР КӨЛІК ЖҮРГІЗСЕ, ҚАМАУҒА АЛЫНУЫ МҮМКІН

Жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан көлік жүргізгендер қамауға алынуы мүмкін. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына жауап берген еліміздің Бас прокуроры Ғазиз Нұрдәулетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

– Бас прокуратура депутаттық сауалдың негізінде көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізушілерді (бұдан әрі – жүр­гізушілер) жауаптылыққа тартудың құқық қолдану практикасына талдау жасады. Қол­даныстағы заңнамада мұндай жүргізуші­лердің жауаптылығы Әкімшілік құқықбұзу­шылық туралы ҚР Кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 612-бабының 3-бөлігімен (басқару құқығынан айырылғаннан кейін автокөлікті басқару), ал масаң күйде болғандарға қатыс­ты – Қылмыстық кодекстің 346-бабымен (бұдан әрі – ҚК) белгіленген. 2018 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда мұндай қыл­мыстардың (5 пайыз) және әкімшілік құқықбұзушылардың (2,8 пайыз) елеусіз өсуі байқалады. Құқығынан айыру кезінде атқа­рушылық іс жүргізу қозғалмайды. Сондықтан жүргізу құқығынан айыру туралы сот актілерін орындамаған жүргізушілер ҚК-нің 430-бабымен және ӘҚБтК-нің 669-бабымен жауаптылыққа тартылмайды, – деп, егер де кейін олар тарапынан Жол жүрісі қағида­ларының талаптары бұзылса (бағдаршамның тыйым салатын сигналына қарамай өтіп кету, жылдамдық режимін асыру және т.б.), онда олар ӘҚБтК-нің тиісті бабымен, сондай-ақ ҚК-нің 346-бабы және ӘҚБтК-нің 612-бабының 3-бөлігімен қосымша жауаптылық­қа тартылатынын алға тартты.

– Талданып отырған құқықбұзушылықтар өсуінің бір себебі ӘҚБтК-нің 612-бабының 3-бөлігі санкциясының жеңілдігі, онда тек 10 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделгенін атап өткен жөн. Осыған байланысты профилак­тикалық мақсатта қамауға алу түріндегі баламалы жаза көздей отырып, бұл баптың санкциясын қатаңдату орынды. Бүгінгі таңда прокуратура жол жүрісі қауіпсіздігі саласын­да тексеру жүргізуде, оның нәтижелері бойын­ша елдегі жолдардың жағдайын жақсарту жөнінде кешенді шаралар (оның ішінде ӘҚБтК-ге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша) әзірленетінін атап өту керек, – деді Ғизат Нұрдәулетов.

Елімізде соңғы екі жылдың ішінде 90 мыңға жуық азамат көлік жүргізу құқығынан айырылған. Осы аралықта көлік басқару құқығынан айырылған жүргізушілер 15 мың әкімшілік және 5 мың қылмыстық құқық­бұзу­шылық жасаған.

 

Жеңілдетілген автонесие беру автосалондардың саудасын жүргізбек

Жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасы қазақстандық автосалондардың саудасын жүргізбек. Бүгінгі күннен бастап аталған бағдарламаға 10 млрд. теңге бөлінді, ол қаржының

8 миллиарды отандық автокөліктерді сатуға, ал қалған қаражат заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді қаржыландыруға жұмсалады. Қазіргі таңда мемлекет бағдарламаға 34 млрд. теңге ақша құйған.

Несиелеу шарттары:

  • Несие бойынша тиімді мөлшерлеме сақ­тандыру мен автокөлікті кепілдікке қоюды рәсімдеу үшін кеткен шығындарды қоса есеп­тегенде, жылына 7,5 пайыздан аспауы тиіс.
  • Мерзімі — 7 жылға дейін.
  • Қарыздың валютасы — теңге.
  • Автокөліктің бағасы 15 000 000 теңгеден аспау керек.

Айта кетейік, 2015 жылдың мамырынан 2019 жылдың 25 сәуіріне дейін Қазақстанның Даму банкі екінші деңгейлі банктердің автонесиелендіру бойынша берген 14 171 сұранымын мақұлдап, жалпы сомасы 61.01 млрд. теңгені құрайтын қаражат бөлген. Олар­дың ішінде екінші деңгейлі алты банк отандық автоөндірушілерге тиесілі автокөліктерді сатып алу мақсатында жалпы сомасы 58.46 млрд. теңгені құрайтын 13 599 несие рәсімдепті.

Естеріңізге сала кетейік, жеңілдетілген авто­несие бағдарламасы Қазақстанда 2015 жылы іске қосылды. 2016 жылдың басында бағдарлама үшін бастапқыда бөлінген 20 млрд. теңгеге тағы 11 млрд. теңге қосылды. 2016 жыл­­­дың қазан айында бағдарламаның шарт­тары өзгеріп, автокөлік бағасының шегі 9-дан 15 млн. теңгеге дейін көтерілді, ал несие мер­зімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды. 2018 жылдың басында жеңілдікпен берілетін несие­лер үшін тағы 8 млрд. теңге бөлінді.

 

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *