ЖӨРГЕГІНДЕ ТАНЫСҚАН МҰҢ ТІЛІМЕН…

Әкесінен жеті айлығында қалған Зәкім Қалмағамбетұлы туралы мөлтек сыр

Қатпары көп, астары қалың, бірақ оқулығы олқы тарихымыз «мың өліп, мың тірілген» (Жұбан) қазақтың ықылым заманғы басынан кешкен мұңы мен зарын, қуанышы мен қайғысын шашау шығармай сақтап келеді. Сұрапыл,  сүреңсіз кезеңнің бір парасы парықсыз қанды балақ қызылдардың 1937–1939 жылдар аралығындағы қуғын-сүргіні дер едік.

Қолдан жасалған қуғын-сүргін мыңдаған адамды тағдыр тәлкегіне салды, кейбірінің өмірін жалмады (Қазақстан бойынша 25 мың адам атылды), ұрпақтарына жазықсыз жапа шеккізді. Сондай жанұяның бірі – Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Жайлыбаевтар әулеті.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

Бір отбасынан екі бірдей азамат нақақтан нақақ «халық жауы» атанды. Үлкені Нұрмағамбет жаңадан құрылып жатқан Шиелі ауданының негізін қаласқан,  суармалы егісті тұрақтан­дыруға атсалысқан агроном болса, Қалмағамбет Шиелі мен Жаңақорған аудандары біріккен 1936-1937 жылдары оқу бөлімінің меңгерушісі болған. Екеуі де көзіқарақты, жерін, елін сүй­ген білімді азаматтар екен. Нұрмағамбет Жайлыбаев туралы қалам тербеуді алдағы уақыттың еншісіне қалдырып, Қалмағамбет Жайлы­баев бен оның ұлы Зәкім Жайлыбаев жайында сыр шертпекпіз.

Жайлыбаев Қалмағамбет өткен ғасыр­дың 30-жылдарында Сыр өңірін­дегі санаулы сауатты адамдардың бірі болған. Қазақ КСР сырттан оқытатын Өлкелік саяси ағарту қызметкерлер курсын, ҚАЗКОМ жоғарғы оқу орнын бітірген. Аудан халқының қара тануы­на, сауатын ашуына жан-тәнімен атса­лысқан. Қалма­ғамбеттің елге жасаған жақсылығы тура­лы ел арасында әңгіме көп. Солардың бірі – ашаршылықтың салдарынан ата-анасынан, бауырлары­нан айырылып, паналайтын жері қал­маған тұлдыр жетім

12 жасар Әбдеш Сәрсенбаев деген ауыл баласына үшінші «сыныпты оқыды» деген бір жапырақ қағаз ұстатып, Шым­кенттегі жаңадан ашылған интер­натқа аттандырып салғаны елдің жадында…

Бозбала  Әбдеш Сәрсенбаевтың бүкіл өміріне сол бір жапырақ қағаз жол ашты. Интернаттан білім алады, Алма­­тыдағы Қазақтың педагогикалық инсти­тутына оқуға түседі. Артынша Фин соғы­сы басталып, оның соңы Герма­ния бас­қыншыларымен болған Ұлы Отан соғы­сына ұласады… Сәрсен­баев соғысты жеңіс­пен аяқтап, кіндік қаны тамған ата жұртына оралып,  Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектор болып абыройлы қызмет атқарып, мили­ция капитаны шенінде зейнетке шығады. Ол «Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі ор­дені» мен «Ерлігі үшін», т.б., майдан­нан және Ішкі іштер министрлігінен алған 15 ме­дальдің иегері. Отызшақты немере мен шөбере сүйіп 91 жасында дүниеден өтеді. Міне, осылайша бір жапырақ қағаз ғасыр жасаған адамның бүкіл ғұмырының нұрлануына себепкер болады…

Негізгі кейіпкерге қайта оралсақ, Қалмағамбет Жайлыбаев (жоғарыда аздап хабардар еткеніміздей) нәубет кезінде «халық жауы» деген жалған жаланың әлегінен атуға кесіліп, Сібірге айдалады. Небәрі жиырмадан енді ғана асқан өрімдей жары зар қағып, сауатты адам іздеп тауып, өз атынан Калининге хат жаздырады. «Аққа құдай жақ» демекші, оның үстіне келтірген айғақ­тары нақты болғандықтан бүкілодақтық «староста­ның» тікелей өзі араласуымен 21 айдан кейін ер азаматы өлім жаза­сынан құты­лып, ақталып, елге оралады. Ол уақытта «үштіктің» сотынан ақталу жүзден біреуге бұйыратын бақыт екен. Онда да сәті түссе, әрине. Қиын уақыт  болса да, ажал деген аждаһаның аузынан аман келген Қалмағамбетке есен-сау оралға­нына қайырлы болсын айтушылар табы­лады. Қазақтың бір­туар ақыны, әнші-сазгер Нартай Беке­жанов, қырғи тілді сықақшы ақын Асқар Тоқмағамбетов бастаған  сол өңірдегі қазақтың тәуірлері үйіне келіп халін сұрап, көңілдерін білдіреді. Нар­тай ақын сол отырыста былайша жыр толғапты:

«Қадірлі інім едің, Қалмағамбет,

Әр істі ұғамыз ғой Алладан деп.

Түрменің дәмін таттым алты

ай мен де,

Тек ажал айдаһары жалмаған жоқ.

Аман сау келгеніңе біраз бопты,

Бұл жездең «арма» деуге

жараған жоқ.

Оған себеп өзің де түсінесің,

Қайғының көк тұманы тараған жоқ.

Ел қамқоры өзіңдей азаматқа,

Ырзамын, кетсем де садағаң боп…

Құсалықтан жүректер бүлінбесін,

Күн ашық аспаның да күлімдесін.

Өткен күнмен жоғалсын ауыр азап,

Қабырға қайысып, бел бүгілмесін!..» (жергілікті ақын, Айдар Достияровтың «Өздерің білер Нартаймын» кітабынан «Өнер» баспасы. 1994 жыл алынды).

Осы басқосудан кейін көп ұзамай Қал­мағамбет «соқырішек» болып, ота жасатады. Бір ай толар-толмастан әскерге  алынады. Ота жасатқанын айтқа­нымен, ешкім тыңдамай қояды. Ауданның әскери комиссары Войнов деген әскери шені жоқ әрі сауатсыз орыс азаматы екен. Бәлкім, «халық жауы» деп жала жауып қаматқандардың кезекті қысастығы болар… Әскери ауыр жатты­ғулардан ота жасалған жер сөгіліп, іріңдеп, ес-түссіз ауруханаға  түседі. Бақы­тына қарай, аудандық оқу бөлімінде жүргенде қарамағында бас есепші болып істеген Бейсенов  Сайфур­мен екеуі бір ротада екен. Сол көмек­тесіп, жедел теле­грам­ма арқылы   ота жасалғандығы тура­лы тиісті құжаттар­ды алдырады. Дәрі­герлер құжаттармен танысып шыққа­сын, отасы жазылмай жатып әскерге жібергендерді  «нағыз «халық жауы» солар» деп, қатты налиды. Жүруге жара­ғасын, қасына адам қосып, елге қайтарады.

Елге келгенмен де ауруы жазыл­майды. Ақыры асқына келе атпал аза­матты алып тынады. Бұл – 1941 жылдың қазан айы екен. Осылайша қарша­дайынан азап көріп өскен асыл жары Бибайшаның басына тағы да  бір ауыр қайғының бұлты үйіріледі. Бір қыз, бір ұлмен 25 жасында жесір қалады.

Халық ақыны Нартай Бекежановтың жоқтауы:

Қарадан туған қарағым,

Қалмағамбет – хан едің.

Дүйім қазақ жұртына

Тұтқа болар жан едің.

Досыңды жауға бермеуге,

Жан қиюға бар едің.

Бәйтерегі халықтың

Намысы мен ары едің.

Осындай ерді жалмаған,

Дүние неткен тар едің?

Амал бар ма ажалға,

Мезгілсіз терек құлады.

Басы жұмыр пендесі

Қандай амал қылады?

Күңіренді атырап,

Күн де күлмей шашырап,

Бұлт бүркеніп жылады… (Бұл да «Өздерің білер Нартаймын» кітабынан қысқартылып алынды).

Зәкім әкенің тәрбиесін де, шапаға­тын да көрмеді. Тіпті, түр-түсін де білмейді. Ақын Қасым Аманжоловтың:

«Өмірге ендім еңбектеп,

Шалқалап әкем шықты үйден.

Жетімдік тағдыр жетті ептеп,

Қабағын жаба түксиген…», –

деп жырлағанындай, жарық дүниеге кел­геніне  жеті ай толмай жатып, ар­дақ­­ты әкесі өмірден өтеді. Қандай қатал және ұқсас тағдырлар.

«Мен әкемнің көрмедім түр-түсін де,

Естімедім сөздерін, күлкісін де.

Бар білгенім: талай іс тындырыпты

Елі үшін де және де жұрт үшін де…».

Бұл – Зәкеңнің монологі. Қасіретке толы жылдардың жырмен жазылған күнделігі. Осы төрт қатар жыр жолында оның бүкіл ғұмыры жатыр.

Жоғарыдағы ұзақ жоқтауының соңын Нартай ақын:

«…Бибайшажан, қарағым,

Зарығып көп жылама.

Ақырын күт әр істің,

Қайсарлықпен шыда да.

Өмір берген адамға

Сен сияқты ұлы ана.

«Алқұлым» десе қиын ба

Кемерден шығып ұл бала

Болмасына кім кепіл

Әкесіндей ғұлама?

Аялап өсір ардақтап,

Жүрімін соның сұра да.

«Рахатын көрсет!» деп

Жалбарын Тәңір-Құдайға»,

деп жиырма бес жасында жесір қалған Бибайшаға тілек әрі жұбату  ретінде аяқтайды. «Орнында бар оңалар» дегендей, әкесі атын қойып кеткен ұл баланың әлі-ақ ертең азамат болып, әке жолын қуатынына сенім білдіреді.

Нартай ақын айтса айтқандай, Зәкең әке жолын қуды. Кездескен қиындыққа мойымастан Қазақстандағы сол кездегі жалғыз университеттің филология факуль­тетін үздік тәмамдап, туған ауы­лында мұғалім, аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, хатшы, аудандық газет редакторының орынба­сары, редакторы болып істеді. Соңғы қыз­метті үздіксіз 31 жыл атқарып, зейнет­ке шықты.

«Мен – қазақпын, мың өліп,

мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген», –

деп Жұбан ақын жырлағандай, Зәкең жөргегінде мұң тілімен танысса да, барын­ша кішіпейіл болып, ешкімге кек сақтамай, мейірімді болып  өсті, кісіге қиянат жасамады. Аудан жұртшылығы Зәкеңді редактор, қаламгер ретінде ғана емес, азамат ретінде де құрмет тұтты. Шиелі ауданың құрметті азаматы атанды.

Жабырқатып зұлмат жылдар,

салқын күн,

Жанған отқа нақақ күйіп, шарпылдың.

Жүрегіңнің танытпақ боп ақтығын,

Қаршадайдан шындық іздеп

 шарқ ұрдың.

Шындық шіркін келе

қоймай сарылтты,

Өршіл көңіл жетемін деп жанықты.

«Халық жауы пәленшенің баласы»

Деген бір сөз тынысыңды тарылтты.

Сынбадың сен, төтеп бердің сынаққа,

Жеңдің ақыр, қалды жала жырақта.

Перзентіне деген әке сенімін

Асқақтаттың, айналдырдың мұратқа.

Әкешіңнің үзік-үзік арманын,

Жалғадың сен, мойымадың, талмадың.

Жалғыз ұл ең, шүкір, өсіп, өркендеп,

Үбір-шүбір үнге толды жан-жағың…

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, соңына 3 кітап қалдырып, 5 ұл-қыз өсіріп, олардан оннан астам немере сүйіп, 1912 жылы 72 жасында дүниеден озды… Өмірінің соңғы 10–13 жылын Алма­­­ты маңындағы «Алмалы  бақ» кен­тінде өткізді. Топырақ та сол жерден бұйырды.

Зәкең өмірден өткенімен ескерусіз қалмады. Соңында қалған ұрпағы көзі тірісінде  баспадан шығарып үлгермеген әр жылдары мерзімді баспасөзде жарық көрген саяси қуғын-сүргін құрбандары, Отан үшін от кешкен майдангерлер мен Сыр диқандары туралы жазылған тар­тымды мақалаларын, сондай-ақ, тәуел­сіз еліміз жайындағы ой-толғамдарын жинақтап, көлемі 30 баспа табақтан асатын әсем безендірілген, қатты мұқа­балы кітап шығарды. «Тіршілік таңына тағзым» деп аталатын бұл жинақ Зәкім Жайлыбайдың 4-кітабы.

Небәрі жиырмадан енді ғана асқан өрімдей жары зар қағып, сауатты адам іздеп тауып, өз атынан Калининге хат жаздырады. «Аққа құдай жақ» демекші, оның үстіне келтірген айғақтары нақты болғандықтан бүкілодақтық «староста­ның» тікелей өзі араласуымен

21 айдан кейін ер азаматы өлім жазасынан құты­лып, ақталып, елге оралады. Ол уақытта «үштіктің» сотынан ақталу жүзден біреуге бұйыратын бақыт екен.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *