Жүрекпен жазылған жолдар

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Иінағаш

Бала күніңізде иінағашпен су тасыдыңыз ба? Біз тасыдық. Ауызсуды еспеден ауылдың ұлы да, қызы да таситын. Еспе – ауылдан бірталай жер алыста, жердің астынан, таза топырақтан су мөп-мөлдір болып шығып жататын қастерлі жер.

Су толы топатай (кішкентай) шелектің бетіне балық аулайтын аудың қалтқыларын салып алып (су шайқатылып төгіліп, азайып қалмас үшін), үйге кішкентай тілерсегіміз дірілдеп, иінағашты иығымыздан бір түсірмей жетуші едік. Мақтанғанымыз. Мықтымын дегенді білдіргеніміз болуы керек.

Қазіргі бала иінағашты түсінбейді, иығына салып көрмеген соң.

Иінағаш бізді тепе-теңдікті сақтай білуге үйреткен. Сондай-ақ, маңдайың терлеп, сонша шақырымнан өзің көтеріп келген судың қадірі қандай болатынын да үйреткен. Еңбекқорлықтан, табандылықтан, шыдамдылықтан жаман болған жеріміз жоқ.

 

«ДӨнер»

«Дөнер» алдында есікке сүйеніп, екі қолын қолтығына қысып алып, өткен-кеткенге көз тастап бір қаракөз бой­жеткен тұр.

Арғы, ішкі жақтан бойы қортық, бет-аузын жүн басқан басқа ұлттың бір ерке­гі шықты да, есік көзіндегі қазақ қызын белінен бір қысып, құлағына төне түсіп, бетінен сүйкене сүйіп, жөніне кетті.

Әлгінің не айтқаны өзіне мәлім, қыз екі езуін жия алмай мәз боп қалды. Екеу­міздің көзіміз түйісіп қалып еді, езуін жиып ала қойды. Жиіркене қараған сұсым басты білем.

Қазақ қыздарынан ұят кетпесе екен дейсің ғой баяғы.

 

Ағаларым

Жаңбырлы таңмен қырықтардағы бір әйел велисопедпен ұшып барады.

Қызыққаным-ай!

Кілең ұлдың арасында өссем де, осы великті тебе алмай-ақ кеттім.

Мен өскен ауылда әйел заты вело­сипед теппейтін. Қыздар тебуге болмай­ды деген ұғым болатын. Сонда ойлай­тынмын, великке отырған қыздың көйлегінің етегі түріліп кететін болған соң солай айтылған шығар деп.

Біз тіпті бала күнімізде трико да кимейтінбіз ғой. Егер кие қалсақ, оның сыртынан халат не көйлек киіп алатынбыз. Ешкім олай ки демейді, әйтеуір санамызда «қыз бала тыртиып жүрмеу керек» деген ой тұратын.

Атағы дүрілдеп тұрған КазГУ-ге түстік, студент болдық, әдемілене баста­дық. Екінші курста ғой деймін, каникулға келгенде үйде джинсы шалбармен жүрдім, өзімше қалалық болғаным ғой. Сонда Оралбай ағам:

– Немене мынау, киім алғаның?!  – деді.

«Түкірігім жерге түспей тұрған» кез, жеті ұлдың арасындағы жалғыз қызбын, ешкім бетіме келіп жатқан жоқ, бірақ сол сөз маған қатты әсер етті. «Ендеше басқа ағаларыма да ұнамайтын шығар. Анам да алыстан келді ғой деп көңіліме қарап үндемеген шығар. Бұл шалбар біздің үйдің тәрбиесіне көлеңке түсіріп тұрған шығар» деген көп «шығармен» дереу шешіп тастадым.

Әрине, одан жаман болғаным жоқ. Сәннен де қалғанымыз жоқ.

Мені көп жерде көп нәрседен тежеген, «аға» деген мәртебесімен-ақ тәрбиелеген АҒАЛАРЫМА мың алғыс!

 

Жаңа ойын

Досымыздың екі баласы, өзіміздің екі бала бар, «әлгінде көрген кинола­рың­нан түсінгендеріңді айтып бере­сіңдер; тамақты тауысасыңдар; сонда компьютер, телефонға рұқсат беремін» деген «бұйрық» шығарып едім, орын­дады.

Мен де уәдемде тұрдым. Екі ұл компьютерге отырды, екі қыз теле­фонды меншіктеді.

– Жазатын мақалам бар еді, енді не істеймін, мен немен «ойнаймын», – дедім.

Сонда еш ойланбастан риясыз көңілімен қызымның:

– Онда сіз кір жуып ойнасаңызшы, бағана кір жуамын деп жүр едіңіз ғой, – дегені.

Бала тілі – бал.

 

Кәмпит

Үйге, балаларға түске таман бір қоңырау шалып қоятыным бар.

– Не істеп жатсыңдар?  Төсектеріңді жинадыңдар ма? Терезелеріңді ашып қойыңдар. Тамақтарыңды іштіңдер ме?  – деп үсті-үстіне бастырмалата жөнел­сем керек, ұлым тоқтамайтынымды білгендей:

– Анашым, біз бір целлофан кәмпитті түгел жеп қойдық, – деді.

– Құсып қойған жоқсыңдар ма? Онысы несі?! – деп ашуланып жатсам,

– Енді жегіміз келіп кете береді, – дегені.

Кәмпит – оларға, бала – бізге тәтті!

 

Ұзын

Бойы ұзын екен біз отырған вагон­ның жолсерігі. Ұзындығы соншалық, тіпті вагонның төбесіне сәл жетпей тұр.

Жанымыздағы алты жастағы қыз бала бір орнында отыра алмайтын жыбырлақ екен, анасы шаршап кетті білем, «баршы, біліп келші провод­никтен, келесі қандай станса екен» деді қабағын түйіп.

Өзі де еш жерге сыймай отырған балаға керегі сол еді, жүгіріп кетті. Бірақ тез оралды.

– Мама, проводник аға  ө-өте ұзын екен ғой, мен одан қалай сұраймын, бойым жетпейді ғой, – дегені.

Баламысың деген.

 

Гэбчегай, Гэбчега-а-ай

«Саяхат» автовокзалының түбінде «темір тұлпарының» кілтін сұқ саусақтарына іліп алып, онысын шыр айналдырып қойып, осылай айқайлап тұрған кілең өзімнің бауырларым!..

Өз сөзіне өзінің тілі келмей, тілі бұратылып қалғандар ма сонда бұлар?.. (Әңгіме Қапшағай қаласына қатынай­тын таксистер туралы).

 

Ине

Уколдан еңгезердей еркек шықты.

– Мынау сөмке сіздікі ме? – деді отыруға ишара білдіріп. Көлденең жатқан сөмкемді өзіме қарай бері тартып, орын босаттым. Ол «ааайии» деп құйрық басты.

«Сізді түсінем, түсінем», – дедім іштей. 5 мл. ащы дәрі оңай емес.

Енді маған ине салуға дайындалып жатқан сүйкімді медбике қызға:

– Сені көрсем, қорқатын болдым, инеңнен де қорқамын, – дедім әзілдеп. – Дәлізде бір ағай отыр «айайлап».

– Қызық, ол ағайға әзірге «проб­ный» ғана ғой салғаным. Қазір қалғанын салсам не болар екен деңізші. Негізі ше, ағалар сондай, тәте, инені көргеннен осы бөлмені шыр айналып қашып жүреді ғой бізден, – деп күлді.

Мен де күлдім. Көз алдыма Піл мен Тышқан елестеп.

 

Журналистика

Тәжірибеден өтуге келіп жүрген болашақ журналист-студенттердің дені мақалаларын «гуглдетіп» (көшіріп), гуілдетіп, жалаулатып алып келеді. Өңін айналдырып әкелгендеріне шамалы ой қосса да үндемес едің.

Жарамайды-ау деген мақаласына (қанаттансын, қуансын деп) дұрыс сөздеріңді қосып, өңдеп, жариялап бер­ген күнде де, газет сұрамайды, сайттан сілтемесін алса болды екен оларға. Қайран, журналистика!

Біздің буын не нәрсені де жүрекпен жазатын!..

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *