ЖҮРЕК АУРУЫ БАРЛАР ЫСТЫҚ КҮНДЕРІ НЕНІ ЕСТЕН ШЫҒАРМАҒАН ЖӨН?

Соңғы кезде Алматыдағы күннің қызуы бөлек. Мамандардың айтуынша, мұндай аптап ыстық әлі сақталады. Күннің аптап ыстық болуы, алдымен денсаулыққа қауіпті. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары сырқатымен ауыратын адамдар үшін қиынға түседі. Жаздың ыстық күндері жүрекке салмақ түсіп, соғысы жиілейді. Ал жүрегі ауыратындардың сырқаты асқынып кетуі мүмкін. Сол себепті, жаздың басында дәрігерге қаралып, профилактикалық тексеруден өткен жөн.

Жалпы, жүрек қан-тамыр ауру­лары соңғы кезде әлемдік індеттің сипатын алды. Бұл дертпен ауыра­тындар біздің елде де аз емес. Бұрын тек егде жастағы адамдар ғана жүрек дертіне шалықса, қазір жастар да бұл ауруға көп шалдыға бастаған. Оның алдын алу үшін бірқатар әдеттен бас тартуға тура келеді. Яғни салауатты өмір салтын ұстанған жөн. Сонымен, жүрегі дімкәс адамдарға жаз мезгілі несімен қауіпті? Жүрек-қан тамыр­лары ауруы барлар ыстық күндері нені естен шығармаған жөн?

Созылмалы ауруларды емдеу дұрыс жүргізілсе, сырқаттардың көп­шілігі қалыпты өмір салтын ұстана алады. Мысалы, қан қысымы жоғары адам дәрі ішу арқылы қан қысымын сынап бағанасынан 140/90 мм.-ден асырмаса, өзін шектемеуіне болады. Алайда, мұның ауқымды миокард инфаркт алған немесе жүрек жеткі­ліксіздігінің ауыр түрімен ауыратын­дарға қатысы жоқ.

Ауыр жұмысты күн астында, қатты ыстықта атқаруға болмайды. Ыстықтың беті қайтқаннан кейін 30-40 минут жұмыс істеп, демалып отыру қажет. Егер алқынып, бас айналып, әлсіздік пайда болса, жүрек тұсыңыз ауырса – бірден жұмысты тоқтатқан абзал. Ауа райына қарамастан, күн астында жүргенде бас киімді таста­мау керек. Сондай-ақ, терлеп тұрған­да, дене тітіркенгенде суға түсуден бас тарту керек. Ыстықтап тұрып суық суға шомылу да қауіпті. Әсіресе, қан тамырлары тартылған жүректің ишемиялық ауруы барларға қиын. Суық су денені құрыстырады, салда­рынан жүрек қысып, тіпті миокард инфаркті алуы мүмкін.

Жүрегі ауыратын адамдар дема­лысқа ыстық аймаққа, тропикалық елдерге бармауы керек.  Күннің ыстығында еттен гөрі, көкөніс және сүт тағамдарын көбірек ішіп-жеген пайдалы. Жаз маусымында ағза суды қажет етеді. Тер – ағзаның қорғаныш қызметін атқарады, ал терлеу үшін су керек. Ең дұрысы, газдалмаған жай су немесе көк шай ішкен жөн.

Егер көшеде адамның ауырып тұр­ғанын көрсеңіз, оны көлеңкеге апа­рып, бетіне су шашыңыз. Жағасын ашып, галстук таққан болса, оны шеші­ңіз. Егер жағдайы жақсармаса, міндетті түрде жедел жәрдем шақы­рыңыз.

 

Н.ЕРКЕБАЕВ,

Ш.КӘРІБАЕВ,

А.ҚУАНТАЙ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *