Жүрегін поэзия әлдилеген жігіт

2737немесе оқырманның жыр кешін өткізгенін естіп пе едіңіз?

Берік СӘДУАҚАС

Шындығын айту керек, өзім өз болғалы оқырман ұйымдас­тырған поэзия кешіне бірінші рет куә болдым. Атшап­тырым Студенттер са­райына қалың көрерменін жинаған лирикалық әуез­ді кешке келген қонақ­тар да осындай пікір айтып жатты. «Мынау бір қолдауға тұрарлық бастама екен. Мен мұндай жыр кешін бұрын-соңды кез­дес­тірмеппін. Енді осы жаңашыл­дықты әрі қарай іліп әке­тетін азаматтар та­былып жатса, «поэ­зия оқыл­май­ды» деген­дерге са­бақ болар еді», – деді арқалы жыр абызы Мұхтар Ша­ханов ақ жол тілеген сөзінде.

Иә, нарық қатынасын­дағы ақшаның басты құнды­лыққа айналуы соңғы 20 жылда поэзияны тұншықтырып тастағаны әбден рас. Көріп жүрміз ғой, әйтпесе, талай «мен» деп кеуде соққан ақындардың мерейтойлық жыр кештерін. Сол баяғы студенттерді иіріп әкеліп қамайды кеп. Жарты сағат өте ме-өтпей ме, залдың 60-70 пайызы жылан жалағандай жұтап қалады.

Ал бұл жолы олай болған жоқ. Формасы да, болмысы да, керек десеңіз, көрермені де бөлек поэзия кешіне қарапайым өлеңсүйер азамат Әділ Несіпбаев ұйытқы болыпты. Тақырыбы: «Мәңгілік Ел – Ұрпақтар сабақтастығы». Поэзия кеші Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 70 жыл толуына арналыпты.

– Ұрпақтар сабақтастығы ғана Мәңгілік елдің тұғыры бола алады. Ол туралы мемлекет басшысы өзінің жұртшылыққа арнаған бас құжатында жеріне жеткізе айтқан болатын. Қазіргі орта буын ертеңгі күні төмен қарамау үшін ұлттық негіздегі тәрбие тәлімдерін бүгіннен бастап қолға алуы тиіс деп санаймын.

Менің әкем Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, қанды қырғынның бел ортасында болған адам. Жамбыл облысы, Шу ауданы, Шоқпар ауылында партиялық қызметтер атқарды. Кейіннен «Шу өңірі» газетінде тілшілік қызметінде де болды. Әке-шешем 13 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген бақытты ата-ана. Мен ортаншысымын. Жасымнан әдебиетке, тарихқа, поэзияға құмар болып өстім. Ол жағынан, әрине, әкемнің әсері күшті болды, – деп толғанған Әдекең беташар сөзден кейін қазақтың ақберен ақындарының шығармаларын бірінен кейін бірін сорғалатты. Екі сағатқа жуық уақыт қағаз бетіне қарамастан өзіне тән эмоциямен қара өлеңнің өн бойына аралай кірігіп, мәнерлей оқығанда бұл да бір өнердің жанры екеніне амалсыз иландық. Залдағы көрер­мендер де әрбір жыр шумағы соңына жеткен сайын дүр сілкініп отырды. Өзі айтпақшы, Абайдан, Мағжан­нан басталған өлең нөсері Маралтайға барып бір-ақ тірелді. Әсіресе, театрлан­ды­рыл­ған көрініспен тұздық­талған Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан сол­даттар» атты поэ­масының соңында «көке-көкелеген» са­ғынышты дауысқа ел­тіген жұртшылық ке­ремет әсерге бөленді дей аламыз. Ақын сезімін жеткізе білген Әділге гүл дестелері де жаңбырдай жауды бұл күні.

Көрермендердің жылы ілтипатынан қуат алды ма, таң­даулы жырлардан да үзінділер төгіп-төгіп жіберді. Әсіресе, Жа­расқанның «Әкем­мен әңгіме» шығар­масы көрініспен көм­керіліп, көрермен көңілінің төріне жетіп жатты. Алматының әсем ажа­ры да қара сөзбен шебер кестеленіп, та­мылжыған табиғаты қамшының таспа­сындай өлеңменен өріле берді.

Бітімі бөлек поэзия кешіне сонау Шу өңірінен арнайы ат терлетіп келген аудандық газет ардагерлері, әріптестері Әдекеңнің әкесі Сағымбек туралы есті ес­теліктерін айтты. Т.Мол­да­құлов атты ағамыз арнау өлеңін оқыды.

Поэзия кешіне Астанадан арнайы жеткен Мәжіліс депутаты, ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұлов досының мәнерлеп оқу шеберлігіне ерекше тәнті болғандығын жеткізді.

– Мен, біріншіден, өзім құрмет тұтатын, халқына қадірлі ақын ағаларымды кездестіргеніме қуанышты болып отырмын. Біздің ұлтымыз өте ауыр сындарды бастан кешірді. Қатерлі сынақтар әлі де алдымызда кездеседі. Бұл туралы Елбасымыз өзінің Жолдауында түсін түстеп берді, бағыт көрсетті. Енді бізге ауызбіршілік ауадай қажет. Бүгін, міне, менің досым Абайдан бастап Маралтайға дейін жатқа оқыды. Әділдің парасаттылығын мен әуелден білемін, сонау жылдары Әдекең Әуезов ауданында әкімдік лауазымда жүргенде Саин көшесін бейәдеп қыздардан бірге тазартқанбыз. Табандылығына сол кезде көзім жеткен. Менің айтарым, бойкүйездіктен арылатын уақыт жетті. Жуырда теледидардан бір көрініс көрдім. Соғыс кезінде Ржев қаласына Қостанайдан бір топ келіншек 600 сиырды жаяу айдапты арып-ашып. Міне, патриотизм­нің, отан­сүй­гіштіктің ерен үлгісі.

Кеш ба­рысында ауған соғысының ардагері, Кеңес одағының Батыры Николай Кремыш Әділ Несіпбаевқа қоғам қайрат­кері ретінде «Намыс» төсбелгісін салтанатты түрде тапсырды. Және осындай жыр кештері алдағы уақытта да ұйым­дастырылатынына сенім білдірді.

Поэзия кеші үстінде арнайы келген қонақтар ақын Мұхтар Шаханов, қоғам қайраткері Ғ.Бибатырова, ұлағатты ұстаз Шәмшә Беркімбаева, Қазақстан Жазушылар одағы төра­ғасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай сөз алып, осындай тамаша жыр кешіне себеп болып, бастама көтерген Әділ Несіпбаевқа ризашы­лықтарын білдірді.

– Мен сені жақсы білемін, етене танимын деуші едім, оным бекер екен. Сенің жүрегіңді поэзия әлдилеп жүреді екен ғой, қарағым, осы қалпыңнан танба, ақ батам сол, – деген Биба­тырова апайдың сөзі көптің ойын­дағысын сездіргендей болды.

Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» атты поэмасының соңында «көке-көкелеген» сағынышты дауысқа елтіген жұртшылық керемет әсерге бөленді дей аламыз. Ақын сезімін жеткізе білген Әділге гүл дестелері де жаңбырдай жауды бұл күні.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *