Жүрегін қолына ұстап отырып жазатын еді

немесе сәті түспеген Сүйменқұл сапары

Қали СӘРСЕНБАЙ

Жүрекке тағы бір салмақ түсіруге тура келіп тұр. «Ақын боп өмір кешуді оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның» деп Айбергенов айтпақшы, Рахымжан да  «жазушы боп уайымсыз, мұңсыз жүру мүмкін емес» («Прозадағы Мұқағали» А.Әшімұлы) деп кетті. Шын жазушы туралы жаз­ғанда тағы да айтамыз, жүрекке салмақ түспеуі мүмкін емес. Өзі айтқандай, «қазақтың қара сөзін қойшы айдаған» ол жүрегін қолына ұстап отырып жазатын еді ғой.

Кезінде Рахымжан дос туралы «Сөз симфония­сы», «Жазушының жүрегі», «Отарбаев отарлап жатыр» деген тақы­рыптарда бірсыпыра қалам тербеп едім. Өткен күн­нің өнегелі, өкінішті тұстары еске түскен сайын тағы бір толғануға қанша бетбұрыс жасасаң да мөлдір мұң, ой­дың дерті тынысыңды ауырлатып жібереді.

Рахымжан өмірінің соңғы жылдарында «Көрген-бақ­қан» деген атаумен күнделігін де қатар жүргізді. Осынау нәзира үрдіс үлгісінде жазылған жүрек жазбалары да ешкімді бей-жай қалдырмады.

Ой, сөз деген қызық қой. Кейде Құдай айдап келеді, кейде оны өзің қуып, соңына түсуіңе тура келеді. Рахым­жан да осы екі оттың ортасында жүрді, тіпті ойсыз күні болмаған тәрізді. Күнделіктерін оқып отырсаң асыққан тәрізді.

Күнделік демекші, оның сонау бір жылдары қызмет орныма келіп тастап кеткен бірауыз сөзіне қайсыбір күні архивімді ақтарып отырып кезіктім. Бір жылдары мені Сүйменқұл Чокморов өмірі қатты қызықтырып, жиған деректер аздық етіп, Бішкек жаққа көңілім ауып жүрді. Рахымжан Бішкекте. Қырғыз елшілігінде қызметте. Бірде телефон шалып, ойымды айтып едім, қатты қуанды. Соның алдында ғана Шыңғыс Айтматов, Әбіш Кекілбай екеуі «Егемен Қазақстанға» келіп кездесу өтіп, сол әңгіме бары­сында Шыңғыс ағадан Сүйменқұл туралы сұрап, біраз тосын деректерге қаныққанмын. Бірақ ол да аз еді.

Мен жоқта Рахымжанның редакцияға тастап кеткен хатының мәтіні мынау:

«Қалеке, хал жақсы ма?

Мен уәделі уақытымнан кешіктім-ау, деймін. Ұрыспа. Орайым осылай болды. Ретіне қарап көре жатарсың.

Жазда Құдай бұйырса күтеміз.

Сәлеммен, Рахымжан.

25 сәуір!».

Жылы жазылмаған екен. Әйтеуір қу тіршіліктің күй­беңімен жүріп сол сапардың сәті түспеді. Былтыр Сарай­шыққа барғанымызда сол әңгімені есі­мізге алдық. «Сәті түспеген Сүйменқұл сапары» деп екеуміз де күрсініс күйін кештік. Жарықтық орнынан бір аунап түскен шығар, сол жолғы «қырғыздың өңі – Чок­моровтың өңі» деп басталған әңгімеміз де едәуір ұзаққа созылып, нүктесі қойылмап еді.

 

ИНДИВИДУУМ>БУНТАРЬ>АТОМ

«Адамның көбі бір сызықпен жүргенді тәуір көретінін өмірден байқау қиын емес. Керек десеңіз, көзге ұрып тұрған әлеуметтік құбылыс. Кісі біткен ұқыпты, тәртіпті «пионер» болғысы келеді. Бұл не үрдіс екеніне басым жетпей қойды. Осы тұрғыдан алғанда, біз Рахымжан Отарбаевқа бір «Алла разы болсын» айтуға тиіспіз. Өркениетті бунтарь сол кісідей-ақ болсын. Менің түсінігімде, ол – өмірдің барлық қаймағы бір сызықпен жүрудің аржағында жатқанын түсінген көзі бар қаламгер. Сөз өнерінде тактикалық мақсатыңа жету үшін сұлу торы аттай салиқалы сөз қажет, стратегиялық мақсатыңа жету үшін жеті атанға жүк болатындай оқшау-оқшау ой керек. Рахымжанда осының екеуі де бар. Оны Ұлылық деңгейге көтеріп тұрған осы екі фактор».

 Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

Рахымжан жер басып жүргенде «Оңашадағы онлайн ойлар» деп аталатын кітабымда дәл осылай жазғанмын. Былтыр жазда «Сәуле ғұмыр» деген хабарға қатысып отырғанымда жүргізуші жігіт осы абзац туралы сұрақ қойды: «Рахымжан Отарбаев ағаның көзі тірісінде сіз оны «өркениетті бунтарь» деп жазыпсыз. Осыны түсіндіріп бере аласыз ба?».

Жауабым мынау болды: Кез-келген қоғамда социум деген болады. Қазақша кестелесек, тобыр. Бұлардың өз ойы жоқ, ел шулап жатқан ертегінің соңынан еріп жүр­генді жақсы көреді. Социумға қарама-қарсы индивидуум болады. Олар өте аз. Дей тұра, ерекше ой иелері. Сол ойларын әлгі тобырдың санасына сыналап кіргізуге талпынады. Айқайламай. Ойбайламай. Дегенмен, ол ойларды тобырдың жуық арада қабылдай қоюы – қиямет-қайым шаруа. Селт етпейтін қоғамның болашағына ерекше алаңдай білетін индивидуум әбден пісіп-жетілген кезінде өз ойларының орбитасынан асып төгіледі.

Сол уақытта индивидуум қоғамдық сананы дүрліктіретін деңгейге көтеріледі. Индивидуумның бұған дейін ешкім айтпаған ойларына қоғам үрке қарай бастайды. Осы процесті бунтарлыққа балауға болады. Рахымжан осы құбылысты өлгенінше өте өркениетті үлгіде көрсетіп кетті. Сондықтан да оны өркениетті бунтарь деп атамасқа амал қалмады.

«Индивидуум» сөзі латыншадан грек тіліне аударылғанда «атом» деген ұғымды білдіретінін жақсы білесіздер. Ал Демокрит атомдардың бөлінбейтінін және олар мәңгілік, үнемі қозғалыста болатынын дәлелдеп кеткен. Соңғы ғасырларда ғалымдар атомдардың өзара әрекеттесетін теріс және оң зарядталған бөлшектерден тұратынын анықтады. Десе де, атом әлі де бөлінбейтін бөлшек ретінде сақталып қалды.

Физикадан лирикаға ауысайық. Бір анық, Рахымжан – біздің қоғамның апайтөс атомы. Оны енді ешкім бөлшектей алмайды. Бөлшектеймін деп тыртыңдаса да! Демокриттің тілімен айтқанда, Рахымжан – мәңгілік, үнемі қозғалыста.

Көркем шығарма жазғаннан асқан ләззат жоқ. Дегенмен, осы процесс барысында белгілі бір қатып қалған, қасаң ережелерге байландым дегенше, бұл ләззаттан қағылдым дей бер. «Шығармашылық азабы» деген түсінікті қалыптастырған «тәртіпті», «ұқыпты» жазушылар болар деп ойлаймын. Өз-өзіңді қинап кітап жазғаннан Құдай сақтасын. Өзіңді аямасаң да оқырманыңды аяуың керек емес пе?! Өйткені, сенің шыңғырып жазған шығармаңды шыдамына шектеу қоймай оқитын оқырманның не жазығы бар еді?! Рахымжан қиналмай жазатын қаламгер еді. Өкініштісі сол, ол ойында жүрген шығармаларының бәрін өз оқырмандарына бере алмай кетті.

О басында адамдарды ойлануға мифология ерекше әсер еткенін қазір екінің бірі біледі. Одан кейін өнер көкжиегінен романтизм айқын көріне бастады. Бұл ағым адамдардың сезімі мен ақылының арасында алтын көпір болғаны тағы рас. Дей тұра, уақыт өте келе адамдарды ойлауға үйрететін жаңа бағыт керек болды. Жеке тұлғалар енді реализмді ойлап тапты. Соның нәтижесінде адамзат нақты ойлауды үйренді.

Алайда, келе-келе нақты ойлауды үйренген адамды енді реализмнің өзі селк еткізуі қиын жағдайға тап болдық. Дәл осы кезде абстракционизм сахнаға шықты. Осылайша бірден қабылдана қоймайтын өнер адамның өзіндік ойлай білуді үйренуіне жол ашты.

Қазақ драматургиясына осы абстракционизмді алып келген Рахымжан Отарбаев екені даусыз. Суреткердің субъективтік көңіл-күйінен туған пьесалары мұңсыз адамның өзін ойландыра алатынына бәс тігемін. Мәселе сол туындыға кіріге алуыңда жатыр. Иә, кірігу – қиын. Кіріге алсаң, миың қозғалысқа түсті дей бер. Суреткер Рахымжанның құдіреттілігі осында жатыр деп ойлаймын.

Рахымжан құрдасым қайтқан күні былай жазыппын: «Бір кейіпкеріңнің аузымен айтқан сөзің бар еді: «дүние жалған емес, адам – жалған». Бүгін де Құдайдың таңы атты. Дүние сен бардағыдай шыр айналып тұр. Ал сен жоқсың. Жауыр болған ойлардың орнына тың тұжырым жасаумен алдыңғы планға шыққан сен сөзіңді талқаның таусылып жатып та дәлелдеп тұрсың. Осыдан кейін өзек қалай өртенбейді?! Өршелене өртеп тұрған өзіңсің! Сен бүгін киелі сөздің түрмесінен қашып шықтың. Енді халқың сені біржола аялауға ауысатын болады. Жалған өміріңнен құтылдың, Раха, нағыз өмірің бүгін басталды. Басың сыймай кеткен дүниеге жаның сиятынын біліп кеткеніңді сеземін. Жазушының бұдан асқан жеңісі болмайды. Осы ғана медеу. Әйтпесе, сені халық әлі талай жоқтайды».

Осы сөзім де қате болған сияқты күй кешіп, қатты қапаланғаным бар. Бірақ дәл қазір мынадай ой келіп отыр: Қазіргі өмір сүріп жатқан ұрпақ қателесуі мүмкін. Жорта. Десек те, болашақ ұрпақ қателеспейді. Біз табандап отырып алып, табынғымыз келмеген «Басқа» олар міндетті түрде құлдық ұратыны даусыз. Себебі, оларда біздегідей бақай есеп атымен болмайды. Күйіктің ең жаманы – басқалардың көзінің алдында жүру, бір заманда солармен қатар өмір сүру.

Қайран, Раха-ай, қанаттас өмір сүрген емес, қанаттаса өмір сүре алмаған ұрпағыңмен бақытты болатыныңды сезбедің-ау?! Сезбеуің мүмкін емес. Сен сезбеген сыр бар ма?! Дейтұрғанмен, оны бізге айтып, абырой таппай­тыныңды бәрібір білгендейсің!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close