«ЖҰП БОЛСЫН!»

Сірә, 1990 жылы болса керек, курстас қыздардың бірінің туған күні болды. Қуаныш иесінің басқа факуль­теттерде, тіпті өзге оқу орындарында оқитын сыныптастары, жерлестері де келіп, адам көбейіп, иін тіресе сығылысып, бір қы­рындап әрең сыйып отыр­дық. Түрлі тост айтылып, артын­ша «музыкалық сәлем» жолданып, шырқай алатындары әнге басып, «әу» дей алмайтындары жанын­дағы «талант­тылау» серігіне сілтеп, бірте-бірте отырыс қыза бастады. Сондай көңілді сәтте сөз кезегі туған күн иесі­нің ауылдас досына тиді. Ақ тілегін айтып бола берген ол жігітті асаба: «Ал бір ән салып жібер!», – деп қол­қалап көріп еді, ол дереу көне кетті де, төмен жақтан гитара алдыртты.

Өзі гитараны дұрыстап шерте де алмайды екен, жас баланың ойыны секілді құр дыңғырлатты да отырды. Онысын қойшы, шырқар әні күшті болса, гитарасының мына «мыңқы­лына» шыдап бағар едік. Қас қыл­ғанда әні де бір далбаса, «айтқан сөзің оқ сияқты…» шамалас бірдеме екен. Оның үстіне, даусы да жоқ, ауырып жатқан адамның ыңқылына ұқсас әлсіз ыңырану ғана бар. Әннің (егер ән деуге болса) ортасына жетпей-ақ жұрт оны тыңдауды доғарып, екеуара, үшеуара күбір-күбір әңгімеге кірісті. Гу-гу сөз бен ду-ду күлкі кейде тіпті әлгі сорлының ыңыранған үнін мүлде естіртпей де кетеді. Оған мән беріп, «апыр-ай, мені ешкімнің тыңдағысы келіп отырған жоқ екен, құрысын, қоя салайын» дейтін «әнші» жоқ, көзін шарт жұмып алып, өз кәйпі өзінде, әлі ыңылдап отыр.

Бір замандарда бітті-ау, әйтеуір. Жұрт алақанын аямай соғып жатыр. Қайбір ұнаған соң дейсіз, аш ішекше шұбатылған бәленің тезірек біткеніне тәуба айтып, қуанғандары ғой. Кенет… менің осы бір не өз шамасын парықтай білмейтін, не көпшілік ортаның талғам-талабын ұғынбайтын, не ән деген киелі дүниенің байыбына бара алмайтын байғұсты мазақ қылғым келді. Келемеж еткім келді. Сөйтіп, ішімнен бір жымиып алдым да, ду қол шапалақ саябырси берген кезде:

– Жұп болсын, бауырым! – дедім ашықтан-ашық мысқылдай.

Кекесінім кеудесін тесіп өтіп, жүрегіне қанжардай қадалған болар деп, масат­танған сезіммен әлгіге қара­сам… жаңа ғана әлдекімге ұсынғалы тұрған гитарасын қайта қолына алып:

– Жарайды, өтінішіңізді жерге тастамайын, жұп қыл десеңіз, жұп қылайын, – деп, бағанағысынан да сорақы бірдемені ыңылдап бастап кеп кетсін! О, шерменде!

Жынданып отырған жиырма жұп көз жеп жіберердей шатынап маған қадалды…

 

С.ӘБДІҒАППАРҰЛЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *