Жәннатты телімдеп сатқан балақай

Бірде бір әйел үйіне қайтып бара жатып, көшеден қолына шыбық алып, жер сызып отырған бір баланы көреді. Қасынан өтіп бара жатып, қызықтап:

– Балақай, не істеп отырсың? – деп сұрайды. Бала да еш саспастан:

– Жәннатты телімдеп сатып отырмын, – деп жауап береді. Баланың жауабына риза болып, езу тартқан әйел:

– Маған да Жәннаттан бір жер телімін берсең қайтеді? Қанша тұрады? – деп сұрайды әйел.

– Екі мың теңге, әпке, – дейді бала.

Әйел балаға 2000 теңге ұстатып, өз жолымен кете барады.

Әйел үйіне келеді. Жолдағы оқиғаны баяғыда ұмытып кеткен. Сол күні әйел түс көреді. Түсінде Жәннатта жүр екен. Ертесі күні түсін күйеуіне айтып береді. Күйеуі дереу баланың отырған жеріне барады.

Барса, бала дәл сол жерде жерге бірдеңелер сызып отыр екен. Адам да балаға тура әйелінің сұрағын қояды.

– Не істеп отырсың?

Бала әйеліне берген жауабын айтады. Адам:

– Маған да Жәннаттан бір жер телімін берсең қайтеді? Қанша тұрады? – деп сұрайды. Бала:

– Мың триллион теңге, – деп жауап береді.

– Не деп тұрсың сен? Әйеліме 2000 теңге депсің ғой?

Бала:

– Әйелің ол ақшаны Жәннатты алу үшін емес, көңілімді табу үшін берді. Сен Жәннатты осыншама арзан деп ойладың ба? Жәннат арзан да емес, қымбат та емес. Жәннат алу – көңіл табудан бола­ды, – деп жауап береді бала.

Осы хикаядан кейін Мәулананың мына сөзі ойға оралады:

– Қағба – Ибраһимнің қалаған ғимараты. Көңіл болса, Алла Тағаланың назары түсетін мекені. Сол себепті, біреудің көңілін бұзу мың Қағбаны қиратудан да жаман. Көңілдерді қалдыр­май, керісінше көңілдерді жаулайық. Сол үшін бұл өмірде бір-бірімізді ренжіт­пейік, ағайын.

 

 

Рамазанның барлық күнінде айтылатын дұға:

 

Я, Аллаһым, осы рамазан айында Сен жақсы көретін нәрселерге жақын болуымды, Сен жақсы көретін нәрселерге махаббатымның ашылуын, Сен разы болатын іс-әрекеттерді көбірек жасауымды нәсіп етші және Рамазанды Сен разы болатындай етіп өткізуімді нәсіп етші. Осы айда менің тілеген барша дұға-тілектерімді қабыл ет. Я, Аллаһым! Сенің разылығың үшін ұстаған, ұстап жатқан, жасап жатқан амалдарымды, тұтқан  оразамды қабыл ет.

 

Бүгінгі хадис:

 

Ибн Аббас (р.а.) Расулалла (с.а.с): «Кімде-кім Алладан кешірім тілеуді әдетке айналдырса, Алла Тағала оған әрбір қиыншылықтан шығатын жол және әрбір уайымнан құтылатын шара (айла) нәсіп етеді. Сондай-ақ, ойламаған жерден ризық береді», – деп айтты деген.

 

Алланың көркем есімдерімен дұға етіңіз

Әл-Фаттах (Жеңуші, Ашушы)

 

Ол (Алла) – Ашушы, Білуші («Сәбә» сүресі, 26-аят)

Таң намазынан кейін қолын кеудесіне қойып, Алланың осы бір көркем есімін 70 мәрте қайталаған жанның жүрегі иман нұрымен нұрланады. Ал осы есімді көп қайталауды әдетке айналдырған пендеге нұр мен жеңіс жетеді.

Әл-Алим (Бәрін Білуші )

«Алла  сені олардан құтқарады әрі Ол Естуші һәм Білуші» («Бақара» сүресі, 137-аят)

Осы бір көркем есімін көп қайталаған жанға Алла Тағала тарапынан білім мен хикметтің есігі ашылады да, жүрегі нұрға толады. Бұл көркем есімді көбіне кешке қарай қайталаған жөн.

 

Сіз де 500 теңгемен садақа бере аласыз

Алматы қаласы Орталық мешітінің «Ықылас» қайырымдылық қоры «Әр жұма 500 теңге садақа» қайырымдылық жобасын бастаған болатын.  Жоба аясында жиналған қаржыға әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы, асыраушысы жоқ 70 отбасыға бас имам Еркінбек қари Керімбекұлы азық-түлік қоржындарын табыс етті.

 

– Бұл жоба жалғасын табады деген үміттеміз.  Осындай қайырымдылық науқанына қатысқан жанашыр жандарға шексіз алғысымызды білдіре отырып, баршаңызды осы жобаның әрі қарай дамуына атсалысуға шақырамыз. Әрбір қайырымды іске еселеп сауап жазылатын қасиетті Рамазанда 500 теңгемен садақа беруге сіздің де мүмкіндігіңіз бар, – дейді ұйымдастырушылар.

Олай болса, өзіңіздің «ертеңгі» күніңізге инвестиция болсын, 500 теңгемен сіз бір отбасын болсын қуанышқа бөлеуге себепкер бола аласыз.

Kaspі GOLD: 5169 4931 4190 2414.

Абылай Тайржанұлы +7 776 358 28 28.

 

Бас мүфти ауызашар берді

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазрет Алматыда дініміз бен ұлтымыздың жанашыр арда азаматтарының басын қосып, қасиетті Рамазан айының құрметіне ауызашар дастарханын жайды. 

 

Бас мүфти ауызашарға келген қонақтарды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, сөз сөйледі. Алладан тұтып жатқан оразамыз бен ниеттеріміздің қабыл болуын тілеп, Құран түскен жарық айда жақсылықта жарысып, Жарат­қанның разылығын алуға шақырды.

Ауызашар мерекелік көңіл күйде өткендіктен, ақын-жыршылар дәстүрлі «Жарапазан» жырын орындап, арнау мен термелер айтса, күйшілер күмбірлетіп күй шертіп, кешкі отырыстың сәнін қыз­дырды.

Ауызашар соңында ас қайырылып, үлкендер жағы бата берді. Алматы қаласының өкілі, имам Еркінбек Шоқай Құран оқып, сауабы марқұмдарға бағышталды.

Әсел ДАҒЖАН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *